Төртінші сәбиімен декретте отырған алматылық Жансая Жаңабаева үшін бірнеше айдан бері WhatsApp желісі әлеуметтік құқықтары туралы сауат ашу арнасына айналған. Ол биыл Қазақстанды тұтас шарпыған әйелдер наразылығынан кейін беріле бастаған 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отыр.
Бастапқыда намыстанса да, күйеуі жұмыссыз қалған соң амалсыз билік органдарының табалдырығын тоздырып, арыздана бастағанын айтады. Бірақ пәтерінде тіркеуде тұрған туыстарының табысы Жансаяның кірісі деп есептеліп, атаулы көмекке ілінбей қалған. Алайда ол әкімдіктен өзге де әлеуметтік жәрдем алу жолдарын іздестіріп жатыр. WhatsApp-тағы көп балалы әйелдер чатын сәт сайын тексереді. Наразы әйелдер мәселелерін талқылайтын кейбір жеке чаттың жыл басындағы толқу кезінде хат-хабар таратқан басқа арналардан бір айырмашылығы бар. Соңғы уақытта мұндай WhatsApp чаттарын әкімдікпен тығыз қарым-қатынастағы белсенділер де құра бастаған.
- Әуезов ауданы [әкімдігі] бойынша көп балалы әйелдер чатына қосылып, сол арқылы хабар алып отырдым. Сәуірдің 16-сында [әкімдікке] құжат тапсырып, маусымның 7-сінде 30 мың теңге азық-түлік сертификатын алдым, кейін чат админі 5-6 мұқтаж әйелді үйіне шақырып, 10 келі картоп, 5 келі күріш, 5 литр сұйық май, 5 келі қант берді, - дейді ол.
Жансаяның айтуынша, әкімдік чатының админдері әйелдерден шу шығармауды талап етеді, әйтпесе чаттан шығарып жібереді. Чаттан шығып қалған әйелдер «жылап, жылап қояды». Наразы әйелдер Әуезов ауданы бойынша WhatsApp чатының админін ауыстырып, админді өздері сайлауды сұрап бірнеше рет әкімдікке де, «Нұр Отан» партиясына да барған. Әкімдік басшылығы чат админдерінің әкімдікпен байланысы бар екенін растап, «бөлек чат ашпай тыныш жүруді» ескерткен.
- Әуезов ауданы бойынша чат админі – бірнеше адам. [Алматы] қаласының әкімі [кезінде] Бауыржан Байбекпен, [халықты әлеуметтік қорғау] министрі Бердібек Сапарбаевпен солар кездесті. Ал біз атаулы әлеуметтік көмекке ілінбеген көп балалы әйелдердің жайы не болатынын білгіміз келеді. Оны сұрасақ, [админ] жауап бермейді, ақыры чаттан шығарып жіберді, - дейді ол.
ТӘУЕЛСІЗ ЧАТ АШУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ
Жансая әкімдікпен байланысы бар чаттан шыққан соң өзі сияқты ондаған әйелмен бірігіп, ақпарат алмасатын тәуелсіз чат ашқан. Ол көп балалы отбасыларға көмектесудің балама жүйесін ойластыру керек деп есептейді. Бұл идеясын билікке ұсыну үшін Жансая бастаған жеті әйел маусымның 7-сінде баспасөз конференциясын өткізбек болған. Бірақ қалалық әкімдік құрған «Бақытты отбасы» орталығының WhatsApp чатындағы белсенді әйелдердің қарсылығына кезіккен.
- Баспасөз конференциясына жеті әйелдің төртеуі қоқан-лоқыдан соң келмеді. Адам құқығы бойынша халықаралық бюроның баспасөз залына кірсек, әкімдік пен «Бақытты отбасының» өзімізге таныс әйелдері мен админдері толып отыр. Олар «президент сайлауы қарсаңында баспасөз мәслихатын қандай мақсатпен өткізесіңдер» деп тарпа бас салды. Асылы Османова деген әйел «сендердікі дұрыс емес» деп сөйледі. Конференция басталмай жатып жанжал шығарып, өткізбей тастады, - дейді ол.
Азаттық тілшілері Жансая айтқан баспасөз конференциясына куә болған еді.
Алматыда көп балалы әйелдер наразылығы көбейгеннен кейін Алматы әкімдігі «Бақытты отбасы» деп аталатын бағдарлама қабылдап, маусымның басында арнайы орталық ашқан. Алматы қалалық әл-ауқат басқармасы бастығының орынбасары Сайран Сайфеденовтің айтуынша, «Бақытты отбасының» тиімділігі байқалған соң әкімдік оны қаланың сегіз ауданында да ашуды жөн көрген. Азаттық тілшісі Сайран Сайфеденовті Әуезов ауданында ашылғалы тұрған «Бақытты отбасы» орталығының алдында ұшыратты.
- «Бақытты отбасы» – әкімдік бағдарламасы, оны қоғамдық ұйымдар жүзеге асырады, әкімдік тікелей араласпайды. Орталыққа ғимарат тауып беріп, әртүрлі әлеуметтік тапсырыс арқылы жәрдемдеседі. Ал WhatsApp-тағы әйелдер чатына әкімдіктің қатысы жоқ, - деді ол.
Әуезов ауданында жаңадан ашылып жатқан «Бақытты отбасының» басшысы Ақнұр Жұмабаева да өздері ашқан әйелдер чаты орталыққа қатысы бар ақпарат тарататынын айтады. Сегіз баланың анасы, заңгер, 30 жастағы Ақнұр Жұмабаева:
- Әйелдер көшеге шыққанмен мәселе шешілмейді. Әуезов ауданында 1500 көп балалы әйел бар, олардың бізге келгеніне мүдделіміз. «Бақытты отбасы» 65 мамандық бойынша курс өткізеді. Үш ай 16700 теңге стипендия төлейді. Содан соң мемлекет бизнес ашуға 500 мың грант береді. Осыны жұмыссыз отырған, кәсіпке ынталы әйелдер алады, - деді.
«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ЧАТЫНЫҢ АДМИНИСТРАТОРЫ
Алматы қаласында маусымның 2-інде ашылған «Бақытты отбасы» орталығының менеджері, жоба координаторы Жұмагүл Тәжібаева Азаттық тілшісін орталық жұмысымен танысып, көзбе-көз сөйлесуге шақырды.
Бірнеше бөлмеден тұратын кең орталықты аралатып жүріп Алматыда 14816 көп балалы отбасы бар екенін, атаулы әлеуметтік көмек алатын 7200 әйелдің 3800-і осы орталыққа келіп тіркелгенін, олардың тілектері мен қатар нақты ұсыныстары да жазылғанын айтты.
- «Бақытты отбасының» қазір сегіз ауданда чаты бар. Админі – мен. Ал чатта үйлестірушілерім отыр. «Бақытты отбасында» қандай жоба бар, үкіметтен, қоғамдық ұйымдардан қандай көмек болатыны жайлы ақпарат жазылады. Бұл – жұмыс чаты, кейде әйелдер эмоцияларын көрсете бастаса да, жауып тастаймын. «Бізді неге тіркемейді?» деп шағымданатындар көп. Біз «Бақытты отбасыға» келіп, жазылғандарды ғана тіркейміз, - дейді ол.
Жұмагүл Тәжібаеваның сөзінше, «Бақытты отбасы» орталығы бала бағып үйде отырып қалған әйелдерді кәсіпке баулиды. Өзін жетілдіргісі келетін, алға ұмтылатын әр әйел қалаған курсын тегін оқып, кәсібін ашып кете алады. «Бақытты отбасы» «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен Даму банкімен селбесіп, кредит әперуге көмектеседі. Оның сөзінше, көп балалы әйелдер наразылығына шыққандардың көпшілігі қазір «Бақытты отбасына» тіркеліп, чатына кірген.
Өзі де «Көкжайлау» тау-шаңғысы курортын салуға қарсылардың ішінде жүрген қоғамдық белсенділердің бірі, Алматы қалалық әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Жұмагүл Тәжібаева «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы әйелдерге нақты ұсыныс жасап отырған бірден бір орталық деп есептейді.
- Алматыда көп балалы әйелдердің «Многомамы», «Алматы аналары», «Ақжүніс» секілді WhatsApp-та 38 чаты бар. Олардың чаттарына да кіріп, «Бақытты отбасының» ұсыныстары жайлы сілтемелерді салғанымда чаттан шығарып тастар деп ойладым. Керісінше, менің ақпаратыма қарайтындар көбейді. Бұл – әйелдер нақты істі күтеді деген сөз. Сөйтіп, кейбір чаттар әйелдердің өз қалауымен біртіндеп «Бақытты отбасының» чатына айналып кетті, -дейді ол.
Ақпанда басталған көп балалы әйелдер наразылығының ішінде болған Іңкәр Жанаділқызымен «Бақытты отбасы» орталығында кездестік. Ол бастапқыда Азаттық тілшісімен сөйлесуден тартынды.
- «Бақытты отбасына» кіріп, билік жағына өтіп кетті» деп айыптайтындар табылады. Билік көп балалы әйелдер жағдайын жасауға тырысып-ақ жатыр. Бұрын бізді ешкім тыңдамайтын, - дейді ол.
Ал үш балалы алматылық Айтолқын Пентаева «Бақытты отбасының» ісіне күмәнмен қарайды. Ұлттық қолөнер бұйымдарын тігумен айналысатын ол бизнес жоспарын апарса да, орталықтан көмек болмады деп санайды. Ол «Бақытты отбасының» уатсаптағы чатының үйлестірушілеріне наразы әйелдер қатарына қосылған.
- «Бақытты отбасының» кейбір үйлестірушілері журналистердің жұмысына кедергі жасайтын әйелдер қатарынан көрінді, олар билікке наразы әйелдердің сөзін естіртпеуге күш салады, - деп налиды ол.
Айтолқын Пентаева көп балалы әйелдер чатына Нұр-Сұлтандағы бес баланың қазасынан кейін алғаш кіргенін айтады.
- Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы ұйымдастырған көп балалы әйелдердің WhatsApp чаты да біртіндеп биліктің чатына айналып кетті, - дейді ол.
«АҚЖҮНІС» ЧАТТАРЫНЫҢ ЖАЙЫ
Нұр-Сұлтан қаласындағы бес сәбидің қазасынан кейін әйелдерді митингіге шақырған қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы өзі ұйымдастырған көп балалы әйелдер чаты республика бойынша небәрі бірнеше күнде танымал болғанына таңырқайды.
- Митингіге шақырған үндеуімді барлық уатсап чаттарға таратуды сұрадым. Содан кейін көп балалы әйелдерді неге WhatsApp-та біріктірмеске деген ой келді. Әрбір облыстан, аймақтан админ іздедім. Сөйтіп небәрі бірер күнде бірнеше чат аштық. Бәрі «Ақжүніс» ерікті аналар тобы» деп аталды. «Ақжүніс-Алматы», «Ақжүніс-Астана», «Ақжүніс-Ақжайық» деп атала берді. Аудандардағы белсенді әйелдер де чат ашуға тілек білдірді, қарсы болмадым, - дейді ол.
Сәуле Әбілдаханқызы – 2000 жылдардың ортасында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ақжүніс» атты әйелдердің әлеуметтік ток-шоуының жүргізушісі ретінде кең танылған журналист. Ақжүніс – қазақтың белгілі батырлық эпостарының біріндегі Ер Тарғын жараланып, басына күн түскенде оған сүйеу болып, еліне жәрдем еткен қайсар әйел кейіпкер.
WhatsApp-тағы жақтастарының бәрімен тікелей сөйлесу мүмкін болмағандықтан Сәуле облыстардағы 25 чаттың админімен жеке чат ашуға мәжбүр болған. Аудандық чаттардың админдерінің қанша екенін білмеген. Ортақ мәселені сонда талқылаған соң админдер әрі қарай өз чаттарында таратқан. Ол баламен үйде отырған әйелдер, жалғыз басты әйелдер, мүгедек әйелдер және мүгедек бала бағатын әйелдер деген төрт категорияның құқығы, оларға үкімет көрсететін көмек жайлы көбірек ақпарат таратуға тырысқан.
Алайда Сәуле Әбілдаханқызы «Ақжүніс» ерікті әйелдер қоғамын ресми түрде тіркете алмаған. Көп балалы әйелдер наразылығы жиіліген соң Қазақстан президенті әкімшілігінің сол кездегі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Аида Балаева әйелдердің 100-ден астам қоғамдық бірлестігінің басын қосып, «Ару-Ана» деген альянс құрмақ болған. Оған Сәуле Әбілдаханқызын да шақырған, кейін бұл іс аяқсыз қалған.
- Кейін әкімдіктер әйелдер арасына іріткі сала бастады. «Ақжүністің» чатынан шықпағандарға көмек берілмейді» деген хабар тарады. Оған біраз әйел сенді. Біздің кейбір чаттарымыздың админдері мені шығарып тастап, «Бақытты отбасының» чатына ауыстық» деп мәлімдеме жасады,-дейді ол.
Сәуле Әбілдаханқызы маусым айында, Қазақстан президентін сайлау қарсаңында өзін бірнеше әйелдің полиция бөлімінің алдында ұрып кеткенін хабарлаған еді. Сәуле бұл оқиғаға өзінің қоғамдық белсенділігі және WhatsApp чаты себеп болды деп тұспалдайды.
- Осы оқиғадан соң адвокатым арқылы билік «бүкіл чаттарыңды таратасың, әлеуметтік желідегі белсенділігіңді тоқтатасың» деген шарт қойды. Өміріме қауіп төнген соң барлық чаттан шықтым, бірақ чаттар қалды, - дейді ол.
Сәуле Әбілдаханқызы алдағы уақытта «Ақжүніс» ерікті әйелдер қоғамын тіркетіп, уатсаптағы белсенді әйелдер чатына қайта оралам деп үміттенеді.
Биыл ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы бір үйдің ауласына салынған уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бес баласы қаза болған еді. Мұны «әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан» көрген көп балалы әйелдер Қазақстанның әр қаласында оқтын-оқтын наразылыққа шығып, биліктен жәрдемақыны көбейту, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Билік ішінара мәміле қылып, «әлеуметттік жағдайы қиын отбасылардың әрбір баласына 21 мың теңгеден» атаулы көмек бере бастаған.
Қарай отырыңыз: Көп балалы аналар атаулы көмек жайлы есеп беру шартына наразы (Маусым айы, 2019 жыл).
ПІКІРЛЕР