Accessibility links

"Барлық тетік қолында қалды". Назарбаев биліктен "кеткеннен" кейінгі бір жыл


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

2019 жылы наурыздың 19-ы күні елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеді. Сенаттың бұрынғы спикері Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кірісті. Сенат төрағасы лауазымы Назарбаевтың қызы Дариғаға бұйырды.

Президенттік қызметтен кеткеніне қарамастан Нұрсұлтан Назарбаев ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, биліктегі "Нұр Отан" партиясының жетекшісі, өзін заң жүзінде қудалаудан қорғайтын, дүние-мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік беретін "ұлт көшбасшысы - елбасы" мәртебесінің иегері ретінде бұрынғыша біраз билікті қолында ұстап отыр. Азаттық түрлі салада жұмыс істейтін адамдардан Назарбаев президенттіктен кеткенде не күткенін және бұл үміті қаншалықты ақталғанын сұрады.

Ербол Жұмагұлов, ақын: "Халықтың санасы "ояна" бастады"

Назарбаевтың [биліктен] кетуі негативті құбылысқа жатпайды. Ал оның бір аяғы сыртта, екінші аяғы бұрынғы орнында қалғаны – басқа мәселе.

Назарбаевтың кетуінен көп үміт күткен жоқпын. Соған қарамастан, қоғамда бұрынғыдан еркін тыныстауға мүмкіндік болар деп ойладым. Бірақ үмітім жартылай ғана ақталды. Бұл науқас адамды әдемі киіндіріп қойып, ал оны емдеуді кейінге қалдырғанға ұқсайды. Сондықтан түбегейлі өзгеріс болды деп айта алмаймын. Дегенмен мүлде ештеңе өзгерген жоқ деуге де болмайды.

Ербол Жұмағұлов.
Ербол Жұмағұлов.

Мұхтар Жәкішевтің босатылуы ("Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы 11 жыл түрмеде отырғаннан кейін, мерзімінен бұрын шартты жазамен бостандыққа шықты - ред.) – өзгерістердің шағын дәлелі. Әсіресе, Дулат Ағаділдің өлімінен (полиция белсенді ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң астаналық уақытша тергеу изоляторында "жүрегі қысып" көз жұмған дейді. Ағаділдің жақтастары полицияның мәлімдемесіне сенбейді - ред.) кейін байқалған қоғаммен саяси саудаласу амалы биліктің "кінәсін жуып-шаюға" талпынысы сияқты көрінді.

Қазір құбылмалы әрі түсініксіз жағдай орнады. Бұл жағдайдың ең үлкен артықшылығына халық санасының "ояна" бастауын жатқызуға болады. Халық "Назарбаев президент емес" дегенді түсіне бастады. Ол елдегі нөмірі бірінші тұлға болып қалғанымен, елдің санасында бір нәрсе өзгерді: жастардың белсенділігі артып, азаматтық қоғам ояна бастады. Мұны блогерлердің белсенділігі мен митингілердің мысалынан көріп отырмыз.

Ағаділ он жыл бұрын дүние салса, мұндай ақпараттық шу болмас еді. Оның бір себебі – технологиялық мүмкіндіктер. Қазір қоғам биліктің кез келген қателігін жіті назарға алып қарайды. Уақыттың өзі өзгеріс әкеле жатыр. Бірақ біз бұл салада қатты кешігіп жатырмыз. Өйткені Назарбаевтың режимі өте баяу қозғалады.

Қажы Акпар Аюби, Данияда тұратын этникалық қазақ, экономист: "Қазақстаннан дарындылар кетіп жатыр"

[Президенттіктен] Назарбаевтың кетіп, Тоқаевтың келгені үлкен жаңалық болды. Бірақ ірі өзгеріс болады деп күтпедім. Оған себеп, біріншіден, Назарбаев өзіне ең сенімді адамды орнына қалдырды және мемлекеттегі құзырлы органдарға ықпалын сақтап қалды. Дариғаның сенат төрағасы болуының өзі көп нәрсені аңғартады. Яғни, Тоқаев қалай жүріс жасаса да "пат" жағдайда қалды.

Қажы Акпар Аюби
Қажы Акпар Аюби

Екіншіден, Қазақстан халқының саяси белсенділігі де, саяси білімі де төмен. Сондықтан түрлі діни, ұлттық және саяси топтарға бөлініп, негізгі проблеманы ұмытып кетеді. Осыны білетін билік жүйесі әртүрлі саяси ойындар ұйымдастырып, халықтың бірігуіне мұрша бермейді. Бірақ осы мәселелерді біле тұра, әлемдік саясатқа қанық, білімді адам ретінде Тоқаев жолын тауып, жаңа реформалар жасау арқылы халықты өзіне тартатын шығар деп үміттенгенімді жасырмаймын.

Назарбаевпен салыстырғанда Тоқаев сырт көзге халыққа жақындау және халықтың сөзіне құлақ асатын адам секілді көрінеді. Бірақ адам құқығы, сөз бостандығының ахуалы еш өзгерген жоқ. Шараптың бөтелкесі ауысқанымен, ішіндегісі өзгермейді ғой, Қазақстанның қазіргі жағдайын соған ұқсатамын. Бір өкініштісі, бүгінгі Қазақстан билігі өзінің не істеп жатқанын білмейді.

Қазір Қазақстаннан дарындылар кетіп жатыр. Осыны көріп отырып, сыртта тұратын менің де үмітім сарқылып барады. Жер қойнауындағы байлық таусылғаннан кейінгі жағдай не болады деп уайымдаймын.

Лұқпан Ахмедияров, "Уральская неделя" газетінің редакторы: "Күн өткен сайын көңілім қала берді"

2019 жылғы наурыздың 19-ы болған оқиғалар күні кешегідей есімде. Назарбаев халыққа үндеу жариялайды дегенді естігенде, ерекше бірдеңе болады деп күткен жоқпын. Әдеттегідей жұмысқа бара жатқанмын, бір кезде телефоныма тыным болмай кетті, әріптестерім хабарласты. Олар "Тез жұмысқа кел, Назарбаев биліктен кетіп жатыр!" деді.

Лұқпан Ахмедияров.
Лұқпан Ахмедияров.

Редакцияға қарай құстай ұшып, жол-жөнекей президент мәлімдемесінің орыс тіліндегі нұсқасын жартылай тыңдап үлгердім. Керемет сезімде болдым! Әлденеге қуанған баладай сенімге толы сезім. Құдды бір тәрбиешіден шілденің ортасында "жаңа жыл болады, қазір шырша қойып, сыйлық таратамыз" деген жаңалық естіген балаша қуандым. Санамда "Тамаша! Керемет!" деген ой пайда болды. Редакцияда бәрі қуанып, жақсы көңіл-күйде жүрді. Жұрт хабарласып, "Лұқпан, көрдіңіз бе?! Назарбаев отставкаға кетті!" деп жатты.

Өкінішке қарай, бұл сезім ұзаққа созылған жоқ. Сол күні бірден ес жиып, "Ештеңе өзгермеді!", "Жалпы алғанда ол биліктен кеткен жоқ" дегенді түсіндім.

Арада бір жыл өткен соң, бұл кісінің биліктен тек о дүниелік болғанда ғана кететініне нық сенімдімін. Басқаша болуы мүмкін емес.

Күн өткен сайын көңілім қала берді. Өйткені президенттік билік Назарбаев өз орнына қалдырған Тоқаевтың қолына өтетіні белгілі болды. Одан кейін дұрыс деп бағалауға келмейтін сайлау өтті. Назарбаевтың құрметіне Астана мен бас көшелердің атауы өзгерді. Тым ерте қуанғанымызды түсіне бастадық.

Арада бір жыл өткен соң, бұл кісінің биліктен тек о дүниелік болғанда ғана кететініне нық сенімдімін. Басқаша болуы мүмкін емес.

Қазір мен Назарбаев ерікті түрде биліктен толықтай бас тартады деп мүлде дәмеленбеймін. Олай болмайтынына толық көзім жетеді. "Тоқаев әлдеқайда либерал саясаткер немесе "кітапхана" (Назарбаевтың әкімшілігі бірінші президенттің кітапханасында орналасқан - ред.) мен Ақорда арасында тірес бар" деген сөздерге де сенбеймін, талдап жатуға да зауқым жоқ.

Саяси жүйе өзгеріп, Назарбаев пен оның айналасындағылар (оның ішінде Тоқаев та бар) биліктен толық кетіп, әділ сайлау өткен кезде ғана елдегі жағдай жақсарады.

Асхат Қасенғали, саясаттанушы: "Қазақстан тығырыққа тірелгендей"

- 2019 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен президент сайлауына зор үміт артқаным рас. Шынын айтсам, оған дейінгі сайлауларға қатысқан емеспін. Тоқаев мырзаның дипломат әрі саяси аренадағы тәжірибесі тек Қазақстанмен шектелмейтінін ескеріп, елде өзгерістер болады деген сенім болды. Атап айтсам, әлеуметтік мәселелерді реттеп, шешеді деп ойладым.

Микрокредиттерді кешіру, кен орындарында жұмыс істейтіндердің жалақысын шетелдік жұмысшылар еңбекақысымен теңестіру сынды әрекеттері ол сенімді аз да болса ақтағандай болды. Алайда экономика мен саяси саладағы (адам құқығы, бала және ана құқығы, бейбіт митингтер өткізу, сөз және ой-пікір еркіндігі) реформалар жеткіліксіз деп санаймын. Үмітім толық ақталды деп айта алмаймын. Бірақ жаңа бастамалар бар. Алайда оларды ескі команданың ескі әдістерімен іске асырмақшы болып жатқанына көңілім толмайды.

Қазақстан қазір экономикалық және саяси тұрғыдан үлкен тығырыққа тірелгендей.

Қазақстан қазір экономикалық және саяси тұрғыдан үлкен тығырыққа тірелгендей, оны ел арасындағы алаңдаушылық мен наразы көңіл-күйдің артуынан-ақ көруге болады. Қазақстан тарихында 2019 жыл ең көп митингтер, наразылық акциялармен есте қалды. Осының өзі үлкен белгі. Биыл экономикамыз зор кедергілерге тап болады деп ойлаймын. Мұнай бағасының құлдырауы, күллі әлемдегі эпидемиялық ахуал бізге кері әсер етері сөзсіз. Шынын айтқанда, ертеңгі күнге деген алаңдаушылық сезім басым.

Фариза Оспан, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі: "Бәрі Назарбаевтың бұйрығымен орындалады, Тоқаев – тек қағаз жүзіндегі президент"

Назарбаев кеткенде белсенділермен бірге ары қарай не боларын талқылап көргенбіз. Сонда Назарбаев ресми президент болмағанымен, бәрібір бүкіл шешімді өзі қабылдайды деген қорытындыға келдік. Енді бір жыл өткенде сол айтқанымыз дәл келгеніне көз жеткізіп отырмыз.

Фариза Оспан.
Фариза Оспан.

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін реформатор деп таныстырғанына қарамастан, әлі күнге елде нақты реформалар мен өзгерістер болғанын көрмедік. Мұхтар Жәкішевтің [мерзімінен бұрын шартты] босауын Тоқаевтың "еңбегі" деп көрсетіп жүр. Ол осы арқылы саяси ұпайын түгендеп алды. Бірақ шын мәнінде бұл – азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылардың еңбегі.

Бұл сөзім қаншалықты қорқынышты естілсе де, биліктен үміт үздім дегім келеді.

Көбі Жәкішевтен кейін басқаларды да босатады деп үміттенгенімен, мен жақын арада бір өзгеріс боларына, саяси тұтқындардың бостандыққа шығарына сенбеймін. Бұл сөзім қаншалықты қорқынышты естілсе де, биліктен үміт үздім дегім келеді. Бізде сот әділ емес, ал полиция өз жұмысына сүлесоқ қарайды.

Бар үмітім – тек азаматтық қоғамда. Қолдан келгенше көбірек жасты оятуға күш салып жатырмын. Жастарға үміт артамын. Президент белсенділер мен құқық қорғаушыларға қысымды күшейтуі мүмкін, одан басқа ештеңе күтпеймін.

Бейбіт шеруді басып-жаншу, белсенділерге қоқан-лоқы көрсетіп, ізінен аңду ары қарай да жалғасатын сияқты. Бәрі Назарбаевтың бұйрығымен орындалады, ал Тоқаев – қағаз жүзіндегі ғана президент деп ойлаймын.

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы: "Тоқаев Назарбаев режимінің дамуына жұмыс істеп жатыр"

Шалқар Нұрсейітов.
Шалқар Нұрсейітов.

- Тоқаев билікке демократиялық принциптерге сай келетін сайлау арқылы жетті деп айта алмаймын. Шыны керек, ол билікке референдум арқылы келді. Олай дейтінім, оның президенттікке кандидат болуының өзі көп сұрақ туғызады. Екіншіден, өмірбақи Назарбаевтың серігі болған адам.

Сонымен бірге Тоқаев сайланбалы қызметте, яғни сенат спикері болғанымен, сол сенатқа мәслихат арқылы сайланған жоқ. Сайланбалы қызметтің өзіне тек Назарбаевтың тағайындауымен отырған адамнан қандай да бір демократиялық өзгерістер немесе либералды көзқарас күту – артық нәрсе.

Тоқаев Назарбаев режимінің консервациялануына немесе ресми түрде қалыптасқан жүйенің Назарбаевсыз дамуына жұмыс істеп жатыр.

Тоқаев президент болғалы бері өткен бір жылға жуық уақыттың ішінде биліктің белсенділерге қысымы күшеймесе азайған жоқ. Оны азаматтық белсенділерді әкімшілік жауапқа тарту, соттау немесе митингілерді басып-жаншудан көруге болады.

Тоқаев Назарбаев режимінің консервациялануына немесе ресми түрде қалыптасқан жүйенің Назарбаевсыз дамуына жұмыс істеп жатыр. Сол себепті Тоқаев Қазақстанда ешкімге тәуелсіз президент немесе реформа жасайтын дара басшы ретінде көріне алмады.

Бақтияр Албани, тарихшы, публицист: "Өзгерістер күту қиынға соқты"

Назарбаевтың отставкасынан көп нәрсе күтпедім. Сондықтан көңілім де қалған жоқ.

Назарбаев биліктен толық кетпейтіні, ықпал ету тетіктерін өз қолында қалдырғаны әуел бастан белгілі болды. Бірден өзгеріс басталып, бәрі түбегейлі өзгереді деп күту қиынға соқты. Біздегідей билік ауысымында бұлай болуы мүмкін емес еді.

Бірден өзгеріс басталып, бәрі түбегейлі өзгереді деп күту қиынға соқты.

Сөзсіз, қандай да бір өзгерістер бар. Бұл онсыз да болатын дүние. Әйтпесе мұндай қадам жасаудың мәні болмас еді.

Үмітім жоқ емес. Өйткені президент пен қауіпсіздік кеңесінің төрағасына бағынбайтын процестер бар. Бұған тарихи және технологиялық процестер жатады. Қазақстандықтар өзге әлемнен оқшау жерде өмір сүріп жатқан жоқ. Кез келген ақпаратты бүкіл жер шарына бірер секундта таратуға мүмкіндік беретін заманауи байланыс құралдары дамыған тұста бірнәрсені құпия ұстау мүмкін емес. Адамдардың ақпараттық сауаттылығы – үлкен артықшылық. Біз тез өзгеретін әлемнің табалдырығында тұрмыз. Қаржылық-экономикалық жүйе де өзгеріп жатыр. Мұндай процестер кезінде билікте темірдей тәртіптің көмегімен ғана қалуға тырысып жүрген режим тұрақсыз болады және түбегейлі өзгеріссіз бұрынғы орнында қала алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG