Батыс басылымдары бұл аптада Астананы өзіне жақ еткісі келетін Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа балама ретінде қарастыра ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов көп жылға сотталса да, Қаңтар оқиғасының сұрақтары жауапсыз қалғанын жазды. Бұдан бөлек, АҚШ лауазымды тұлғаларының санкция жайлы ескертуін Қазақстан қалай қабылдады дегенге үңілді.
МӘСКЕУДІҢ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУ ТЕТІКТЕРІ ЖӘНЕ "ТОҚАЕВҚА БАЛАМА"
Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Мәскеу постсоветтік кеңістіктегі наразылық ошақтарын елдің ішкі ісіне араласып, қысым көрсетіп, мемлекетті сателлитке айналдыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдаланатынын жазады.
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы жақында кезекті рет наразылық ошағына айналды. Автор мұның себебіне үңіліп, АҚШ-та шығатын Diplomat басылымының бас редакторы Кэтрин Путцтың мақаласына қайырылады. Тәжуітовтің ойынша, бұған Путц мақаласындағы мына сөйлемдер жауап береді: "Жаңаөзен қаласы орналасқан Маңғыстау облысы – елдегі ең кедей аймақтардың бірі. 2015 жылы бұл аймақтағы кедейшілік елдегі орташа көрсеткіштен 22 есе жоғары болған".
Маңғыстау облысы − ел бюджетіне ақша құятын донор-аймақтардың бірі. Осы себепті әлеуеті бай, бірақ халқының тұрмыс мәселесі асқынған Жаңаөзенде әлеуметтік шиеленіс болғаны таңғалдырмайды. Автордың ойынша, мұндай қолайлы алғышарттар туған кезде Ресей Қазақстандағы ахуалдан ұпай жинау үшін амал-шарғыға бармаса, бұл оғаш дүние болар еді.
Мәскеу үшін Астана мен Минскіні өзінің төңірегіне топтастырған маңызды. Бұл ретте Минск онсыз да Путинді қолдайды, сондықтан оған қам жеудің қажеті жоқ. Ал қазіргі жағдайда Мәскеудің Астананы өзімен бір кемеге тарта алуы екіталай.
Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған да, айыптаған да жоқ. Алайда қарапайым қазақ Ресей агрессиясын айыптап, Украинаны қолдайды. Ондай адамдардың саны көбейіп келеді. "Ресей билігі Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға ықпал ету мен пропаганда машинасының қоғамдық пікірді қажет арнаға бұра алу мүмкіндігін асыра бағалағанын түсінгендей".
Автордың пайымдауынша, Тоқаев пен оның әкімшілігі Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алған көп нәрсе 2010 жылы Украина президенті Виктор Януковичтің істерін еске түсіреді. Янукович президент болып сайланған соң, Мәскеу Украинада орыс тілінің мәртебесін күшейтіп, елді Еуроодақтан алшақтату арқылы Ресей ықпалына қайтарамыз деп үміттенді.
2012 жылы Янукович Украинаның бірқатар аймағында орыс тілін ресми тіл деп бекітетін заңға қол қойды (ол 2018 жылы конституцияға қайшы деп танылып, күші жойылды). Киев 2012 жылдан бері Еуроодақпен қауымдастық және еркін сауда туралы келіссөз жүргізген, Янукович 2013 жылы пікірін күрт өзгертіп, Ресеймен экономикалық қарым-қатынасты күшейту жөнінде шешім шығарды. Мұның арты оны биліктен кетірген Еуромайданға ұласты.
Тоқаев та орыс тілін қолдайтын қадамдарға барды. Ол 2022 жылы қазанда Путинмен ТМД жанынан орыс тілін қолдайтын және дамытатын халықаралық ұйым құруды ұсынды. Былтыр желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммитте Тоқаев 2023 жыл ТМД ұйымы аумағында орыс тілі жылы болатынын мәлімдеді. Бұл елде екіұдай пікір тудырды. Сыншылар орыс тілімен қатар қазақ тілін дамыту керек деген уәж айтты. Тәжуітовтің жазуынша, бұл ретте "Тоқаев орысша сөйлейтін адам бола тұра, "қазақ тілінің қолдану аясы жыл сайын кеңейіп келеді және "сондықтан оған алаңдауға негіз жоқ" деп есептейді".
Тәжуітов ғылым және жоғарғы білім министрлігі тіл саясаты комитетінің бұрынғы төрағасы Әділбек Қабаның: "Совет үкіметі кезінде қазақшаға шалағай аударудың кесірінен орысшаның калькасы пайда болды. Бүгінгі жағдай одан алысқа ұзап кеткен жоқ. Шұрайлы тіліміз қазақы болмысынан ажырап, көз алдымызда қарабайырланып барады. Ұлт тамырынан айырылып қала ма деп алаңдаймыз" деген пікірін кетіреді. Автордың ойынша, Қабаның осы сөзі Тоқаевтың пікіріне кереғар.
"Қазақстан президентінің мұны білмеуі мүмкін емес. Бірақ ол мемлекеттік тілдің жай-күйі дұрыс деп есептейді және өзгелер де осыған иланғанын қалайды". "Қазақ тілі үшін алаңдауға негіз жоқ" дейтін Тоқаев бұл ретте қоғамдағы көпшілікпен келіспейді деген сөз. Автордың ойынша, бұл тағы бір наразылыққа әкеп соқтыруы мүмкін.
Астананы өз жағына тарту идеясынан бас тартпаған Мәскеу бұдан былай қатеге жол бергісі келмейді. Тәжуітов бұлай тұжырым жасауға Тоқаев үш жыл бұрын зейнетке жіберген Иманғали Тасмағамбетовтің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметіне тағайындалуы және оның Батыс елдері жайлы Ресей риторикасымен үндес мәлімдеме жасауы себеп дейді. Оның үстіне, Тасмағамбетовтің Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы арасында беделі бар. Екінші жағынан, ол қазақ тіліне жетік, қазақ мәдени қоғамы мен зиялы қауым арасында қолдаушылары бар. "Осыны ескерсек, Кремль Тасмағамбетовті Тоқаевқа балама ретінде сүйреп жатқан тәрізді" деп қайырады автор.
МӘСІМОВТІ СОТТАУ ЖӘНЕ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАРЫ
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына сот үкімі шыққанымен, көп нәрсе анық емес екенін жазды.
Астана қаласының ауданаралық соты 24 сәуір күні Мәсімовті 18 жылға соттады. Оған "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылды. Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 5 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды.
Мақала авторы Кэтрин Путц Мәсімов экс-президент Назарбаевтың жақын серігі болғанын келтіреді, сондай-ақ ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қаңтар оқиғасынан соң қызметтен босатылғанымен, қамауға алынбағанына назар аударады. Былтыр маусымда ол белгілі бір қылмыстық іс бойынша "тергеу назарында" екені хабарланған.
Тоқаев Қаңтар оқиғасы әділ тергеледі деп уәде етсе де, Мәсімовтің ісі құпияланып, жабық өтті.
"Мемлекеттік төңкеріс әрекетіне" не себеп болғаны ашып айтылмады. "Саяси кеңістігі шектеулі Қазақстанда ықтимал кінәлілер көп емес. Назарбаев туралы аз айтылды, осы деталь жоқ болғандықтан, көзге бадырайып көрінеді".
Мәсімовтің жақтастары "бұл істің саяси астары бар, ол кінә артылған адамға айналды" деп есептейді.
Мәсімовтің соты аяқталса да, көп нәрсе анық емес. Қазақстанның батысында көлік отынының қымбаттауына қарсылықтан басталған наразылық қалайша бүкіл елге таралып, Алматыдағы зорлық-зомбылыққа ұласты? Автор Астана мұның артында тұрғандар кім, қалай және не үшін мұндай әрекетке барғанын толық түсіндіре алмады дейді.
"АҚШ-ТЫҢ САНКЦИЯ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТУІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҮРЕЙЛЕНДІРДІ"
АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Қазақстан компаниялары мен банктері Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне көмектескені анықталса, Қазақстанға санкция салынуы мүмкін деп ескерткен. Eurasianet басылымы ескертудің ертесінде Halyk Finance қаржы институты Ресей және Беларусь азаматтарының операцияларын шектейтінін мәлімдегеніне назар аударады.
Halyk Finance Қазақстан қор биржасынан тиісті нұсқау алғаннан кейін осындай шешім қабылдаған. Енді қаржы институты KASE-де Ресей мен Беларусь азаматтарының шетелдік компаниялар шығарған теңгеден басқа валютадағы құнды қағаздар саудасына көмектеспейді.
Басылым KASE бұл қадамға 25 сәуірде Астанадағы дөңгелек үстелде АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенбергтің ескертуінен кейін барған болуы мүмкін дейді.
Розенберг Қазақстан үшін екінші реттегі санкцияға іліну қаупі артқанын, Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне жол бермес үшін АҚШ Астанамен диалог жүргізіп жатқанын айтты.
Видео: "Тоқаев пен Тасмағамбетовке санкция". Open Dialog ұйымы "Қазақстан Ресейге көмектесіп жатыр" дейді (Сәуір, 2023 жыл).
Астанаға келген АҚШ-тың тағы бір шенеунігі, сауда министрлігінің өкілі Мэтью Аксельрод Ресей Қазақстан тәрізді елдерді тыйым салынған материалдарды жеткізетін арна ретінде пайдаланып жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте iPhone немесе кір жуатын машина емес, Украинада бейбіт тұрғындар мен әскерді жою үшін Ресей қолданатын зымыран мен дрондарда пайдаланылатын компьютер техникасының элементтері туралы сөз болып отыр. "Мұндай тауарды Қазақстан арқылы Ресейге жеткізу АҚШ санкциялары мен экспорттық бақылауды бұзып болып есептеледі" деді ол.
Аксельродтың айтуынша, соғыс басталғалы үшінші елдерден Қазақстан арқылы Ресейге экспортталған тыйым салынған тауардың құны "миллиондаған долларға" жеткен.
Осы айда Ұлыбританиядағы Conflict Armament Research зерттеу ұйымы Украинада қолданылған Ресей қару-жарағындағы мыңдаған бөлшекті 150-ден астам ресейлік емес ұйым өндіргенін, бұл мәлімет құжаттарда көрсетілгенін анықтады. Ұйым зерттеген компоненттердің көпшілігі 2014 және 2021 жылдар аралығында өндірілген, бұл олар 2022 жылғы ақпанына дейін сатып алынған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен зерттеу ұйымы Ресейдің кем дегенде үш қаруында АҚШ-тағы компанияның 2022 жылғы тамызда жасап шығарған бөлшектері қолданылғанын анықтады.
ПІКІРЛЕР