Accessibility links

"Қарсылыққа ұшыраған" Путиннің газ одағы және Астанамен "су дауындағы Пекиннің жеңісі"


Ресей, Қазақстан және Өзбекстан басшылары (солдан оңға қарай): Владимир Путин, Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирияев.
Ресей, Қазақстан және Өзбекстан басшылары (солдан оңға қарай): Владимир Путин, Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирияев.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азияда Мәскеу бастаған Еуразия экономика одағының болашағы бар ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Ресей президенті Путиннің «газ одағын» құру ұсынысын Қазақстан мен Өзбекстан қоғамы не себепті салқын қабылдады және одан шын мәнінде келіп-кетер пайда бар ма дегенге үңілді. Бұдан бөлек Қазақстанмен су дауында Қытай қалай жеңіске жеткенін талдады.

ПУТИННІҢ ҰСЫНЫСЫ ӨЗБЕКСТАН МЕН ҚАЗАҚСТАНДА "ҚАРСЫЛЫҚҚА ҰШЫРАДЫ"

«Америка дауысы» радиосы Ресей ұсынған «газ одағына» Қазақстан мен Өзбекстан қоғамы қарсы болғанын жазды.

Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов Мәскеудің бұл ұсынысын сынап, Ташкент экономикалық пайда үшін тәуелсіздігіне қауіп төндіретін қадамға бармайтынын мәлімдеді.

"Егер біз өзге елден газ импорттасақ, тек коммерциялық, сауда келісімі негізінде ынтымақтастық орнатамыз. Біз ешқашан саяси шарттарды газға айырбастамаймыз. Біз ұсынылған шарттармен келіскен жағдайда ғана газ келісіміне қол қоямыз" деді ол.

Ол Ресеймен газ туралы келісім жасалған күннің өзінде бұл одақ дегенді білдірмейтінін жеткізді.

Ресей президенті Путиннің Қазақстан және Өзбекстанмен газ одағын құруды ұсынғанын Мәскеуге іссапармен барған президент Тоқаев Ресей премьер-министрі Мишустинмен 28 қараша күнгі кездесуде мәлімдеген.

Мақала авторы Навбахор Имамова одақтың жай-жапсары белгісіз болғанымен, сарапшылардың айтуынша, қыста ел ішіне әрең жететін табиғи газ өндіретін Өзбекстан үшін бұл одақтың экономикалық мәні бар деп жазады. Орталық Азия елдері Ресейден келетін газды ала алар еді, қалған газды өздерінің аумағы арқылы Түркіменстаннан Қытайға өтетін құбыр арқылы өткізе алар еді. Ал Ресей Қазақстан мен Өзбекстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдеріне газ сата алар еді.

Автор Мәскеу бастамасы Қзақстан мен Өзбекстанда қоғам қарсылығына тап болғанын келтіреді, себебі бұл одақ саяси мақсатты көздейді деген қауіп бар.

«Кремльдің газ одағынан түк ұтпаймыз, керісінше бәрінен айырыламыз», − дейді өзбек экономисі және бұрынғы шенеунік Абдолла Әбдіқадыров.

Өзбекстанның энергетика министрі Ресей бастамасына реакция білдіріп, газ одағынан бас тартса, ал Қазақстан үкіметі Ресей ұсынысын зерттеп көреміз деп қайырды.

Әбдіқадыровтың ойынша, Ресей Қазақстан мен Өзбекстан арасында қайта жолға қойылған экономикалық қарым-қатынас пен қауіпсіздік саласындағы серіктестікке нұсқан келтіргісі келеді.

«Ресей аймақ пен көмірсутегі ресурстарын бақылағысы келеді. Қазақстан мұнай-газға бай, Өзбекстанда да ол баршылық. Ресей энерготасымалдағыштардың саудасын бақылағысы келеді. Өзбекстан рөлі шектеледі. Осылайша Мәскеу бәсекелестікті жоймақ», − дейді сарапшы.

Ұлыбританиядағы Oxford Policy Advisory Group компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Ескендір Ақылбаев Ресей үшжақты одақ аясында артық газды Қазақстан мен Өзбекстанға арнайы тарифпен өткізгісі келеді деп есептейді. Бірақ сарапшының айтуынша, бұл ұзақ мерзімде екі елді Ресейге тәуелді ете түседі.

Ал Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры Еуразия мен Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Пол Стронскидің пайымдауынша, Ресей бұл одақ арқылы халықаралық оқшауда қалмағанын көрсеткісі келеді, бірақ Ташкент пен Астана бұған сақтықпен қарайды. Себебі бір жағынан Батыс санкцияларынан қорықса, екіншіден, Мәскеудің энергияны қару ретінде пайдаланатынын біледі.

Стронскидің ойынша, Өзбекстан мен Қазақстан Кремльге айтарын айтқызып, көндіккендей кейіп танытады, осылайша ұсыныстың мән-маңызын шектейді. Сарапшы аймақ елдері бірлессе және оған газға бай Түркіменстанды қосса, Ресейге белгілі бір дәрежеде қарсы тұра алады дейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКА ОДАҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Орталық Азияның болашақ геосаясатында Еуразия экономика одағына орын бар ма деген сұраққа үңілді.

Мәскеу бастаған Еуразия экономика одағы посткеңестік кеңістіктегі бес мемлекет – Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның ірі экономикалық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған. Бірақ мақала авторы, «Орталық Азия барометрі» зерттеу институтының ғылыми қызметкері Али Косеоглу Еуразия экономика одағының Ресей экономикасына әсері болмашы, одақтағы екінші ірі экономика Қазақстанға да айтарлықтай экономикалық пайда әкелмейтінін жазады. Қазақстанның Еуразия экономика одағына мүше өзге елдермен сауда көлемі 2014 жылдан бері айтарлықтай өспеген, Ресей импорты мен экспортына тәуелділік арта түсті.

Автор Ресей одақты құрғанда экономикалық емес, шын мәнінде геосаяси мақсатты көздеді деп есептейді. «Бәлкім, Ресей президенті Владимир Путин Еуразия экономика одағы арқылы Кеңес одағы ыдыраған соң Мәскеу айырылып қалған дәстүрлі ықпал ету аймағында Ресей үстемдігін қалпына келтіруді көздеген болар». Украинаға басып кіргелі халықаралық оқшауда қалған Ресей Еуразия экономика одағын қазір бұрынғыдан бетер қажет етеді. Сондықтан Ресей үшін дәл қазір одақ бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым экономикалық тиімді. Зерттеушінің жазуынша, «Қазақстан санкцияны айналып өтуге көмектесіп, тыйым салынған тауарды импорттауға көмектесіп жатыр». Сондықтан Ресей одаққа кіретін елдерді өзіне жақ қылу үшін қолдан келгенін жасайды.

Сол себепті қазан айында Ереванда өткен Еуразия экономика одағының жиынында Ресей премьер-министрі Мишустин мұнай, газ және электр энергиясының ортақ нарығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай ортақ энергетика нарығы мүше елдерге пайдасын тигізіп, энерготасымалдағыштар бағасының қымбаттауынан қорғайды. Алайда бұл ұсыныс Қазақстан мен Қырғызстанды бастамаға бірігуге ынталандырып, 2021 жылдан бері ұйымда бақылаушы статусында жүрген Өзбекстанды одаққа кіруге итермелей ме? Косеоглудың пайымдауынша, бұл Орталық Азия елдері үкіметтерінің сыртқы саясаттағы ұстанымына байланысты болмақ.

Қазір Ресейдің аймақ елдеріне ұсынатын экономикалық артықшылықтары аз. Ресейге тәуелділіктен төнетін қауіп бұл елдерді дипломатиялық қарым-қатынасты әртараптандыруға мәжбүрлейді. Бірақ бұл үшін аймақ елдеріне Батыспен қарым-қатынасты күшетіп, көпвекторлы дипломатияның дәстүрлі парадигмасын ұстанудың қажеті жоқ. Есесіне, Орталық Азия елдерінің жетекшілері Қытай және Түркиямен қарым-қатынасты бұрынғыдан бетер нығайта алады.

Автордың талдауынша, Ресей Еуразия экономика одағы арқылы аймақ елдерінің экономикалық өркендеуін қамтамасыз ете алмайды, Қытай мен Түркияның экономикалық белсенділігі артып жатыр. Ал бұл Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілетін әлсіретуі мүмкін. Егер Мәскеудің қауіпсіздікті қамтамасыз етуші рөліне аймақ күмән келтірсе, Ресей үстемдігі әлсірейді. «Ал Ресей үстемдігі әлсіресе, Еуразия экономика одағы кеңеймейді және оның Орталық Азияда болашағы болмайды деген сөз».

"СУ ДАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПЕКИН"

Eurasianet басылымы Қазақстанмен ондаған жылдан бері жалғасып келе жатқан су мәселесінде Қытай жеңіске жеткенін жазды.

Оксфорд университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары жақында шыққан ғылыми мақалада Қазақстан-Қытай арасындағы су дауын Пекиннің «Бір белдеу – бір жол» жобасымен байланыстырып талдаған. Трансшекаралық өзендердің жоғары ағысындағы суды Қытай көп көлемде жұмсайды. Осы мақалаға сүйенген Eurasianet-тің жазуынша, Қазақстан Қытайдың бұл әрекетіне тосқауыл қою талпынысынан бас тартты.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Балқаш көліне құятын Іле өзені мен Қазақстанның шығысы мен солтүстігі арқылы Сібірге қарай ағатын Ертіс өзені бастау алады. Қытай осы өзендердегі судың жартысын шектен тыс пайдаланып отыр. Бұл мәселе Қазақстанды бұрыннан алаңдатады, өйткені Балқаш көлі сарқылып қалып, Аралың кебін құшады деген қауіп бар.

Азиядағы ең ірі көлдердің бірі Балқаш. Әуеден түсірілген сурет.
Азиядағы ең ірі көлдердің бірі Балқаш. Әуеден түсірілген сурет.

Қазақстан ондаған жыл бойы Пекиннің осы өзендердің жоғары ағысындағы суды шектен тыс пайдалануын шектей алмай келеді. Қытай трансшекаралық сулар жөніндегі БҰҰ конвениясына қол қоюдан бас тартты.

Алайда соңғы кездері Астана Пекинді ашуландырып алмауға тырысып, бұл проблеманы жария түрде көп көтермейді. Мысалы, қазан айында Тоқаев Балқаш көлі арнасының тартылғанына алаңдаушылық білдіргенде Қытайды ауызға алмады.

Мақала авторларының жазуынша, Қытай басшысы Си Цзиньпин 2013 жылы «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жарияғалы бері Қазақстанның лауазымды тұлғалары өзен суын пайдалану бойынша Қытаймен жүріп жатқан келіссөз жайлы тек жағымды пікір білдіреді, «олар осылайша Қытайдың гидрогегемониясына көндікті».

Зерттеушілер су мәселесінде міндетті түрде бір жеңімпаздың болуы шарт емес дейді. Екі ел де өзендер суын шақтап жұмсауға мүдделі. Олай болса, Пекин «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен салған инфрақұрылым қазақстандық фермерлерге Қытай нарығына тез бұзылатын қымбат азық-түлікті жеткізуге мүмкіндік бере алады, ондай жағдайда Қытайды суды көп қажет ететін дақыл өсіруден бас тарта алар еді.

Дей тұрғанмен өзен суын пайдалану туралы келіссөздерде не айтылғаны жария етілмейді. Зерттеушілер мұндай үнсіздіктен Қытай керісінше ұтады деп есептейді. Бәлкім, Қазақстанның экологиялық мәселелер жайлы үнсіздігі біртіндеп «Бір белдеу – бір жол» бастамасының стандартына, үйреншікті жағдайға айналатын шығар, дейді зерттеушілер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG