Accessibility links

Нұр-Сұлтан нотасына реакция және Қытай елшісінің "агрессияшыл сарыны"


Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Халықаралық басылымдар Қазақстанның қытай интернет-сайтында жарық көрген қазақ жеріне қатысты мақалаға орай Пекинге қарсылық нотасын жібергені туралы жазды. Ізінше сұхбат берген Қытайдың Қазақстандағы елшісі кейбір басылымдардың "түймедейді түйедей қылып" отырғанын айтты. Америкадағы Foreign Policy журналы бүкіл әлемдегі қытай дипломаттарының “агрессияшыл сарынға” көше бастағанын жазып, мұның астарына үңілді.

ЖЕР ТУРАЛЫ МАҚАЛАҒА БАЙЛАНЫСТЫ НАРАЗЫЛЫҚ НОТАСЫ

Британдық Reuters агенттігінің “Қазақстан мақалаға наразылық ретінде Қытай елшісін шақырды” атты материалында 14 сәуірде Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нұрышевтің Қытай елшісі Чжан Сяоға қытайдың онлайн ресурсында жарық көрген жарияланымға байланысты наразылық білдіргені туралы хабарланған. Даулы мақалада “Қазақстан Қытайдың құрамына қосылуға ниетті” дегендей ой айтылады. Сейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада бұл жарияланымның былтыр екі ел президенттері қол қойған “мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына қайшы келетіні” көрсетілген. Сыртқы істер ведомствосы Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Қытай сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жібергенін хабарлады.


Қытайдың ірі интернет-платформасы Sohu.com-да 8 сәуірде жарық көрген “Қазақстан неге Қытайға қайтып оралуды көксейді?” деген жарияланым тарихқа өзінше талдау жасап, қазақ руларының көбі “қытай императорына адал болуға ант берген” деген пікір айтады. Сонымен бірге онда Қазақстан тарихи тұрғыда Қытайдың бір бөлшегі болған делінеді. Жарияланым авторы қытайлар жеріне көп рет басып кірсе де, қазақтар “бұған бәлендей наразылық білдірмеген” деп жазады. Наразылық нотасы жіберілген соң әлгі жарияланым ашылмай қалды.

“[Қытай] елішісін шақыру – ерекше қадам, себебі көршілес елдер әдетте бір-бірін сынамайды”, деп жазған Reuters Қытайдың табиғат ресурстарына бай Қазақстанның экономикасына қыруар қаржы салып жатқан ірі инвестор екенін еске салады. Нұр-Сұлтан қытай тауарын өз жері арқылы Еуропаға тасымалдаудан пайда көріп отыр деп жазады агенттік.

Алпауыт көршісіне экономикалық тұрғыда тәуелді болып отырған Қазақстан Қытайдың Шыңжаңдағы қазақ этносы өкілдеріне қатысты саясатына сын айтпай, тек “Қазақстан азаматтығы бар не оған өтініш берген адамдарды босатуға ғана күш салып келген”.

Видео: "Бәрі жалған". Қытай елшісі Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді? (27 қараша 2019 жыл).

"Бәрі жалған". Қытай елшісі Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

Халықаралық ұйымдар Пекиннің Шыңжаңдағы Ислам дінін ұстанатын жергілікті түркітілдес халыққа (ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа этнос өкілдері) қатысты саясатын сынап келеді. 2017 жылдан бері Қытайдың солтүстік-батысындағы бұл аймақтағы құқық қорғаушылар “саяси қайта үйрету лагерлері” деп ат қойған жабық мекемелерде БҰҰ-ның мәліметі бойынша миллионнан астам мұсылман қамауда отыр. Қытай бұл пікірді жоққа шығарып, Шыңжаңда экстремизм және терроризммен күресіп жатырмыз дейді.

<

ҚЫТАЙ ЕЛШІСІНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕҢЕСІ

Қазақстан дипломатиялық нота бергеннен үш күн өткенде Қытай Коммунистік партиясына қарасты “Жэнминь Жибао” басылымының халықаралық тақырыптарға жазатын қосымшасы саналатын Global Times газеті елші Чжан Сяоның материалын жариялады. Онда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесуді “әншейін, әдеттегі кездесу” деп сипаттаған. Қазақстан жағының айтуынша, ол кездесуде жоғарыда айтылған мақалаға қатысты ресми наразылық білдірілген болатын.

Кездесу “еркін, достық рәуіште өтті” деген Чжан Сяо кейбір ақпарат құралдарын “түймедейді түйедей етіп көрсетіп”, “әсірелейтін сөздерді қолданды” деп айыптаған. Елшінің айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимаратында өткен кездесуде Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас, соның ішінде Пекиннің коронавируспен күресте көрші елге көрсеткен көмегі туралы әңгіме қозғалған, ал Нұрышев тек қытай сайтында шыққан мақаланы “еске салып”, Пекин сол жарияланымның кесірінен болған “жағымсыз ықпалға қатысты шара қолданады деп үміттенетінін” жеткізген.

Қытай басшысы Си Цзиньпин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Елшінің айтуынша, Батыстың кейбір басылымдары мұны Қазақстан жағы ұйымдастырған “наразылық” ретінде көрсеткен. “Кез келген тәжірибелі дипломат біледі: тек екі елдің қарым-қатынасы ауыр дағдарысқа ұшырап, бірінші тарап екінші тараптың басты мүдделеріне үлкен нұқсан келтіргенде ғана наразылық көрсетуге болады”, деп жазды Global Times. Бұл оқиғаға Қытай-Қазақстан қарым-қатынасына мүлде әсер ете алмайтын” “болмашы эпизод” деп қарау керек дейді Чжан Сяо.

Қытай сайтында шыққан екіұшты мақала жайында пікірін айтқан елші “ол Қытай үкіметінің бұл мәселеге қатысты пікіріне қайшы келіп қана қоймайды, сонымен бірге екі ел арасындағы қарым-қатынасты конструктивті түрде әрі қарай дамытып, өзара сенімді нығайту мақсатына қайшы келеді” деді.

Қытай елшісінің айтуынша, Нұрышевпен әңгіме барысында ол “екі ел жастарының тарихқа көзқарасы дұрыс қалыптасып, екі халық арасындағы тұрақты достық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырсын десек, тарих жайлы кітаптардың мазмұнына көбірек көңіл бөлу керек” деп қос тарапқа да кеңес берген.

ҚЫТАЙДЫҢ АГРЕССИЯШЫЛ ДИПЛОМАТИЯСЫ?

Америкада шығатын Foreign Policy журналында жарық көрген “Қытай елшіліктері неге агрессияшыл дипломатияға көшті?” деп аталған мақалада соңғы кездері Қытайдың бірнеше дипломатиялық өкілдігінде болған оқиғалар талданады.

“Елшіліктері агрессияшыл сарынға көшіп, <...> Интернетте жалған ақпарат таратып жатқан шақта Қытай дипломатиялық өрттерді сөндіруге тырысып отыр” деп жазады Foreign Policy.

Интернеттегі “Францияның қарттар үйлеріндегі қызметкерлер өз міндеттерін орындамайды” деген “жалған ақпарат” тарағаны үшін сейсенбіде Франция Парижде Қытай елшісін шақырды.

Ланкиялық бір адамның сөзіне “дипломатиялық емес” тілмен жауап хабарлама берілгені үшін Қытайдың Шри-Ланкадағы елшілігінің Twitter-дегі аккануты өшірілді.

“Қытайдағы Sohu.com интернет-платформасы Қазақстанның жеріне қатысты реваншистік көзқарастағы материал жариялаған соң әдетте Қытайға жарамсақтануға тырысып бағатын Қазақстан да Нұр-Сұлтандағы Қытай елшісін шақырды” деп жазады Foreign Policy.

Африканың он шақты елі Гуандун қаласында негізінен Нигериядан келген жүздеген африкалықты үйлерінен шығарып жібергеніне наразылық білдірді. Оларға дүкен, мейрамханаға баруға да тыйым салынған. Foreign Policy-дің жазуына қарағанда, “Қытайда нәсілшілдік кең тараған, ал соңғы кездері тіпті өршіп тұр”. Қытай алдымен қандай да бір нәсілдік дискриминацияның бар екенін жоққа шығарған, дегенмен кейіннен “бітістіруге аздап әрекет жасап жатқан сыңай танытты” деп жазады басылым.

Журналдың болжамы бойынша, Қытай дипломаттарының комментарийлері “агрессияшыл модельге” ұқсайды, Пекиннің әрекеті “басқа әлемді хаосқа батқандар деп сипаттап, коронавирустың өршуіне өзге елдерді кінәлау” мақсатын көздейді.

Foreign Policy шолушысы “Қытай бастықтың рөлін ойнайды” деп санайды. Мақала авторларының болжамы бойынша, “Қытай елшіліктерінің агрессияшыл сарыны – жоғарыдан берілген тапсырма болуы мүмкін”, дегенмен “кейбір қызметкерлер басқа дипломаттардың мансабының өсуіне жол ашуы мүмкін деп ойлап, осы әдісті қолдануы” әбден ықтимал. Мәселен, Twitter-де троллинг жасаумен әйгілі болған Чжао Лицзянь қаңтар айында Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды, ал дәл сол тәсілді қолданған Оңтүстік Африка Республикасындағы елші Линь Сутянь жақында “Қытайдың шетелдермен достығының халықтық қауымдастығының” басшысы қызметіне барды.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі де әлеуметтік желіде эмоциялық посттар жариялап тұрады. Чжан Сяо Қытайдың дамуына, оның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасының жақсаруына АҚШ кедергі келтіреді дегенді жиі айтады.

Өткен айда ол АҚШ мемлекеттік департаментінің Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайға “Ерлігі үшін” (Annual International Women of Courage) сыйлығын бергенін “арсыз арандату” деп атады. Шыңжаңдағы “саяси қайта үйрету лагерлері” туралы әлемде алғаш болып дабыл қаққандардың бірі – Сайрагүл Сауытбай болатын.

“Агрессияшыл стиль төраға Си Цзиньпинге де ұнайтын сияқты” деп қорытады Foreign Policy.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG