Accessibility links

Назарбаевтың "дақ түскен" мұрасы, Тоқаевтың жауапкершілігі және Қаңтар төңірегіндегі жауапсыз сұрақтар


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) өзі мемлекет басшысы қызметінен ерте кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге Астана экономика форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) өзі мемлекет басшысы қызметінен ерте кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге Астана экономика форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Тоқаев билігі күшейген тұста экс-президент Назарбаевтың мұрасына не болмақ? Қаңтар оқиғасының алғышарттары қандай, ол уақытта елде шын мәнінде не болды және оқиғаны билік пен қоғам қалай қабылдады? Азаттық бұл туралы Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры Еуразия мен Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшы Пол Стронскимен сөйлесті.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖҮЙЕСІН ҚАЛДЫРЫП, БЕЙНЕСІНЕН АРЫЛУ"

Азаттық: Референдумнан кейін Назарбаев дәуірінің аяқталғаны айтылды. Ал оның жүйесі жойылды ма?

Пол Стронски.
Пол Стронски.

Пол Стронски: Меніңше, бұл – Назарбаевтың бейнесінен арылу. Бәлкім бұл Назарбаевтың жүйесінен алшақтау емес шығар, бірақ саяси және экономикалық билікті ұстаған Назарбаев отбасынан арылу. Референдумдағы дауыс беру қаншалықты ашық және әділ өтті деген сұрақ қашанда да қойыла бермек, қазірдің өзінде қойылып та жатыр.

Назарбаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде биліктен кеткенін көрдік. Сонымен қатар Назарбаев елді өзінің бейнесінен арылтуға бағытталған референдумда дауыс бергенін көрдік. Мұндағы басты сұрақ бұл тұзетулер расында да қандай да бір жүйелі өзгерістер әкеле ме дегенге барып тіреледі. Референдум Тоқаевтың билігін рәсімдейтіні анық. Көпшілік Тоқаев Назарбаевтың кішкентай қуыршағы болады деп топшылады. Бірақ шын мәнінде олай болмай шықты. Тоқаев – ақылды саясаткер, ол Назарбаев отбасын әлсірете алды және ол Қазақстанның болашағына белгілі бір із қалдырғысы келеді.

Меніңше, референдум жайлы әңгімедегі ең басты нәрсе – Назарбаевты мәртебеден айыру, президенттің жақын отбасы мүшелеріне жоғары лауазымды қызмет атқаруға шектеу қою. Бірақ мұның бүге-шігесіне мән беру керек. Өйткені Тоқаев кланымен байланысты адамдар басқа билік түріне қол жеткізуі мүмкін. Сол себепті жаңа жүйе қайда бет алатынын байқау керек. Сонымен қатар жаңа жүйе үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра ма, жоқ па, мұны да қаперге алу қажет.

Соңғы жылдардағы оқиғалар: 2019 жылғы наразылық, 2020 жылғы пандемия кезіндегі қиын сәттер, биылғы қаңтардағы оқиғалар қазақстандықтардың басым көпшілігі үкімет жұмысына риза емес, олар жақсырақ басқарудың болғанын қалайтынын көрсетті. Ең озық демократиялық елдердегідей есептілік болмауы мүмкін, бірақ жақсырақ басқару болуы тиіс. Бұл Қазақстан үкіметі бұрын да айтып, орындамаған "жақсырақ басқару" уәдесінің жаңа бір түрі бола ма, әлде жүйелі өзгерістер әкеле ме, белгісіз. Бірақ меніңше, Тоқаев елді алға сүйрегісі келсе биліктің есептілігін жақсартып, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым саласындағы мәселелерді шешіп, осыларға мән беруі керек. Сондай-ақ жергілікті жердегі шенеуніктер өз аймақтарындағы мәселелерді шеше алуы үшін олардың өкілетін арттыру қажет. Сондықтан референдум, дауыс беру бір бөлек те, одан кейін болатын дүние, жүйелі өзгерістердің болу-болмауы мүлде басқа нәрсе. Дәл осы нәрсе қалай іске асары әзірге анық емес.

Азаттық: Ал Назарбаев және оның мұрасына не болмақ?

Батыста Қазақстанды көрші елдер тәрізді тұрақсыздық жайламайды деген түсінік болған. Алайда бұған ешқандай кепілдік жоқ екенін көрдік.

Пол Стронски: Меніңше, оның мұрасына көп дақ түсті. Ол көп жыл бұрын биліктен кетіп, әлемдегі басқа басшылар тәрізді ақсақал мемлекет қайраткері болып қалғанда, бұл оның мұрасы үшін ең жақсы дүние болар еді. АҚШ-та Джордж Буш, Барак Обама, Германияда Ангела Меркель сондай мемлекет қайраткері болып қалды. Бірақ Назарбаев биліктен кетпей, билік басында қала берді. Саяси жүйе сырттай тұрақты болып көрінгенімен, төменде наразылық күшейе бергенін көрдік. Одан бөлек элиталар наразылығы, олардың өз ішінде текетірес болып, арты жарылысқа ұласты. Батыста Қазақстанды көрші елдер тәрізді тұрақсыздық жайламайды деген түсінік болған. Алайда бұған ешқандай кепілдік жоқ екенін көрдік. Ел [қаңтардан кейін] тез қалпына келген сияқты. Дегенмен Қаңтар оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізілуі керек деп есептеймін. Ондай бірде-бір зерттеу жүргізілмеді.

Назарбаевтың мұрасына сызат түсті дедік. Ал Тоқаевтың мұрасына келсек, ол қанды Қаңтардан кейін елдің нағыз басшысына айналса да, оның да атына кір келді. Сондықтан ол үшін мұрасын ретке келтірудің жолы – ел басқаруды жақсарту. Қазір бұл жоспарды іске асыру үшін күрделі геосаяси ахуал орнады. Қазақстан үкіметіне геосаяси ахуал шиеленісіп тұрғанда ішкі реформаларды іске асыруға тура келеді. Бірақ олар шын мәнінде оны іске асыруға қаншалық ниетті екенін көру үшін уақыт керек.

Азаттық: Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі билік қылмыстық жолмен қудалауы мүмкін бе?

Пол Стронски: Мұны мүлде жоққа шығармас едім. Бірақ қанша дегенмен Назарбаевтың аты – Назарбаев. Оның мұрасын, мемлекетті тәуелсіз елге айналдырудағы еңбегін ескерсек, ол қудаланады дегенге күмәнім бар. Дегенмен оның отбасы мүшелері, онымен байланысты басқа адамдар қудаланса таңғалмаймын. Алайда үкіметте ескі жүйеде болған адамдар әлі де көп. Ал сотқа тартып қудалау – өзіңді өткеннен ажыратуға арналған жария қадам. Сондықтан қудалау болса, заң аясында, ашық түрде, заң үстемдігін сақтап, әділ және жан-жақты тергеу болғанына көз жеткізу керек. Назарбаевтың мәртебесі мен оған берілген басымдықтарды жою оны қудалау мүмкіндігіне жол ашты. Бірақ Назарбаев пен оның мұрасын есепке алсақ, ол қудалаудың болар-болмасы белгісіз.

Азаттық: Қазақстан билігі Конституцияны өзгертуді демократияға бағытталған қадам, түбегейлі саяси өзгерістер деп көрсетіп жатыр. Бірақ елдегі кейбір сарапшылар түзетулер айтарлықтай маңызды емес, суперпрезиденттік жүйе жойылмайды деп бағалады. Сіздің ойыңыз қандай?

Пол Стронски: Меніңше, оны ешкім білмейді. Лауазымды тұлғаларды ашық, әділ сайлауда таңдауға көшіп жатқанымыз жоқ. Сондықтан бұл маңызды сынақ деп есептеймін. Осыған ұқсас уәделерді талай мәрте естідік. Тоқаев 2019, 2020 жылдары берген уәдесінің іске асқанын көрмедік. Қазір ол билігін күшейтті. Сондықтан, бәлкім, бұл жолы іске асырар, бірақ оны да көре жатармыз.

Бұл түзетулер референдумда қабылданды. Олар өте күрделі. Кей түзетулер қағазға қарап оқығанда қарапайым болып көрінеді. Бірақ оны кейін іске асыру қиын. Калифорнияда көп жыл тұрдым, онда референдум көп өтеді. Бұл бір жағы жақсы, өйткені демократияны күшейтеді. Бірақ екінші жағынан кейде референдумда барлық ақпаратты түсіне бермейтін, қалай дауыс беретінін білмейтін адамдар да қатысады. Дауыс берудің мәнін оқып танысу үшін бес минут уақыт беріледі, сіз әйтеуір бір таңдау жасауыңыз керек. Сондықтан, меніңше, бұл реформаларды қалай іске асыру керектігі жайлы талқы болуы керек. Ал жай референдумды өткізе салумен іс бітпейді. Елді барынша ашық және есепті етудің жолын анықтау үшін сарапшыларды тарту керек. Халықтың да қалауы – осы. Тоқаев дұрыс бастамалар көтерді. Енді жүйе оның бақылауында, бұл – оның жүйесі. Сондықтан екі жыл бұрын айтқан бастамалар мен референдумдағы өзгерістерді шын мәнінде іске асыруға құлықты ма, ол өзгерістерге бастай ма, әлде тек қағаз жүзінде қала ма, байқап көреміз.

ҚАҢТАРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ ЖӘНЕ "ЖОЙҚЫН КҮШКЕ АЙНАЛҒАН" ЭЛИТА

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан бері бес айдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін не болғаны ашық айтылмады. Тоқаев "террористер шабуылы" туралы айтты. Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалардың арасында опасыздық жасап, билікті басып алғысы келгендер болғанын мәлімдеді. Жұрттың көбі элитааралық тартыс туралы жиі айтып жүр. Сіздің ойыңызша, шын мәнінде не болды?

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз — террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Оқиға куәларының айтуынша, біраз уақыттан кейін алаңның үкімет күштері тұрған бетінен осы адамдарға оқ жауған. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз — террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Оқиға куәларының айтуынша, біраз уақыттан кейін алаңның үкімет күштері тұрған бетінен осы адамдарға оқ жауған. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Пол Стронски: Вашингтонда отырғандықтан Қазақстанда қаңтарда не болғанын маған тап басып айту қиын. Төменде жоғарыға бағытталған наразылық бұрқ ете қалған сияқты. Бұл наразылыққа элитаның ішкі текетіресі қосылды, сөйтіп, ахуал тұрақсызданып, зорлық-зомбылыққа ұласты. Біз бұған дейін төменде наразылық болғанын көрдік, бірақ элитаның ондай қорқынышты, жойқын күшке айналғанын бұрын-соңды көрмедік. Оқиға Назарбаев отбасы үшін жақсы аяқталған жоқ. Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскері кіріп, мәселені шешуге көмектесуі де жақсы дүние емес. Сондықтан меніңше, жауаптан гөрі сұрақ көп. Бір кезде сол сұрақтарға жауап берілетін шығар деп үміттенемін. Алайда ол үшін заң үстемдігі, ашықтық пен тәуелсіз сарапшылардың зерттеуі керек. Қазақстан үкіметі сол сұрақтарға жауап беретін механизмдерді қолға алғанына сенімді емеспін. Тіпті үкімет не істесе де оларға сенім аз, үкіметке сенетін адам көп емес деп ойлаймын. Сондықтан тәуелсіз зерттеу жүргізіп, бұл оқиғаның қайталанбайтынына көз жеткізіп, ҰҚШҰ кіргеннен кейін елдің тәуелсіздігін күшейту керек. ҰҚШҰ-ға мүше бүкіл елдің ішінен ұйым күштері Қазақстаға кіргені таңғалдырды, өйткені Қазақстан Қырғызстан немесе Армения тәрізді емес, көп ретте тұрақты ел деген түсінік болды. Бұл елдің беделіне нұқсан келтіргені анық.

Азаттық: Қаңтар оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізу керектігін айттыңыз. Бірақ үкімет халықаралық ұйымдарды қатыстырып, тәуелсіз зерттеу жүргізуден бас тартты. Неліктен?

Пол Стронски: Бұл – Қазақстан үкіметі, олар сол арқылы нарративтерді бақылағысы келеді. Олар сол уақытта өздеріне не болғанын, неге мұндай мәселеге тап болғанын түсінуге тырысып жатқандай. Меніңше, әр уақытта да аздап өтірік араласады және екі жақтан да қате кетті деп есептеймін. Сонымен қатар мұндай оқиғаларды зерттейтін халықаралық зерттеушілер үшін қазір қиын уақыт. Украинадағы дағдарыс, Малидегі адам құқықтарының өрескел бұзылуы тәрізді оқиғаларды есепке алсақ, Қазақстандағы оқиғаны тергеуге халықаралық қауымдастықтың назарын аудару қиын.

НАЗАРБАЕВТЫ КІНӘЛАУ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Азаттық: Тоқаев референдумнан кейінгі мәлімдемесінде "референдум халықтың ұйымшылдығы мен "Жаңа Қазақстан" құруға дайын екенін көрсетті" деді. Қаңтар оқиғасы қоғамда әлеуметтік наразылық пен жік-жікке бөлініс барын көрсетті, ондай ел біріге ала ма?

Пол Стронски: Меніңше, әлеуметтік-экономикалық бөлініс мәселесі бар. Көпшілік Қазақстанда этносаралық мәселелер туындайды деп топшылады. Алайда негізінен әлеуметтік-экономикалық алшақтық проблемасы бар болып шықты. Бұл – Алматы, астана мен облыс орталықтары мен ауылды жерлер арасындағы алшақтық. Бұл елдің алға дамуына кедергі келтіреді. Сол себепті тиімді қызмет көрсетуді және экономиканы дамыту керек.

Кейбір істері үшін Назарбаевқа қолдау білдіре алмайсың. Бірақ оның кезінде ел ұзақ жыл тұрақты болғаны тағы рас. Ол тәуелсіз сыртқы саясатты дамытты. Ол Қазақстан тәуелсіздігін бекіте түсіп, табысы орташа елге айналдырды. Бұл − оның мұрасының жағымды тұстары.

Ал мұрасының жағымсыз тұстарына тоқталсақ, байлық тең бөлінбеді, басқару тиімсіз болды. Елдің келесі жетекшісі осы мәселелерге мән беріп, қала мен ауылдың арасындағы әлеуметтік алшақтық проблемасын шешу керек. Табысы орташа, мұнайға бай елде қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ашықтық, жемқорлықпен күрес, адамдар өмірін жақсартатын жүйелі өзгерістер қолға алынуы тиіс. Қаңтар оқиғасында, халық наразылық білдірген басқа оқиғалар кезінде де осы мәселелер көтерілген.

Азаттық: Кейінгі айларда Тоқаев елдің байлығын белгілі бір топ иеленіп отырғанын бірнеше мәрте айтты, бірақ ешкімнің аты-жөнін атамады. Президент осы арқылы әлеуметтік әділетсіздік үшін жауапкершілікті Назарбаевтың өзіне артпаса да, Назарбаев құрған жүйеге ысырғандай көрінеді. Экс-президент билігі әлсірегендіктен бұл қауіпті емес әрі халықтың Назарбаев режимінен шаршағанын ескерсек, саяси технологиялар жағынан кінәні аудару тиімді. Бірақ Тоқаев кінәні қашанға дейін бұлай аударып отыра алады?

Пол Стронски: Әлеуметтік өзгерістердің әсерін халық сезу үшін уақыт керек. Көп ретте демократиялық жүйедегі әлеуметтік өзгерістердің бастамашысы одан саяси ұпай жинамауы мүмкін, өйткені өзгерістердің әсері көп жылдан кейін ғана білінеді. Қазір билікте Тоқаев үкіметі болғандықтан, ол елдегі барлық нәрсе үшін жауапкершілікті мойнына алуы керек. Назарбаевты белгілі бір нәрселер үшін кінәлай аласың. Алайда Тоқаев Назарбаев жүйесінің негізгі мүшесі болды. Сондықтан бұл ретте ол да жауапты. Осы себепті өткенге ғана қарайлай бермей, жемқорлықты жою, басқаруды жақсарту, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамыту тәрізді қазақстандықтарды толғандыратын мәселелерге мән берген жөн. Назарбаевтың үкіметі бұл мәселелердің барын білді, бірақ ешқашан қолға алмады. 2019 жылғы және 2022 жылғы оқиғалар Қазақстан бәлкім көпшілік ойлағандай тұрақты емес екенін, сондықтан экономикалық, әлеуметтік басқаруға мән берілуі керек екенін анық көрсетті. Меніңше, Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдап қана қоймай, басқару мәселесіне назар аударып, оны шешуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG