Азаттық тілшісі қыркүйектің ортасында Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Алғабас ауылындағы төрт мақта алқабын аралап шықты. Төрт алқаптың үшеуінде өзбекше сөйлейтін 50 шақты адам мақта теріп жүрді. Жастары 20-55 аралығындағы терімшілердің көбі – әйелдер. Олар күн мен мақта қозасындағы шаңнан қорғану үшін бет-ауыздарын түгел орамалмен тұмшалап алған. Бәрінің белінде – бір-бір қап. Жүйек-жүйекке түскен жұмысшылар жылдам қимылдайды. Бірі еңкейіп мақта теріп, енді бірі терген мақталарын етектеріне не қаптарына салып таразыға қарай тасып жүр. Бір-бірімен анда-санда ғана өзбекше тілдеседі.
Азаттық тілшісі олардың қайдан қашан келгендерін, көші-қон полициясына тіркелген-тіркелмегендерін білмекке сөзге тартқанымен, көбі тілдесуге құлықсыз болды.
Тілшімен сөйлесуге келіскен екі-үш азаматтың бірі өзін Аман деп таныстырды. Аманның айтуынша, ол Өзбекстанның Қоқан қаласынан келген.
– Бір үйдің үш адамы қыркүйектің 3-і күні Қоқаннан Атакенттегі шекара арқылы өттік. Заңды түрде. Мақтарал ауданына жетеміз дегенше таксиге әр адамға 40 мың сомнан жолақы төледік. Көші-қон полициясына бір айға тіркелдік. Күніне 550 килограмнан асырып мақта теріп жүрміз. Енді бір ай мақта тереміз де, үйге қайтамыз, – деді Аман Азаттық тілшісіне.
Ал Аманның жерлесі Еркінбек Нишонов мақта теруге жұбайымен бірге келген.
– Келіншегім екеуміз күніне 400 килограмм мақта тереміз. Күнде мақта тергізіп отырған адамның үйіне жатамыз. Оның мақтасын теріп болған соң екінші мақта егушінің үйіне барамыз. Олар тамағымызды, терген мақтамыздың салмағына қарай еңбекақымызды береді, – деді Еркінбек Нишонов таразы басында су ішіп тұрып.
«МАҚТАНЫҢ КИЛОСЫНА 14-15 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙМІЗ»
Мақта егетін Ғалымжан Күлішевтің сөзінше, ауылда жұмыс күші жоқ, сондықтан диқандар мақтаны Өзбекстаннан келген терімшілерге тергізуге мәжбүр.
– Өзбекстаннан келгендер мақтаны жақсы тереді. Күніне кемі 100 килограмнан асырады. Ал ауылдағылар 60-70 килограмм тереді. Бүгін жеріме 16 өзбек азаматын салдым. Бәрінің қолында құжаты бар, көші-қон полициясына тіркелген. Терімшілерге мақтаның келісіне 15 теңгеден беріп жатырмын, – дейді Ғалымжан Күлішев.
Ғалымжан Күлішевтің мақта алқабымен көршілес егістің иесі Төребек (фамилиясын айтудан бас тартты – ред.) те 13 гектар жерге егілген мақтасын өзбек азаматтарына тергізіп жатқанын айтады.
– 10 күннен бері 14 өзбекстандық теріп жатыр. Терімшілердің ішінде мектеп жасындағы балалар жоқ, барлығы – үлкендер. Көші-қон полициясына бір айға тіркелген. Жеріміз ауылдан қашықтау болғандықтан ауылдағылар термейді. Комбайн жоқ, жетіспейді. Терген күннің өзінде шашады. Ал Өзбекстаннан келген терімшілер таза тереді. Килограмын 14 теңгеден тереді. Бұл тиімді. Түскі астарын өзіміз береміз, – дейді Төребек.
Алғабас ауылының диқандарының көбі мақта теріп жүрген өзбек азаматтарының қайдан келгені туралы тұщымды жауап айтпайды. Бірі «жұмысшыларды құдағиымнан сұрап алдым» десе, екіншісі «үлкендер шешетін мәселеге араласпаймыз» деп жауап қатты.
«ӘРБІР ӨЗБЕК АЗАМАТЫН 1000 ТЕҢГЕГЕ ЖАЛҒА АЛАМЫЗ»
Азаттық тілшісімен сөйлескен алғабастық диқандардың кейбірі «өзбек азаматтарын жалға аламыз» деп қалғанымен, көбі оның егжей-тегжейін айтудан бас тартты. Ауыл тұрғыны Айгүл Барболова ғана әр өзбек азаматын күніне 1000 теңге беріп жалдап алатындарын растады.
Мақта алқабынан түсірілген фотогалерея:
– 5 гектар жерге шықпай қалған соң екі қайтара шит егіп, қарызға кіріп кеттім. Сенсеңіз, мына телешкіге де ақша төлейміз. Бірақ еңбегіміз жерде қалмауы керек қой. Теріп алуымыз керек. Оқушылар сабақта. Түстен кейін келіп тергендерінің өзі кешке дейін 15 келі мақта тереді. Өзбектерді алмағанда не істейміз енді? – дейді ол.
Өзбек азаматтарын жалға беруші кім екенін мақта егуші Айгүл Барболовадан біле алмаған Азаттық тілшісі мақта алқабынан шығып, Алғабас ауылына беттеді. Жұрттан сұрай-сұрай Нәзира есімді адамды да тапқан тілші одан «Сіз мақта теретін өзбек азаматтарын жалға беріп жатырсыз ба?» деп сұрады.
– Өзбекстанның Әндіжан облысынан келген 15 өзбек азаматымен өзара келісіп, мақта егушілерге әрбірін күніне 800 теңгеге жалға беріп отырмын. Қазір олар бос емес. 11 гектар жері бар апайдың мақтасын теріп жатыр. Одан кейін құдағиым сұраған. Оның мақтасын теріп бітем дегенше қар түсетін шығар. Бірақ кезек күтіп отырған адам көп, – дейді толық аты-жөнін айтудан бас тартқан Нәзира.
«Өзбекстандық азаматтардың бәрі көші-қон полициясына тіркелгенін» айтқан Нәзира Азаттық тілшісінің басқа сұрақтарына жауап бермеді.
«МАҚТА ТЕРУГЕ КЕЛГЕН ӨЗБЕКТЕР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ ЖОҚ»
Оңтүстік Қазақстан облысында «еңбек мигранттарының жұмысын табыс көзіне айналдырған бірқатар фактілер бар» екенін облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының бас мамамы Зағит Жаппарқұлов та растайды.
– Қазақстанда ТМД елдерінен келген еңбек мигранттарын тек үй шаруасында қажетті қызметші ретінде пайдалана алады. Басқа комерциялық, пайда табу мақсатында пайдалануға рұқсат етілмеген, – дейді Зағит Жаппарқұлов.
Зағит Жаппарқұловтың сөзінше, мақта егуші қазақстандық шетел азаматтарына мақта тергізсе, бұл жеке кәсіпкерлік болады. Ол шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде басқа біреуге жалға беру Қазақстан заңдары бойынша ұйымдасқан қылмыс болып есептелетінін айтады.
– Шаруа қожалығы, жері бар адам салық органдарында тіркеуде тұрады. Кәсіпкер жұмыс күшін қолданған жағдайда өзіне тиесілі міндетті зейнетақыларын төлеуі керек. Ал шетелден келген еңбек мигранттарының рұқсат қағазы жоқ болған жағдайда көші-қон полициясы оларды депортациялап, еліне қайтарады, – дейді Зағит Жаппарқұлов.
Маманның сөзінше, шетелден келген еңбек мигранттарының құжаттарын уақытша тіркелген жерлеріндегі көші-қон полициясы ғана рәсімдеп, оларға әуелі 1 айдан 3 айға дейін жұмыс істеуге рұқсат етеді.
– Шетел азаматына рұқсат тек бір қала не аудан аумағында ғана жарайды. Басқа қала не ауданға рұқсатсыз шығуға болмайды. Өйтсе, жергілікті көші-қон полициясы әкімшілік жаза қолданады. Жұмыс істеуге келген шетел азаматы жеке табыс салығы ретінде мемлекетке айына 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3964 теңге төлейді, – дейді Зағит Жаппарқұлов.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының басшысы Балтабек Абылаевтың хабарлауынша, ол өңірдегі ТМД елдерінен келген 25 мыңдай еңбек мигрантының 90 пайызы – Өзбекстан азаматтары.
– Өзбекстаннан келген азаматтардың 16 мың 315-і құрылыс саласында жұмыс істейді, 3 мың 179-ы – бағбан, 211-і – үй бикесі. Бірақ мақта терімге келгендер өзбекстандықтар туралы мәлімет шығарған жоқпыз, – дейді Балтабек Абылаев.
Ресми деректерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысына 2015 жылдың 8 айында келіп тіркелген 25 мыңдай шетел азаматы 142 миллион 630 мың теңге салық төлеген. Оның 2845-і Мақтарал ауданында тіркеліп, 15 миллион 561 мың теңге салық төлеген.