Бір жамағатқа жататын - Сатымжан Азатов (27 жас), Нариман Сейітжанов (28 жас) және Қуаныш Башпаев (30 жас) – Сауд Арабиясындағы «Әл-Жамия әл-Исламия» ислам университетінде бірге оқыған. Елге оралғандарына бірнеше жыл болғанда үшеуі де қамауға алынды, діни араздық қоздырды деген қылмыстық баппен сотталды. Сатымжан Азатовтың ісінде терроризмді насихаттады деген де бап бар.
Үш мұсылманды соттауға ислам діні туралы айтқан сөздерінің аудиожазбалары себеп болды – олардың басқа діндарлармен әңгімелескен сөздерін белгісіз адамдар әртүрлі жерлерде: жеке пәтерлерде, кафеде, тіпті Меккеге жасаған кіші қажылық кезінде (умра) жазып алған. Кейін бұл жазбаларды әлеуметтік желілерге салған.
САТЫМЖАН АЗАТОВ ЖӘНЕ «БАҚЫЛАУШЫ» САЛАФИТ»
Шілденің 10-ы күні Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты Сатымжан Азатовты «діни араздық қоздырды» және «терроризмді насихаттады» деген айыппен төрт жылға соттады. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сот үкімінде «сотталушы көпшілікті дінсіздерге қарсы қарулы жиһадқа шақырып, экстремистерді ақтады» деп жазылған.
Азаттық тілшісі қатысқан сот отырысында куәгерлер Сатымжан Азатовтың басқа жихад – мұсылманның жан дүниесіндегі жихад туралы айтқанын жеткізді.
Прокурор куәгер болған мұсылмандардың исламдағы қағидалар мен Құран түсініктемелерін неліктен сотталушыдан сұрағандарын білгісі келді, оларға «Неге оны білімді адам санайсыздар?» деген сауал қойылды. Сот қазақ тілінде өтті, бірақ куәгерлер орысша сөйледі, сарапшылардың біреуі де орыс тілінде сөйледі, бірақ ол қазақ тілінде жазылған стенограмманы зерттеген.
Астанада өткен сот процесінің жартысына жуық уақытын Азатов өзін қорғауға жұмсады. Істі қарауды бастаған кезде ол қорғаушыға күмәнданып, одан бас тартады, жаңа адвокат тапқанша оның мүддесін қорғаған мемлекеттік адвокат сотта үнсіз отырды. Сот ісі аяқталар кезеңде сотталушыны қорғаушылардың бірі Айман Омарова Азаттыққа «айыпталушының айыбы дәлелденбеді» деді.
Омарованың айтуынша, стенограмманы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері құрастырған, стенограмма солардың жазбасы бойынша жасалған. Алайда сот кезінде аудиожазбаны тыңдағанда оның стенограммамен сай келмейтіні анықталған.
- Ұсақ-түйек сөйлем емес, мәтінде үлкен сәйкессіздік бар. Сарапшылар қорытындыны қызметкерлер құрастырған стенограмма арқылы жасаған болса, ол стенограмма аудиожазбаға сәйкеспейді. Ондай қорытындыны қалай дәлел ретінде алуға болады, ол – өтірік,- дейді Айман Омарова.
Қорғаушының сөзінше, аудиожазбадағы дауыс Азатовтың даусы дегенмен, оныкі емес, онда орысша жақсы білетін адам сөйлеп тұр, ал Азатов қазақ тілінде сөйлейді.
- Сараптамада оны Азатовтың дауысы дейді, бірақ ешкім фоноскопиялық сараптама жасамаған. Дәлел күмәнді. Оның айтқандары контекстен үзіліп алынған. Монтаж жасап, құрастырған ба деп ешкім тексермеген, ол жерде ондайдың бәрі естіліп тұр, - дейді Айман Омарова.
Омарова пәренже киген құпия куәгер туралы айтты. Ол куәгер сотталушыны «Қазақстан бойынша салафиттерді бақылаушы» («смотрящий» - ред.) деп сипаттаған болатын.
- Өзім зоналарға (түрмелерге – ред.) соңғы үш жылда барып тұрамын. «Бақылаушының» кім екенін білемін, бірақ «салафит бақылаушы» дегенді бірінші рет естідім, - дейді Айман Омарова.
Өткен жылдың қыркүйек айында Сатымжан Азатов пен Нариман Сейітжановқа Астана әкімшілік соты «Бублик» кафесінде «заңсыз миссионерлік іс-әрекетпен айналысқаны» үшін [әрқайсысына] 200 мың теңгеден айыппұл салды, ол жерде 50 адам отырған, тергеушілер оларды «салафиттер» деседі. Жиында айтылған әңгіменің аудиожазбасы бар, сот кезінде оны да тексерді.
Аты-жөнін айтпауды сұраған діндарлардың бірі Азаттық тілшісіне Сатымжан Азатовтың кездесуіне қатысқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, ол жерде Азатов қауіпсіздік туралы айтып, «билеушіміз жақсы, сақал қыруға бізді ешкім мәжбүрлемейді, соған шүкір айтуымыз керек» деген.
Әлгі ер адамның айтуынша, «Сатымжан Азатовтың достары өте көп, намаздан соң адамдар онымен бірге шай ішуге барып, аят немесе хадис тыңдайды».
Сатымжан Азатов Қазақстанға 2014 жылы денсаулығы сыр берген соң оралған, оған гепатит деген диагноз қойылған. Әкесі Бағиджан Жанасовтың айтуынша, ол саудамен айналысып, жеке компанияларда жұмыс істеген.
НАРИМАН СЕЙІТЖАНОВ ПЕН ТЕЛЕФОНДАР
Шілденің 9-ы күні Ақмола облысының Көкшетау соты 28 жастағы Нариман Сейітжановты діни араздық қоздырды деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімінде оның «телекоммуникация желісін қолданып, мазхабтар туралы теріс сөйлегені», Құран, хадис кітаптары мен тарихи деректерден үзінді келтіріп, «дәрісіне шынайылық пен дәлелді сипат бермек болғаны, бірақ оларды өзінше түсіндіріп, психологиялық айлаға барғаны, бөлектену туралы айтып, өзін елден бөлектеп, шынайы діндар ретінде көрсеткені» айтылады.
Нариман Сейітжановтың қорғаушысы Бақыт Сүлейменованың айтуынша, қорғауындағы адам былтыр жұртты қажылыққа апарған кезде сөйлеген сөзінен жазылған аудио үшін істі болып отыр, оны біреулер интернетке салған. Аудиожазба үш бөліктен тұрады, оны әлі күнге дейін интернеттен табуға болады.
- Онда заңға қайшы ештеңе айтылмаған. Имамдар мен дін істері жөніндегі министрлік айтып жүрген әңгімелер. Рұқсат етілген кітаптарды тауып, көрсеттік, ол жерде менің қорғалушым айтқаннан да ауыр сөздер бар. Ол кітапта жазылғанмен салыстырғанда менікі түкке тұрмайды деп өзі де айтты, - дейді Бақыт Сүлейменова.
Оның айтуынша, сот қорғаушы тараптың өтінішін тыңдаудан үнемі бас тартқан, барлық куәгерлердің ішінен тек біреуіне – тілдерді дамыту жөніндегі орталықтан келген адамға рұқсат берген.
Адвокаттың айтуынша, айыптаушы тараптың куәгерлері Сейітжановтың «әбес сөздер айтқанын» дәлелдей алмаған. Оның сөзін қалай жазып алғандары да анықталмаған. Бір нұсқа бойынша, ол телефонды қойып, өз сөзін өзі жазған – айыпталушы ондай ештеңе болмады дейді. Басқалары оның дауыс жазатын функциясы жоқ қарапайым телефон ұстап жүргенін айтады.
- Оқиға орнын қарау туралы хаттама бар, қылмыс сонда жасалды деседі, бірақ оның пәтерін тінткен. Пәтерді не үшін тінтеді? Әрекет пәтерде жасалды деген дәлел жоқ қой? - дейді Бақыт Сүлейменова.
28 жастағы Нариман Сейітжанов отанына Сауд Арабиясынан оралған соң бірнеше жылдан кейін қамауға алынды.
ҚУАНЫШ БАШПАЕВ
Биыл сәуірдің 7-сінде Павлодар соты Сауд Арабиясындағы Медина ислам университетінің магистранты, Павлодар облысының Екібастұз қаласының тумасы Қуаныш Башпаевты діни араздық қоздырды деген айыппен төрт жарым жылға соттады. Азаттың оның ісі туралы бұрын жазған болатын.
Оның сөзін белгісіз адамдар «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне салған, «дінаралық араздық қоздыру белгілері» сол аудиодәрістерден табылған.
Қуаныш Башпаев айыптың бәрін терістейді, Ол өз сөздерін «дәріс емес, 2011 жылы Алматы кафелерінің бірінде өткен әңгіме» дейді.
Тергеушілердің анықтауынша, үш жыл бұрын Башпаев Екібастұз мешітінде де әңгімелер айтқан. Башпаев сотта олардың ешбірін жарияламағанын, оны кім істегенін білмейтінін, келтірілген аудиожазбалардың өз әңгімесінен алынған үзінділер екенін айтады.
РЕАКЦИЯ
Қазір билік өкілдері «салафит» деп атап жақтырмайтын мұсылмандар үкімге мойынсұнады, бірақ онымен келіспейді. Діндарлардың бірі Азаттыққа «әр 100 жылда білімдар жандарға әртүрлі сынақ келетінін, қазір өздеріне сондай күн туғанын» айтты.
Астанадағы Әлемдік экономика және саясат институтының ішкі саясат және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасы жетекшісі Серік Бейсембаевтың айтуынша, кейінгі кезде салафиттік жамағат өкілдерін жазалау көбейді. Оған «дәстүрлі» исламға сай келмейтін көзқарасты тарату немесе діндарлықты «басқаша» көрсету себеп болған.
- Жаңылмасам, басында мешітте бір адамға «әмин» дегенді қатты айтқаны үшін айыппұл салды. Мұндай саясат діни экстремизмге қарсы іс-қимыл ретінде қолданылып отыр. Өткен жылғы терактілерден соң «салафиттер» радикалданған адамдар ретінде қарастырылады. Бұл идеологияға қарсы ресми тыйым жоқ, бірақ көп адамдар үшін бұл барынша қатаң саясат жүргізу қажеттігін көрсетті. Алайда соның бәріне ресми Астана бұйрық берді деп ойламаймын. Аймақтардағы салалық мекеме өкілдерінен Қазақстандағы салафиттік идеялогияға қатысты нақты бағдар жоқ деген шағымды сан мәрте естідім, - дейді Серік Бейсембаев.
Оның айтуынша, соның кесірінен орталық саясатты әркім өзінше түсінеді, репрессиялау қажет деп ұғады, құқық қорғау мекемелері салафиттер жамағатын жаңа «жауымыз» деп қабылдап, өзінше күресіп жатыр.
- Бұл жерде діни басшылық пен сарапшылар Қазақстандағы «дәстүрлі емес» исламға қатысты жазалау саясатын жүргізу заңды деген көзқарасты таратып отыр. Арты жақсы болады деп ойламаймын. Керісінше, конфессияналдық қарым-қатынас саласында шиеленіс ұлғаяды, адамдар арасында үрей мен сенімсіздік атмосферасы пайда болады, бұл кез келген қоғамның дамуына теріс ықпал етеді, - дейді Серік Бейсембаев.
Маусым айында дін істері жөніндегі комитет төрағасы Ғалым Шойкин «Эксперт» дискуссиялық клубының отырысынан соң журналистерге Қазақстанда 15 мыңдай салафизм бағытын ұстанушылар бар екенін айтты. Шойкиннің сөзіне қарағанда, кейбір сарапшылар оларға тыйым салу керектігін айтып жүр.
Өткен жылы дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министр Нұрлан Ермекбаев «салафизм ағымы – Қазақстанға жарамсыз идеология», «біздің азаматтар салафизмді қабылдамайды» деген болатын. Оның айтуынша, теологтар салафизм Қазақстанға «елеулі деструктивтік күш» ретінде ықпал етеді деп таныған.