Accessibility links

Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.

Қазақстанда АЭС салу туралы референдум қалай өтті?

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумге дауыс беру аяқталды. Таңертеңгі сағат жетіде елде 10 мыңнан астам референдум учаскесі ашылды. Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "Иә" немесе "жоқ" деген екі жауап көрсетілді.

16:09 6.10.2024

Алматыда байқаушылар учаскеден үгіт материалын алуды талап етті

Алматыдағы №598 референдум учаскесінде дауыс беру барысын бақылап отырған байқаушылар учаскеде атом электр станциясының пайдасы баяндалған баспа материалын көріп қалып, оны алып тастауды талап еткен.

Уческелік референдум комиссиясының өкілі талапты орындап, даулы материалды алып тастаған.

Референдум туралы заң беру күні үгіт-насихат жүргізуге тыйым салған.

16:01 6.10.2024

"Жас сайлаушылар лигасы" бес қалада ондаған заң бұзу фактілерін анықтағанын айтты

Референдум кезіндегі дауыс беру барысын бақылап отырған "Жас сайлаушылар лигасы" заңға қайша 23 фактіні анықтағанын хабарлады.

Ондайлардың арасында дауыс беру өтіп жатқан жерге жақын тұсқа үгіт материалдарын орналастыру, фото мен видео түсіруге тыйым салу, референдум учаскесінің ашылғаны туралы хаттама бермеу, дауыс беретін кабиналардың үстіне видеокамера орнату, байқаушылардың учаске ішінде жүріп-тұруын шектеу, референдум комиссиясы мүшелерінің аты-жөнін ілмеу, алдын ала қол қойылған бюллетеньдер сияқты деректер бар деп хабарлады "Влесть" интернет-басылымы.

Бес референдум учаскесінде байқаушыларға ашылу хаттамасын бермей қойған, онсыз дауыс беруге қанша адам қатысқанын анықтау мүмкін емес деді бірлестік өкілдері.

Сағат 13-тегі дерек бойынша, Алматыда байқаушылар қадағалап отырған референдум учаскелерінде тіркелген сайлаушылардың 3 пайыздан 5 пайызға дейінгісі, Қызылорда, Петропавл, Өскеменде – шамамен 10 пайыздайы, Семейде – 15 пайызы дауыс беруге қатысқан.

15:20 6.10.2024

"Жұмысқа керек", "естелік үшін", селфи. Дауыс берген сәттен фотолар

Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаулар мен осының алдындағы референдум кезіндегідей, бұл жолы да дауыс берген сәтін немесе дауыс беретін учаскеге келгенін растайтын фотоға түсушілер жиі байқалды. Кейбірі мұны "жұмыс орны сұратқан" десе, енді біреулер "өзіме естелік болсын" деп түсіндірді.

15:08 6.10.2024

Түркістандағы №931 референдум учаскесіндегі бақылаушы прокуратураға арыз түсірді

Түркістан қаласында №931 референдум учаскесінде бақылаушы болып отырған Құрал Сейітханұлы "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірді

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG