Accessibility links

Қазақ-түрік білім қоры «Гүленге қатысы жоғын» айтты


KATEV қорының логосы
KATEV қорының логосы

Түркияда болмай қалған әскери төңкерістен кейін Анкара Орталық Азия елдеріндегі «гүленшіл» оқу орындарына қайта шүйлікті. Қазақстандағы қазақ-түрік оқу орындары түрік президенті Тайып Ердоған «параллель мемлекет» құрмақ болды» деп айыптайтын теолог Фетхулла Гүленге «қатысы жоқтарын» айтады. Саясаттанушы Астананы ресми ұстанымын білдіруге шақырады.

Қазақстандағы KATEV халықаралық қоғамдық қоры 29 қазақ-түрік лицейіне, «Нұр Орда» жеке меншік мектебі мен екі колледж, Алматыдағы Сүлеймен Демирель атындағы университетке демеушілік жасап келеді. Қорға қарасты мектептерде 1216 мұғалім, оның ішінде 92 Түркия азаматы қызмет етеді. KATEV халықаралық қоғамдық қоры 1997 жылы Қазақстан мен Түркияның білім саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім-шарттары аясында қазақ-түрік оқу орындарын демеп, басқару үшін құрылған.

Қазақ-түрік білім қорының «Гүленге қатысы жоқ»
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:31 0:00
Жүктеп алу

Анкара бұл құрылымды АҚШ-та тұратын түркиялық теолог «Фетхулла Гүленге қарасты білім беру орындары» деп санайды. Соңғы жылдары Түркия президенті Тайып Ердоған билік органдарын, сот жүйесін, әскери жетекшілік пен ақпарат кеңістігін «гүленшілерден тазартуға» белсене кіріскен еді. Түрік оппозициясы «автократ» деп сынайтын Ердоған шілденің 15-і күні бір топ әскеридің төңкеріс жасамақ болып, ондаған бейбіт тұрғынды өлтірген әрекетін де Гүленнен көреді.

Түркия президенті Тайып Ердоған "сәтсіз әскери төңкеріс" деп сипатталған оқиғадан екі күн өткен соң қаза тапқан бейбіт тұрғындардың жаназасына қатысып тұр.
Түркия президенті Тайып Ердоған "сәтсіз әскери төңкеріс" деп сипатталған оқиғадан екі күн өткен соң қаза тапқан бейбіт тұрғындардың жаназасына қатысып тұр.

KATEV қоры Азаттыққа берген комментариінде өз қызметінің теолог Фетхулла Гүленге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. KATEV-тің тәрбие ісі жөніндегі вице-президенті Нұрбол Төлебаевтың айтуынша, қордың негізгі қызметі оқу орындарды білікті ұстаздармен қамтамасыз етіп, оқу процесіне жаңа технологиялар енгізу.

- Қазақ-түрік лицейлердің (ҚТЛ) – барлығы мемлекеттік мекемелер. Білім және ғылым министрлігі мұғалімдердің ақысы мен коммуналдық қызметтер төлемдеріне қаражат бөледі. Ал KATEV қоры сол ҚТЛ-лерде істейтін мұғалімдерді жетілдіру жұмысын жүргізеді, мұғалімдер мен оқу орын басшыларын тауып, білім басқармаларына ұсынады, мұғалімдерге 30 – 230 мың теңге аралығында стипендия тағайындайды. Егер Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің стандартына сай болса, іздеп тапқан жаңа технологияларды мектептерге енгізу сұрақтарын шешеді. Яғни тек қана біліммен айналысады. Бізде ақылы «Нұрорда» мектептері бар. Сол мектептерден келген қаражатты қайтадан білім саласына жұмсаймыз, - дейді вице-президент Нұрбол Төлебаев.

Соңғы күндері Түркия билігі Орталық Азия елдеріндегі «гүленшіл оқу орындарын» жабу туралы ескерту-мәлімдемелер жасай бастады. Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қырғызстанды «гүленшілердің Орталық Азиядағы базасына» теңеді. Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемелерге түркиялық қорлармен бірлесе білім беру мекемелерін ашу «мемлекеттің ішкі ісі» деген сарында жауап берген болатын. Екі жыл бұрын Түркияның «гүленшіл» оқу орындарын жабу туралы өтінішіне Астана да осыған ұқсас жауап қайырған. 2014 жылғы сәуірде Қазақстанның білім және ғылым министрлігі «қазақ-түрік лицейлері жабылмайды» деп мәлімдеген.

Қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары білім және спорт олимпиадаларында үздік нәтижеге жиі қол жеткізу арқылы көпке танылған.
Қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары білім және спорт олимпиадаларында үздік нәтижеге жиі қол жеткізу арқылы көпке танылған.

Министрлік өкілі: «Олар (қазақ-түрік лицейлері – ред.) жергілікті бюджеттен қаржыландырылады, өкілетті орган, ол бағдарламалардың әкімшісі облыстық әкімдіктер болып табылады. Сонымен бірге олар Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық академия жасаған мемлекеттік оқу бағдарламасымен жұмыс істейді» деген еді.

KATEV өкілі Нұрбол Төлебаев «гүленшіл түрік оқу орындарын жабу» туралы Түркия талабын естіген. Ол Қырғызстан сыртқы министрлігінің «ішкі мәселеміз» деген позициясын құптайды.

- Фетхулла Гүленмен ешқандай, қаржылық та байланысымыз жоқ. Бірақ интернет арқылы Фетхулла Гүленді бәрі біледі ғой. Философ ретінде, осы дүниежүзінде ашылып жатқан мектептердің кезінде бір жақсы пікірлері болған шығар. Бірақ Қазақстандағы мектептер – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның бұрынғы президенті Тұрғұт Өзалдың келісім-шарты бойынша ашылған мектептер. Мұны Фетхулла Гүлен немесе Сүлеймен Демирел, я Тайып Ердоған келіп ашқан жоқ. Гүленнің кітаптары мен ілімдерін де оқытпаймыз, - деді Нұрбол Төлебаев.

KATEV өкілі Анкараның «гүленшілер» соңына түскен науқанына байланысты Түркия және Қазақстан тарабынан ешқандай нұсқау да, хат та алмағанын айтады.

АҚШ-та тұратын түркиялық теолог Фетхулла Гүлен айыптарды жоққа шығарып, "әскери төңкерісті президент Ердоғанның өзі қолдан ұйымдастырды" деп санайды.
АҚШ-та тұратын түркиялық теолог Фетхулла Гүлен айыптарды жоққа шығарып, "әскери төңкерісті президент Ердоғанның өзі қолдан ұйымдастырды" деп санайды.

Аталмыш қорға қарамайтын Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де Қазақстанның тәуелсіздік алып, екі ел арасындағы мәдени байланыс орнай бастаған 1991 жылы құрылған оқу орындардың бірі. Азаттықтың ресми сауалына Білім және ғылым министрлігінің жауабында бұл университетте 48 түркиялық ұстаз, 819 қазақстандық мұғалім істейтіні айтылған. «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Фетхуллах Гүленнің ешқандай қатысы жоқ» деп жазылған ресми жауапта.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Түркия президенті Тайып Ердоған билігінің «гүленшілер» соңына түскен бірнеше жылдан бері түсіп алғанын айтады. Сарапшының пікірінше, Түркияның Орталық Азиядағы серіктес елдерден «Гүленмен байланысы бар оқу орындарын жабу» туралы талабы күшейе бермек.

- Ердоған бір үлкен саяси ойын бастады. Ол Гүленді Түркияда ғана емес, өзге де елдерде идеологиялық жұмыс жасап отырғандай айыптап көрсеткісі келеді. Яғни ол өзін қолдаушылар аудиториясын кеңейткісі келіп отыр, - дейді Досым Сәтпаев.

Түркияның түркі тектес серіктес елдерге бірнеше жылдан бері қойып отырған «гүленшіл» оқу орындарды жабу туралы талабына Ақорда ресми комментарий берген жоқ. Саясаттанушының сөзінше, Қазақстан тарабы «түрік оқу орындары жайлы нақты ұстанымын» білдіруі керек.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы
Досым Сәтпаев, саясаттанушы

- Білім саласына жауап беретін құрылымдар оқу орындарына байланысты Түркия сауалдарына жауап беруі керек. Меніңше, ресми деңгейде бұл мәселенің басы ашылуы тиіс. Өйткені оқу орындарды осындай саяси ойынға тарту олардың жағдайына кері әсерін тигізеді, - дейді Досым Сәтпаев.

Жуырда Әзірбайжан астанасы Бакуде тағы бір түркиялық оқу орны Кавказ университеті жабылған болатын. Түркиядағы кейбір басылымдардың жазуынша, бұл университет – Фетхулла Гүлен негізін қалаған аймақтағы бірінші оқу орны болған. Сонымен бірге, шілде айында Түркия консулы Ясин Темизкан Грузияның Батуми қаласындағы түрік мектебін «террористерге қызмет ететін буын өсіріп келе жатыр» деп айыптап, «гүленшілердің»оқу орындарын жабуға» шақырған. Дауға Грузия мен Түркия дипломаттары араласып, оның ақыры «көпшілік консулдың сөзін дұрыс түсінбеді» деген уәжбен тоқтаған еді.

XS
SM
MD
LG