Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында бірнеше кеден бекеті бар. Ең ірісі – Қордай шекара-кеден бекеті. Жүк көліктері, негізінен Қарасу кеден бекеті арқылы өтеді. Бұл бекеттің Қырғызстан жағы «Ақ-тілек» деп аталады. Азаттық тілшілері сәуірдің 4-і күні түстен кейін Қарасу бекетіне жеткенде қарбалас жоқ, күнделікті жаймашуақ тіршілікті көрді. Кеденге келген бірер көлікті Қазақстанның шекарашылары іркіліссіз өткізіп тұрды.
Азаттық тілшілері Қазақстан шекарасынан өтіп, Қырғызстан шекарашыларының құжат тексеру бөліміне жеткенде мән-жайдың шеті белгілі болды.
Біздің құжатымызды тексеріп, мақсатымызды сұраған қырғыз шекарашыларының бірі «міне, сіздер іздеген адамның бірі алдарыңызда тұр. Қазақстан жағынан өте алмай кері қайтты» деп жасы елуден асқан кісіні сыртынан көрсетті. Құжатымыздың дұрыстығына қарамастан қырғыз шекарашылары бізді кідіртіп, аға офицердің келуін күтті.
Бір сағатқа жуық күттірген шекара қызметінің аға офицері Қырғызстан шекарасының маңындағы 500 метрге дейінгі аумақты видеоға түсіруге болмайтынын, түсірген жағдайда тілшілердің техникасы кәмпескеленуі мүмкін екенін бірнеше қайталап, қатаң ескертті.
Кезекте тұрған жүк көліктеріне қырғыз шекарасынан өтісімен-ақ кез болдық. Бірі өшіп, бірі оталып тұрған жүк көліктері мен әбіржіген жүргізушілердің көптігі бірден көзге шалынды. Жолды біржола бөгеп тастамас үшін көліктерді реттеп, әрі-бері тоқтаусыз жүрген қырғыз полициясының машиналары мен қызметкерлері де жетерлік. Бішкектен тиелген жүктің иелері де шекараға келіп, уайымдап жүр. Олар көлікті Қазақстан кедені жібермей тұрғанына шағымданды.
Кезегін күтіп сарылып отырған жүргізушілердің кейбірі бастарына түскен мәселені журналистерге, камера алдында айтуға құлықсыз болып шықты. Олар тілшілерге айтқан сөзіміз өзімізге кесір боп тие ме деп қауіптенеді.
- Наурыздың 27-сі күні шекараға жақындап тоқтадым. Менің байқауымша, Қазақстан бүгін үш көлікті ғана өткізді, сәл күтсем өтіп кететін сияқтымын, - деді өзін Шымкент тұрғынымен деген жүргізуші Артем Ткачев.
Ткачев құжатының дұрыс екеніне сенімді. Азаттық тілшілері сөйлескен онға жуық жүргізуші де «құжатымыз Қазақстан кеденінің талабына сай» деп санайды.
Олардың сөзінше, Қазақстан жағы «кеден талабы өзгерді, құжаттарды соған сәйкестендіру керек» деген талап қоймаған, алдын ала ескертпеген. Азаттық тілшісінің «еш талап болмаса, не үшін кідіртті?» деген сауалына жүргізушілер жауап бере алмады.
«БІЗДІҢ ЖАЗЫҒЫМЫЗ НЕ?»
Азаттық тілшілерімен сөйлескен жүргізушілердің кейбірі барлық дау «халық тұтынатын тауар, яғни киім-кешек артқан жүк көліктерінен шыққан» деп болжайды. Олардың сөзінше, бастапқыда тек киім-кешек тиеген көліктер тоқтатылған. Көп ұзамай көліктердің бәрі кедергіге тап болған. Мәселен, Қырғызстан кеденінің мөрі басылып, Қазақстан кеденінде тексерілместен Литвадан бір-ақ шығуы тиіс транзит көлік те көптің арасында кідіріп тұр.
Қырғызстаннан металл құрылғы тиеп, Литваға шыққан жүргізуші Иван Воробьев халықаралық келісім бойынша Қырғызстанда мөр басылған көлігі Қазақстанда да, басқа елдерде де тексерілмейтінін айтады. «Біздің жазығымыз не?» дейді ол.
Кеденге жете алмай кезек күтіп тұрған көліктің ұшы-қиыры көрінбейді. Қырғызстан жол полициясы көліктің бір бөлігін басқа автожол бойында бірнеше жерден кідіртіп тұр. Кейбір жүргізушілердің сөзінше, кезекте тұрған көлік саны 370-ке жеткен. Ал бес-алты күннен бері сарылып тұрғандардың бір тобы көліктердің нақты санын айтқаннан гөрі «шет-шегі жоқ» деп қысқа қайырды. Барлығы «шекарадан қай уақытта өтер екенбіз» деп уайымдайды.
Көлігі кезекте тұрған жүргізушілердің бірі Нығмет Шалабаев Ыстықкөлден Бішкекке баратын негізгі жол жағасындағы шағын дүкеннен бутерброд, нан мен су, тағы басқа азық-түлік сатып алған. Ол қасындағы серігімен 3-4 шақырым жерде тұрған көлігіне қайтып барады екен. Оларға «көлігімізбен ала кетеміз» дегенде қуанып қалды.
Жүк көлігін айдап жүргеніне 20 жылдан асқан Нығмет Шалабаев қарапайым жүргізушілердің дәрменсіздігіне, ешкімнің мән-жайды толық айтпайтынына налиды.
- Бішкектен жержаңғақ, жаңғақ, өрік-мейіз сияқты сияқты кепкен жеміс тиеп, Мәскеуге апарамыз. Бізді күтіп отыр, уақыт кетіп барады. «Неге кідірттіңіздер» деуге де жасқанамыз, - дейді ол.
Оның сөзінше, алыс жолға шыққан жүргізушілер жол полициясы, кеден, тағы басқа тексеру органдары жайлы қандай да бір пікір айтпауға тырысады.
- Өйткені алдымызда жол ұзақ. Әртүрлі нәрсеге кез боламыз. Оның ішінде баспасөзге айтуға болмайтын «жазылмаған заңдар» да бар. Оған қарсы келе алмаймыз, - деп күледі ол.
Нығмет Шалабаев өзінен бұрын айран, сүт, сары май, пияз, қырыққабат секілді тез бұзылатын азық-түлік әкетіп бара жатқандарға жаны ашиды.
- Олар көлікті мүлде өшірмейді. Өйткені ол жай көлік емес – мұздатқыш. Көлік өшсе, мұздатқыш та өшіп, тауар бұзылады. Мұнда тұрған көліктердің жартысы сондай. Олар көлікті өшірмеу үшін күніне 30-40 литр жағармай жағып, күндіз-түні гүрілдеген көлік ішінде отырады,- дейді ол.
Біз көрген мұздатқыш көліктердің бірінің жүк бөлігінен су ағып тұрғаны байқалды. Көлік иесі шыдамай жүк бөлігінің есігін түнгі салқында ашып қойған.
«Екатеринбургке баруымыз керек. Осында тұрғанымызға үш күн болды» деген жүргізуші бұзылып бара жатқан пиязды көрсетіп, қынжылды.
«ШЕКАРАДАҒЫ ТЕКСЕРІС ЗАҢҒА САЙ»
Біз кеден кезегінде тұрған көліктерді аралап шыққанда түн болды. 5 сәуір таң ата Қырғызстанның Ақ-тілек шекара-кеден бекетіне көлігімізбен қайта барғанымызда шекарашылар Қазақстан жағы шекараны жауып қойғанын айтты. Қырғызстан шекара-кеден бекетінен ресми жауап алсақ деген үмітіміз де ақталмайтыны белгілі болды.
«Жүк көліктеріне күніне екі мезгіл ыстық тамақ таратамыз» деген Қырғызстан төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қандай да бір пікір бере алмайтынын айтты.
Осыдан соң біз Ақ-тілектен 40 шақырымдай жердегі Қордай шекара-кеден бекетінен Қазақстан аумағына өтіп, қайтадан Қарасу шекара-кеден бекетіне бардық. Алдымыздан шыққан Қазақстан шекарашылары «кеден жабылмағанын, Кырғызстан жағынан келетін жеңіл көліктер тоқтаусыз өтіп жатқанын» айтты.
Азаттық тілшілері шекара маңында жүргенде Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік кіріс комитеті шекарадағы жағдайға байланысты түсінік берді. Комитет өкілі Әсел Қуанышбаеваның сөзінше, Қырғызстанда 160 көлік кеденнен өте алмай тұр.
Шекарада бөгелген көліктер Қырғызстан билігін де алаңдатқан. 5 сәуірде Қырғызстан үкіметінің отырысында премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев шекарадағы ахуалға байланысты қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен үш рет келіссөз өткізгенін мәлімдеді. Абылгазиев «экономикалық мәселелерді шешу асықпай ойлануды талап етеді, үкімет көлік кезегін шешу жолдарын қарастырып жатыр, Еуразия экономикалық одағы өкілдерімен де байланыстамыз» деген.
Бұған дейін Қырғызстан шекарадағы «Қазақстан әрекеті одақтың құқықтық нормаларына қайшы» деп мәлімдеген еді.
5 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Қуат Рахимов «шекарадағы тексеру заңға сай» деп хабарлады. Оның сөзінше, «Қырғызстаннан келетін жүк көліктерінің құжаты жүгімен сай келмейді, яғни кейбір жүк көліктері тауар бағасы мен санын кемітіп көрсетіп, Қазақстанға тиесілі салықтың азаюына ықпал етеді».
Рахимовтің айтуынша, «Қырғызстаннан келетін көліктер мүлде тоқтады деуге болмайды. Өйткені наурыздың 27-сінен 4-сәуірге дейін қырғыз тауарын тиеген 265 автокөлік, транзиттік бағыттағы 455 жүк көлігі Қазақстанға кірген»
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жүк көліктері бұған дейін де кедергіге тап болған. 2017 жылдың күзінде Қырғызстан президентін сайлау науқаны кезінде Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмасбек Атамбаев «Қазақстан Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр» деп айыптай сөйлеген. Сонымен қатар, Қазақстан билігін бірнеше мәрте сынға алған.
Осы кезде Қазақстан Қырғызстаннан келетін жүк көліктерін тексеруді кенеттен күшейтіп, оны «Еуразия экономика одағының талабына сәйкес жасалды» деп мәлімдеген болатын. Бұл мәселе Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан президенті болып сайланғаннан кейін тез шешілген еді. Шекараны ашқан Қазақстан «Еуразия экономика одағының талаптары» қаншалықты орындалғанын түсіндірмеген.
ПІКІРЛЕР