БОЙКОТ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫС АЙТЫП, ӘБЛЯЗОВҚА ШҮЙЛІКТІ
27 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) съезінде ұйым төрағасы Асхат Рақымжанов келер жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына бойкот жариялау туралы ұсыныс жасады. Ол мұны елде сайлау өткізудің бұрыннан қалыптасқан сүрлеуінің еш өзгермегенімен түсіндірді.
– Бұл сайлау науқанының алдыңғысынан еш айырмашылығы жоқ: сол ескі ереже, сол баяғы заң, сол шаралар мен байырғы саяси партиялар. Жоғары жақта қажетті дауыс пен нәтижесін қазірден әзірлеп жатқанына шүбәм жоқ. Ол солай бола береді, баяғы тірлік. Билікке біздің сайлауға қатысып, оны легитимді жасағанымыз ауадай қажет. ЖСДП биліктің қолындағы құрал болмауы тиіс. Сондықтан парламент пен мәслихат сайлауларына бойкот жариялауды ұсынамын, – деді Асхат Рақымжанов.
Ол бұған қоса сайлау процесін бақылаудан да бас тарту қажет деп санайтынын айтты. Жиында сөйлегендердің кейбірі басшының сөзін қолдап, бірнеше адам қарсы болса да, съезд шешіміне мойынсұнатынын білдірді. ЖСДП төрағасының орынбасары Талғат Әлиев партия жетекшісінің бойкот жайлы ұсынысын құптады. Ал ОСДП президиумы мүшесі, экономист Айдар Әлібаев бойкотқа қарсы болса да, партия мүшесі ретінде съезд шешімін қолдайтынын мәлімдеді.
– Кез келген партияның түпкі мақсаты – билікке қол жеткізу. Бірақ қазір елде билікті сайлау механизмі жұмыс істемейді. Осы жағдайды және маған дейін сөйлеген әріптестерімнің сөзін ескере отырып, съездің ортақ шешімімен келісемін, – деді ол.
Съезд делегаттарының 32-і партия төрағасының сайлауға бойкот жариялау туралы ұсынысын қолдап, үшеуі қарсы дауыс берді, бесеуі қалыс қалды.
"Бұл – ауыр шешім болды, бірақ оның дұрыс екенін уақыт көрсетеді" деді бас-аяғы бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған съезде шешім қабылданғаннан кейін Асхат Рақымжанов.
Партия өкілдері ол ұсынған сайлау процесін бақылаудан да бас тарту туралы мәселені кейінірек қарайтын болып келісті.
ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов жиында сөйлеген сөзінде бұрынғы банкир, қазір Еуропада тұрып жатқан қуғындағы оппозициялық саясаткер, Қазақстан билігі бірнеше ауыр айыппен сырттай соттап, өмірлік түрме жазасын кескен Мұхтар Әблязовқа шүйлікті. Әблязов жақында әлеуметтік желі арқылы жұртты "биліктің жоспарын бұзу үшін оның қуыршағы – ЖСДП-ға кіріп, алдағы сайлауға белсенді қатысуға" үндеген. Әблязов мұны Қазақстанның экс-президенті, қазір Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі биліктің барлық тармағына үстемдік жүргізіп отырған "Нұр Отан" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен оның режимінен құтылудың амалы деп атаған.
Әблязовтың осы үндеуінен кейін ЖСДП өкілдері оны "арандату" деп атап, партия қатарында жоқ адамдардың мәлімдемесі үшін жауап бермейтінін мәлімдеген.
Жұма күні съездегі сөзінде Әблязовтың аты-жөнін атамай, оны "шетелдегі псевдодемократ, популист" деп сипаттаған Рақымжанов өзі басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның "экстремистік ұйым деп танылып, мемлекеттік тіркеуден айырылуына жол беруге болмайтынын" мәлімдеді. (Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған, Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған – ред.).
Асхат Рахымжанов бойкот жариялау туралы ортақ шешім қабылданғаннан кейін "бұл ауыр шешім, бірақ уақыт оның дұрыс екенін көрсетеді" деді. Партия өкілдері сайлауды бақылау бойынша кейінірек шешім қабылданатынын айтты.
Әблязов жұма күні ЖСДП-ның сайлаудан бас тарту туралы шешіміне байланысты Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған постында "Назарбаев режимі ҚДТ-мен шынайы бәсекелес болудан қорқатынын айқын аңғартты" деп мәлімдеді.
"ҚДТ жақтастары ЖСДП-ға дауыс беріп, "Нұр Отан"-ды дауыссыз қалдыратынын естіп үрейі ұшқан Назарбаевтың ЖСДП-ны сайлаудан алып тастауды бұйырғаны белгілі болды. Жақында ғана [сайлауда] соңына дейін барамыз деп кеудесін соға мәлімдеген ЖСДП функционерлері бүгін бойкот жариялайтынын айтып масқараға қалды. Осылайша Назарбаев бұларды пайдаланып алған соң біржолата құрдымға жіберді деп айта аламыз" деп жазды Мұхтар Әблязов.
Әблязов "Нұр Отанды" жеңу үшін ЖСДП-ға дауыс беруге шақырады. ЖСДП не істейді? (18 қараша 2020 ж.)
2006 жылы оппозициялық ұйым ретінде құрылған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2007 жылы ресми тіркеуден өткен. Содан бері бірнеше рет президент және парламент сайлауына қатысқан, бірақ жеткілікті дауыс ала алмаған. 2016 жылы өткен парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 1,18 пайызы ЖСДП-ға дауыс берген.
Сыншылар ұйымды "сайлау науқаны кезінде ғана ұйқыдан оянатын, биліктің қолбала партиясы" деп санайды. ЖСДП өкілдері мұны жоққа шығарып, өзін "елде ресми тіркелген жалғыз оппозициямыз" деп атайды. Ұйымды алғашқы күнінен басқарған Жармахан Тұяқбай былтыр сәуірде партия басшылығынан кеткен соң, оның орнына ЖСДП төрағасы болып сайланған журналист Ермұрат Бапи бұл қызметте төрт айдан сәл астам уақыт қана отырды. 2019 жылы қыркүйекте өткен партия съезінде Бапидың орнынан алынып, партия құрамынан шығарылуының себебін кейбір сарапшылар "партияның жұмысын жандандырмақ болған әрекетінің билікке жақпауымен" түсіндірген.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары азаматтардың саяси құқықтары қатты шектелетін елде партиялық жүйенің демократия ережелеріне сай емесін айтып, жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық күш жоқ деп санайды және биліктің ондай партияларды ресми тіркеуден өткізбей отырғанын айтады.
БИЛІКТІ ҚОЛДАЙТЫН БЕС ПАРТИЯНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН САЙЛАУ
Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен мәслихат сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Елдің сайлау заңы бойынша, мәжіліске де, ал осы жолғы сайлаудан бастап жергілікті мәслихаттарға да кандидаттарды тек саяси партиялар ғана ұсына алады. Мәжіліс сайлауына кандидат ұсыну 10 қарашада басталған, шара 30 қарашаға дейін жалғасады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну 4 желтоқсанда аяқталады.
Қазірге дейін елдегі ресми тіркелген алты партияның барлығы сайлау алдындағы съезін өткізді. "Ауыл", "Ақ жол", "Адал" (бұрынғы "Бірлік") партиялары, Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) және "Нұр Отан" партиясы сайлауға түсетін кандидаттар тізімін бекітті. Осылардың ішінде алғаш болып "Ауыл" партиясының тізімі тіркелгенін Орталық сайлау комиссиясы 26 қарашада хабарлады.
2016 жылы сайланған, өкілеті 2021 жылы наурызда аяқталатын қазіргі парламент мәжілісіндегі 107 орынның 86-сы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясына тиесілі. "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясының әрқайсысында 7 орыннан бар.
Заңға сәйкес, мәжілістің 98 депутаты партиялық тізім бойынша, тағы тоғыз адам Қазақстан президентінің жанындағы кеңес беруші орган саналатын Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады. Нұрсұлтан Назарбаевқа осы ассемблеяны өмір бойы басқару құқығы берілген.
Бұл жолғы парламент сайлауына "Нұр Отан" партиясынан ұсынылған 126 кандидаттың арасында Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да бар.
ПІКІРЛЕР