Accessibility links

Тоқаев Путинге Назарбаевтың сәлемін жеткізді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі "Внуково" әуежайына келген сәті. 3 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі "Внуково" әуежайына келген сәті. 3 сәуір 2019 жыл.

Жергілікті әлеуметтік желі қолданушылары тұңғыш сапарын Мәскеуден бастаған Тоқаевты "Ресейдің тиісті деңгейде күтіп алмағанын" талқылап жатыр. Сарапшылар "кездейсоқ ештеңе болмайды" деп санайды.

Сәуірдің 3-і күні Ресейге ресми сапармен барған Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеудегі "Внуково-2" әуежайында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мен министрліктің хаттама департаментінің басшысы Игорь Богдашев күтіп алды. Бұл – наурыз айында Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен өкілетін тоқтатқан соң уақытша президент болып тағайындалған Тоқаевтың шетелге алғаш сапар шегуі.

Тоқаев сапары барысында Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Назарбаев сәлемін жеткізіп, "қысқа уақытта осындай кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс" айтқан. Кездесу барысында Тоқаев пен Путин екі елдің ортақ тарихын қаралауды құптамайтыны жайлы бірлескен мәлімдеме жасаған.

Видео: Тоқаевтың Путинмен кездесуі. (3 сәуір 2019 жыл).

Тоқаев Ресеймен “мінсіз қарым-қатынасты” сақтағысы келеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Ақорданың хабарлауынша, кездесу соңынан ақпарат құралдарына брифинг берген Тоқаев екі ел арасындағы жылы қарым-қатынасты атап өткен. "Өзінің президент ретіндегі қызметі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың "алтын ғасырында" басталғанын" айтқан Қазақстан президенті Ресеймен түрлі саладағы ынтымақтастық болашақта нығая беретініне сенетінін жеткізген. Сапар барысында "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау жөніндегі келісім және өзге тағы бірнеше құжатқа қол қойылған. Тоқаевтың өзі Twitter-де сапардың сәтті өткенін жазды.

"ДИПЛОМАТИЯДА КЕЗДЕЙСОҚ НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ"

Қарсы алу рәсімін ақпарат құралдарынан көріп-білген әлеуметтік желі қолданушыларының арасында "Тоқаевты жоғары деңгейде күтіп алмады" деп қомсынушылар пайда болды. Мұндай пікірлерге қарағанда "алғашқы ресми сапармен барғандықтан Тоқаевты сыртқы істер министрінің орынбасарынан жоғары лауазымды тұлғалар күтіп, құрмет көрсетуі тиіс еді".

Мұндай пікірді кейбір ағылшынтілді қолданушылар да жазды. "Мәскеуге алғашқы шетелдік сапарында Тоқаевты өте төмен дәрежеде қарсы алды. Тіпті бұрынғы оппозиция жетекшісі Армения [премьер-министрі] Пашинянның өзі Ресейге алғашқы сапарында бұдан гөрі жоғары құрметке ие болған. Не болды?" деп жазды Twitter-де Орталық Азия бойынша маман, АҚШ-тағы Джорджтаун университетінің оқытушысы Пол Штронски (Paul Stronsky).

​Азаттық тілшісі президентті күтіп алудың дипломатиялық тәртібі туралы сарапшылармен сөйлесіп көрді. Бұл мәселеге әлеуметтік желіде алғаш назар аударғандардың бірі Ерлан Сайыров "дипломатияда кездейсоқ нәрсе болмайтынын" айтады.

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті ретіндегі алғашқы сапары екенін ескере отырып, Ресей жағы қарсы алушылардың статусын жоғарылатуына, мәселен, премьер-министр, вице-премьер немесе сыртқы істер министрін жіберуіне болатын еді. Бірақ, ол қарсы алушы елдің, яғни Ресей сыртқы істер министрлігінің хаттамасына байланысты. Бәлкім, біз мән беретіндей маңызды жайт болып есептелмеуі де мүмкін, - дейді ол.

Ерлан Сайыровтың сөзінше, Мәскеудегі Тоқаевты күтіп алу рәсімі, біріншіден, Қазақстан дипломатиясының басқа кезеңге аяқ басқандығын; екіншіден, ел басшылығына халықаралық деңгейде жүріп-тұру қағидаларын жаңадан қалыптастыру керек екендігін көрсетеді.

- Тек сыртқы саясатта емес, бизнес, қаржы және гуманитарлық салаларда халықаралық ұйымдармен оңтайлы жұмыс істеу үшін елімізде тезірек президент сайлауын өткізіп алғанымыз дұрыс, - дейді ол.

Саясаттанушы Ерлан Саиров.
Саясаттанушы Ерлан Саиров.

"ҚҰРМЕТТІ ҚАРАУЫЛ МЕН ОРКЕСТР БОЛДЫ"

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевты күтіп алу рәсімі сапардың статусына байланысты анықталатынына назар аударады.

- Қазақстан баспасөзі Тоқаев ресми сапармен барады деп хабарлағанымен, Ресей жағы жұмыс сапары ретінде есептеген сияқты. Ресей хаттамасын көрдім, егер ресми сапар болса, Тоқаевты премьер-министр мен сыртқы істер министрі күтіп алуы тиіс еді. Тоқаевтың жанында да үлкен делегация болған жоқ. Дегенмен құрметті қарауыл мен оркестр қойып қарсы алды, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, президентті күтіп алу рәсімі жеке бастың мәртебесіне байланысты ұйымдастырылмайды.

- Ресей қалай болғанда да Қазақстан президентіне дипломатиялық деңгейде жоғары құрмет көрсетеді. Өйткені Ресей Қазақстанды маңызды серіктес санайды. Барлық мәселе Путиннің Тоқаевты Кремльде қалай қабылдайтынынан көрінеді, - дейді Бейсебаев.

Мәскеудегі "Внуково" әуежайында Қазақстан әнұранын кеудесіне қол қойып тыңдап тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев және ресейлік саясаткерлер. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.
Мәскеудегі "Внуково" әуежайында Қазақстан әнұранын кеудесіне қол қойып тыңдап тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев және ресейлік саясаткерлер. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Бірқатар сарапшы шетелдік әріптесін әуежайдан президенттің күтіп алуы жекелеген саясаткерлердің өзара құрметі мен мемлекеттердің өзара қатынасына байланысты деп санайды.

Азаттық тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз жетекшісі Айбек Смадияровқа бірнеше рет хабарласып, сөйлесе алмады. Қазақстан президенті әкімшілігінің телефондары да жауап бермеді.

Бұған дейін сыртқы істер министрлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапар шегетінін хабарлаған.

Ақорданың мәліметіне сәйкес, сәуірдің 3-і күні Тоқаев пен Путин жоғарыда көрсетілген мәселелермен қатар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелері мен аумақтық және халықаралық өзекті тақырыптарды талқылаған. Қазақстан президентінің Ресей федералдық кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен және осы елдің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі де жоспарланған.

Кремльдің баспасөз қызметі осы сапар жайлы хабарламасында "президенттер екі ел қатынасының негізгі тұстарын, Еуразия кеңістігінде интеграция процесін жүргізу жоспарын қарап, өңірдегі кейбір маңызды мәселелер талқылайды" деп жазды.

Мәскеуде қытайтану мамандығы бойынша жоғары білім алған, СССР-дің сыртқы істер министрлігінде, Қытайдағы елшілігінде қызмет істеген, тәуелсіз Қазақстанның сыртқы істер министрі, премьер-министрі мен сенат төрағасы болған 65 жастағы Тоқаев наурыздың 20-сында, елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан соң бір күннен кейін уақытша президент болып тағайындалған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG