Accessibility links

Жанама санкция қаупі және  Қытайдың Орталық Азиядағы "синофобиямен күресі"


Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысушы елдердің басшылары қолдарын бұлғап тұр. Қытай, Сиань, 19 мамыр 2023 жыл.
Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысушы елдердің басшылары қолдарын бұлғап тұр. Қытай, Сиань, 19 мамыр 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада елдегі ірі қаржы лоббистік топ кепілсіз несиенің мөлшерлемесін төмендету әрекетіне тосқауыл қойғанын жазды. Сонымен қатар Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанға жанама санкция салуы мүмкін деген белгілер күшейіп жатқанын талдады. Бұдан бөлек синофобияны азайтуға бағытталған Қытайдың мәдени дипломатиясы Орталық Азияда қалай жұмыс істейтініне тоқталды.

"БАНКТЕРДІҢ САЯСИ ЫҚПАЛЫ" ЖӘНЕ КЕПІЛСІЗ НЕСИЕ ПАЙЫЗЫН ТӨМЕНДЕТУГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ

Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, ірі қаржы лоббистік топ кепілсіз несиелердің шекті мөлшерлемесін төмендету әрекетіне тосқауыл қойған. Осылайша Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынбақ болған ең маңызды бастама іске аспай қалды.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғаларды банкрот деп танитын заң қабылдау арқылы халық қолдауына қайта ие болуға тырысты. Тоқаев мемлекеттің байлығы ат төбеліндей топтың қолында, ал көпшілік халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, қарызға батқанын айтып, теңсіздікпен күресуге уәде етті.

Биыл наурыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілсіз несиелердің пайыздық мөлшерлемесін 44 пайыздан асырмауды ұсынған. Қазір кепілсіз несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемесі 56 пайызға жетеқабыл. Кепілсіз несие экономикалық белсенді халықтың төрттен үшінің басында бар.

Bloomberg агенттігі «мәселеден хабары бар» дереккөздерге сілтеме жасап, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қысымынан кейін құжат жобасын кері қайтарғанын жазды. Талқылау жария болмағандықтан, агенттікке мұны хабарлаған адамдар аты-жөнін атамауды сұраған. Олардың сөздеріне қарағанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегі жоғары лауазымды шенеунік әріптестеріне кепілсіз несиенің мөлшерлемесін 44 пайыздан асырмауды талап ететін құжат «президент әкімшілігінен қоңырау келіп түскен соң кері қайтарылғанын» айтқан.

Мақала авторы Нариман Гизитдиновтың жазуынша, бұл айла-шарғы банктер бірнеше мәрте дағдарыс, дефолт пен қарызды қайта құрылымдауды бастан өткергеніне қарамастан, олардың саяси ықпалға ие екенін көрсетеді. Назарбаев тұсындағы үкімет банктерге 18 миллиард доллар көлемінде көмек көрсетті.

Бұл құжатты кері қайтарып алу Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін басымдық берген мәселені оның әкімшілігі шешуге қаншалықты бейіл деген сұрақ тудырады.

Құпия дерек көздердің Bloomberg-ке айтуынша, банктер, сақтандыру мен брокер компаниялар тәрізді 160-тан астам мүшесі бар Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кепілсіз несиелердің мөлшерлемесін қазіргі 56 пайызға жақын деңгейде ұстап тұруды ұсынған, қазір ол ұсыныс талқыланып жатыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен президенттің баспасөз қызметі ақпарат агенттігінің сұрақтарына жауап бермеген. Ал ақпарат агенттігінің сауалына жауап берген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы шекті мөлшерлемені есептеу әдісі жайлы «қаржы ұйымдарының кәсіби еткертулерін» қаржы қадағалаушы агенттікке жеткізгенін мәлімдеген.

Мамыр айындағы мәліметке қарағанда, соңғы бір жылдың ішінде кепілсіз тұтынушылық несие көлемі 30 пайызға өсіп, 7,7 триллион теңгеге жетті, осы мерзім ішінде несие алушылар саны 822 мың адамға артып, 7,5 миллион адамға жеткен. Қазақстан бірінші несие бюросының мәліметінше, елде 1,5 миллион адам несие төлеу мерзімін 90 немесе одан да көп күнге кешіктірген.

Халықаралық валюта қоры жақында экономикада тұтынушылық несие көлемі тым көп екеніне алаңдаушылық білдіріп, билікті тиісті шара қабылдауға шақырған.

РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ "АСТЫРТЫН САУДАСЫ" ЖӘНЕ ЖАНАМА САНКЦИЯ ҚАУПІ

АҚШ-тағы Summit International Advisors консалтинг компаниясының директоры, АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид А.Меркель Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымындағы мақалада «Қазақстан өз аумағы арқылы санкцияларды айналып өту әрекетіне көзжұмбайлықпен қарап отыр, сол себепті Вашингтон мен Брюссель қатаң шара қабылдауы керек» деген ой айтады.

«Астана өз аумағы арқылы Ресейге тыйым салынған тауардың өтіп жатқанына көзжұмбайлықпен қарағандықтан, Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанға жанама санкция салуы мүмкін деген белгілер күшейді. Мамыр айында қызметіне кіріскеніне бірнеше апта ғана болған сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өз елінің мүддесін қорғау үшін Брюссельге барды. Бірақ Астана өзіне оң көзбен қарауды лоббилаудың орнына өз аумағы арқылы санкцияларды айналып өтуге жол бермес үшін шекарадағы бақылауды күшейтуі керек», − деп жазады Меркель.

Шекарада тұрған жүк вагондары. Көрнекі сурет.
Шекарада тұрған жүк вагондары. Көрнекі сурет.

Автор Ресейге Қазақстан арқылы соғыста қолданылуы мүмкін қосалқы мақсаттағы тауарлардың өтіп жатқанына назар аударады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан Ресейге кір жуатын машиналарды мүлде тасымалдаған жоқ. Ал былтыр Ресейге кір жуатын машинаның 100 мың данасын тасымалдаған. Сарапшылар Ресей кір жуатын машинадағы жартылай өткізгішті зымырандарда қолданады деп есептейді. Енді бір мәліметке қарағанда, Ресей Қазақстан арқылы келген көліктерден чиптерді шығарып алып, қару-жарақ жасауға қолданады.

Сәуірдің аяғында Астанаға келген АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг пен сауда министрінің өкілі Мэтью Аксельрод Қазақстан арқылы Ресейге тыйым салынған тауар жеткізілгені анықталса, санкция салынуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл ретте АҚШ шенеуніктері Украинада бейбіт тұрғындар мен әскерді жою үшін Ресей қолданатын зымыран мен дрондарда пайдаланылатын компьютер техникасы элементтерін тасымалдауды меңзеген.

Бұған жауап ретінде Қазақстан тауар қозғалысын шекарадан шекараға дейін қадағалап, реэкспортты жіті бақылайтын шараға барды. Меркель Астана әлі де шетелден Қазақстандағы түпкі тұтынушыға тасымалданады дегенді жамылып, іс жүзінде Ресейге жөнелтілетін тауар қозғалысын қадағалауы керек дейді.

Ресей мен Қазақстан Еуразия экономика одағына мүше, екі ел арасындағы тауар еркін қозғалады, кеден бақылауы жоқ. Сол себепті тауарды Қазақстаннан Ресейге жөнелту − оңай нәрсе.

Қазақстан үкіметі ішкі экономиканың 60 пайызын бақылайды, сондықтан, Меркельдің ойынша, үкіметтің Ресеймен сауданы шектейтін күшті тетіктері бар.

«Вашингтон мен Брюссель Тоқаевқа қозғау салуы керек. Әскери технология мен қосалқы мақсатта қолданылатын технологияны тасымалдауға қатысы бар бизнес жетекшілер мен шенеуніктердің шетелдегі активтері бұғатталып, оларға виза беруге тыйым салынуы керек. Ұлттық теміржол операторы «Қазақстан темір жолы» мен транзит саудасымен айналысатын қаржы ұйымдарына ерекше назар аудару керек», − дейді автор.

Меркельдің ойынша, Астана қара тізімдегі тауардың Ресейге импортталуына жол бермеу үшін кеден шектеулерін енгізуге тиіс. Олай болмаған жағдайда АҚШ пен Еуроодақ Еуразия экономика одағына кіретін бүкіл елдерге санкция салуды қарастыруы керек.

ҚЫТАЙ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ДИПЛОМАТИЯ

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбеллоның Тренто университетінің постдокторанты, Қытай – Орталық Азия қарым-қатынасын зерттеуші Джулия Шиоратиден алған сұхбатын жариялады. Сұхбат Пекиннің сыртқы саясатындағы мәдени дипломатия тақырыбына арналған.

Сианьда өткен Қытай – Орталық Азия саммитінде «Қытай және Орталық Азия халықтарының өнері мен мәдениеті жылы» бастау алды. Қытай үкіметі инфрақұрылым мен экономика саласындағы жобалардан бөлек, синофобиямен күресу үшін мәдени алмасу бағдарламаларына қайта назар аударды.

Шиоратидің пайымдауынша, Пекин аймақтағы мәдени дипломатияда қолданатын ең маңызды құрал – Орталық Азияның ғалымдары мен студенттеріне Қытайға сапарлауға арналған стипендиялар және Қытайды зерттеу бағдарламаларын қаржыландыру. Бұл Қытайға өзін аудиторияға ерекше етіп көрсетуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды сала – ақпарат құралдарымен ынтымақтастық, журналистерді Қытайда оқыту. «Бұл Қытай туралы белгілі бір «хикаяны» тек Қытай басылымдарында ғана емес, аймақтағы ақпарат құралдарында таратуға мүмкіндік береді.

Қытайдың мәдени дипломатиясы Орталық Азияда жұмыс істеп, нәтижесін бере ме, аймақтағы синофобияны азайта ма? Шиоратидің айтуынша, «ол дәл Қытай қалағандай жұмыс істемейді». Қытайдағы академиялық зерттеулер оның Орталық Азиядағы жария дипломатиясының кемшіліктерін анықтаған. Бірақ, зерттеушінің ойынша, Пекин «Жібек жолы бойындағы халықтардың бірегейлігі» тәрізді Қытайдың Орталық Азия елдерімен ортақ тарих пен мәдениеттің дискурсивті конструкцияларына негізделген бірегейліктің құндылық жүйесінен бас тартпайды. Бұл Орталық Азия аудиториясы үшін аса тартымды болмаса да, саяси және дипломатиялық ортада өз тиімділігін көрсетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG