Accessibility links

Дін істері министрі Варшава сынына жауап берді


Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрі. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл
Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрі. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттыққа "Қазақстанда ешқандай діни бірлестік кемсітуге душар болып жатқан жоқ" деді. Ол "секта" деген анықтаманы "түсінбестік" деп атады.

Бірақ министр Ермекбаевтың қыркүйектің 18-інде айтқан бұл уәжімен Қазақстанның діни бірлестіктер қауымы (ҚДБҚ) өкілдері дауласар еді. Ұйым өкілдері Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының қыркүйектің 14-інде Варшавада өткізген жиынында Қазақстан билігін сынаған еді. Адам өлшемі жөніндегі конференциясы аясында ұйымдастырылған төзімділік пен кемсітпеу жөніндегі жетінші отырысында ЕҚЫҰ-ға мүше кейбір елдерде халықаралық стандарттарды орындаудан жалтару мәселесі сөз болған. Құқық қорғаушылар осының кесірінен һәм терроризммен және экстремизммен күресті желеу етіп "діни еркіндік саласында адам құқықтары өрескел бұзылады" деп мәлімдеген болатын.

ҚДБҚ төрағасы Александр Клюшев Варшавада: "Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету деген желеумен төзімділік таныту мен кемсітпеу принциптері құрбандыққа шалынады, зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизм пен терроризм қатерлеріне қарсы іс-қимылдар ақыр соңында әрдайым қарама-қарсы нәтижеге ұласады" деген болатын. Клюшев Қазақстан билігінің "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңға өзгеріс енгізгісі келетінін айтқан. Мұндай кемсіту сипатындағы өзгерістің жергілікті және шетелдік сарапшылар пікірінше, халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінің 18-бабын бұзатынына нұсқаған.

"Ал әлгі түзетулердің авторлары олар ұсынған шектеулер халықаралық стандарттар мен халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінің 18-бабына сәйкестендірілген деп мәлімдеп, дәл осы бапқа сілтеме жасайтыны тіпті қайран қалдырады" делінген Александр Клюшевтің баяндамасында.

Иегова куәгерлері діни ұйымының мүшелері полиция көліктері қоршаған автобусқа мініп жатыр. Алматы, 24 маусым 2017 жыл
Иегова куәгерлері діни ұйымының мүшелері полиция көліктері қоршаған автобусқа мініп жатыр. Алматы, 24 маусым 2017 жыл

Қазақстанда орналасқан Евангелие христиандары шіркеуінің өкілі Игорь Андрейкин Варшавада дін туралы қазіргі заңның "адам өлшемінің бірқатар позициялары бойынша кемсітушілік сипаты бар» деген еді. Оның пікірінше, "титулды конфессиялардың атаулары қалған конфессиялардың дәрежесін кемсітіп көрсетеді, діни азшылық өкілдері мұны түрлі салаларда сезініп жүр". Бұған қоса ол Қазақстанда діни қауымдардың "жазасы айыбына сай келмейді" деп мәлімдейді.

"Судья діни емес жиынға қатысты ескерту жариялаумен шектеле алады, ал діни жиынға қатысты ондай мүмкіндігі жоқ. Осы екі жағдайда салынатын айыппұл көлемінің айырмасы қандай екенін көріңіздер – діни емес жиынға қатысқаны үшін 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш - шамамен 112 еуро), ал діни жиынға қатысқаны үшін 200 АЕК (1 120 еуроға жуық) айыппұл салады, бұған қоса, діни бірлестіктің жұмысын уақытша тоқтатып тастайды. Жақсырақ түсіну үшін салыстырар болсақ, айыппұл мөлшері шамамен 61 еуроны құрайтын ең аз жалақы көлеміне тең" дейді Игорь Андрейкин.

Қыркүйектің 18-інде мәжілістегі үкімет сағатында Қазақстанның дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев кейбір шарттарды орындаса, діни бірлестіктерді билік "қоғамды рухани дамыту міндеттерін шешуде сенімді әріптес" көреді деп мәлімдеді.

— Дін – әркімнің жеке шаруасы, ал ол саясиландырылмауы және заңды алмастырмауы тиіс. Дін рухани құндылықтарға негізделеді, сынап-мінеуге және өзге көзқарас ұстанатындарды жазғыруға жол бермейді. Президент "Қоғамдық сананы жаңғырту" мақаласында зайырлы дәстүрлер – Қазақстанның баяғыдан келе жатқан мұрасы, төзімділік, ынтымақшылдық және діндарлар мен діндар емес адамдарды құрметтеу соларға негізделген деп көрсетілген, - дейді Нұрлан Ермекбаев.

Оның сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстан азаматтарының діншілдігі "діни мәдениеттің қалыптасуы мен діни догмаларды сыни қабылдаудан озып кетті". Сондықтан кейбір адамдар "діни пәтуаларды мүлтіксіз орындауды бірінші орынға, заң мен зайырлы қоғам моралінен жоғары қоя бастады". Министрдің ойынша, "бұл - отбасындағы, мемлекеттегі үлкен қатерлер мен жанжалдардың көзі".

Ермекбаевтың дерегінше, Қазақстанда азаматтардың 75 пайызы өздерін діндар санайды, бірақ діни әдет-ғұрыпты сақтамайды, 16 пайызы барлық діни шарттарды орындайды.

Қазақстан дін еркіндігіне кепілдік беретін зайырлы мемлекет саналады. Конституцияға сәйкес, әр адамның ар-ұждан және діни наным-сенім еркіндігі, діни шараларға қатысу, діни көзқарастарын тарату құқығы бар. Бірақ жергілікті және халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар бұл құқықтар дәстүрлі діндерге немесе тіркелген діни бірлестіктерге ғана қатысты деп жиі сынайды.

Қазақстан үкіметінің діни бірлестіктерді "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" деп бөлетіні, сүнниттік исламдағы ханафи мәзхабы мен православие сияқты дәстүрлі діндерді ғана мойындайтыны өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жариялаған баяндамада да көрсетілген. Мысалы, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасында тіркеуден өткен мешіттер ғана заңды діни ұйымдар деп танылады. Қалғандарының мүшелеріне тіркелмеген діни ұйымның жұмысына қатысқаны үшін айыппұл салып, кейбірін бірнеше күнге қамап тастаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG