Accessibility links

Астанаға мықтылармен тепе-теңдік ұстау "қиындай" түсті


Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитінен кейін суретке түсіп жатыр. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитінен кейін суретке түсіп жатыр. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

Шетелдік баспасөз Каспий бойынша келісімге қол қоюға қатысты пікірлер жариялап, Қазақстанның Қытай, Ресей және АҚШ мүддесі арасында тепе-теңдікті табуы "қиындай" түскенін айтады. ENRC компаниясы ірі көлемде пара алуға қатысты Лондондағы сотта жеңіске жеткен. Сондай-ақ, БАҚ боксшы әрі Мәжілістің бұрынғы депутаты Серік Қонақбаевтың AIBA президенттігіне ұсынылғанын жазған.

БӘРІМЕН "ДОС БОЛУДЫҢ" ҚИЫНДЫҒЫ

Жапониялық Nikkei Asian Review сайты "АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы билікке таласта Қазақстан "алтын аралықты" іздейді" деген мақаласында Астананың "бәрімен дос болуға бағытталған" дипломатиясы "ауыр салмақтылар" Каспий теңізі үшін шайқасқанда сынаққа түскенін айтады. Мақалада Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға жағалау маңындағы мемлекеттердің Ақтауда қол қойғанын талқылайды.

"Шолушылардың көбі Мәскеу Ақтау конвенциясының қозғаушы күші болғанын айтады", - деп жазады мақала авторы Нәубет Бисенов. Оның пікірінше, Кремльге ең алдымен "әскери фактор" ықпал еткен – "Орталық Азия мен АҚШ қарым-қатынасының жақсарғанына" алаңдайды.

Мәселен, былтыр көктемде қазақстандық порттардың АҚШ пайдаланатын әскери емес жүкті Ауғанстанға және одан кері тасу транзиттік бағытына ресми қосылғаны Ресейге "ұнамай қалған". Каспий бойынша қол қойылған келісімде теңізге "әскери статус" беріп, үш мемлекеттің әскери флоты болмайтынына кепілдік берілді.

"Мәскеу мен Вашингтон арқанды өз жағына тартып жатқанда, Пекин Қазақстанды басқа бағытқа сүйрейді", - деп жазады Nikkei Asian Review. Қазақстан Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасындағы маңызды бөлік, ол туралы Қытай басшысы Си Цзиньпин де, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та талай рет мәлімдеген.

Каспийдегі Ақтау портында. Қазақстан, 15 тамыз 2018 жыл.
Каспийдегі Ақтау портында. Қазақстан, 15 тамыз 2018 жыл.

Бағыттың қымбаттығына қарамастан, Каспий арқылы өтетін жол "Пекин үшін өте тартымды" дейді автор. "Оны дамыту үшін үш мемлекет – Қазақстан, Әзербайжан және Грузиямен келісу керек (Ресейді айналып өтіп). Соның арқасында Қытай ұзақ мерзімді жоспарын сәтті жүзеге асырады", - делінген мақалада.

Әзірге "АҚШ-пен қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған" Қытай мен Ресей өзара тіл табысып отыр. Қытай қарулы күштері Таяу Шығыс пен Сібірде қыркүйектің 11-інде басталатын Ресейдегі ең ірі оқу-жаттығу шараларына қатыспақ. Қазіргі сәтте Пекин мен Мәскеу Каспий мәселесі бойынша келісіп отырған тәрізді. "Егер Қытай Қазақстанды өз жағына қатты тартса ("Бір белдеу - бір жол" бастамасымен) Ресеймен қарым-қатынасына сызат түсуі мүмкін", - деп жазады журнал.

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

20 ғасырдың басында британдық географ Хэлфорд Джон Маккиндер Еуразияның "орталық бөлігін", әсіресе, Орталық Азияны бақылауға алған мемлекет аймақтар мен әлемді басқару әлуетіне ие деген болатын. "Өзгермелі жаһандық әлемде Еуразия кіндігіне талас тағы ушықты".

"Қазақстан көп нәрседен ұтады, бірақ мүдделері әртүрлі үш мықтының арасында тепе-теңдікті табамын деп жүріп, қиындыққа тап болуы да мүмкін", - деп жазады Nikkei. Журналда қазақстандық саясаттанушы Жұмабек Сарабековтың пікірі берілген, оның айтуынша, Қазақстанның позициясы "барлық елмен дос болу". Дегенмен ол бұндай дипломатиялық әдісті ұстанудың "қиындап бара жатқанын, тіпті қымбатқа түсе бастағанын" мойындаған.

ҚЫТАЙДЫҢ АЙМАҚТАҒЫ ӘСКЕРИ МҮДДЕСІ

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде "Неліктен әскери топ-шенеунік Орталық Азияға барды" деген мақалада Қытайдың Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Сюй Цилянның Орталық Азияға барған сапары туралы жазыпты. Мақала авторының айтуынша, Пекин аймақтағы қауіпсіздік саласына қызығушылығын күшейткен.

ШЫҰ елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Қырғызстан, қыркүйек, 2016 жыл.
ШЫҰ елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Қырғызстан, қыркүйек, 2016 жыл.

Оның алдында Қытай президенті Си Цзиньпин Орталық Азия елдері президенттерімен кездескенде мемлекеттер арасындағы "бауырластық қарым-қатынасты" айрықша атап өтіп, терроризм, сепаратизм және діни экстремизмге қарсы күрес туралы айтқан.

Қыркүйектің 4-і күні Сюй Цилян Қазақстан Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесті, бұдан соң Тәжікстанға аттанды. Кездесу кезінде жақсы көрші болып қалудың маңызы айтылып, "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасына тоқталған. "Сюйдің Тәжікстанда үш күн болуы бекер емес. Қытай мен Тәжікстан Ауғанстан ғана емес, Шыңжаң жақтан да шекараласады", - дейді Diplomat.

ПАРА АЛУҒА ҚАТЫСТЫ ENRC ІСІ

Америкалық Bloomberg сайтындағы "Жемқорлық үшін күдікті болғандар Лондонда негізгі апелляцияда жеңіске жетті" деген мақалада қазақстандық ENRC компаниясы (оның артында миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов тұр) мен оның бұрынғы заңгерлері (Dechert ірі адвокаттық фирмасының заңгерлері) арасындағы сот ісі туралы жазған. ENRC бұрын ішкі тергеуге тартқан фирма сотта кен өндіру компаниясының пара беріп, алаяқтыққа барғаны туралы дәлелі бар екенін айтқан еді, ал ENRC ол айыпты жоққа шығарған.

"Британия апелляциялық соты қазақстандық кен өндіру компаниясын құжаттарды прокурорға беруге міндеттейтін шешімнің күшін жойды. Компаниялардың алаяқтық пен парақорлық бойынша істерін басқаруға көмектесетін заң кеңсесі айқын жеңіске жетті", - дейді Bloomberg.

"Ақ жағалыларға қатысты қылмыс" саласында жұмыс істейтін адвокаттардың көбі асыға күткен бұл шешім Ұлыбританиядағы адвокаттар мен клиенттер арасындағы құпия ақпаратты қорғау тәжірибесін АҚШ-қа жақындатып, үлгі көрсетті. "Заңгерлердің көбі сот шешімін мақұлдағанымен, жемқорлық пен парақорлықты әшкерелеу саласында істейтін, қоғамдық мүддені қорғау топтары бұндай шешім "компаниялардың қылмысын жасыруына ықпал ететінін айтты" дейді Bloomberg.

Британиялық Financial Times газеті "Кен өндіруші ENRC құпия ақпаратқа қатысты істе апелляцияда жеңді" деген мақалада Ұлыбританияның Алаяқтық жөніндегі ірі агенттігі (Serious Fraud Office – SFO) 2013 жылы Dechert фирмасының алаяқтық, парақорлық және жемқорлыққа қатысты ішкі тергеуінен соң ENRC-дің Қазақстан мен Африкадағы қызметін зерттеуге кіріскенін жазған.

"Сот Dechert тергеуі құпия ақпарат ретінде қорғалмайтынын анықтады, оған көптеген заңгерлер таң қалды. Ал апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, ішкі тергеу кезінде ENRC әзірлеген құжаттардың қорғалғанын мойындады", - деп жазады Financial Times.

ГОЛОВКИННІҢ АЛДАҒЫ ЖЕКПЕ-ЖЕГІ ЖӘНЕ ҚОНАҚБАЕВТЫ AIBA ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҰСЫНУ

Үндістандық Business Standard газеті 1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Қазақстан парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Серік Қонақбаевтың Әуесқой бокс халықаралық қауымдастығының (AIBA) президенті лауазымына ұсынылғаны туралы жазған. 2014 жылдан бері Қонақбаев AIBA вице-президенті болып келеді.

Бұл туралы Insidethegames.biz сайты да "Бокстан азиялық конфедерация төрағасы Қонақбаев AIBA президенті лауазымына ұсынылды" деген мақалада айтыпты.

Қосымша ақпарат сұраған Азаттыққа AIBA президент қызметіне үміткерлер өтініші қыркүйектің 23-іне дейін қабылданатынын айтты. Бұдан соң этиканы тексеру процесі басталады, содан соң AIBA бекітілген талаптарға сай ресми кандидаттар тізімін атайды. Бұл қазанның 3-і күні болады.

Серік Қонақбаевты ұсыну туралы жаңалық Джакартадағы Азия жазғы ойындары аяқталған соң пайда болды, бұл ойын алтын медаль саны жағынан Қазақстан үшін ең нашары болды. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кейін баспасөзге берген сұхбатында "есеңгіреп тұрғанын", "басшылыққа ең алдымен халықаралық қауымдастыққа тез кірігу керектігі туралы ескерткенін" айтты.

Геннадий Головкин (оң жақта) мен Сауль Альварестің алғашқы жекпе-жегі. Лас-Вегас, 16 қыркүйек 2017 жыл.
Геннадий Головкин (оң жақта) мен Сауль Альварестің алғашқы жекпе-жегі. Лас-Вегас, 16 қыркүйек 2017 жыл.

Британиялық Express газеті қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің мексикалық Сауль Альвареспен алдағы сенбіде Лас-Вегаста өтетін жекпе-жегі туралы жазған. Матч алдында Головкин "Альвареске қорқынышты үндеу жолдады" деп жазады Express. Баспасөз конференциясы кезінде Головкин Альваресті "өзі және командасы жасаған барлық жаман іс-әрекеті үшін жазалауға" уәде беріпті. Қазақстандықтың Альвареспен бірінші кездесуі "қайшылықты итжығыспен" аяқталған, бірақ көрермендер мен кәсіби мамандар арасында "Головкин жеңіске қажеттінің бәрін жасады" деген ортақ пікір бар" деп жазады Express.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG