Accessibility links

Белсенділер "өлі реактор" үшін тариф өсіруге қарсы


Жоғары вольтті электр желісі. (Көрнекі сурет)
Жоғары вольтті электр желісі. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаулық бір топ азаматтық қоғам өкілі 20 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан БН-350 атом реакторын сақтауға кететін шығынды электр қуаты тарифының сомасынан алып тастауды талап етеді. Олар тәуелсіз зерттеу жасау үшін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігіне хат жолдап, билікке талап қойды.

Маңғыстау облысындағы электр қуатының бағасы – Қазақстандағы ең қымбат тарифтердің бірі. Облыс орталығы Ақтау қаласында батыс өңірдегі ең ірі электр қуатын өндіруші компания Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) барлығына қарамастан облыс тұрғындары электр энергиясының бір кВТ\сағ үшін 14 теңгеден астам ақша төлеп келеді.

Өткен жазда қала тұрғындары коммуналдық түбіртектеріне тұтынылмаған электр қуатының қосып жазылғанына қатысты наразылық та білдірген болатын. Азаматтық белсенділер аймақтағы тарифтің қымбаттауының екі себебін атайды: бірі МАЭК аумағындағы 1999 жылы жұмысы ресми тоқтаған бұрын энергия өндірген БН-350 реакторын сақтауға кететін шығын болса, екіншісі тағы бір монополист "Қазтрансгазаймақ" мекемесінің МАЭК-ке газды қымбат бағамен жеткізуі.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

ТАЛАП

Тариф бағасының өсуін сынап келе жатқандардың бірі – 52 жастағы азаматтық белсенді Мұхтар Үмбетов. Ол Азаттыққа бұл мәселені он жылдан астам уақыт көтерсе де, ешкімнің елең қылмағанын айтады.

Қарашаның 7-сінде Астанада өткен кезекті қауіпсіздік кеңесі жиынында тариф мәселесін президент Нұрсұлтан Назарбаев "ұлттық қауіпсіздікке төніп отырған қатер" ретінде көрсеткен соң облыс белсенділері жандана түсті. Мұхтар Үмбетов тарифті арзандатуды президент сөзіне дейін де белсене көтергенімен монополистер де, билік те талап-тілегін елең қылмай келгенін айтады.

Мұхтар Үмбетов
Мұхтар Үмбетов

- Қауіпсіздік кеңесіне дейін облыс әкіміне МАЭК-тегі 20 жыл бойы пайдаланусыз тұрған БН-350 реакторы туралы ауызша бірнеше мәрте жеткіздік. Ол бұл проблеманы біле тұрса да, сол кеңесте айтпады. Ал президенттің "Не қарап отырсыңдар?" деген сауалына тек тарифті арзандаттық, халыққа бәрін айттық" дейді, ол бұл туралы елмен ашық әңгіме қылған жоқ, - дейді Үмбетов.

Азаматтық белсенді МАЭК-тің ел төлейтін тарифке өндірісіндегі 1999 жылы тоқтаған БН-350 реакторын қамтамасыз ету үшін кеткен шығынды қосып отырғанын айтады.

Қазақстан мен АҚШ энергетика министрлігі арасындағы "БН-350 ядролық материалдарын ұзақ мерзімге орналастыру туралы" ("Относительно долговременного размещения ядерных материалов БН-350") 1997 жылғы қарашының 18-і күні жасалған келісім-шартты еске алған белсенді сол уақыттан бері ешнәрсе өндірмей бос тұрған реактор үшін халықтың жауапты болуы дұрыс емес деп есептейді. Мұхтар Үмбетов осы келісімге сай АҚШ үкіметінің БН-350 реакторын консервациялау мен утилизациялау үшін қаражат бөлгенін еске алады. Соған қарамастан оны сақтау үшін елден ақша жиналып келе жатқанына наразы.

- Біз АҚШ елшілігіне хат жолдап, елшіліктің өз үкіметі арқылы осы келісім-шартқа сай қанша қаражаттың қашан, кімге бөлінгенін сұрадық. Себебі тұрғындар монополистің қалтасынан кеткен шығынды өтеуге тиіс емес. Бұл мемлекеттік бюджеттің үлесіндегі дүние. Осының бәрі аймақ тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етіп отыр, - дейді Мұхтар Үмбетов.

Азаттық бұл мәселеге байланысты АҚШ елшілігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

24 жыл МАЭК-те жұмыс істеген, 1997 жылы сол ұйым кәсіподағының төрағасы болған Үмбетов пен он шақты ҮЕҰ мүшелерінен тұратын бір топ маңғыстаулық қоғам өкілі БН-350 реакторына қатысты талаптарын қарашаның 23-інде ұлттық экономика мен энергетика министрліктеріне және одан бұрын Маңғыстау облысы әкімдігі мен облыс прокуратурасына да жолдаған. Бірақ құзырлы мекемелерден әлі жауап алмағандарын айтады.

Үмбетовтің сөзінше, облыстағы электр қуатының бағасының қымбат болуына тек БН-350 реакторы себеп болып тұрған жоқ. Газ жеткізуші "Қазтрансгазаймақ" компаниясы монополист болғандықтан тариф бағасының жартысынан астамын (65%) газ бағасы құрайды.

- "Қазтрансгазаймақтың" былтырғы және оның алдындағы қоғамдық тыңдауларына барып талаптарымызды айттық. Бірақ ол тыңдаулар заңға сәйкес болған жоқ. Тыңдау хаттамасы жасалмады. Сондықтан ондағы көтерілген мәселені бұл құжатсыз дәлелдей алмаймыз, - деді ол.

"ҮКІМЕТТІҢ МІНДЕТІ"

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясы бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Қыдырбай Қасымбеков Азаттыққа шығындар сметасында БН-350 реакторының ескерілгенін растап, оны ұстап отыру үшін 2018 жылы 1 миллиард 230 миллион теңге қаражат керек екендігін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе туралы энергетика және ұлттық экономика министрліктеріне қаншама хат жолдағандарымен мәселе шешілмей жатыр.

- Энергетика министрлігінен алынған соңғы хатта "БН-350 реакторын консервациялау шығынын басқа көзден немесе бюджеттен қаржыландыру негізсіз екені, оның шығынын тарифтен өтеу керектігі" туралы жазылған. Былтырғы қаңтардың 26-сында аймаққа премьер-министрдің сапары кезінде де көтерілген маңызды сауал осы БН-350-ді тарифтің құрамынан шығару болды. Біз алдағы уақытта үкіметтің көмегімен оның шығынын тарифтің құрамынан алып тастаймыз деп үміттенеміз, - деді ол Азаттыққа.

Қасымбековтің сөзінше, 1999 жылы АҚШ тарапы қаражат бөлгенімен ол реакторды өндірістен толық шығару үшін қажетті соманың тек бір бөлігі болған әрі өз мақсатына жұмсалған. Кейін 2003 жылы БН-350-ді толық өндірістен шығару туралы жасалған жоспар бойынша 96 миллиард теңге қажет деп есептелген. Қасымбеков арадағы инфляцияны еске алып, бұл қаражат қайта есептелуі керек деп санайды.

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" өкілі облыстағы электр қуаты тарифінің 65 пайыз құнын газ бағасы құрайтынын растады. Ол "Қазтрансгазаймақтың" МАЭК-ке сататын газ бағасын шілдеге дейін түсірмегенін, ал ұлттық экономика министрлігі "аса қымбат газ бағасы" туралы хаттарына "газ бағасын арзандату дұрыс емес, ол тұрғындар үшін тарифтердің өсуіне соқтырады" деп жауап бергенін айтты. Бірақ шілдеден бастап газ бағасы 30 пайызға арзандаған.

- Қазір ең жоғары тариф 1 кВт/сағ үшін тариф 14,18 теңге болса, оның 65% -ын газ бағасы құрайды. Қалған 40 пайызы компаниядағы адамдардың жалақысы, күрделі жөндеу тәрізді кететін шығындарға жұмсалады. Әрине егер газ бағасы одан әрі төмендесе, біз де электр энергиясы тарифын қуана төмендетер едік, - деді Қыдырбай Қасымбеков.

Азаттық тілшісі аймақтағы монополист компания өкілінен 2009 жылы мемлекеттің республикадағы монополистерге өндірісті модернизациялау үшін тариф бағасын екі есе өсіруге мүмкіндік бергеннен кейін жеті жыл өтсе де, МАЭК өндірісінің тозуы 76 пайыз көлемінде өзгермей қалғанының себебін сұраған еді. Оның себебін Қыдырбай Қасымбеков "қаражат жетпеді" деп түсіндірді.

- Жыл сайын күрделі жөндеу жүргіземіз. Бұл қаражат жетпейді. Тариф 2015, 2016, 2017 жылдары да көтерілді, себебі газ бағасы көтерілді. Тек 2018 жылы ғана тарифке тиіспедік. Қазір өндірісті модернизациялау үшін 63 миллиард теңге қаражат керек, - деді ол.

Ал "Қазтрангазаймақ" мекемесі бас директорының орынбасары Елнұр Ибраев газ бағасының қымбаттылығы туралы сауалды энергетика министрлігі мен үкіметке қою керектігін айтты.

- Газ бағасын "Қазтрансгазаймақ" бекітпейді. Оны үкімет пен энергетика министрлігі бекітіп береді. Егер олар төмен баға ұсынса, автоматты түре бәрі де арзандайды, - деді ол.

Азаматтық белсенділер БН-350 реакторын тарифтен алып тастауды талап етіп қарашаның 20-сында МАЭК-ті сотқа да берген. Бірақ сот бұл талапты қараусыз қалдырған болатын.

Қарай отырыңыз: Үкімет тарифтерді қалай арзандатпақ?

Ұлттық экономика мен Энергетика министрліктері бұл мәселеге орай Азаттыққа ресми сауал жіберуді өтінді. "Маңғыстау облысының тұрғындары тарапынан БН-350 реакторына қатысты шағым түсті ме?" деген сұраққа екі министрліктің баспасөз қызметі "нақты жауап бере алмайтындарын" жеткізді.

Бұған дейін ресми БАҚ келесі жылдан бастап Маңғыстау облысында электр энергиясының бағасы 7 пайызға арзандайтынын, бұл аймақтағы энергия таратушы мекемелерді ірілендірудің арқасында жүзеге асырылатынын хабарлаған. Ақпарат бойынша, өңірдегі оншақты мекеменің құзыреті "Маңғыстау электр-тораптық бөлу компаниясына" (АО "Мангистауская региональная электросетевая компания") беріледі. Осылайша аймақта ортақ тариф белгіленеді. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, бұған қоса газ бағасын да арзандату жоспарланған.

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясының жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі 2018 жылғы шілденің 3-інен бері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Комбинат Ақтау мен оның маңындағы елді мекендерді, аймақтағы өндіріс ошақтарын ауыз сумен және шаруашылыққа арналған сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Компанияда 4000 жұмысшы мен маман еңбек етеді. Комбинаттағы БН-350 реакторы 1972 жылғы қарашаның 29-ында іске қосылған. Реактор 1998 жылғы наурыздың 16-сында тоқтатылды. 1999 жылы сәуірдің 22-сінен бастап үкімет қаулысымен БН-350 реакторлы қондырғысын пайдаланудан шығару жұмыстары басталды.

"Қазтрансгазаймақ" акционерлік қоғамы – Қазақстанның 14 облысын магистральды және таратушы газ құбырлары арқылы газбен жабықтаушы ірі компания. Оның жалғыз акционері "Қазтрансгаз" компаниясы. Ал "Қазтрансгаздың" 100 пайыз үлесі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG