Accessibility links

Жас кинорежиссерлер көрсеткен боямасыз өмір


"Шырғалаң" фильмінен көрініс.
"Шырғалаң" фильмінен көрініс.

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген қысқа метражды фильмдер көрсетілді. Жаңа фильм түсіру құқығын жеңіп алған сценарий авторларының да аты белгілі болды.

30 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі (ШӨБ) талантты режиссерлерге кино түсірге жағдай жасайды. Мемлекеттік бюджеттен бұрынғыдай жылына бір-екі емес, қазір бір жылда он шақты фильм түсіруге қаржы бөлінеді. Конкурсқа қатысатын үміткерлердің жоғары білімі мен портфолиосы, өзі жазған қызықты сценариі болуы шарт.

«Дебюттің» жетекшісі Анар Қашағанова, ал шығармашылық бірлестікті танымал кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев басқарады.

Былтыр қарашада «Дебюттің» бірнеше фильмі көрсетілген. Биыл қысқаметражды бес фильмі экранға шықпақ.

«ҚАША АЛМАЙ ҚАЛҒАН ОТБАСЫ»

Режиссері - Жандос Еспенбетов. Сценарий авторы - Ардақ Жылысбаева. Шығармашылық топтың алғашқы туындысы. Фильм сценариі бойынша, Ардақтың әкесі – Бекен Жылысбаевтың бала кезі бейнеленген. Оқиға желісі 1931-1933 жылдардағы ашаршылық туралы. Қазақстанның ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды тездетпек болған большевик басшылық елді аштыққа ұрындырған сәт көрсетілген. Соның кесірінен екі миллиондай адам аштан өліп, миллионға жуығы басқа елдерге бас сауғалап кеткен.

"Шырғалаң" фильмнен көрініс. Профессор Бекен Жылысбаевтың "бала бейнесі".
"Шырғалаң" фильмнен көрініс. Профессор Бекен Жылысбаевтың "бала бейнесі".

Фильм кейіпкерлері - кішкентай ұлы бар жас отбасы да елден кетпек болады. Түнде олар арбаға шағын дүние-мүлкін тиеп, шекараға жылжиды. Жылқысы мен сиыры болмағандықтан арбаны отағасы сүйрейді. Артынан әйелі мен әкесі итеріп отырады. Жолда олар аштан өлген мәйіттерді, бос қалған ауылдарды, далада қаңғырып жүрген руластарын көреді. Олардың азық-түлігі – аздаған құрт қана. Құрттың қайда екенін білетін бала оны қаптан байқатпай алып, жеп отырады. Демалуға кідірген кезде әкесі құрттың жоғалғанын біліп, ашудан баласын жазаламақ болып қолына қару алады. Бірақ атасы немересін қорғап қалады.

Отбасы шекарадан ары өтпейді. Әжесі елмен бірге болу керек деп қалғандарын көшпеуге көндіреді. Фильм кейіпкерлерінің кейінгі тағдыры көрсетілмейді. Бас кейіпкердің прототипі Бекеннің өсіп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, соғыстан соң Алматыдағы консерваторияны бітіріп, әнші (тенор) ретінде концерт бергені, ұзақ уақыт консерваторияда сабақ бергені, профессор атанғаны және 2015 жылы 92 жасында өмірден өткені белгілі. Бекен Жылысбаевтың қызы Ардақтың айтуынша, бұл фильм – толық метражды фильмнің бір киноновелласы. Автор оқиғаны түгел көрсету үшін сценариін жалғастырып жатқанын айтты.

Ардақ Жылысбаева, "Шырғалаң" фильмінің сценарий авторы. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл.
Ардақ Жылысбаева, "Шырғалаң" фильмінің сценарий авторы. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл.

Фильмде Ерболат Тоғызақов, Ғайникамал Байқошқарова, Аида Жантілеуова мен Дархан Сүлейменов сияқты актерлар рөл ойнаған.

«ТЫҒЫЛМАҚ» ОЙНАУ

«Тығылмақ» фильмін Венера Қайыржанова өзі жазған сценарий бойынша түсірген. Басты кейіпкерлер – мектепке бармайтын екі құрбы Олардың сүйікті ісі - тығылмақ ойнау.

Қыздардың балалық шағы алаңсыз өтіп жатыр деуге келмейді. Бір отбасы ақшаға зәру, көршіден жиі қарыз алады. Қыздың әкесі отбасын асырауға жетерлік жалақысы бар жұмыс таппай жүр. Әйелі сол үшін үнемі кінәлайды, отбасында жиі ұрыс-керіс болады. Әкесі шыдамай ішімдікке салынады, үйіне мас болып келеді. Бірде оны көшеде жатқан жерінен қызы тауып, құрбысымен бірге үйіне алып келеді. Ол тағы бір жанжалға түрткі болып, ері әйелін ұра бастайды. Айғай-шуға көршілер де жиналады. Сәлден соң полиция келіп, әкесін алып кетеді.

Венера Қайыржанова, "Тығылмақ" фильмінің режиссері әрі сценарий авторы
Венера Қайыржанова, "Тығылмақ" фильмінің режиссері әрі сценарий авторы

Екінші қыздың да тағдыры қиын. Әкесі ашынасына көп барғыштайды, сол үшін әйелі жиі шу шығарады. Бала оның бәрін естиді. Қыздардың отбасы құлазыған ауылда тұрады. Кезіндегі тұрақты жұмыс орны - жергілікті кәсіпорын жабылып қалған. Көп қабатты үйлер қаңырап тұр, тұрғындар көшіп кеткен. Венера Қайыржанованың айтуынша, фильм Балқаш көлінің жанындағы Үлкен ауылында түсірілген. Шығармашылық топ лайықты орынды ұзақ іздеп, жұпыны ауылдарды көп көрген.

«Тығылмақ» фильмі биыл Халықаралық Канн кинофестивалінде байқаудан тыс бағдарламада көрсетілген. Киноны Астанада өткен «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінде таныстырылымы болған.

«​СОҢҒЫ МҰҒАЛІМ»​

«Дебют» түсіріп, көпке көрсеткен фильмдердің бәрінде бала, не жастардың тағдыры көрсетілген. Үшінші фильмнің сценариі де оқушы мен мұғалім арасындағы дауды сипаттайды.

Егде тартып қалған мұғалім машинамен мектепке келеді. Сабақ өтіп жатыр. Артқы партадағы екі жасөспірім видео көріп отыр. Олар осы мектептің бір оқушысын топ болып ұрып жатқан бейнеклипке күліп отырады. Өздері де баланы ұрып-соғуға қатысқан. Ал олар соққыға жыққан оқушы мұғалімнің ұлы болып шығады. Мұғалім оларға ескерту жасап, мобильді құрылғыны беруді талап етеді. Бірақ оқушылар оны бермей, мұғалімге бір зат лақтырады.

Мұғалім де есесін жібермей, сол затты оқушыға қайта лақтырады. Сыныпқа мектеп әкімшілігінің өкілі кіріп, қатаң ескерту жасайды. Кейін мұғалім таяқ жеген баласын көреді. Екеуі де көлікке жақындайды. Оларды бір топ оқушы балалар күтіп тұрады, ішінде баласын ұрғандар мен мұғаліммен ерегескендер бар. Әкесі мен ұлы көлікке отырып үлгереді. Бірақ ескі автокөлік бірден оталмайды. Бұзық оқушылар көлікті аяқтарымен шайқап, бамперді тебеді. Кек алғысы келген бала өзін ұрғандарға тұра ұмтылады. Бірақ әкесі жібермей ұстап қалады.

"Соңғы мұғалім" фильмінен көрініс. Мұғалім рөлінде - Мұрат Бекхожин (оң жақта)
"Соңғы мұғалім" фильмінен көрініс. Мұғалім рөлінде - Мұрат Бекхожин (оң жақта)

Оқушылардың қымсынбай көлік дөңгелегіне дәрет сындырғанда мұғалімнің шыдамы бітіп, жұдырықтай жөнеледі. Ұлы да бұзақы балаларды оңды-солды ұра бастайды.

Фильм режиссері Ален Рахметалиевтің айтуынша, фильмде өзі оқыған мектепте болған оқиға көрсетілген. «Оқиғаның соңы не болды?» деген сауалға ол мұғалімнің өз еркімен жұмыстан кеткенін айтты.

Орыс тілінде фильм «Шыдамдылық» деп аталады, онда оқиғаны өршітпеуге тырысқан мұғалімнің мінезі көрсетіледі. Қазақшасы «Соңғы мұғалім» деп аударылған. Режиссердің ойынша, бұл атау Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» шығармасы мен ол бойынша түсірілген фильммен үндесуі керек.

АВТОРЛЫҚ КИНОҒА ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ

Көрермендердің бірі фильмдерді көрген соң ауыр ойға шомғанын, еңсесі түскенін айтты. «Дебют» студиясының көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаев бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, режиссерлер әртүрлі жанрда кино түсіреді, комедия жанры да бар. Бірақ жобасын алып келген авторлар көбіне авторлық кино түсіргілері келеді. Бұл фильмдер негізінен әлеуметтік тақырыпты қозғайды, түрлі шиеленісті көрсетеді, өмірді боямасыз сипаттайды.

«Дебют» студиясы түсіретін сценарийлер тізімі мен қысқа синопсиспен танысқан соң болашақ фильмдер арасында комедияның аз болатыны байқалады. Мысалы, «Тамыз» фильмінде постсоветтік кезеңде басына түскен проблеманы шешуге ұмтылған ауыл баласының тағдыры көрсетіледі.

"Дебют" ШӨБ басшылары Дәрежан Өмірбаев пен Анар Қашағанова
"Дебют" ШӨБ басшылары Дәрежан Өмірбаев пен Анар Қашағанова

«Қос ағаш» фильмінде апаттан соң анасы опат болған, әкесі арбаға таңылған отбасының өмірі сипатталады. Тағы бір сценариде жалғыздық пен ішімдікке әуестігінің кесірінен қасірет көрген композитордың тағдыры суреттеледі.

«Тиын» фильмінде бес жасар бала дүниеден өткен әкесін қайтаруға тырысады. Ал «Тыныштық әні» фильмінің кейіпкерлері 1940 жылы НКВД қызметкерлері болып істейді, әлдебір бұйрықты орындау туралы тапсырма алғаны көрсетіледі.

Мұндай жаппай бұқараға арналмаған фильмдердің өз көрермені бар. Сондықтан «Дебют» ШӨБ түсірген фильмдер фестивальдерде ғана көрсетіледі. «Қазақфильм» өкілдері фильмдерді жергілікті телеарналардың бірінен көрсету жоспары барын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG