Accessibility links

"Масылдар", "тиімсіз жұмыс", орыс тілінің мәртебесі. Тоқаевтың үшінші жолдауы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жолдауын жариялап тұр. 1 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жолдауын жариялап тұр. 1 қыркүйек 2021 жыл.

Мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсаған шенеунік оған жауап бермейді; Ұлттық қорды "кеміріп" жатқан билік халықтың "масыл" бөлігін сөгеді; қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, ресми тіл мәртебесі бар орыс тілін қолдануға "бөгет жасалмауы тиіс". Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында тағы не айтты?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы қызметке келгелі бергі үшінші жолдауын 1 қыркүйекте жаңа сессиясына жиналған парламенттің жалпы отырысында жариялады. Мемлекет басшысының кезекті жолдауы коронавирус пандемиясы салдарынан экономика дағдарысқа ұшырап, Қазақстанның сырт елдерге сататын тауарының негізгі бөлігін құрайтын шикізат бағасы арзандап, инфляция кейінгі төрт жылда рекордты деңгейге жетіп (шілденің қорытындысы бойынша жылдық көрсеткіш 8,4 пайыз болған), елдің көп аймағы қуаңшылық зардабын тартып жатқан тұста жасалды.

"БАНКИРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСПЕЙМІЗ". НАЗАРБАЕВТЫҢ СӨЗІН ТОҚАЕВ ҚАЙТАЛАДЫ

Президент ел экономикасының көптеген саласында мемлекеттің әлі де үстем жағдайда болуы "бәсекелестікті тежеп, жемқорлық пен заңсыз лоббиге" ықпал ететінін айтты. "Ұлттық компания шығынға батса, ол үшін басшысы жауап беруі керек" деп санайды Тоқаев.

– Қазақстан мемлекеттік қарызы төмен және айтарлықтай резерві болуының арқасында пандемия салдарын біршама табысты еңсеріп отыр. Бұл біздің бәсекелестік артықшылығымыз және одан айрылып қалмауымыз маңызды. Бірақ кейінгі кезде міндеттемені орындауға жұмсалатын шығынды жабуға Ұлттық қор трансферті, бюджет дефицитін ұлғайту тенденциясы пайда болды. Үнемі осылай жүре алмаймыз. Қаржы қоры шексіз емес, – деді Тоқаев.

Ол мемлекеттік шығындарды бақылау үшін үкімет пен Ұлттық банкке биылғы жылдың аяғына дейін мемлекеттік активтерді, мемлекеттік қарыз бен Ұлттық қорды басқару жөніндегі ережелер жинағын әзірлеуді тапсырды.

– Стресті активтер деңгейін төмендету жұмыстарының маңызы зор. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек деген шешім қабылдадық. Сондай-ақ бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажет, бірақ мұны нарық негізіне сүйеніп қана жасау керек. Ол үшін заң базасы қажет. Үкімет қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге жыл аяғына дейін парламентке заң жобасын енгізуі қажет, – деді Тоқаев.

Маужыраған шенеунік, айтылмаған жарылыс. Тоқаев жолдауын қысқаша шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Қазақстанда екінші деңгейлі банктер мемлекеттен бірнеше рет жәрдем ақша алған. 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде коммерциялық банктерге бюджеттен 10 миллиард доллар шамасында көмек берілген. Осыдан кейін Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (елді совет кезінен 2019 жылғы наурызға дейін басқарды) жекеменшік банктерге мемлекет ақшасын беруді тиімсіз деп атап, ондайды тоқтату қажетін айтқан. Бірақ 2017 жылы Назарбаевтың тұсында мемлекет екінші деңгейлі банктерге тағы 10 миллиард доллар бөлген. Үкіметтің бұл саясатын сынағандар мемлекет қаржысы жоғарғы билікте отырғандарға жақын саналатын коммерциялық банктерге берілгенін айтқан.

Былтыр пандемия басталған кезде Қазақстан Ұлттық қордан республика бюджетіне алты трлн теңге (13 млрд доллардан астам) аударған, бірақ әуелде 2,6 трлн теңге алуды жоспарлаған болатын. Бұған қоса ел тарихында алғаш рет бюджет тапшылығын жабуға сырт жақтан қарыз алынды. Азия даму банкі мен Азияның инфрақұрылым инвестициялары банкі Қазақстанға 1,5 млрд еуродан астам несие берді.

Биыл маусым айында Есеп комтитеті 2020 жылы Қазақстан үкіметі шикізат сатудан түскен қаржы жиналатын Ұлттық қорға түскен кірістің 96 пайызын жұмсағанын хабарлаған еді. Қордан алынған қаржы бюджет бағдарламаларын орындауға жұмсалған.

Тоқаевтың биылғы жолдауында "экономиканы диверсификациялау жалғасуы тиіс" деген сөзі де Назарбаевтың тұсында биліктің сан мәрте қайталаған мәлімдемесін еске түсірді. Сарапшылар Қазақстан экономикасы мемлекет тәуелсіздігін жариялаған отыз жылда шикізат экспортына тәуелді күйінен арылмай келе жатқанын айтады.

Тоқаев Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарында ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден (шамамен 100 доллар) 60 мың теңгеге дейін өседі деп мәлімдеді. Сонымен бірге ол "әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын" адамдар барын айтып, "масылдықты" сөкті.

– Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек, – деді Тоқаев.

Оның бұл сөзі де бұған дейін елде атаулы көмек алатын әлеуметтік жағдайы осал жандардың саны жүздеген мың адамға артып кеткен соң, бұрынғы президент Назарбаев пен Тоқаевтың өзінің "масылдыққа бейімдер" туралы айтқанын еске түсірді. Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы ақпанда астаналық көп балалы отбасындағы бес баланың қазасы түрткі болған жаппай наразылықтан кейін Қазақстан үкіметі енгізген.

Тоқаев биылғы жолдауында елдегі дағдарысқа қарсы шаралар көлемі 6,3 трлн теңге болғанын, соның нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасқанын да айтты. Инфляция деңгейі өсіп кеткенін, ол жайлы сөз болғанда "әлемдік тенденцияға" сілтей беретін Ұлттық банк басшылығын сынады.

– Мұндай сылтаулар ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Ондай болса, кәсіби экономистеріміздің рөлі неде? Ұлттық банк пен үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз аралығына қайтару, – деді ол.

"МИНИСТР АУЫССА, САЛАНЫҢ САЯСАТЫ ҚОСА ӨЗГЕРЕДІ"

Тоқаев дағдарыспен күреске арналған 6,3 трлн теңге ақшаның кей салаларға, әсіресе ауылдағы шағын жобаларға жетпегеніне де назар аударып, ол мақсатқа микроқаржы ұйымдарының әлеуетін пайдалану қажетін айтты.

Президент ауыл шаруашылығындағы субсидиялау ісі тиімді жүргізіліп жатқан жоқ деп санайды. Бұған дейін үкіметтің ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлу ісін шаруалар да сынаған.

– Кейінгі бес жылда субсидиялауға 2 триллионнан (теңге) астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты. Бұған жол беруге болмайды, – деді Тоқаев.

Бұған қоса ол елдің "аграрлық саясатында сабақтастық жоғын" да сынға алды.

– Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі, – деді президент.

Тоқаевтың сөзінше, қазіргі кезде агроөнеркәсіп кешен қолданып жүрген технологияның шамамен 90 пайызы ескірген.

– Ауа райының қолсайсыздығы мал шаруашылығында күрделі проблемалар барын көрсетті. Жедел шара қабылданып, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуал реттелді. Алайда осы салада әлі де жүйелі жұмыс керек. Жем-шөп дайындауға қажет жер көлемін кеңейтіп, егіс алқабына жылда әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейту керек, – деді ол.

Бүгінгі жолдауында президент егіс алқаптарымен жұмыста ғарыштан мониторинг жасау және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен пайдалану керегін де айтты.

Биыл жазда Қазақстанның бірқатар аймағында қуаңшылық кезінде азық жетпей, едәуір мал қырылған. Шілде айында Тоқаев ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынап, министр Сапархан Омаровты қызметінен босатқан.

"АУДАН ӘКІМІН САЙЛАУДЫҢ ПИЛОТ ЖОБАСЫ"

Тоқаев жолдауында 2024 жылы Қазақстанда аудан әкімдерін сайлаудың пилот жобасы енгізілітінін айтты.

– Саяси реформалар жалғасады. Мемлекеттімізді одан әрі нығайту үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы, – деді ол.

Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанда бұған дейін ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі өз тиімділігін көрсеткен.

– Бұл шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан көбінің мүддесін қозғайды. Біздің бағытымыз дұрыс. 2024 жылы азаматтар аудан әкімдерін ең болмағанда пилоттық режимде сайлауға мүмкіндік алады, – деді Тоқаев.

Ол Қазақстанда кейінгі екі жылда "елеулі саяси өзгерістер жасалды" деп мәлімдеді.

– Алдын ала хабарлау арқылы бейбіт жиын өткізуге мүмкіндік беретін заң қабылданды, саяси партиялардың мәжіліске өту межесі 5 пайызға дейін төмендетілді, сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген пункт қосылды. Осы және басқа да қадамдар қоғамда белсене қолдау тапты. Бұл бастамалар демократияны нығайтып, саяси жүйеміздің сапасын арттырады, азаматтарды мемлекетті басқару ісіне араластыруға оң ықпал етеді, – деді Тоқаев.

Сарапшылар Тоқаев жетістік ретінде атаған өзгерістердің болмашы екенін айтады. Олардың сөзінше, бейбіт жиындар туралы заң қабылданғанымен митинг өткізу үшін әлі де билік рұқсаты керек. Құқық қорғаушылар партия құру талаптарына өзгеріс енгізілгенімен, көп шектеулердің сақталғанына назар аударады.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстанда билікке пікірін ашық айтқан адамдар қудаланып, істі болатынын, елде саяси тұтқындар көп екенін мәлімдеген. Олар Ақорданы бейбіт митингіге шыққандарды қудаламауға шақырған.

"РЕСМИ МӘРТЕБЕСІ БАР ОРЫС ТІЛІН ҚОЛДАНУҒА БӨГЕТ ЖАСАЛМАУЫ ТИІС"

Сәрсенбі күнгі жолдауында Қазақстан президенті Тоқаев қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі туралы да айтты.

– Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, – деді Тоқаев.

Осыдан кейін президент сөзін орыс тілінде жалғастырып:

– Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңымыз бойынша, оның қолданысын шектеуге болмайды, – деді.

Іле-шала қайтадан қазақ тіліне көшіп: "Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін меңгерсе, еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасатпен қарауымыз қажет" деді.

Тоқаев тіл мәртебесі туралы сөзінің алдында пікір плюрализмі туралы айтып, радикализмге жол берілмейтінін, ондай әрекет жауапқа тартуға әкелетінін айтқан.

– Ұлтаралық қарым-қатынасты үйлесімді дамыту мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болды, бола береді де. Біз пікір әралуандығын қолдаймыз, бірақ сөйте тұра радикализмнің кез келген формасын қатаң түрде тыйып отырамыз... Адамды тіліне ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз, – деді ол.

Тоқаевтың бұл сөзі Қазақстанда тіл мәселесі қызу талқыланып жатқан тұста айтылды. Оған Ресейдегі бірқатар басылымның "Қазақстандағы орыстардың тілге байланысты қысым көріп жатқаны" туралы хабары түрткі болды. Ресейде парламент сайлауы жақындаған тұста Орталық Азия елдерінде "орыстар қысым көретіні" жайлы риторика жиі айтыла бастады. Орыс басылымдары "Til Maydani онлайн партиясы" YouTube арнасының авторы, азаматтық белсенді Қуат Ахметовтың қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуін "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, дауға Қазақстан тарапынан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев араласты. Лауазымды шенеунік белсенділердің бұл жұмысын "жабайы ұлтшылдық" деп атады. Қуат Ахметов үстінен "алауыздық тудыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған соң, президент Тоқаев үшінші жолдауын жариялар қарсаңда елден кетіп қалғаны мәлім болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG