Accessibility links

Қырғызстанда "қалалар қауіпсіздігін" қытайлық компания қамтамасыз ете ме?


Бішкек көшелеріндегі камералардың бірі. Көрнекі сурет.
Бішкек көшелеріндегі камералардың бірі. Көрнекі сурет.

Қырғызстанда "Қауіпсіз қала" жобасын жүзеге асыру бойынша жарияланған тендерде қытайлық Shenzhen Sunwin компаниясы жеңіске жетуі мүмкін. Ол өзге компаниялармен салыстырғанда арзанырақ бағаға қызмет көрсетуді ұсынып отыр. Тендер комиссиясы әзірге байқау қорытындысын жариялаған жоқ. Ал тендерге қатысқан компаниялардың бірі қытайлық компанияны "байқау талаптарына сәйкес келмейді" деп айыптады.

"Қауіпсіз қала" жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруға төрт компания ниет білдірген. Бұлар: "БИС", "Вега", қытайлық Shenzhen Sunwin және ALT Technology LLC (БАӘ) компаниясы. Тендерді жеңген компания тұтас республика бойынша камералар орнатпақ. Тендердің алғашқы кезеңінде дубайлық компанияның өтініші кері қайтарылды.

"Вега" радиоқұрастыру концерні" жобаны жүзеге асыру үшін - 4 миллиард 802 миллион 338 мың сом, "БИС" компаниясы 5 миллиард 67 миллион 794 мың сом сұрап отыр. Ал қытайлық Shenzhen Sunwin компаниясы қызметін 2 миллиард 654 миллион 558 мың сомға бағалаған. Тендер шарттары бойынша, ең төмен баға ұсынған компанияның жеңуіне көбірек мүмкіндігі бар.

Камералармен жабдықталған Бішкек қаласының орталығы. Көрнекі сурет.
Камералармен жабдықталған Бішкек қаласының орталығы. Көрнекі сурет.

Қырғызстанның ақпараттық технология және байланыс мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Кубаныч Шатемиров Азаттықтың Қырғыз қызметіне тендер комиссиясының мүшелері әзірге түпкілікті шешім қабылдамағанын хабарлады. Оның нәтижесі қашан белгілі болатыны да әзірге белгісіз.

Ал ресейлік "БИС" компаниясы "Вега" және Shenzhen Sunwin компанияларының ұсыныстары тендер талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, мемлекеттік сатып алу департаментінің тәуелсіз комиссиясына арнайы өтініш жазған. Бірақ комиссия үш компанияның ұсыныстары тендер талаптарына сәйкес келеді деп жауап беріп, өтінішін қанағаттандырмаған. Осыдан кейін "БИС" компаниясы сотқа шағымданды.

"БИС" компаниясының ресми өкілі Юрий Катютин тендерде заңбұзушылықтар болғанын айтады.

"Бассыздық. Еліңіз заң бойынша емес, қалыптасқан түсініктер бойынша өмір сүреді. Техникалық тапсырыс, біліктілік бар емес пе? Егер олай болса, қандай компаниялардың өтуі қажеттігін анықтауы тиіс болған бірінші кезең не үшін ұйымдастырылды? Қытайлық компания техникалық талаптар мен біліктілік шарттарына сәйкес келмейді" деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

"БИС" компаниясы алдағы жоспарын кейінірек айтатынын жеткізді.

Ал тендердің ықтимал жеңімпазы Shenzhen Sunwin компаниясы жақында шұғыл түрде Бішкекте баспасөз жиынын өткізді. Компания өкілдері "Қауіпсіз қала" жобасын жүзеге асыру үшін техникалық мүмкіндіктері жеткілікті екенін мәлімдеді. Олар жиында камералармен жабдықтау бойынша Пекин, Шанхай және Қытайдың ірі 20 шақты қаласында тәжірибелері бар екенін айтты.

Shenzhen Sunwin өкілдері жиында сонымен бірге Малайзия, Канада, Сингапур, Үндістан сияқты технологиясы дамыған елдерде "Қауіпсіз қала" жобаларын жүзеге асырып жатқанын да атап өткен.

"Біз технология және адам ресурстарына сүйенеміз. Өз мүмкіндіктерімізге сенеміз" деді Shenzhen Sunwin өкілі Денг Чи Чан.

Бішкекте баспасөз жиынын өткізіп жатқан Shenzhen Sunwin өкілдері. 23 тамыз 2019 жыл.
Бішкекте баспасөз жиынын өткізіп жатқан Shenzhen Sunwin өкілдері. 23 тамыз 2019 жыл.

Қытай компаниясы кепілдік жарна ретінде 850 мың АҚШ долларын құйып та қойған. Shenzhen Sunwin компаниясы сонымен қатар бәсекелестеріне қарағанда ең төмен баға ұсынғанын да алға тартқан. Олардың айтуынша, компания жобаға байланысты барлық жұмыстарды делдалсыз өз күштерімен жүзеге асырады. Компания өкілдері "БИС" компаниясының барлық айыптарын жоққа шығарып, заңдық тексерістерге дайын екенін де жеткізген.

Қырғызстанда жеңімпаз белгілі болғаннан кейін де тендер қорытындысы жарамсыз танылған кездер болған. Мұның соңы әдетте сотқа ұласып, "ықпалды шенеуніктер жекелеген компаниялар мүддесін қорғап отыр" деген сияқты дау-дамайлар, айыптаулармен жалғасатын.

Бағдарламалық жабдықтау және қызмет көрсету бойынша Қырғыз қауымдастығының төрағасы Азис Абакировтың ойынша, тендерде оқ бойы алға озу - "жеңді" дегенді білдірмесе керек. Маман Қырғызстанда тендер жариялау және байқау өткізу процесін сынады.

"Үкіметтің логикасын түсінбеймін. Тендерлер жүйеленбеген, тендер комиссиясының мүшелерін қуғындайды. Егер осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта ешкім де комиссия мүшесі болғысы келмейді" дейді Абакиров.

"Қауіпсіз қала" жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы бағдарламалар кешенін республиканың жеті облысында, республикалық маңызы бар екі қала және аудандық және облыстық маңызы бар 15 елді мекенде, сонымен бірге 73 тұрғын үй кешенінде орнатады. Тұтас республика бойынша 314 бағдарламалық-аппараттық кешенді орнату жоспарланып отыр. Жобаға бөлінген қаржы көлемі - 5 миллиард 791 миллион сом.

Жобаның алғашқы кезеңінде "Вега" компаниясы Бішкек пен Шу облыстарында 35 миллион долларлық 110 кешенді орнатқан.

Осыған ұқсас "Қауіпсіз қала" жобасы Қазақстанда да жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін жергілікті сайттар кейбір облыстарда бұл жобаны қытайлық Huawei компаниясы жүзеге асыратынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG