Accessibility links

Вашингтон мен Пекиннің аймақтағы "бәсекесі" және ENRC шағымы бойынша сот шешімі


АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Джо Байден (қазір президент) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. 2011 жыл.
АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Джо Байден (қазір президент) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. 2011 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада қазақстандық алпауыт ENRC-дің ірі алаяқтықпен күрес агенттігінің үстінен түсірген шағымы бойынша Ұлыбритания соты қандай шешім шығарғанын жазады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы Вашингтон мен Пекиннің «стратегиялық бәсекесіне» тоқталып, АҚШ аймаққа қандай балама ұсына алады деген сұраққа жауап іздейді. Бұдан бөлек Қазақстан компаниясы не себепті Ресей зауытына темір кенін жеткізуді тоқтатты және бұған Батыс санкцияларының қандай қатысы бар дегенге үңіледі.

ҰЛЫБРИТАНИЯ СОТЫ ENRC ТАЛАПТАРЫНЫҢ КӨПШІЛІГІН ҚАНАҒАТТАНДЫРМАДЫ

Ұлыбритания соты қазақстандық алпауыт ENRC мен ірі алаяқтықпен күрес агенттігінің (SFO – Serious Fraud Office) арасында үш жылға созылған дауға нүкте қойды. Financial Times басылымының жазуынша, ENRC-дің ірі алаяқтықпен күрес агенттігінің үстінен түсірген шағымының көп бөлігін сот қанағаттандырмады.

Қазақстандық алпауыт корпорация Ұлыбританияның ірі алаяқтықен күрес агенттігін «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп сотқа берген. Бұған Ұлыбританияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігінің ENRC-ге қатысты жемқорлық ісі бойынша тергеу жүргізуі себеп болды. Қазақстанның алпауыт тау-кен компаниясы өз ішінде тергеу жүргізу үшін жалдаған Dechert LLP заңгері Нейл Джеррард пен ірі алаяқтықпен күрес агенттігі өзара ауыз жаласқан деп санайды.

ENRC Джеррардты 2010 жылы Қазақстан мен Африкадағы жемқорлыққа байланысты компания ішінде тергеу жүргізу үшін жалдап, үш жылдан соң жұмыстан шығарған. Кейін ENRC Джеррардты "зерттеуді өз мүддесіне пайдаланып, Ұлыбританияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігіне ақпарат берді" деп айыптаған.

Financial Times-тің жазуынша, 400 беттік үкімде судья Ваксман ірі алаяқтықпен күрес агенттігі 2013 жылы ENRC-дің үстінен қозғаған істі тергеу кезінде «заңсыз әрекетке барды» деген шағымды жоққа шығарып, ENRC-дің агенттікке қарсы айыптауларының көпшілігін қанағаттандырмады. Бірақ сот ENRC жалдаған Dechert компаниясының заңгері Нейл Джеррардты ірі алаяқтықпен күрес агенттігі фидуциар міндеттемелер мен ENRC-мен келісім-шарт ережелерін бұзатын әрекетке итермеледі деп тапты. Судья Ваксман агенттік Джеррардтан құпия ақпарат алу арқылы «өз міндеттерін өрескел бұзды», агенттіктің Джеррардтан ақпарат алуы «заңсыз және заңгерді жалдаған ENRC мүддесіне қайшы болды» деді.

Дегенмен сот ENRC-дің ірі алаяқтықпен күрес агенттігіне Джеррард берген материаларды пайдалануға тыйым салу және өздеріне қарсы тергеу жүргізген топтың ақпаратын көрген агенттіктің өзге қызметкерлерін жұмыстан шығару жөніндегі талаптарын қанағаттандырмады.

Ірі алаяқтықпен күрес агенттігі сот шешімін құптайтынын мәлімдеді

Ал Джеррард сот шешімінен көңілі қалғанын жеткізіп, «өз әрекеті мен бұрынғы клиентіне берген кеңесінің дұрыс және кәсіби адалдығына сенімді екенін» айтты.

ENRC мүддесін қорғаған заңгер Майкл Робертс «Dechert ENRC-ді «пайдаланып, сатып кеткені» анықталды», сот шешімі агенттіктің Dechert-тің бұрыс әрекетіне қатысы бар деп таныды» деді.

Сот өтемақы сомасын кейінірек белгілейді. Ұлыбританияда шығатын Times басылымы агенттік тергеу кезінде «міндеттерін өрескел бұзғандықтан», ENRC-ге төлейтін өтемақы сомасы 70 миллион фунт стерлингке жетуі мүмкін екенін жазады. Сондай-ақ үкімнен кейін Dechert заңгерлік компаниясынан 100 миллион фунт стерлинг өтемақы талап етуі ықтимал.

ВАШИНГТОН МЕН ПЕКИННІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҮШІН "СТРАТЕГИЯЛЫҚ БӘСЕКЕСІ"

«Сарапшылар АҚШ-тағы соңғы екі президент әкімшілігі тұсында Орталық Азия аймағында Вашингтон мен Пекиннің «стратегиялық бәсекесі» байқалғанын айтады». АҚШ-тағы Voice of America радиосының вебсайтында шыққан мақала осылай басталады.

АҚШ-тағы Питтсбург университетінің нарық және басқару орталығының басшысы Дженнифер Брик Муртазашвили Ресей басқа мәселеге мән беріп кеткенін және аймақтағы де-американизацияны есепке алсақ, Орталық Азия тұрғындарында бұрын-соңды болмаған іс-әрекет еркіндігі пайда болды деп топшылайды. Оның ойынша, АҚШ аймаққа Ауғанстан немесе Қытайдың көршілері арқылы араласып, ықпалын күшейте алады. Ал бұл аймақтағы елдерге ірі ойыншыларды бір-біріне қарсы қойып, сол арқылы жергілікті акторлардың автономиясын күшейтуге мүмкіндік береді.

АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин виртуалды саммит кезінде. Қараша, 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин виртуалды саммит кезінде. Қараша, 2021 жыл.

Бішкектегі Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы академиясының аға ғылыми қызметкері Нива Яу Қытайдың аймақтағы қауіпсіздік мүддесі экономикалық мүддесімен қатар жүретінін жеткізді. Пекин аймақтағы Тәжікстан мен Қырғызстан тәрізді әлсіз экономикаларға арзан несие мен гранттар берушіге айналған.

Қаңтар айында Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай өткен онлайн саммитте Қытай басшысы Си Цзиньпин халықаралық ландшафт қалай өзгерсе де, Пекин аймақ елдері сенім арта алатын жақсы көрші, серіктес және дос болып қала беретінін қадап айтқан.

Аймақ елдерінің Қытаймен сауда-саттығының кем дегенде жартысы Қазақстанға тиесілі. Қытайдың Қазақстаннан мұнай импорты мен Түрікменстанның Пекинге газ экспорты үнемі өсіп жатты. Яудың айтуынша, Ресей Украинаға басып кірген соң, Орталық Азия елдері өздерінен энергия мен басқа шикізаты сатып алушы Мәскеуге тәуелділіктен арылғысы келеді. Бірақ есесіне Қытай аймақтың негізгі клиентіне айналса, Пекинге тәуелділік күшейіп кетпеуі тиіс.

Voice of America аймаққа балама қажет, сондықтан аймақтағы интеграция мен өзге әлем елдерімен интеграцияға ұмтылған Орталық Азия елдерін Вашингтон «қолдап, белгілі бір өкілеттіліктер беруі керек» деп жазады. «АҚШ қолдауынсыз аймақ елдері Қытаймен әлсіз позицияда тұрып сауда жасауға мәжбүр болады. Пекин қауіпсіздік саласындағы әріптестікке ұмтылып жатқандықтан, аймақ Қытайдан сапалы инвестициялар мен жергілікті дамуға қажет басқа дүниелерді талап ете алады».

Яудың ойынша, Орталық Азия елдері Қытаймен іскерлік қарым-қатынасын қайта қарастырып, АҚШ-тың Азиядағы өзге серіктестерімен ынтымақтастықты күшейтуі керек.

Сарапшы Вашингтон жергілікті ақпарат құралдарын қолдап, халықаралық ақпарат агенттіктерінің қызметтерін жолға қоюы керек дейді. «Бұл Орталық Азияға сенімді дерек көздерден ақпарат алуға септігін тигізеді. Қытаймен келісім жасалатын болса, тұрғындардың үкіметтен тиімдірек келісім-шарттар жасасуды талап етуіне, сондай-ақ Ресейдің жалған ақпаратына қарсы тұруға көмектеседі».

Зерттеуші Вашингтонды тәліптер бақылауындағы Ауғанстанды оқшауламауға шақырды. Себебі Өзбекстан мен оның аймақтағы көршілері тәліптер Ауғанстан басында ұзақ мерзім отырады деп қабылдаса, Вашингтон тұрақты Ауғанстан Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасында көпір бола алады деген идеяны мойындауы тиіс.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯ РЕСЕЙ ЗАУЫТЫНА КЕН ЖЕТКІЗУДІ ТОҚТАТТЫ

Украинаға басып кіргеннен соң Батыс санкциялары салынған Ресей компанияларымен Қазақстан компаниялары өте сақ жұмыс істеп жатыр. Eurasianet басылымы Қазақстандағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі Ресейге санкциялар салынғандықтан, Магнитогорск металлургия комбинатына өнім жеткізуді тоқтатқанын жазады.

Ресей Украинаға басып кіргенге дейін Қостанай облысының Рудный қаласында орналасқан Eurasian Resources Group тобына кіретін Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі 340 шақырым қашықтықтықтағы Магнитогорск металлургия комбинатына қажет темір кенінің 70 пайызын жеткізіп отырған. Бірақ Қазақстаннан темір кенін жеткізу тоқтаған соң, Магнитогорск комбинаты оны 2000 шақырым жерден сатып алуға мәжбүр екенін ресейлік Ведомости басылымы жазған. Басылым Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі кен жеткізуді Ресей Украинаға басып кірген соң бірден тоқтатқанын келтіреді.

Магнитогорск металлургия комбинатының мажоритар акционері және басқарма төрағасы Виктор Рашников Батыс санкцияларына іліккен, компания оны «негізсіз» деп атаған.

Мақала авторы Джоанна Лиллис «Қазақстан компаниялары Ресейдегі жеке немесе заңды тұлғаларға халықаралық санкциялар қолдануға міндетті емес, дегенмен көпшілік ресейлік компаниямен жұмыс істейтін болсақ, беделімізге нұқсан келеді немесе шетелдегі компаниялармен саудамызға бұл кесірін тигізеді деп қауіптенеді» дейді.

Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі бұл мәселе бойынша пікір білдірмеді, басылым, «бәлкім, компания бұрын Магнитогорск металлургия комбинатына өткізіп жүрген кенді сатып алатын басқа компания іздеп жүрген шығар» деп топшылайды.

«Ведомости» басылымы қазақстандық компания Магнитогорск металлургия комбинатына жылына 7-8 миллион тонна кен сатқанын, бұл Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі өндіретін кеннің төрттен біріне жуық екенін келтіреді. Қазақстандық компания жаңа клиенттерді әлемде болатқа сұраныс төмендеп жатқанда іздестірмек. Болат өндірушілердің халықаралық қауымдастығының болжауынша, былтыр сұраныс 2,7 пайызға өссе, биыл ол небәрі 0,4 пайызға өспек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG