Accessibility links

Тумысынан «экстремист» болатындар жайлы айтты


Экстремизмге байланысты күдікке ілінген адамдар сотта тұр. (Көрнекі сурет)
Экстремизмге байланысты күдікке ілінген адамдар сотта тұр. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы кейбір дінтанушылар радикалдық діни көзқарасты насихаттайтын кейбір адамдарға қатысты «туа біткен экстремизм» түсінігі бар дейді. Басқа мамандар бұл терминнің легитимділігіне күмән келтіреді. «Радикалды діни қозғалыстың» бұрынғы мүшесі туа бітті ашушаңдық өсе келе радикалдануға әкеп соғады деп санайды.

Билікке қарайтын «Дінді зерттеушілер орталығының қауымдастығы» директоры Юлия Денисенко Қазақстанда «туабітті экстремизм» бар, ол өсе келе «радикалдануға» әкеп соғады дейді. Дінтану мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі тұтқындардың радикалдануы мәселесі бойынша Орталық Азияда жүргізген «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) зерттеуі аясында осындай қорытындыға келген.

«ЖЕТЕКШІНІ» ІЗДЕУ

Мамырдың 30-ы күні Астанада көпшілік назарына ұсынылған зерттеуде Қазақстанда экстремизм мен терроризм ісі бойынша айыпталып, сотталғандардың саны артып келе жатқаны айтылады. 2014 жылы экстремизм мен терроризмге қатысты баптар бойынша Қазақстанда 154 адам сотталса, 2016 жылы 554 адамға жеткен.

Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қатысты баптар бойынша 2014 жылы 154 адам, 2016 жылы 554 адам сотталған.

Өткен жылы 554 сотталушының 327-сі «экстермизм» ісі бойынша айыпталған. PRI мемлекеттік статистикаға сілтеме жасай отырып, Қазақстан түрмелерінде экстремизм мен терроризм бойынша сотталған 400 астам адам отырғанын айтады.

PRI пікірінше, экстремизм мен терроризм бойынша сотталғандарды әлеуметтік және теологиялық көрсеткіштері бойынша ғана емес, ең алдымен психологиялық сипаттамаларына сай зерттеу керек, ол үшін арнайы әлеуметтік бағдарламалар құру қажет. Юлия Денисенконың айтуынша, адамның бойында туа бітті психологиялық ерекшеліктер бар, олар бала кезде қалыптасады, өсе келе экстремизм мен терроризмге апарады, ондай адамдарға «туа біткен» деген сөзді қолдануға болады.

«Дінді зерттеушілер орталығы қауымдастығының» директоры Юлия Денисенко (сол жақ шетте). Астана, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Дінді зерттеушілер орталығы қауымдастығының» директоры Юлия Денисенко (сол жақ шетте). Астана, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Екі жасар баланы бәрінен шектесе, таңдау еркіндігін бермесе, оның қайда баратынын, кіммен достасатынын, не айтатынын анықтап қойса, сөйлетпей, ештеңеге араластырмаса, 18 жасында ол бала көшбасшы болмайды. Ол өзі үшін бәрін шешетін ата-анасы сияқты «жетекшілерді» іздейді. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң жаңа «жетекші» керек, өзі саналы түрде таңдау жасай алмайды. Осындай адамдар әдетте жолбасшы іздейді, экстремистік діни топтарға адам тартатындар осындайларға жақын жүреді, – дейді Юлия Денисенко.

Алайда «туа бітті экстремизм» түсінігін зерттеу нәтижесін таныстыру кезінде қатысушылардың бәрі бірдей қабылдады деуге келмейді. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінің мемлекет және құқық, конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі Жұмабек Бұсырманов бұндай терминологияға күдікпен қарайды. Кейбір қатысушылар тіпті жаңа терминге езу тартты.

– Неліктен 20-25 жыл бұрын бізде экстремизм мен терроризм болмады, енді оны «туа бітті» деп тұрмыз? Мүмкін оның басқа психологиялық астары бар шығар? Ол адам бойында жүре келе қалыптасады, рухани, материалдық, әлеуметтік орта әсер етеді, – деді Жұмабек Бұсырманов.

Түрмедегі тұтқындардың радикалдануы жайлы дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 29 мамыр 2017 жылы. (PRI ұсынған фото)
Түрмедегі тұтқындардың радикалдануы жайлы дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 29 мамыр 2017 жылы. (PRI ұсынған фото)

Шара біткен соң теология ғылымдарының кандидаты Расим Челидзе Азаттық тілшісімен әңгімелесіп тұрып, «психологияда «туа бітті экстремизм» деген түсінік пайда болған шығар» деді.

– Адам діни көзқарасына балама таппаған кезде тек бір пікірді ұстанады, оны жалғыз әрі мінсіз шындық деп санайды. Бұл – проблема, – дейді Расим Челидзе.

ЖАҒДАЙДЫ КӨРГЕН АДАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Түрмелердегі радикалдануды зерттеу туралы талқылау кезінде Әсел Базарбаева есімді адам сөз алды. Ол «10 жыл бойы дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде болғанын, жүйені іштей жақсы білетінін» айтты.

– Өзіме қатысты жасалған жұмыстар туралы айтқым келеді. Юлия Олеговна [Денисенко] айтқандай психологиялық түзету керек. Өзім осындай жағдайға тап болғанда одан шығу үшін бірдеңе істеу керектігін түсіндім, – дейді Әсел Базарбаева.

Түрмелердегі радикалдануды зерттеу туралы талқылауға қатысқан Әсел Базарбаева. Астана, 30 мамыр 2017 жыл.
Түрмелердегі радикалдануды зерттеу туралы талқылауға қатысқан Әсел Базарбаева. Астана, 30 мамыр 2017 жыл.

Әсел Базарбаева діни ағымның адепті болып, Юлия Денисенко айтқандай біреудің жетегінде кеткен ері туралы баяндады.

– Бір күні ол «ертең жиһадқа кетемін» деді. Не істерімді білмедім. Үшінші балаға жүкті болатынмын, табалдырыққа шалқамнан түсіп жаттым да, «менен аттап өте алсаң қалағаныңды істе, олай істей алмасаң ойлан» дедім. Ол аттап өте алмады, солайша аман қалды, – дейді әйел.

Шара біткен соң Әсел Базарбаева Азаттыққа «тәкпірлікке өткен Қазақстандағы алғашқы салафиттердің бірі болғанын» айтты.

Тәкпірлікке өтпеген қыздар қазір қалыпты, бейімделген салафиттер болып қалды.

– Тәкпірлікке өтпеген қыздар қазір қалыпты, бейімделген салафиттер болып қалды. «Тәкпірші» болып жүрген қыздар Қазақстанда топ жасақтап, оларды ана жаққа жібереді. Олар «әлеуметтік» жұмыстар жасайды, көмек көрсетіп, қолдау танытып адамның сеніміне енеді. Торға түскен адамның құтылып шығуы қиын, – дейді Әсел Базарбаева.

Оның сөзінше, туа бітті агрессия радикализм мен терроризмге ұласуы мүмкін. Қазір оның күйеуі терроризм ісіне қатысы бар деп тергелген, бірақ өкініш білдіргендіктен бостандықта қалған. Әйел қазір «дәстүрлі ислам» дінін ұстанатынын айтады, Ақмола облысының Іскер әйелдер қауымдастығында психолог болып істейді, діни экстремизм құрбандарын сауықтыру ісімен айналысады, өзі «психологиялық кідіріс, холотроптық тыныс алу және гештальт-терапия» арқасында қалпына келген.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТАҒЫ ТЕРІС ӘСЕРЛЕР

Қазақстанның ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің деректері бойынша, көп жағдайда ауылдан шыққан, 25-30 жастағы, орта білімі бар, жағдайы төмен отбасында тұратын және жұмыссыз адамдар радикалдық идеяларға жақын жүреді. Бұл комитеттің арнайы контингентінің діни экстремизм және терроризм ісі бойынша топтардың аға жедел уәкілі Дәулет Абраевтың айтуынша, күшті эмоционалдық күйзелісте жүрген адамдар діни идеологияға ұрынады.

Балалық шағында отбасы жақсы болса да, олар эмоционалдық жылуға зәру болған, басқа адамдар түсінбеген, солайша психологиялық жарақат алған. Сыртқы факторлар әсер еткенде бұндай адамдар радикалды топтарға кіруге бейім болады. Оларды райынан қайтару үшін бірнеше айдан бастап жылдар кетуі мүмкін. Экстремизм мен терроризм бойынша сотталғандардың біразы түрмеге жатып шыққан соң да діни көзқарасынан бас тартпайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG