Референдум қалай өтіп жатыр?
ОРК референдумға қатысушылар 65 пайыздан асқанын хабарлады
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісовтің айтуынша, Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 6-дағы жағдай бойынша азаматтардың 65 пайыздан астамы, яғни 7 млн 624 мың 641 адам дауыс берген. Елде дауыс беруге құқығы бар 11,7 млн адам бар.
ОРК мәліметінше, референдумға қатысу белсенділігі Түркістан облысында жоғары. Мұнда азаматтардың 78,24 пайызы дауыс берген. Ең төмен көрсеткіш – Алматыда. Мұнда 29,82 пайыз референдумға қатысқан.
Ақмола облысында Азаттық тілшісі мен видеооператорына учаскеден ақпарат таратуға тыйым салды
Ақмола облысы Талапкер ауылында учаскелік комиссия төрайымы Сақыпжамал Сыламбекова Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен видеооператор Кенжетай Ақсейітовтен №685 учаскесін түсірмеуді және ғимараттан кетуді талап етті.
Ол Азаттық тілшілеріне “тізімде жоқсыңдар” деді. Азаттық редакциясы бұған дейін сайлау учаскесінен ақпарат тарату үшін қажет барлық құжатты жолдаған.
Референдумға қарсы шыққан Oyan, Qazaqstan белсендісін полиция ұстап, кейін босатты.
Алматыда полиция Арбат маңында референдумға қарсы пикет өткізген Oyan, Qazaqstan белсендісі Дархан Шәріповті ұстап әкетіп, біраз уақыттан соң босатты. Белсендінің қолында "Қанды Қаңтар ұмытылмас" деген плакат болған. Бұл жөнінде Vlast.kz сайты хабарлады.
"Тұтас реформалар пакетіне дауыс бергім келмейді. Бұл жартылай реформалар, саяси емес" деді Шәріпов. Көп ұзамай полиция оны сол жерден ұстаған. Пикет бірнеше минутқа ғана созылған.
ПІКІРЛЕР