Accessibility links

"Тыйым салынған ұйымға қатысты" деп айыпталушы аштық жариялады


Тергеу сотының шешімін күткен Оксана Шевчук қызы Еваны емізіп отыр. Оң жақта - Жазира Демеуова. Сот үйқамақта болған екі әйелді тергеу абақтысына қамауға шешім шығарды. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.
Тергеу сотының шешімін күткен Оксана Шевчук қызы Еваны емізіп отыр. Оң жақта - Жазира Демеуова. Сот үйқамақта болған екі әйелді тергеу абақтысына қамауға шешім шығарды. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.

Екі айға жуық тергеу абақтысына отырған жалғызбасты ана Гүлзипа Жәукерова тамыздың 19-ынан бастап аштық жариялады. Құқық қорғаушы бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. Аштық туралы ақпаратты растаған тергеу абақтысы Жәукерованың денсаулығы әзірге "қанағаттанарлық" екенін айтады.

Тамыздың 20-сында Алматыдағы Халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында адвокат Ғалым Нұрпейісов пен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина баспасөз жиынын өткізді. Олар шілдеде үйқамақтан тергеу абақтысына қамауға алынған көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың жағдайы туралы баяндады. Үш келіншекке "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар" деген айып тағылған. Күдіктілер бұған дейін қозғалысқа мүше емес екенін, бірақ оның бағдарламасының кей баптары ұнайтынын айтқан. Оксана Шевчуктің адвокаты Ғалым Нүрпейісов, қамаудағы әйелдер бойынша тергеу ісі аяқталғанын, қазір тараптар іспен танысып жатқанын айтты. Жиынға Оксананың анасы Екатерина Шевчук те қатысты.

"ЕРІК-ЖІГЕРІН МҰҚАЛТПАҚ"

Адвокат Нұрпейісовтің сөзінше қыркүйектің 4-інде қамау мерзімі аяқталып, іс сотқа жетуі керек.

- Бір аптадай Оксана жалғыз адамдық камерада отырды. Сосын маған айтқаны – полицияның жедел қызметкерлері келіп, көзқарасынан бас тартуға ыңғайлаған. Бірақ Оксана жасымай, көзқарасынан айнымай қойған. Қазір Оксана "адам өлтірді" деген айып тағылған екі әйелмен бірге бір камерада отыр. Бұған не дерімді білмеймін. Оның ерік-жігерін мұқалту үшін жасалып жатқан бір амал шығар, - деді адвокат.

Ғалым Нұрпейісов шілденің 22-сінде осы мәселеге қатысты бұған дейін де баспасөз мәслихатын өткізбек болған. Алайда сол күні жиын өтетін дәл осы бюроның баспасөз залына келген Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ өкілдеріне белгісіз адамдар шабуыл жасап, журналистердің техникасын сындырып, жоспарлы шараны өткіздірмей тастаған.

22 шілдедегі шабуыл хроникасы:

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

Осыдан кейін бюро қызметкерлері сейсенбі күнгі жиынға қолында қызметтік куәлігі бар журналистерді ғана кіргізіп, пресс залдың есігін жауып, сыртынан бақылап жүрді.

НАРАЗЫЛЫҚ

Қамаудағы Жазира Демеуова адвокаты Гүлнар Жуаспаевадан бас тартқан болып шықты. Адвокат Жуаспаева Азаттыққа оның себебін білмейтінін, клиенті де түсіндірмегенін айтты. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, дәл сот алдында Демеуованың қорғаушысыз қалғаны "біраз ойға жетелейді".

Жазира Демеуова Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында тұр. 1 маусым 2019 жыл.
Жазира Демеуова Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында тұр. 1 маусым 2019 жыл.

- Гүлзипа [Жәукерованың] сөзінше, Жазира тергеудің барлық шарттарына келісім берген-міс. Тергеудің әдетте "тәубеге келу" видеосын қажет ететінін білеміз. Сонымен бірге бұрын араласқан дос-таныстарын айыптау мен [Мұхтар] Әблязовке (ҚДТ қозғалысын құрушы – ред.) қатысты сөз айтуды сұрайды. Видео әзірге жоқ. Сотта біз мұның қаншалықты рас екенін, видеоның барын, оның бұл келісімге өз еркімен барғанын я оны қорқыту арқылы жасалғанын білеміз, - деді Төреғожина.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов пен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 20 тамыз 2019 жыл.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов пен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 20 тамыз 2019 жыл.

Қамауда отырған 51 жастағы Гүлзипа Жәукерова тамыздың 19-ынан бастап аштық жариялаған. Төреғожина "қант диабетіне шалдыққан" Жәукерова үшін бұл шараның аса қауіпті екенін айтады. Алайда тергеу изоляторының басшылығы мұнымен келіспейді.

- Жаукерова тамыздың 19-ы күні тамақтан бас тартатыны туралы әкімшілікке арыз түсірді. Өзіне қатысты қозғалған сот тергеуі мен қылмыстық істің барысымен келіспейтінін себеп қылды. Тиісті шаралар қолданылып, прокурор шақыртылды, тамақ ішпегеннің салдары жайлы түсіндірдік. Ол қазір тек су ішіп отыр. Денсаулығы қанағаттанарлық. Өзі сұрағандай жеке камераға орналастырдық, мекеменің медициналық қызметкерлерінің бақылауында. "Қант диабетіне" қатысты айта алмаймын, тексеруім керек, - деді Азаттыққа Алматыдағы СИ-18 тергеу абақтысының басшысы Әсет Жұмадиев.

Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша екі жылға дейін бас бостындығынан айыру жазасы қарастырылған.

Осы бап бойынша айыпталған бірнеше адамның құқығын қорғап отырған адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, бұл баптың құқықтық салдары ауыр.

- Бұл жай ғана қылмыстық бап емес, бұл – экстремизм бойынша бап. Айыпталған адамды шартты жазамен босатқан күннің өзінде бұл баптардың құқықтық салдары қиын. Экстремизммен күрес туралы заң күшінде тұр. Мәселен, айыпталып отырған көп балалы ана мемлекеттен әлеуметтік көмек алуы керек, бірақ оның шоты арестке түседі. Банктен шот аша алмайды, сыртқа шыға алмайды. Сондықтан бұл баптың заңдық салдары қиын. Бұл бап айыпталған адаммен қоса оның балаларына да әсер етеді, - дейді адвокат.

Алматы полициясы мамырдың 1-і күні қалада рұқсат етілмеген наразылық акциясына шыққан өзге азаматтармен бірге Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчукті ұстаған еді. Сол күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылық шеруіне шыққан жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған. "Халық шаршады", "Өз таңдауым бар" деген ұран айтқан олар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан қылып өзгертуге қарсылық білдірген. Үш сағаттан астам уақытқа жалғасқан наразылық акциялары азаматтарды жаппай ұстауға ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG