МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ОҢАЛТУ
Теміртауда тұратын Игорь Пужихин 1989 жылы өндірісте жүргенде қолынан айырылып, мүгедек болып қалған. Ол кезде Игорь мемлекеттік кәсіпорынде – Қарметкомбинатта істеген. Совет одағы тарағаннан кейін мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік жәрдемақысыз қалған.
Бұрынғы металлург көп жыл бойы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмады: мемлекеттік органдар оны бұрынғы жұмыс берушіге (1995 жылы "Қарметкомбинаттың" бар мүлкі мен активі миллиардер Лакшми Митталға өткен) жұмсайды, ал кәсіпорын мемлекеттік органдарға сілтейді.
Ақыры болмағасын Пужихин шенеуніктерді сотқа беріп, жақында жеңіске жетті. 25 ақпанда сот оның шағымын қанағаттандырып, биліктің Игорь Пужихинге протез беруден бас тартып, мүгедектігі бар азаматты әлеуметтік оңалту шараларына жібермеуін заңсыз деп тапқан. Сот жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін шағым иесіне қажет дүниенің бәрін мемлекеттік бюджет есебінен алып беруге міндеттеді.
Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, Игорь Пужихинге жаңа технология бойынша жасалған модульді протез, шипажайға жолдама, жейде мен шұлық киюге, киімнің түймесін салуға, ыдыс-аяқты ұстауға және қақпақтарды ашуға арналған құрылғы берілуі керек.
Пужихин қолынан айырылғаннан кейін денесінің басқа мүшелеріне де зақым келіп, денсаулығы нашарлағанын айтады. Ол соттан талабын толық қанағаттандырып, оңалту мәселесін жедел шешуді сұраған.
– Мен сияқты азаматтар "заңнан тыс" қалды. Олар Конституцияда көрсетілген мүгедектігі бойынша берілетін кепілдендірілген әлеуметтік қамсыздандырудан қағылды. Денсаулығымның нашарлауына байланысты мүгедектерді протез-ортопедия құралдарымен қамтамасыз ету ережесіне өзгерістер енгізілгенше күтіп отыра алмаймын. Бұл қызметтерге жедел қол жеткізуім керек, – деді Игорь Пужихин.
Сот оның шағымын қарай келе, "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы мүгедектерінің мәселесі шешіп берді: енді оларға қолдау көрсету міндеті мемлекетке жүктеледі.
Судья мемлекеттік мүлік комитеті мен еңбек министрлігін мүдделі тарап ретінде сот процесіне шақырған. Бірақ аталған ведомстволар бұрынғы мемлекеттік кәсіпорын мен оның жұмысшылары туралы мардымды жауап бере алмаған. Мемлекеттік органдар, оның ішінде жауап беруші тарап өндірісте денсаулығынан айырылған мүгедектерді протез және басқа да қажет құрылғылармен "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы қамтамасыз етуі керек" деген.
"Қармет" мүгедектерінің көбі – қарт адамдар. Олар билік бұл мәселені шешуді қолға алғанша күтіп отыра алмайды.
Басында өндірісте жарақат алып, мүгедек болып қалған 300 азамат конституциялық құқығын қорғап, өздеріне тиісті қолдау көрсетуін мемлекеттен талап еткен. Содан бері талай жыл өтті, күресіп жүргендердің қатары да сиреді. Қазір алған бетінен қайтпай, өз құқығын қорғап арызданып жүрген қанша адам қалғаны белгісіз. 2015 жылы металлургтер кәсіподағы жасаған тізімде 77 азамат болған. Олардың біразы елден кетіп қалды, кей азаматтар денсаулығына байланысты бұрынғыдай мемлекеттік мекемелердің есігін қағып жүгіре алмайды. Арасында биліктің қолдауын көре алмай, өмірден өтіп кеткен жандар да бар.
ЗАҢДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Мүгедектігі бар адамның азаматтық шағымы заңдағы кемшіліктерді жайып салып, комбинаттың сатылуына қатысты жаңа деректердің бетін ашты.
2019 жылы қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамын банкрот деп тану туралы шағым берген. Ол кезде кәсіпорынды 3,8 миллиард теңге қарызы бар, "іс жүзінде қызметін тоқтатқан борышкер" деп таныған. Шағымда борышкердің мемлекеттік тіркеуі мен құрылтайшылары туралы ақпарат жоқ деп жазылған.
1995 жылғы 17 қазанда Қазақстан үкіметі "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамын "қарызын төлеуге қабілетсіз борышкер" деп танып, сырттай басқару арқылы соттан тыс қайта құру процедуралары жүргізілгенін мәлімдеген. Экономикалық сот та дәл осы негізде кәсіпорынды банкрот деп тану мүмкін болмағандықтан, өндірісті тоқтату туралы акт шығарған. Сотта "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаға жатпайтыны, салық төлемейтіні, 1995 жылы сатылғаннан кейін араға бес жыл салып, 2000 жылы бір-ақ тіркелгені айтылған.
Сот процесі барысында сондай-ақ заңда Пужихин сияқты мүгедектігі бар азаматтарға көмектесу мәселесі толық қарастырылмағаны анықталған. Қазіргі заңда өндірісте жарақат алған мүгедектерге әлеуметтік оңалту шаралары жұмыс беруші тарапынан көрсетіледі, ал кәсіпорын жабылып қалса, бұл міндетті мемлекет өз мойнына алады деп жазылған.
Бірақ заңда кәсіпорын жабылмай, меншік түрі өзгеріп, қайта құрылса, бірақ мүліктің жаңа иесі өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтардың шығындарын өтеу міндеттемесін өз мойнына алмаса, жұмысшылар үшін кім жауапты болатыны көрсетілмеген.
Пужихиннің ісі бойынша жауап беруші тарап ретінде сотқа шақырылған жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге өздерінің қатысы жоғын айтып, бар жауапкершілікті жұмыс берушіге ысырған.
– Жоғарыдағы органдар жұмысын дұрыс жүргізбегені үшін жергілікті атқарушы органды кінәлау біртүрлі естіледі екен, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі.
Қазір металлургия комбинаты миллиардер Лакшми Митталдың "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі. Сотта компания өкілі Пужихиннің талабын қанағаттандыруды, мұндай жағдай қайталанбауы үшін мемлекеттік органдарға "Мүгедектерді арнаулы көмек түрімен қамтамасыз ету" жоспарына өзгеріс енгізу туралы кеңес беруді сұрады.
– [Кәсіпорынның жұмысы тоқтағаны немесе банкротқа ұшырағаны жөнінде] тиісті құжаттар болмаған жағдайда не істеу керегін сұрап, қызмет бабымен хаттар жібердік, – деді еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі.
– Бұл мәселенің көтерілгені жақсы болды. Мүмкін болашақта мүгедектерге өз құқығын қорғау жеңілдейтін шығар… Осыған дейін мемлекеттік органдар бұл мәселені шешуге шөп басын сындырған жоқ, – деді Пужихиннің адвокаты.
"ҚАРМЕТКОМБИНАТ" ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР
Сот процесі кезінде "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының жұмысы тоқтамағаны, бар дүние-мүлкі мен активінен айырылуына байланысты "қарызын төлеуге қабілетсіз борышкер" деп танылғаны анықталды. Сот "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының жалғыз өкілі Е. Ешмұхамбедовты іздеп тапты.
– Жағдайдың осылай болары белгілі еді, қазір қызық мәселе шешіліп жатыр. Рұқсат етсеңіз, бір ақпараттың бетін ашайын. Кәсіпорын мүлкі жаңа инвесторға берілген кезде біздің жұмысымыз тоқтаған жоқ. Бізді ешкім қайта тіркеген жоқ, жай ғана жылы жауып қоя салды. Мемлекеттің міндеттемесіне келсек, мемлекеттік ведомстволар мәселені шешу жайлы ұсыныстар дайындауы керек еді. Олар әр тарапқа жеке ұсыныспен шықты. Мысалы, "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының кредиторы болған ішкі компанияларға қаржы министрлігі қарыз көлеміне тең салық жеңілдігін жасап, талабын қанағаттандырды. Бірақ олардан бөлек, шетелдік кредиторлар болды. Кәсіпорынды сол себепті жапқан жоқ. Өйткені "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының жұмысы тоқтаса, оның қарыз міндеттемесі үкіметке өтіп, шетелдік кредиторлар мемлекетпен соттасар еді. Бірнеше соттан өттік, бізден ештеңе өндіріп ала алмады. Бірақ басында қазақстандық және пәкістандық екі кредитор мәселесін шешіп алды. Шетелден маңызды тұлғалар келгенде үнемі "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының қарызы мәселесін көтереді, – дейді кәсіпорын өкілі Е.Ешмұхамбедов.
Кәсіпорынның ішкі және шетелдік кредиторлардан бөлек, өндірісте жарақат алып, денсаулығынан айырылған мүгедектер мен бұрынғы жұмысшылардың алдында да өтелмеген борышы бар. Бұрынғы жұмысшылардың бірқатары әлі күнге кәсіпорынмен соттасып, төленбеген жалақысын өндіріп ала алмай жүр. Сот олардың шағымын қанағаттандырған, бірақ кәсіпорынның бұрынғы жұмысшыларға жалақы төлейтін не мүлкі, не активі жоқ.
"Қарметкомбинат" жұмысшылары мәжіліс пен премьер-министрге шағымданған соң, үкімет кәсіпорынның жалақы бойынша қарызын өтеуге 1999 жылы – 200 миллион теңге, ал 2008 жылы 176 миллион теңге бөлген. "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы өкілінің айтуынша, еңбек министрлігі кейінгі бөлінген қаржыны толық игермей, қалған бөлігін республикалық бюджетке қайтарған.
– Мүлкімізді тартып алдыңдар, енді тым құрыса, адамдарымыздың жағдайын жасаңдар. Бар болғаны сол, басқа жолын көріп тұрған жоқпын, – деді Ешмұхамбедов.
Ол "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының жалақы, өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтарға берілетін өтемақы және өзге де әлеуметтік төлемдері бойынша қарызын өтеу міндеті үкіметке жүктелгенін айтты. Ешмұхамбедовтың сөзінше, бұл үкіметтің 1996 жылғы 21 маусымдағы № 770 "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының қарызын өтеу туралы" қаулысында жазылған. Қаулыдағы бөлімдердің бірінде әлеуметтік қорғау министрлігіне мәселені шешуге қатысты ұсыныстар дайындау тапсырылған.
Ешмұхамбедовтың айтуынша, 2016 жылы еңбек министрлігі қаржы министрлігінен "Қарметтің" ендігі тағдыры туралы сұраған, мұны растайтын хаттама да бар. Қаржы министрлігі "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы "мемлекеттік бюджетті" қорғау үшін керек деп жауап берген. Кәсіпорынның шетелдік инвесторларға жалпы қарызы 200 миллиард теңгеден асады.
– Ол кезде қаржы министрлігі бәрін жасырмай, ашық айтқан. Бірақ қазір не салық комитеті, не мемлекеттік мүлік комитеті кәсіпорынды банкрот деп жариялау туралы мәселені көтеруге асығар емес немесе оған батылы жетпей отыр. Өйткені кәсіпорын жұмысын тоқтатпауға негіз бар. Қазір белгілі бір жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ әуелі 20 мың адамға жалақысын төлеу керек, бұл қарыздың үстіне өсімпұл қосылып жатыр. Үнемі сотқа қатысамын. Қазір жұмысты аяғына дейін жеткізіп, үкіметті көндіруіміз қажет. Енді оларға сот арқылы шығамыз, өйткені бізді ол жаққа өздері жіберді, – деді "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының өкілі.
1995 жылы 17 қазанда Қазақстан үкіметінің "Қарағанды метталургия комбинаты" мемлекеттік акционерлік қоғамын реформалау туралы" қаулысымен кәсіпорынды жекешелендіру жөніндегі комиссия құрылып, комбинат "қарызын төлеуге қабілетсіз борышкер" деп танылған. 1995 жылы 17 қазанда үкімет "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамын жекешелендіру" туралы қаулы қабылдаған. Осыдан кейін кәсіпорынды сату-сатып алу және активтерді жекешелендіру туралы келісімшарттар жасалған. Келісімшартқа сәйкес, кәсіпорын активтері "Испат интернешнл лимитед" компаниясына қарызсыз берілген (мемлекеттік мүлік комитетінің дерегінше, компания байқау жеңімпазы деп танылған). Сатып алушы қолға тиген активтер негізінде "Испат Қармет" ашық акционерлік қоғамын құрған. "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының бар мүлкі мен активі осы компанияның иелігіне өткен. "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы заңды тұлға ретінде жабылмаған. Кезінде жалақысын толық алмаған жұмысшылар мен өндірісте жүріп денсаулығынан айырылған азаматтарды әуре-сарсаңға салып қойған бар мәселе осыдан туындап отыр.
ПІКІРЛЕР