Accessibility links

Сот белсенді Ақмарал Керімбаеваның еркіндігін бір жылға шектеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан соты "ҚДТ-ны қолдаған" азаматтық белсенді Ақмарал Керімбаеваның бостандығын бір жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салды. Белсенді тағылған айыпты жоққа шығарып, үкімен келіспейтінін мәлімдеді.

Дүйсенбі, қазанның 28-і күні Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Ақмарал Керімбаеваның бостандығын бір жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына және бұл мақсатта "БАҚ пен коммуникация желілерін пайдалануына" тыйым салды.

Белсендінің ісін қараған судья Біржан Төрегелді сот қаулысына сәйкес, Керімбаеваның "жұмыстан бос уақытында тұрғылықты жерінен ешқайда шықпауға және рұқсат етілмеген митингілер мен акцияларға қатыспауға" міндетті екенін хабарлады.

Ақмарал Керімбаева өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып, сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді.

Керімбаеваның биылғы маусымның 7-інен 9-ына дейін тергеу абақтысында отырған, одан кейін маусымның 9-ынан бастап қазанның 28-іне дейін үйқамақ болған әр күні екі күнге теңестіріліп, жаза өтеу мерзіміне есептелетіні хабарланды. Бұған қоса судья сотталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына 25250 теңге (шамамен 65 доллар) өндіріліп алынатынын айтты.

Сот қаулысы бойынша бостандығына шектеу қойылған Керімбаеваға жаза мерзімі аяқталғанша ел аумағынан шығуға, көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынады. Ол жұмыс орны мен тұрғылықты мекен-жайын өзгерткені туралы мемлекеттік құзырлы органдарды хабардар етуге міндетті.

Ақмарал Керімбаева елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы әрекетіне қатысты деген айыппен жазаға тартылды.

2018 жылдан бері "ҚДТ іс-әрекетіне қатысты" деген айып ондаған адамға тағылып, кейбіреуі қамауға алынған. Кей заңгерлер ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімі қарама-қайшылыққа толы деп санайды.

  • Осыдан бір апта бұрын, қазанның 21-і күні сот үкімімен қазақстандық белсенділер Гүлмира Халықова (Нұр-Сұлтан) мен Динара Мұқатованың (Атырау) бостандығы бір жылға шектелген. "ҚДТ-ны қолдағаны" үшін жауапқа тартылған екі белсенді сот кезінде өздеріне тағылған айыптарды терістеген. Сол күні Талдықорған қаласының соты отставкадағы полиция офицері Болатхан Жүнісовтің бостандығын бір жыл төрт айға шектеу туралы шешім шығарды. Ол осындай айыппен биыл екінші рет сотталды.
  • Дәл осыған ұқсас айыптармен қазанның 15-і күні белсенділер Еркін Қазиев (Қаскелең) пен Серік Жахинге (Нұр-Сұлтан) үкім шыққан болатын. Сот ол екеуінің бостандығын бір жылға шектеген. Екеуі де тағылған айыптарды жоққа шығарған.
  • Қазір Алматы қаласында әлгіндей айып тағылған үш әйел - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызілікті аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың, сол сияқты белсенді Әнуар Әшірәлиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл төртеуі мен Серік Жахинді Қазақстандағы сарапшылар қауымдастығы саяси тұтқындар қатарына қосқан.
  • 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астана соты (Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы – ред.) бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, ресми тіркелмеген ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне және материалдарын таратуға тыйым салған. Ақорданы сынап жүрген бұрынғы банкир, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов 2017 жылы сәуірде "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформалар жүргізуді" мақсат ететін ҚДТ қозғалысы құрылғанын жариялаған. Ол "демократиялық принциптерге негізделген құқықтық мемлекет құруды көздейтін" қозғалысқа тыйым салу туралы биліктің шешімімен келіспейтінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG