Accessibility links

Журналиске қолшатырмен кедергі жасауды полиция үнсіз бақылайды


Қолшатырлы «белгісіз адамдардың» журналистерге кедергісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Қарсылық акциясынан хабар дайындап жүрген журналистердің жұмысына қолшатыр ұстаған "белгісіз адамдардың "кедергі жасағаны жайлы видео.

Қазақстанда журналистердің жұмысына кедергі жасау қылмыс саналады. Бірақ маска киіп, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар билікті сынайтындар жайлы хабар әзірлеп жүрген тілшілерге полицияның көз алдында кедергі келтірсе де жазасыз қалады. Адвокат журналист жұмысына кедергіні үйлестірілген шара деп санайды.

НАРАЗЫЛЫҚ КӨРІНІСІН ҚОЛШАТЫРМЕН КӨЛЕГЕЙЛЕУ

Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында тұратын зейнеткер Ерназар Пернеев қазанның 26-сы, сенбі күні таңертең қала орталығындағы Наурыз алаңына келгенде жергілікті әкімдік өкілін кезіктірді.

- Рұқсат етілмеген наразылыққа шығу заңсыз екенін білесіз ғой, - деді елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жариялаған митингіні меңзеген әкімдік өкілі.

- Мұнда қазақ ұлтының мүддесі үшін, Қытай экспансиясына қарсы жиналып отырмыз. Бұл - болашақтың мәселесі. Сондықтан рұқсат берілген, берілмегені маңызды емес, - деді Пернеев.

Азаттық тілшісі зейнеткердің сөйлеген сәтін видеоға түсіріп тұрған еді. Осы кезде аяқ астынан пайда болған бетіне қара маска киіп, қолшатыр ұстаған екі азамат Пернеев пен Азаттық тілшісінің ортасына тұра қалды. Қолшатырды ашып, журналистің камерасын көлегейлеген әлгі екеуін көрген Пернеев "Мыналар кім?" деп аңырып қалды.

Қазақстанның бірнеше қаласында билік ондаған азаматты ұстады (26 қазан 2019 жыл)

Полиция Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған азаматты ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00


Бұл – тәуелсіз журналистер мен белгісіз топ өкілдері арасындағы қарсылықты суреттейтін соңғы оқиғалардың бірі. Қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар Қазақстандағы наразылық шаралары, әсіресе, қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық саяси қозғалысының ұйымдастыруымен өтетін митингілер туралы ақпарат таратуға кедергі жасау үшін биліктің тапсырмасымен жұмыс істейтінге ұқсайды.

Маусым мен шілде айында Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында маска киген белгісіз азаматтар Азаттық тілшілерінің камераларын қолшатырмен жауып, полицияның наразыларды ұстау сәтін түсіруге мүмкіндік бермеуге тырысты.

Қолшатыр ұстағандардың журналистерге кедергі жасауы. 6 шілде 2019 жыл

Қолшатырлы адамдардың кедергісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:09 0:00

Маски киген адамдар әдетте полицейлер көшеден ұсталған азаматтарды полиция бөлімшесіне жеткізетін автобустардың жанында тұрып, журналистерге наразыларды ұстау сәтін түсіруге кедергі келтіреді. Олар Азаттық тілшілері полиция офицерлерінен сұхбат алып тұрған кезде де қолшатыр қолданған.

Қазақстанда журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру қылмыс саналғанымен, полиция бірде-бір рет қолшатыр ұстаған азаматты тұтқындап, жауапқа тартқан емес.

Азаттық түсірген видеолардың бірқатарында "ҚДТ митинг өткізеді" деп жариялаған орынға қауіпсіздік күштері өкілдерін жеткізген полиция көлігінен маска киіп, қолшатыр ұстаған азаматтардың түсіп жатқаны көрінеді.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев көз алдында Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп тұрған қолшатыр ұстаған азаматқа қарсы шара қолданудан бас тартты. Малыбаев маска киген азаматтардың түр-тұлғасын ажырата алмағанын айтып, өзін заң аясында әрекет етуге шақырған журналистердің талабына құлақ асқан жоқ.

"Тілшілерге кедергіні көрмейтін" полицей

"Тілшілерге кедергіні көрмейтін" полицей. Малыбаев феномені
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:17 0:00

"ҮЙЛЕСТІРІЛГЕН ШАРА"

Адвокат Айман Омарова маусым айында Азаттықтың 10 қызметкерінің атынан берген ресми шағымда "журналистерге шабуыл жасалды және белгісіз адамдар қолшатырмен тілшінің жұмысына кедергі келтірді" деп жазған.

Омарованың пікірінше, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы полиция органдарының журналистерге шабуыл жасаған "белгісіз" азаматтарды ұстап, оларға айып тағудан жалтаруы әлгі адамдармен сыбайлас екенін көрсетіп отыр.

Қазақстан заңы бойынша, прокурор екі ай ішінде тергеу жұмыстарының барысы туралы ақпарат беруі немесе шағымды қараудан бас тартатыны туралы хабарлауы керек. Омарова шағымда көрсетілген бірқатар іске байланысты әлі күнге дейін жауап алмаған.

Басқа істер бойынша адвокаттың қолына тиген жалғыз хабарламада шағымдар жергілікті полиция департаментіне жолданғаны айтылған. Айман Омарова тергеушілер әрекетсіздігіне байланысты Бас прокуратураға шағым дайындап жатқанын айтты.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

- Полиция аталған заңсыз әрекеттерді қолшатыр ұстаған азаматтармен бірлесіп жасады деп ойлаймын. Олар қолшатыр ұстаған азаматтардың журналистерге қарсы қылмыс жасауына мүмкіндік берді, - дейді адвокат.

Оның пікірінше, журналистер жұмысына кедергі кездейсоқ жасалмаған.

- Қолшатыр ұстаған азаматтар полициямен, басқа да құқық қорғау органдарымен және қауіпсіздік қызметімен жұмыс істейді. Бұл – журналистерге қарсы үйлестірілген шара, - дейді Айман Омарова.

Адвокат оқиға болып жатқан жерде кәсіби міндетін атқарып жүрген журналистердің құқығын қорғауға полицияның құлық танытпағанын айтады.

- Олар журналистердің тәуелсіз жұмыс істегенін қаламайды. Өйткені бұл полицияның заңсыз әрекетін көп адамның көруіне жол ашады. Журналистердің құқығы қорғалмай отыр, - дейді Омарова.

Омарова Қазақстанда билікке жақпайтын ақпарат таратқан тілшілердің тосқауылға тап болатынын айтады.

- Заң қоғам мен халықаралық қауымдастыққа "бізде тәуелсіз ақпарат құралдары бар" деп көрсетуге тырысады. Шын мәнінде, елімізде журналистерге еркіндік бермейді. Үкіметті сынағандар туралы ақпарат таратқан журналистер жұмысында кедергілерге ұшырайды, - дейді адвокат.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ ҰРЫП, КАМЕРАСЫН СЫНДЫРУ

Қазақстанда журналистер жұмысына кедергі келтіретіндер арасында қолшатыр ұстаған азаматтардан басқа да топтар бар.

Шілденің 22-сі күні заңгерлер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізбекші болған Алматыдағы қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюросы кеңсесіне баса-көктеп кірген 20 шақты белгісіз әйел журналистерді ұрып, "Түсірме!" деп айқайлап, тілшілердің камераларын сындырды. Олар өткіздірмей қойған баспасөз жиынында "рұқсат етілмеген митингіге қатысты және ҚДТ қозғалысына мүше болды" деген айыппен тұтқындалған үш әйелдің мәселесі айтылмақшы болған еді.

Тілшілерге шабуылдың жай-жапсары. Алматы, 22 шілде 2019 жыл

Тілшілерге шабуылдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00


Шабуылдан зардап шеккендер арасында Азаттық, Almaty TV, KazTAG ақпарат агенттігінің тілшілері мен операторлары болған.

Шабуылға қатысқан әйелдердің іс-әрекеті видеоға жазылғанымен, оларға қарсы ешқандай шара қолданылған жоқ. Полиция әлгі әйелдердің бірін оқиға орнында ұстағанымен, оны дәл сол күні еш айып тақпастан босатып жіберген. Осы оқиғадан кейін ол әйел үкіметке қарсы басқа шарада Азаттық тілшісінің жұмысына тағы да кедергі келтірді.

Әкім сөзіне бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел

Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00


Алматы полициясы шілденің 22-сі күнгі шабуылға қатысқан әйелдерді "таба алмағанын", сондықтан оларды жауапқа тарту мүмкін болмағанын айтады.

Наурыздың 22-сі күні мемлекет астанасының атауын содан бірнеше күн бұрын мерзімінен бұрын қызметінен кеткен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімге қарсылық білдірген ҚДТ жақтастарын полиция жаппай ұстаған кезде, белгісіз адамдар тобы Азаттық тілшілері мен басқа журналистердің жұмысына әдейі кедергі жасады.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 жыл.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00


Азаттық камерасының алдына тұрып алған ұлттық киімдегі бір топ жас ән салып, би билеп билік шешіміне наразы азаматтарды полицияның күштеп автобусқа салып жатқан сәтін түсірмекші болған тілшілердің жұмысына бөгет жасауға тырысты.

Қолдарына газет ұстаған тағы бір топ оқиға туралы тікелей эфирде хабар таратып жүрген журналистердің камерасын көлегейлеп, кедергі келтірді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG