Accessibility links

"Көрінбейтін оқпен атты". Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандар өлместің күнін көріп жатқанын айтады


Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқандардың бір тобы. Қарағандылық Мейрамбек Бәйкеновтің жеке архивіндегі фото.
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқандардың бір тобы. Қарағандылық Мейрамбек Бәйкеновтің жеке архивіндегі фото.

26 сәуірде Чернобыль атом электр станциясында болған апатқа 35 жыл толды. Апат салдарын жоюға қатысқан азаматтар атаулы күннің қарсаңында билікке жағдайын айтып, тағы да шағынды. Жарылыстан бері 35 жыл өтсе де, апат салдарын жоюға қатысып, мүгедек болып қалған азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі әлі күнге шешілген жоқ.

ИНСУЛЬТ, ИНФАРКТ, КОМА

Мейрамбек Бәйкенов Чернобыль атом станциясындағы апат салдарын жоюға аттанған кезде 23 жаста еді. Әскерден Жезқазғандағы үйіне оралып, шаңырақ көтеріп, тұңғыш қызы дүние келген жігітке әскери комиссариаттан қайта шақырту келген. Апат аймағына бару я бармау жайлы оның пікірін ешкім сұрамаған. Осылайша Мейрамбек радиация ошағына тап болған.

– Әскерде болғандар дайын жауынгер саналатын. Сондықтан әскери комиссариат бізді шақырды, бұл өзі соғыс сияқты болды ғой. Бізді Қазақстан атынан жіберді. Бірден Украинаға бардық. Үстімізде әскери киім. Киевте бізді әскерилер күтіп алып, әскери округке апарып, әр топқа бөлді. Ол кезде қайда баратынымызды да білген жоқпыз. Кейін радиациясы бар жерге жіберетінін айтып, қайда баруға болатыны, қай жерді баспау керегі жөнінде нұсқау берді. Апат орнына барып, әзербайжан жауынгерлерінің орнына қалдық, – дейді Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан Мейрамбек Бәйкенов.

Қарағандылық Мейрамбек Бәйкенов Чернобыль атом станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан.
Қарағандылық Мейрамбек Бәйкенов Чернобыль атом станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан.

1987 жылғы 2 тамызда Мейрамбек пен оның тобы Чернобыль атом электр станциясына түскен. Кейінірек апат салдарын жоюға әлдеқайда ересек әрі тәжірибелі жауынгерлерді жіберу керегі белгілі болған.

– Ең жас жауынгер болдым, бірақ мені елге қайтарған жоқ. Станциядағы жарылыс салдарынан пайда болған қоқысты тазалап, радиацияның бел ортасында жүрдік: 15 күн сол жақта, 15 күн әскери бөлімде жұмыс істедік. Бұл жұмыс бес айға созылды, негізі ең көп дегенде 3-4 ай болуымыз керек еді. Бізді елге қайтармады, өйткені орнымызға қалатын ешкім болмады. Ал ол жерде айналаң тола радиоактивті сәуле ғой. Үйге қайту туралы өтінішімізге зорға дегенде қол қойғыздық, – дейді Мейрамбек Байкенов.

Чернобыльдағы радиация ошағы саналатын өндіріс алаңында бес ай болған Мейрамбек мүгедек болып қалған. Қазір 58 жасқа келген ол "қарт адамнан қай жерім кем" деп әзілдейді. Бірақ артынша АЭС-тегі апат салдарын жоюға қатысқан жолдастарының көбі о дүниелік болып кеткенін еске алып, өзінің "жолы болғанын" айтады. Мейрамбек Чернобыльдан келгеннен кейін қалаға емес, денсаулығын оңалту үшін ауылдағы ата-анасының жанына барған. Ол әріптестеріне қарағанда өзінің ұзақ өмір сүруіне ауылдың таза ауасы, суы мен табиғи өнімдері көмектесті деп есептейді.

Мейрамбек Бәйкенов бірнеше рет жүрек талмасына ұшырап, инсульт алған. Тіпті 8 күн комада да жатқан. Жақындары қаралы хабарға дайындала бастаған, бірақ Мейрамбек ажал аузынан аман қалған.

– Баяу қозғаламын, тезірек жүруге жүрегім шыдамайды. Осының бәрі – радиацияның әсері. Бұл өте қорқынышты. Радиация – көрінбейтін оқ сияқты. Сонда бізді өлтіру үшін "атқан" болды ғой. Чернобыльда болған азаматтардың арасында инсульт, инфаркт, тері мен қанның қатерлі ісігі сияқты диагноз қойылғандар көп кездеседі. Көп адам қайтыс болып кетті. Мен сияқты радиация ошағында болғандардың барлығы дерлік көз жұмды. Біз көрінбейтін жаумен соғысып, адамдар мен жерді құтқаруға тырыстық. Қазақстанда заң дұрыс емес. Біз Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардан кейінгі орында тұруымыз керек. Ресейде радиация ошағында болғандардың бәрін бірінші санатқа жатқызған. Өйткені біз сияқты радиацияның ортасында жүргендер бәрінен көп зардап шекті. Қазақстанда бәрі жалпы санатқа кіреді. Басқа адамдарға да жаным ашиды. Ол жаққа 1988-89 жылдары барған адамдар да радиация ошағында болған, – дейді Бәйкенов.

Мейрамбек Чернобыльдан оралғаннан кейін шаңырағында тағы үш бала дүниеге келген. Оның отбасы қазір Қарағанды қаласында тұрады. Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азамат көп жыл қиналып жүріп, әзер дегенде мемлекеттен пәтер алған.

Мейрамбектің сөзінше, Чернобыльдан оралғаннан кейін дүниеге келген ұлы да радиацияның зардабын шеккен. Бірақ ол бұл туралы ашып айтпады. Бәйкенов көп жылдан бері Қарағанды облысындағы Чернобыль оқшаулау аймағы ардагерлерінің одағын басқарады. Ол апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың мәселесін көтеріп, қоғамдық шараларға қатысып, жастармен кездесіп, сұхбат құрады.

35 жыл бұрын Чернобыль атом электр станциясында болған апат салдарын жоюға Қазақстаннан жіберілген Мейрамбек Бәйкенов 23 жаста еді. Үстіңгі суретте Мейрамбек сол жақта отыр.
35 жыл бұрын Чернобыль атом электр станциясында болған апат салдарын жоюға Қазақстаннан жіберілген Мейрамбек Бәйкенов 23 жаста еді. Үстіңгі суретте Мейрамбек сол жақта отыр.

ӨҢІР БИЛІГІНІҢ "ӘРЕКЕТСІЗДІГІ" ТУРАЛЫ ШАҒЫМ

Атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың бірі – Әбілдә Әбдікәрімов. Чернобыльдан оралғаннан кейін екінші топ мүгедегі деп танылған Әбілдә бірнеше жылдан бері Чернобыльдың көзі тірі ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуді сұрап, күресіп келеді. Әбдікәрімов Қарағанды облысында атқарушы билік Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға дұрыс көңіл бөлмей отыр деп есептейді.

– Апат салдарын жоюға қатысқан азаматтар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау және қолдауға қатысты бірқатар мәселе шешілмеген. Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан азаматтар – нағыз патриоттар. Чернобыль ардагерлеріне өзіміздің адам және бөтен кісі деп екі топқа бөліп қарайды, бұған олар кінәлі емес. Басын қауіп-қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқарып, ортақ іс атқарса да, оларға деген қарым-қатынас пен жәрдемақы көлемі әртүрлі. Біз, үкіметтік емес ұйым өкілдері жыл сайын Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан азаматтар мен мүгедектерге әлеуметтік және қаржылай көмек беру мәселесін талқылау үшін билік өкілдерімен кездестіруді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін тәжірибе алмасып, бірлесіп жұмыс атқару үшін облыс әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңеске қосуды сұрап келеміз, бірақ одан еш нәтиже жоқ, – дейді Әбілдә Әбдікәрімов.

Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан қазақстандық Әбілдә Әбдікәрімов.
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан қазақстандық Әбілдә Әбдікәрімов.

Әбдікәрімов атқарушы биліктің Чернобыль АЭС ардагерлеріне келгенде әрекетсіз отырғанын айтып, республикалық "Отан қорғаушылары" қоғамдық бірлестігі атынан оны сотқа берген. Арызында жауапкер ретінде Қарағанды қаласы мен облысы әкімдігін көрсеткен. Арызда облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пен қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа үндеу де бар.

Әбдікәрімов сотқа жазған арызында Чернобыль АЭС-да болған апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заң мүгедектерге отбасын дені сау болса, өзі асырайтындай деңгейде қаржымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтар сондай-ақ заңда күнкөріске қажет азын-аулақ мүмкіндіктер ғана қамтылғанын, балалары мемлекет қолдауынсыз қалғанын айтып, наразылық білдірген.

Арызда көтерілген мәселелердің арасында апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарды коммуналдық төлемдерден босату, балаларын жоғары оқу орындарында тегін оқыту, кезектен тыс баспана, мүгедектерге материалды көмек беру, тегін интернетпен қамтамасыз ету, көлік сатып алуға бастапқы жарнасыз несие алуға көмектесу, Чернобыль АЭС апатының қатысушылары, ардагерлері мен мүгедектерін көлікпен қамтамасыз ету туралы да талаптар бар. Әбдікәрімов биліктен апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға (қайтыс болған ардагерлердің отбасын қосқанда) 500 мың теңге көлемінде бір ретттік көмек беруді де сұраған.

Ол осыған дейін Қарағанды облысы әкімінің аппаратын сотқа беріп, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтар, ардагерлер, мүгедектер мен олардың балаларын қолдауға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мәжбүрлейтін қаулы шығаруды талап еткен. Бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырмады.

Мейрамбек Бәйкенов әскери қызметкерлермен кездесуде отыр. Мейрамбек Байкеновтің жеке архивіндегі сурет.
Мейрамбек Бәйкенов әскери қызметкерлермен кездесуде отыр. Мейрамбек Байкеновтің жеке архивіндегі сурет.

МЕМЛЕКЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ТУРАЛЫ

Ресми дерек бойынша, қазір Қарағанды облысында Чернобыль АЭС-дағы апат салдарын жоюға қатысқан 585 азамат тұрады. Бірнеше жыл бұрын олардың саны 650 болған.

Чернобыль АЭС болған апат салдарын жоюға қатысқандар (ол жақта 1988-89 жылдары болған азаматтарды есептемегенде) 34 жылдан кейін, 2020 жылы жәрдемақы мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысқан азаматтарға, апат салдарынан мүгедек болып қалғандар Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген. Билік өкілдері апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың жәрдемақысы өскенін айтады. Қазір көлемі артқан жәрдемақы мөлшері мынадай:

  • 18 мың теңге (41 доллар) – 1986-1987 жылдары апат салдарын жоюға қатысқандар алатын жәрдемақы мөлшері;
  • 14 мың теңге (32 доллар) – 1988-1989 жылдары апат салдарын жоюға қатысқандар алатын жәрдемақы мөлшері;
  • 22 мың теңге (51 доллар) – апат салдарынан мүгедек болып қалған азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшері.
Апаттан кейін иен қалған ғимарат ішіндегі СССР коммунистік партиясы басшыларының портреттері. Чернобыль аймағы, Украина.
Апаттан кейін иен қалған ғимарат ішіндегі СССР коммунистік партиясы басшыларының портреттері. Чернобыль аймағы, Украина.

Билік өкілдері биылғы атаулы датаға орай Чернобыль ардагерлеріне бір реттік көмек берілетінін айтады.

– Қарағанды облысының әлеуметтік қорғау басқармасы 2019 жылдан бастап Чернобыль АЭС-дағы апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға берілетін бір реттік материалды көмек көлемін 10 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейту мәселесін қарастырды. 2021 жылы қала және аудан әкімдіктері мерекелік және атаулы даталарға орай Чернобыль АЭС-да болған апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік материалды көмек беруді жоспарлаған. Қазір облыстың 16 ауданында төлем жасалған. Шахтинск қаласы мен Қарқаралы ауданында материалды көмек мамырда беріледі деп жоспарланған. Қарағанды, Жезқазған және Сәтпаев қалаларында қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер қарастырылған, – деді әлеуметтік қорғау басқармасы.

Заң бойынша Чернобыльдағы апат салдарын жоюға қатысқандар тегін баспана, тұрғын үй салатын жер алуға, емханада қызмет түрлерін жеңілдікпен пайдалануға, ауруханаға кезектен тыс жатуға құқылы.

Чернобыль АЭС-да болған апаттан кейін қаңырап қалған Припять қаласындағы балабақша бөлмесі. Украина, 12 сәуір 2021 жыл.
Чернобыль АЭС-да болған апаттан кейін қаңырап қалған Припять қаласындағы балабақша бөлмесі. Украина, 12 сәуір 2021 жыл.

Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан азаматтар жәрдемақы мөлшері артқаны рас, алайда бұл ақша әлі де ештеңеге жетпейді дейді. Олар "деніміз сау болса, өзіміз еңбек етіп, мемлекеттің қолына қарамас едік" деп шағынады.

1986 жылғы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында апат болды. Совет үкіметінің жарлығымен апат салдарын жоюға қатысқандардың көбі кейін ауыр дертке шалдығып, еңбекке жарамай қалды. Чернобыльдағы апат салдарын жоюға әр жылдары 32 мың қазақстандық жіберілген. Ресми дерек бойынша, қазір тірі қалған азаматтардың саны төрт мыңға да жетпейді. Чернобыль мүгедегі және құқық қорғаушы Әбілдә Әбдікәрімов бейресми дерек бойынша, Қазақстанда 55 мыңға жуық адам мемлекет назарынан тыс қалғанын айтады.

Чернобыль-1986. Ядролық реактор қалай жарылды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG