ЕКІ ЖЫЛДАҒЫ ЕКІНШІ САПАР
Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі екі жылда Францияға осымен екінші рет барды. Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы қарашада кезектен тыс өткен сайлауда президент болып қайта сайланған соң Тоқаев Еуропаға алғашқы сапарын Франциядан бастаған. Ол сапардан өзгешелігі – бұл жолы Қазақстан президенті Францияға мемлекеттік сапармен алғаш рет барып отыр.
Сейсенбі күні ол Елисей сарайында Франция президенті Эмманюэль Макрон келіссөз жүргізеді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Осы сапары кезінде Тоқаев сауда-экономикалық, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейтін жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді, іскер топтардың өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған.
Бұған қоса, осы сапар кезінде биыл желтоқсан айында Сауд Арабиясында өтетін One Water Summit халықаралық жиынына дайындық жайы сөз болады. Су ресурстарын басқару жөніндегі бұл саммит Қазақстан мен Францияның бастамасымен өткелі отыр.
ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛУ
Қазақстан президенті Парижге барар қарсаңда француздың екі ғасырға жуық тарихы бар "Le Figaro" басылымы Тоқаевтың мақаласын жариялады. "Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серігі" деп аталатын мақалада автор Қазақстан жаһандық мәселелерде, соның ішінде энергия қауіпсіздігі мен климатқа қатысты саясатта ықпалды роль атқаратын Франциямен байланысын нығайтуға күш салып жатқанын атап өткен.
Француз газеті Қазақстан президентінің мақаласына алғысөзінде "Тоқаев Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдағаннан кейін француз атом өнеркәсібін қолдауы мүмкін екенін айтып отыр" деп жазған. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанда АЭС мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтіп, дауыс берген халықтың 71 пайыздан астамы елде АЭС салуды мақұлдаған.
Тоқаев "табиғи уран өндіруден әлемде алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан француздың атом өнеркәсібінің сенімді серіктесі статусында қалуға ықыласты" екенін айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанның АЭС салу ниеті Франциямен серіктестіктің мүмкіндіктеріне жол ашпақ.
"Франция президенті Эмманюэль Макрон 2023 жылы қарашада Астанаға келген кезде екі елдің сирек металдар, жаңғыртылатын энергия көздері, атом қуатын азаматтық мақсатқа пайдалану сияқты салалардағы әріптестікті дамытуға деген өзара мүддесі біздің стратегиялық серіктестігімізді кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жақында өткен жалпыұлттық референдумның оң нәтижесі болашақтағы өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалайды. Сонымен бірге бұл ғаламдық энергетика қауіпсіздігін нығайтуға септеседі" деген Тоқаев.
Халықаралық француз радиосы (RFI) Елисей сарайындағы дереккөзіне сілтеп, Макрон мен Тоқаев кездесуінде "АЭС мәселесі сөзсіз талқыланбақ" деп хабарлады. Бұған дейін Қазақстан тарабы елде алғашқы АЭС құрылысын салуға Қытай, Оңтүстік Корея, Ресеймен бірге Франция да ынталы деп мәлімдеген. 6 қазанда референдумға дауыс бергенде президент Тоқаевтың "АЭС құрылысын ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет" деп айтқаны бар.
RFI былтыр қарашада Франция президенті Макронның Астанаға сапарында онымен бірге француздың EDF мемлекеттік энергия компаниясының басшысы да барғанын еске салған. Әйткенмен осы жолғы сапар аясында "бұл тақырыпқа қатысты қандай да бір келісімге қол қою қарастырылмаған" деген RFI дереккөзі.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ТАҚЫРЫБЫ
Le Figaro газетіндегі мақаласында әлемдегі шиеленісті мәселелер жайлы сөз қозғағанда "сақ дипломат Тоқаев Украинадағы соғысты атамай, бұлыңғыр тіркес қолдануды жөн көрді" деп жазды халықаралық француз радиосы (RFI).
Қазақстан президентінің пікірінше, "әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар дағдарысқа ұшырап, тығырыққа тірелген қазіргі заманда ірі державалардан бөлек орта державалардың маңызы артып келеді". Ол Қазақстан орта держава ретінде дипломатиялық миссиясын орындап, бірқатар кикілжіңге қатысушы тараптарға, атап айтқанда Әзербайжан мен Армения арасындағы жанжалды реттеуге, Сирияда бейбітшілік орнату жайында келіссөздер, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша көпжақты талқылау өткізуге келісім алаңын ұсынғанын мысалға келтірген.
"Бұл сөзінде Қазақстан болашақта қазір агрессия зардабын тартып жатқан Украина мен соғысты бастаған Ресей арасында бейбітшілік келіссөзін өткізетін "алаң" ұсынады деген емеурін бар ма? Мақалада нақты айтылмаған" деп жазды RFI.
Биыл қарашаның аяғында Қазақстанға "мыңдаған шақырымға созылған ортақ шекарасы бар" көрші мемлекет – Ресейдің президенті Владимир Путин сапармен келмек. Сондықтан Тоқаев осыны ескеруге мәжбүр, әйткенмен халықаралық құқық ережесін (мысалы, БҰҰ хартиясы) сақтау мәселесінде ешбір елдің егемендігі мен жерінің тұтастығына қол сұғуға болмайды деп білетін Францияға "ұқсас ұстанымда" деген RFI дереккөзі.
2022 жылы маусымда Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді. Биыл Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын тоқтатып, бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік барын айтып, Қытай мен Бразилияның бітімгершілік жоспары "қолдауға тұрарлық" деп мәлімдеген. Бразилия-Қытай бейбіт жоспары бойынша, Мәскеу басып алған Украина аумағының бір бөлігі Ресейде қалады. Киев оған келіспейтінін айтқан.
ПІКІРЛЕР