Осы аптада батыс басылымдары Қазақстанның билік партиясындағы праймериз науқанын талдады. Бұған қоса, ақпарат құралдары Рахат Әлиев жесірінің "Мальтадағы мүлкіме қол жеткізе алмай отырмын" деп шағымданғанын және Қазақстанда діни ұйымдардың мүлкіне қауіп төніп тұрғанын жазды.
"НҰР ОТАНДА" ТӘУЕЛСІЗ ЖАС БУЫНҒА ОРЫН ЖОҚ"
Қазақстанда праймериз деп аталатын партияішілік іріктеу науқанын өткізіп жатқан билік партиясы "Нұр Отан" өзгеріс керек екенін мойындайды, бірақ өзгерістің имитациясын жасау үшін ескі әдістерді қолданады, оның әсіресе сайлауға қол сұғу дағдысынан бас тарта алмағаны байқалады. Бір жағынан халық бұл науқанға көп араласып жатқандай иллюзия қалдырып, екінші жағынан "тиісті" кандидаттарды таңдап алады, ал жаңа толқынның тәуелсіз өкілдеріне билікте орын жоқ. Eurasianet.org сайтындағы "Қазақстан: билік партиясының праймеризі театрландырылған қойылым ба?" деген мақаланың жалпы айтар ойы – осы.
Автордың айтуынша, "Нұр Отанның" легитимді саяси күш болуға ұмтылуына үкіметтің бақылауынан тыс болып жатқан құбылыстар әсер еткен. Мұнда автор былтыр елді 30 жылға жуық басқарған президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң басталған наразылық шараларын, әсіресе жастар арасындағы ерекше азаматтық белсенділікті баса айтады.
"Беткі қабатына қарасақ, "Нұр Отан" праймериз науқанында тыңнан түрен салды: бұрын Қазақстанның саяси өмірімен байланысы болмаған жылтырақ, коммерциялық тәсілді таңдады. Парламент сайлауына түскісі келетіндердің бет-бейнесі анағұрлым жаңарды" деген автор 20 жастағы шахматшы Жансая Әбдумәлік сияқты жастардың науқанға тартылғанына назар аударады.
11 мыңдай адам кандидат болып тіркелді, оның арасында әнші, спортшы, бизнесмендер, әлеуметтік желідегі ықпалды адамдар бар дей келе автор "Нұр Отанның" жұлдыздар мен әйгілі адамдарды өзін жарнамалаудың құралы ретінде пайдалану әдісін тағы да қолданғанына" тоқталады.
Дегенмен, "биліктің сайлау процесіне қол сұғу әдетінен толық құтыла алмағанын айғақтайтын кейбір дәлелдер бар" деп жазады Eurasianet.org. Азаттық 9 қыркүйек күні "Билік "Нұр Отанның" мүшесі ретінде тіркеліп, дауыс беруге қатысуды мәжбүрлеп жатыр" деген мұғалімдердің сөзін жариялаған. Eurasianet.org авторы осы материалға сілтей отырып праймеризден екіжақты қорытынды шығарады.
"...Өте көп адам қатысқандай иллюзия жасау арқылы бұл шара сәтті науқан ретінде дәріптеледі, екінші жағынан "тиісті" кандидаттар таңдалуы үшін лауазымды адамдар сахна сыртында әрекет етіп жатады" дейді автор.
"Бұл праймериз электоратты "Нұр Отан" тағы да парламенттегі басым көпшілік орынды иеленуге лайық екеніне сендіре алмайды" дейді мақалада саяси белсенді Димаш Әлжанов.
Партиядағылар праймеризге қатыс деп ұсыныс тастаса да қатыспадым" деген алматылық белсенді Алуа Жолболдина: "Нұр Отан" не десе де, жаңа буынның біз сияқты тәуелсіз өкілдері үшін билікке барар жолдың бәрі жабық" дейді.
РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ЖЕСІРІ ЕУРОПА СОТЫНА АРЫЗДАНДЫ
Австрия түрмесінде өлі күйінде табылған қазақстандық бұрынғы олигарх Рахат Әлиевтің жесірі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына Мальта үкіметінің үстінен шағым түсірген. Бұл жөнінде Malta Today басылымы жазды. Австрия азаматы Эльнара Шоразова Мальта Қазақстан үкіметінің өтініші бойынша активтерін бұғаттау арқылы құқықтарымды бұзып отыр деп санайды, себебі "бұл өтініш әділ сот өтеріне еш кепілдік бермейтін режимнен түскен".
Адвокат Джо Джильо қол қойған шағымда Шоразова Мальтадағы активтерінің 2014 жылдан бұғатталып тұрғанын және бұл шешім саяси астары бар, жалған айыптаудың негізінде қабылданғанын айтқан.
Шоразованың айтуынша, ол Мальта үкіметінің бұл шешіміне және Қазақстандағы тергеушілермен әріптестік орнатқанына қарсы болып, ұзақтан бері соттасып келеді.
"Кейіннен "Шораз" деген фамилия алған Рахат Әлиев мұның алдында Қазақстан диктаторы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызымен некеде болып, елдің құпия қызметінде жоғары лауазымдар атқарған. Бірақ кейін қайын атасымен араздасып, 2007 жылы Австрияда елші болып жүргенде Назарбаевтың қызынан күштеп ажыратылған" деп жазады Malta Today.
Адам ұрлады, билікті күшпен құлатуға тырысты деп айыпталған Әлиев Қазақстанда сырттай 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
2007 жылы Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайын ескерген Австрия үкіметі Әлиевті өз еліне беруден бас тартып, кісі өлтіру және арам ақшаны заңдастыру істері бойынша өз тергеуін бастайды.
Әлиев Мальтаға 2010 жылы көшіп келіп, мұнда 4 жылдай тұрған. Осы аралықта Австрия, Германия, Лихтенштейнде үстінен тергеу жүрген. 2014 жылы Қазақстан үкіметінің өтініші бойынша Мальта соты Әлиевтің дүние-мүлкін, соның ішінде яхтасы мен компанияларын бұғаттаған. Рахат Әлиев Мальта сотының шешіміне қарсылық білдірген. Бірақ 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде оның өлі денесі табылды. Австрия тергеушілері Әлиев өз-өзіне қол жұмсады деген тұжырым жасаған.
2017 жылы қазанда Мальта соты Әлиев өлерінен бұрын айтып кеткен уәждерді ішінара қолдап, оған қатысты құжаттарды Қазақстанға бермеу туралы ұйғарым жасаған.
"Бірақ [сот] Эльнара Шоразоваға қатысты құқықтық шаралар әрі қарай жалғасып, оның үстінен қозғалған қылмыстық істің барлық құжаттары Қазақстан басшылығына жіберілуі керек деп шешкен" деп жазады басылым.
Мальта басшылығы "Әлиевке тағылған қаржылық айыптардың салмағын ескере отырып, жиналған ақпаратты бермей, тергеуге кедергі келтіру дұрыс емес" деген ұйғарымға келген.
"АЙСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ШАРАСЫЗ ЖАНАЙҚАЙЫ"
Британдық Daily Mail таблоиды Лондонда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұм жиені Айсұлтан Назарбаевқа қатысты сот отырысы болғанын хабарлады. Судья шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасының талаптарын орындамағаны үшін Айсұлтан Назарбаевты тұтқындау туралы шешім шығаруды жоспарлап келген. Назарбаевтың бір жарым ай бұрын қайтыс болғанын айыптаушы тарап та, судья да сот залына келгенде бір-ақ білген.
2019 жылы қазанда Айсұлтан Назарбаев Лондонда кісі мүлкін бүлдіріп, полицейді қолынан тістегені үшін кінәлі деп танылып, 12 ай шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген және айыппұл арқалаған. Бұған қоса сот Айсұлтанға 140 сағат қоғамдық жұмыс істетіп, оны есірткіден мәжбүрлі түрде емдеу керек деп шешкен.
Айсұлтанның адвокаты Майкл Уолкинд оның іс-әрекетін "шарасыз адамның жанайқайы" деп сипаттаған.
Оның айтуынша, Назарбаев "кокаинға тым тәуелді болған және күйзеліс сияқты ауыр психика дертіне ұшыраған.
Айсұлтан Назарбаев биылғы 16 тамызда жүрек талмасынан Лондонда қайтыс болды.
ҚАЗАҚСТАНДА ШІРКЕУЛЕР ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАП ЖАТЫР МА?
Еуразия құрлығындағы діни бостандықты бақылайтын Forum 18 ұйымы Қазақстанда діни азшылық ұйымдарының мүлкіне қауіп төніп тұрғанын хабарлады. EurasiaReview сайтында жарық көрген "Қазақстан: соттар шіркеу мүлкін бұғаттауды тоқтата алмады" деп аталған мақалада Алматыдағы "Жаңа өмір" протестанттар шіркеуі мен Нұр-Сұлтандағы "Грейс" және "Агапе" шіркеулері сот шешімдерімен мүлкінен айырылып жатқанын айтады.
Сайттағы ақпаратқа қарағанда, 17 қыркүйекте Алматы қалалық соты "Жаңа өмір" протестант шіркеуіне тиесілі екі ғимаратты тәркілеу туралы бұдан бұрын шыққан сот үкімін күшінде қалдырған. Мақалаға сенсек, шіркеу бұл үйлерді "құлшылық орны ретінде пайдаланған және есірткі мен алкогольге тәуелді адамдарды сонда емдеген". Шіркеу бұл үйлерді 1993 жылы сатып алған, Forum 18 өкілдері ресми мөр басылған бұл құжаттарды көзімен көрген, яғни олар – осы мүліктің заңды иесі.
Авторлардың айтуынша, шіркеудің екі ғимаратын мемлекет меншігіне өткізуді жүзеге асыратын Алматы қалалық әділет департаментінің тиісті бөліміндегілер Forum 18 өкілінің "шіркеу мүлкін неліктен тәркілемексіздер?" және "мұны қашан жүзеге асырмақсыздар?" деген сауалдарына жауап беруден бас тартқан.
Автордың айтуынша, сот отырысына шіркеу өкілдері қатыспаған, діни ұйымның заңгері мен пасторы бұл шешімге наразылық білдіретіндерін айтқан. Сот отырысына шіркеу өкілінің неге қатыспай қалғаны да түсініксіз. Шіркеу өкілдері мүлкін тәркілеу жоспарына және сот отырысында өзін қорғау құқығын пайдалана алмағанына шағым айтып, Алматы қалалық прокуратурасына арыз бермек.
Шіркеу заңгері бұрынғы үш пасторға сырттай шығарылған айыптау үкімін Жоғарғы сотта қайта қаратуға мүмкіндік бар екенін айтты. Шіркеу мүлкін тәркілеу шешімі осы үкімнің аясында шығарылған еді.
2019 жылы Алматы қаласындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сот "Жаңа өмір" протестант шіркеуінің бұрынғы пасторы Максим Максимовты, оның әйелі мен көмекшісін "келушілерге күш қолданды, олардың психикасына жарақат салды, ақшасын алаяқтықпен жинап алды" деп айыптап, сырттай бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары да, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро да бұл шешімдер негізсіз деп санайды.
Бұған қоса, Нұр-Cұлтан қаласындағы "Грейс" шіркеуі мен "Агапе" пресвитериан шіркеуінің де үйлері мемлекет меншігіне өтуі мүмкін. Автордың жазуынша, биыл ақпанда Нұр-Cұлтан әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданындағы осы шіркеулердің ғимараттары орналасқан жерді мемлекет меншігіне алу туралы шешім шығарған. Ресми орындардың айтуынша, бұл ғимараттар тұрған жерге балабақша салу көзделген, сондықтан мемлекет оларды өз меншігіне алып, үй иелеріне өтемақы төлемек. Авторлардың жазуынша, шіркеуге тиесілі жерде құлшылық орны, пасторлар отбасымен тұратын үй және "Агапе" шіркеуінің бітпеген ғимараты болған.
Құқық қорғаушы ұйым өкілінің жазуынша, "Грейс" шіркеуі бұл жерді 2001 жылы сатып алған, бұдан бұрын мұнда балабақша болған. Нұр-Сұлтанның арнайы ауданаралық экономикалық соты шіркеуге тиесілі 0,136 гектер жер үшін 307 100 079 теңге (720 мың АҚШ доллары) өтемақы төлеу жөніндегі шешім шығарған. Бірақ шіркеу қожайындары бұл мүліктің нарықтық бағасынан әлдеқайда төмен деп, құқықтарын жоғары деңгейдегі сотта қорғайтынын айтқан.
ПІКІРЛЕР