Accessibility links

Тоқаев АЭС жайлы референдум өтетін күнді атады


Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.
Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.

Қазақстанда биыл 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Бұл туралы дүйсенбі күні парламент мінберінен халыққа дәстүрлі жолдауын жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бұған қоса ол жаңа салық кодексі, қаржы жүйесі, әкім сайлауы және тағы басқа мәселелерді айтты.

2 қыркүйекте Қазақстан астанасында парламенттің жаңа сессиясы ашылды. Парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" деген тақырыппен халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді.

Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатқанын айтып, бұл "азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім" деді.

"Күн өткен сайын экономикамызға мол энергия қажет болып жатыр. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады", – деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазіргі кезде әлемнің дамыған және дамушы 30 елінде жиынтығы "200-ге жуық" атом электр станциясы барын айтқан президент, "бұл қуат көзі ел экономикасының ұлғайып бара жатқан қажетін елеулі дәрежеде өтейді" деді.

БИЛІКТІҢ АЭС ЖАЙЛЫ БАСТАМАСЫ

Билік АЭС тақырыбына референдум өткізілетінін айтып жүргені қазір ғана емес. Қоғамда қарама-қайшы пікір тудыраған бұл мәселе 1990 жылдардың аяғынан бері айтылып келеді. Кейінгі кездері бұл тақырыпқа сөз қозғалғанда шенеуніктер Қазақстан АЭС отыны ретінде пайдаланылатын уран өндіру жөнінен әлемде көшбасшы ел екенін жиі алға тартады. Бұған қоса олар Қазақстанның қазіргі көлемде өндіретін электр қуаты 2030 жылға қарай аздық ететініне назар аударады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген 2019 жылы Мәскеуге барғаннан кейін— шетелге шыққан бірінші сапарынан соң Қазақстанда АЭС құрылысын салу мәселесі жиі қозғалатын болды. Сол жолы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша атом электр станциясын салуды ұсынған еді. Арада екі жыл өткенде, Көкшетауда өткен өңіраралық әріптестік форумында Путин Ресей Қазақстанға АЭС құрылысын салып, оны пайдалануға атсалысуға және қолдауға әзір екенін айтты.

27 тамызда үкімет республикалық референдум өткізу туралы жарлық жобасын мақұлдаған. Тоқаев бұған дейін референдум қазақстандықтардың АЭС салуды жақтайтынын не оған қарсы екенін анықтауға мүмкіндік береді деген еді.

"Еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, біз болашақ туралы ойлануымыз керек. Сондықтан мен АЭС құрылысы мәселесінде стратегиялық сипаттағы жоспарларды қоғам талқысынан кең көлемді талқылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдау қажеттігін үнемі айтып келе жатырмын", — деді 2 қыркүйекте Тоқаев.

Ел үшін маңызы бар әрбір қадамды "халықтың қолдауына" сүйеніп жасау қажет деді президент.

"АЭС бойынша референдумге қатысты да солай болуы керек. Оны өткізу туралы былтыр да айтқам. Яғни бұл мәселе қоғамның күн тәртібінде бір жылдан бері тұр. Бұл азаматтардың саралы шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп есептеймін. Осыған байланысты үкіметтің ұсынысын қолдаймын. АЭС құрылысы мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдум биыл 6 қазанда өтеді", — деп мәлімдеді дүйсенбі күні парламент мінберінен Тоқаев. Ол тиісті жарлыққа сол күні қол қоятынын хабарлады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізу жоспарын әзірлеп жатыр деп хабарлады.

2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС салу тақырыбына қоғам талқысы ұйымдастырылып өткізілді. Үкімет сарапшылары ядролық энергия көмірмен жұмыс істейтін станциялармен салыстырғанда таза қуаты көзі деп мәлімдеген.

Қоғамда АЭС салуға қарсылар мұндай жоба тым қымбатқа түсетінін, оған шетелдік технологиялар қажет болатынын айтып жүр. Бұл кейін Қазақстанды АЭС салған шет мемлекетке кіріптар етіп қоюы мүмкін деп ескертеді.

2023 жылы Алматы облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салу тақырыбына қоғам талқысы өткен. Бұл ауыл АЭС құрылысы салынуы ықтимал негізгі орын саналады.

Совет Одағы тұсында 40 жыл бойы - 1949 жылдан 1989 жылға дейін Қазақстан аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонында жүздеген жарылыс жасалды, полигонға жақын тұратын тұрғын халық әлі күнге оның зардабын тартып келе жатыр.

1986 жылы Совет Одағындағы Чернобыль атом электр станиясында болған апат салдарын жоюға Қазақстаннан мыңдаған адам қатысты, олардың басым көпшілігінің денсаулығына нұқсан келді.

ТОҚАЕВТЫҢ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНЫ"

Билік басына келгеннен бері жасаған жетінші жолдауында президент Тоқаев Қазақстан халқы қазір "мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқанын" айтты.

"Кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді" деп мәлімдеді президент.

"Әділетті Қазақстан құрылып жатыр" деген Тоқаев мұның бәрі ең алдымен "халықтың қалауымен жасалып жатқанын", елдегі проблемалардың көбі жылдар бойы қордаланғанын айтты.

Президент биылғы жолдауында қоғам бірлігін бірнеше рет сөзге қосты.

"Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес", – деді ол.

Әйткенмен, "жекелеген арандатулар ара-тұра кездесетін" де айтты. "Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі" деді Тоқаев.

Бұған қоса ол "бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді" деп мәлімдеді.

"Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай "фобия" бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз", — деді Тоқаев. Алайда Қазақстан президенті нақты кімдерді меңзеп отырғанын ашып айтқан жоқ.

"САЯСИ РЕФОРМА – БІР РЕТТІК НАУҚАН ЕМЕС"

Дүйсенбіде жариялаған жолдауында Тоқаев "мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек" деп мәлімдеді.

Ол елде "пікір білдіру еркіндігі ауқымды түрде кеңейіп, азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігік беретін жағдай жасалғанын" айтты.

Мемлекет басшысы елде әкімдерді төте сайлау енгізілгеніне тоқталды. "Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды" деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, 2021 жылдан бері елдегі ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы, яғни 2,5 мыңға жуық ауыл әкімі сайланған.

"Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды" деді Тоқаев.

– Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді, — деп мәлімдеді президент.

"Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру" деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға "қатаң тосқауыл" қойып, дереу жолын кесуге міндетті. "Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс" деді Тоқаев.

"ӨТКЕНГЕ КІНӘ АРТА БЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК"

Биылғы жолдауында Қазақстан президенті "үнемі өткенмен өмір сүрмеуге, бұрынғы өткендерден кінә іздей бермеуге" шақырды. Алайда ол өткен кезеңдегі нақты нені меңзегенін ашып айтпады.

"Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет", — деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "капиталды заңдастыру" жайлы да айтты. Оның шарты — қаржыны міндетті түрде Қазақстан экономикасына салу қажет болады деді ол.

"Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет" деді Тоқаев.

Президент тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді "заңсыз" деп танымау туралы норма бекітілгені жөн деді.

"Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз" деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, әлгіндей адамдар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. "Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың "алтын тізіміне" жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады", — деді Тоқаев.

Президент елге банктер туралы жаңа заң қажет деді. Тоқаевтың айтуынша, ол заңда экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты көкейкесті мәселелер шешімін табуы керек.

Президент республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын бұрынғы және қазіргі үкімет жұмысындағы үлкен олқылық деп атады. Ол мұндай жағдай жиі қайталанса, Қазақстанның дамуын тежейді деді.

  • Биылғы жолдауында президент елде ұсталған, үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталып, түрмеге қамалған оппозициялық белсенділер туралы ештеңе айтпады.
  • Қазақстанда бұған дейін жалпыхалықтық референдум 2022 жылы өткен. Оның қорытындысы бойынша, Конституцияның 30-дан астам бабына, яғни негізгі заңның үштен бір бөлігіне өзгертулер енгізілді. Ол референдум 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өткізілді. Қаңтар қырғыны халықтың жаппай наразылығы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, әскери адамдар жұртқа оқ атқан, тәуелсіз ел тарихындағы ең үлкен қантөгіске әкелген оқиға ретінде тарихта қалды. Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан ығыстырып, ол қызметті өзіне алған. Биылғы жолдауында Тоқаев Қаңтар оқиғасы жөнінде де, өзіне дейін отыз жылға жуық ел басқарған адам жайлы да ләм-мим деген жоқ.
  • Қазақстанда АЭС салуға қолайлы орын ретінде Алматы облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылы аталып жүр. Ол жерде әрқайсының қуаты 1200-1400 мегаватт болатын екі реактор салынуы мүмкін деген болжам айтылып келеді. Ресми ақпарат бойынша, болашақ реакторларды салуға Ресейдің, Францияның, Қытайдың және Оңтүстік Кореяның компаниялары мүдделі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG