Accessibility links

"Тозақтың нақ өзі". Инфекциялық ауруханада істейтін студенттің хикаясы


Ерікті Серік Мұқашев Оралдағы инфекциялық аурухананың медқызметкерімен бірге. Жеке архивтегі сурет.
Ерікті Серік Мұқашев Оралдағы инфекциялық аурухананың медқызметкерімен бірге. Жеке архивтегі сурет.

Балалар үйінің 22 жастағы түлегі, болашақ хореограф Серік Мұқашев Оралдағы инфекциялық ауруханаға жұмыс күші жетпей жатқанын естіп, санитар болып орналасты. Ол Азаттыққа COVID-19 вирусы жұққан адамдар жататын "қызыл аймақта" жұмыс істеп, оттегі толтырылған ауыр баллондарды көтеріп, жаны күйзелген науқастарға қалай көмектесіп жүргені туралы айтып берді.

Жақында Оралдағы облыстық инфекциялық стационарға санитар болып жұмысқа тұрған Серік Мұқашевтың жұмыс күні таңертеңгі сағат 8-ден 18:00-ге дейін жалғасады. Аурухананың жаңа қызметкерімен ауысым уақыты аяқталғаннан кейін сөйлесуге келістік. Бірақ ол жұмыстан босай алмады.

Серік Мұқашев қорғаныш киімін киіп тұр.
Серік Мұқашев қорғаныш киімін киіп тұр.

– Бүгін кешкі кезекшілікке қаламын. Кейде аяқасты жағдайлар болып, кешке жұмыста қалуға тура келеді, – деді телефон арқылы кешірім сұраған Серік Мұқашев.

Серікке ауруханадан тыс жерде адамдармен кездесіп, сөйлесуге болмайды. Өйткені ол коронавирус жұққан науқастармен жұмыс істейді. Ауысымнан кейін Серік үйіне емес, стационар қызметкерлері пандемия кезінде уақытша тұратын қала ішіндегі қонақүйлердің біріне барады. Біз Серікпен сөйлескен кеште ауруханаға халі ауыр бірнеше науқас түсті.

– Оларды бөлмеге апарып жатқызу үшін күш керек. Жұмыстағылар көмектесуді өтінді, – дейді ауруханада қалу себебін түсіндірген жас жігіт.

"ҚОЛ КҮШІ КЕРЕК"

Серік жұмыс күші жетпей жатқан медицина мекемесіне көмектесуге шақырған биліктің үндеуінен кейін ерікті түрде стационарға жұмысқа шыққан. Қазір ол өзі таңдаған мамандықтан мүлде алыс салада еңбек етіп жүр. Серік Батыс Қазақстан университетінің өнер факультетінде хореограф мамандығында оқиды. Бірақ қазір оқу мен жаттығуға уақыты жоқ. Күнде ауыр жұмыстан қолы босамайды. Күнделікті жолы қонақүй мен жұмыс арасынан өзге ешқайда бұрылмайды.

– Кейде ересек адамды тез арада жансақтау бөліміне ауыстыру керек болады. Арасы бірнеше қадам болғанымен, науқас жүре алмайды. Ондайда науқасты арбаға салып апару керек. Мейіргерлерге өте ауыр. Олардың бәрі нәзік. Мұндай жұмысқа білек күші керек, – дейді жұмысы туралы әңгіме бастаған Серік.

Оттегі баллондарын үнемі ауыстыру керек, олар өте ауыр.

Санитар жігіт үшін ең қиыны – оттегі баллондарын көтеріп, тасу. Ауыр халде жатқан науқастарды оттегі баллонына қосу керек.

– Оттегі баллондарын үнемі ауыстыру керек, олар өте ауыр. Ер адамдар керек. Медицина колледжінен келген жас қыз-жігіттер бар, бірақ олардың саны аз, – дейді Серік.

Мұқашевтың айтуынша, коронавирус жұққан науқастар жатқан "қызыл аймаққа" өту үшін арнаулы киім кию керек. Бұған едәуір уақыт кетеді. Қорғаныш киімімен бірнеше сағат жүру – адамның мықтылығын тексеретін сынақ іспетті.

– Тозақтың нақ өзі, ыстығына төзу мүмкін емес. Бірнеше қабат қолғап киесің. Оның үстіне білек мен мойынды қосымша скотчпен орауға тура келеді. Көзілдірік тақсаң, ашық жеріне мақта тығып, үстін скотчпен бекіту керек, – дейді Серік.

Қорғаныш костюмін шешу кезінде де мұқият болу керек. Әуелі киімнің үстіңгі бөлігін шешіп, хлор араласқан сұйыққа салады. Содан кейін кезекпен қалған киімді шешеді. Костюм мен резеңке етікті сұйық затпен мұқият тазалайды. Осыдан кейін ғана душқа түсуге болады.

"НАУҚАСТЫҢ КӨЗ АЛДЫМДА ӨЛІП КЕТУІНЕН ҚОРҚАМЫН"

Серік инфекциялық ауруханаға жұмысқа тұрмас бұрын отбасымен ақылдасыпты. Ата-анасы болмағанымен, ол балалар үйінің тәрбиешілерін өз отбасындай көреді. Биологиялық анасы Серіктен туған кезде бас тартқан. Ол жетімдер үйіне осылай түскен.

– Мұндай тәуекелге (инфекциялық ауруханаға жұмысқа тұру – ред.) бармас бұрын бір апта ойланып-толғандым. Қорықтым. Өзім "ана" деп атайтын тәрбиешім Татьяна Юрьевна Фомичевамен ақылдастым. Басқа тәрбиешілерден де кеңес алдым. Олар отбасым сияқты, әлі күнге араласып тұрамын. Татьяна Юрьевна "Серік, бара ғой. Үнемі сені дұғама қосып, қорғаның боламын" деді.

Серік Мұқашевтың (сол жақта) мүгедек жандардың құқығы бойынша жазғы мектепте еріктілердің бірімен түскен суреті. Алматы, 2018 жылдың тамыз айы.
Серік Мұқашевтың (сол жақта) мүгедек жандардың құқығы бойынша жазғы мектепте еріктілердің бірімен түскен суреті. Алматы, 2018 жылдың тамыз айы.

Серіктің айтуынша, қазір медициналық қызметкерлерге қиын. "Сүрініп-қабынып жүр" дейді мейіргерлердің жұмысының ауыр екенін жалғыз ауыз сөзбен жеткізген санитар жігіт. Ол өз жұмысын ауырға санамайды, әзірге еш қиындық көрмегенін айтады. Бірақ жақын уақытта бәрі өзгеруі мүмкін: қазір Серік жансақтау бөліміне баруға дайындалып жүр.

– Ертең жансақтау бөліміне кіремін, ол жақта қиын болады. Маған апару, әкелу, көмектесу, жүк қабылдау сияқты жұмыстар қиын емес. [Жан сақтау бөліміндегі] жағдай қандай екенін білмеймін. Науқас көз алдымда өліп кете ме деп қорқамын. Шынымды айтсам, осыдан қорқамын, – дейді Мұқашев.

Адамдар мұндай жұмысқа барғысы келмейді. Бұрын істегендердің көбі кетіп қалды.

Жас жігіт қатерлі аймақта дәрігерлер, мейіргерлер мен санитарлардан бөлек, айына небәрі 65 мың теңге (шамамен 150 доллар) жалақы алатын кір жуушы, аспаз, күзетшілер де жүргенін, оларға да коронавирус инфекциясы жұғуы мүмкін екенін айтады. Кейде "қызыл аймақтағы" жөндеу жұмыстарына сантехник мамандарды шақырады. Мұндай кезде олар да қорғаныш костюмін киюі керек.

– Техникалық қызметкерлер де қатерлі аймақта жүр. Денсаулық сақтау министрлігі осыны ескеріп, (министрліктің қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкеріне үстемақы төлеу туралы бұйрығына) өзгеріс енгізсе жақсы болар еді. Осыдан адамдар мұндай жұмысқа барғысы келмейді. Бұрын істегендердің көбі өз еркімен кетіп қалды. Өйткені денсаулығына қауіп төндіргісі келмейді, – дейді Мұқашев.

Оралдағы инфекциялық аурухананың бөлмесі.
Оралдағы инфекциялық аурухананың бөлмесі.

Әзірге Серіктің жұмыс істегеніне бір ай болмаған, сондықтан жалақысы әлі қолға тиген жоқ. Ол басында санитардың айлығынан бас тартпақшы болыпты, бірақ мекеме басшылығы оны ресми қызметке алғанын, сондықтан жалақы төлемеуге болмайтынын айтып түсіндірген. Енді Серік ақшасын жинап, мемлекет жетім жасқа көмек ретінде берген пәтеріне жиһаз сатып алуды жоспарлап отыр.

АУРУХАНАДАН ШЫҚҚАН НАУҚАСТАРДЫ КӨРУ – ҒАНИБЕТ

Серік науқастармен сөйлесіп, оларға қолдау көрсету маңызды деп есептейді. Әрине, ол өмір үшін күресіп жатқан, тыныштығын бұзуға болмайтын ауыр халдегі науқастарды меңзеп отырған жоқ.

Кейде науқастарда үрей, стресс болады. Мұндайда оларға психологиялық көмек қажет.

Санитар жігіт жазылып келе жатқан немесе ауруы жеңіл түрде өтіп жатқан адамдарды тыңдауға қашанда дайын. Науқастар соңғы кезде "аурухана бөлмесінде ауа жоқ" деген шағым айтып жүр. Күннің қатты ысуынан тыныс алуы қиындаған адамдар ауыр жағдайда қалды.

– Кейде балалар немесе ересектер бөліміне барып, науқасты жұбатып, сөйлесу керек. Өйткені кейде науқастарда үрей, стресс болады. Мұндайда оларға психологиялық көмек қажет. Психолог маман болмасам да, өмірден түйгенім көп, адамдармен жақсы тіл табысамын. Олармен әртүрлі тақырыпта сөйлесемін. Адамдардың тілін тауып аламын, – дейді Серік.

Серік Мұқашев (сол жақта) коронавирустан жазылып шыққан адаммен бірге. Жеке архивтегі сурет.
Серік Мұқашев (сол жақта) коронавирустан жазылып шыққан адаммен бірге. Жеке архивтегі сурет.

Жұмыстағы ең қуанышты кезең – ауруынан жазылған науқастарды шығару. Серік емдеу шарасынан кейін ПТР тест тапсырып, ағзасынан коронавирус анықталмаған 16 адамды ауруханадан шығарған күнді қуанышпен еске алады. Бірнеше аптадан бері үйіне бармаған санитар жігіт ондай сәттерде бүкіл қиындық ұмыт болатынын айтады.

Стационарға жұмысқа тұрмас бұрын Серік облыстық еріктілер штабында болған. Қазақстанда 16 наурыз - 11 мамыр аралығында болған төтенше жағдай кезінде еріктілер қарт адамдар мен Оралмен байланысы үзілген саяжай тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмектескен. Қазір олар көпбалалы отбасыларға, мүгедек адамдар мен ардагерлерге азық-түлік апарып береді. Серік – инфекциялық ауруханаға жұмысқа барған еріктілер штабындағы жалғыз адам.

Өңір әкімдігінің дерегінше, эпидемия басталғалы Батыс Қазақстан облысының стационарлары биліктің тәуекелі жоғары (бірақ жалақысы жақсы – инфекциялық стационар қызметкерлеріне айына 850 мың теңге көлемінде үстемақы төленеді) жұмысқа шақырған үндеуінен кейін 84 адамды санитар етіп жұмысқа алған. Резервте тағы 100 адам тұр.

Өңірде бес мыңға жуық адамға коронавирус жұққан. Батыс Қазақстан облысы бұл көрсеткіш бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлер арасында алтыншы орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG