Accessibility links

Қаржы саласындағы "жүйесіздік" және "тамырынан ажыраған" Қазақстан оппозициясы


Тәуелсіздік монументіне гүл қойған белсенді Жанболат Мамай және Демократиялық партия құруды көздейтін бастамашыл топ өкілдері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік монументіне гүл қойған белсенді Жанболат Мамай және Демократиялық партия құруды көздейтін бастамашыл топ өкілдері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Осы аптада шетел ақпарат құралдары Қазақстанда жүйелі оппозицияның пайда болу мүмкіндігі, Жамбыл облысындағы ұлтаралық жанжалдың себептері, миллиардтап құйылған қаржыға қарамастан, банк саласының «ретсіз» ахуалы туралы жазды.

Азия-Тынық мұхиты аймағы туралы жазатын Diplomat халықаралық онлайн-журналының бас редакторы Кэтрин Путц «Қазақстан оппозицияны тамырынан жойып жатыр ма? Оппозициялық топтардың тар жол тайғақ кешуі» атты мақаласында Қазақстанда ақпанның 22-сі күні митинг қарсаңындағы жағдайды сипаттайды.

Бұл күні екі саяси топ – Жанболат Мамай бастаған "Демократиялық партияны" құру идеясын қолдаушылар мен шетелде тұратын бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы митинг өткізуді жоспарлаған еді.

Путц – Демпартия мен оның ақпанның 22-сі күні өтеді деп жоспарланып, болмай қалған құрылтай сьезіне жиналған адамдарға назар аударады. Автор олардың ішінде бастамашыл топ басшысы, журналист, «2017 жылы ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған, бірақ жақтастарының айтуынша, Қазақстан үкіметін сынағаны үшін саяси себеппен жауапкершілікке тартылған» Жанболат Мамайға жеке тоқталған.

"Демпартия" құрылтай орнына "митингіге" шықпақ:

"Демпартия" құрылтай орнына "митингіге" шықпақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

Топтың тағы бір мүшесі Талғат Аянның сөзіне сілтеме жасаған журналист дерегінше, съезге аймақтан шамамен 30 адам қатыспақ болған. Демпартияны «жаңадан құрыла бастаған оппозициялық топ» деп атаған Путц ұйымға мүше азаматтардың «билікке бұрыннан қарсыласып келе жатқанына» назар аударып, съезге жолға шыққан белсенділер тура теміржол вокзалында тұтқындалғанын, билік тарапынан өзге де кедергілер жасалғанын айтады. Талғат Аянның пікіріне сілтеме жасаған автор «билік қысымының салдарынан 10 адам жоспарынан бас тартқан» деп жазған.

«[Кез келген] оппозициялық қозғалыстың ресми тіркеуден өтуге мүмкіндігі жоқ», - дейді Қазақстан заңдарында көрсетілген талаптарға тоқталған Путц.

Автор «Қазақстанның Демократиялық партиясы құрылтай съезіне 30 адам жиналмақ болған кездің өзінде биліктің қарсылығына ұшырады. Қазір 30 адам жинауға мүмкіндігі болмаған партия 40 мың мүшеге қалай қол жеткізеді?» деген заңды сұрақ қояды.

Путц 22 ақпанды «қиын дата» деп бағалап, бұл күні «Нұр-Сұлтанда ерекше жеккөрініш сезімін туғызатын» Мұхтар Әблязов қазақстандықтарды «тыйым салынған партиясының туы астында» митингіге шығуға шақырған. Автор «20 белсенді ұсталып, олардың көбіне митингіге жібермеу үшін қысқамерзімді жаза берілген» деп жазды.

Путц мақала соңында «Әблязовпен байланысты дүниенің бәрі Қазақстан билігінің ашу-ызасын туғызады. Ал Жанболат Мамайдың «Қазақстанның демократиялық таңдауына» еш қатысы жоқ партиялық конгресі осы ашудың құрбаны болғанға ұқсайды. Елдегі жағдай Қазақстанда оппозицияның кез келген түрін ұйымдастыру қиын екенін, ал билік оларға оңай кедергі жасай алатынын тағы да дәлелдеді» деген қорытынды жасайды.

«АҚЫЛҒА ҚОНБАЙТЫН ЖАНЖАЛ»

Le Point француз журналы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалға тоқталған. Репортажда «Ақпанның 7-сіне қараған түні жүздеген қазақ Алматыдан 130 километр қашықтықта орналасқан, дүнгендер көп тұратын Масанчи ауылына шабуыл жасаған. Бұл қанды қақтығыс көпұлтты өңірдегі жасырын шиеленісті жарыққа шығарды» деп жазылған.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

Автор дүнгендердің 19 ғасырда Орталық Азиядағы Қазақстан мен Қырғызстанның қазіргі территориясына қоныс аудару тарихына тоқталып, ислам дінін ұстанып, қытай мен парсы тілінің қосындысы саналатын диалектіде сөйлейтін халыққа аймақтағы өмір «Қытай империясынан қашуға мәжбүрлеген репрессиямен салыстырғанда тыныш көрінгенін» айтады. Журнал дерегінше, қазір Қытайда «аталған этникалық топтың екі миллионға жуық өкілі – Қытайдың батысында (Шыңжаңда – ред.) мұсылман халықтарына қарсы ұйымдастырылған репрессия құрбанына айналған».

Le Point авторының пікірінше, «Қырғызстанда да Қазақстандағыдай сияқты кейбір азамат дүнгендерге қатысты теріс көзқарасы барын жасырмай, оларды Қытаймен ортақ мәдени және лингвистикалық мұрасын пайдаланып, өзіне тиімді саудамен айналысады деп кінәлайды».

Журнал 2013 жылы Қытаймен шекара бекетінде жүргізуші дүнгендер мен қырғыздар арасында болған төбелесті және 2000-жылдардың басында Қырғызстанда ауыл тұрғындары (қырғыздар) дүнгендердің үйін өртегенін еске салған.

Le Point Масанчи тақырыбына оралып, қантөгіске осыдан бұрын болған тұрмыстық жанжал себеп болғанын, шабуылға «әлеуметтік желілер мен мессенжерлердегі күш қолдануға шақырған хабарламалар әсер еткенін жазады. Автор «мессенжерлерде кең тараған дүнгендер күнделікті өмірде қазақ тілінде емес, дүнген не орыс тілінде сөйлейді» деген пікірді мысалға келтіреді.

Репортажға сәйкес, Масанчиде «шабуыл іздері толық жойылмаған, бірақ елдегі ұлтаралық келісіммен мақтанатын Қазақстан билігі (сыртқы істер министрлігінің дерегінше, елде жүзден астам ұлт бейбітшілікте өмір сүріп жатыр) бәрін бұрынғы қалпына қайтаруға тырысып жатыр». Le Point ауылда «реніш пен ашу-ыза сақталып отыр» деп жазады.

Ағылшынтілді Eurasianet сайтында саясаттанушы, ұлттық қауіпсіздік, авторитаризм, дін және саясат мәселелері бойынша сарапшы Ребекка Фрадкин «Қазақстан этникалық келісімге қандай қауіп төндіріп отыр?» деген тақырыпта пікірін бөліскен. Фрадкин Масанчидегі оқиғаға қарап, «елдегі әлсіз тұстары көп ұлтаралық келісімге Қазақстан билігінің ислам мәселесін қалай шешіп отырғаны зардабын тигізген болуы мүмкін» деп топшылайды.

Сарапшы «Қазақстан билігі елдегі тыныштық пен толеранттылықты алға тартып, мақтанғанды жақсы көреді. Бірақ соңғы жылдары болған ұлтаралық жанжалдар, оның ішінде осы айда дүнгендерге жасалған шабуыл биліктің бұл мәлімдемесіне күмән туғызады» деген пікір айтты. Фрадкиннің пікірінше, Совет одағы тарағаннан кейін режим «этникалық әртүрлілік сияқты ортақ құндылықтар негізінде азаматтық ұлттық ерекшелік қалыптастырды». Фрадкин соңғы ұлтаралық жанжалды «Нұр-Сұлтанның этностар мен дінге қатысты саясатының өзгеруімен» байланыстырып зерттеу керегін, өйткені билік «қазақтың ұлттық ерекшелігіне мән бере бастағанын» айтады.

Фрадкиннің пікірінше, режим елде кең таралған ислам дінімен байланысты оппозиция құрылмауы үшін дін қызметін бақылауда ұстауға тырысады. Сарапшы Қазақстан билігі бақылау жүргізу мақсатында діни еркіндікті шектеп, «құпталатын діни сипат шекарасынан шыққандарды экстремистерге жатқызады деп есептейді. Саясаттанушының сөзінше, осыған қарамастан экстремизм шет мемлекеттің ықпалымен келеді деген түсінік қалыптасқан.

Фрадкиннің айтуынша, «қазақстандық ұлт құру идеясында басты назар қазақ ұлтына аударылып отыр». Сарапшы осы тұста этникалық азшылық өкілдері жиі баратын мешіттерде имамдар әдетте басқа этнос өкілдері, көбіне қазақтар болатынын, бұл жасырын наразылық туғызатынын мысалға келтірді. Фрадкин 2012 жылдан бері мешіттердегі жұма намазы тек қазақ тілінде өтетінін айтады. «2015 жылы кей мешіттерде дұғаны орыс тілінде оқу туралы өтініш беру мүмкіндігі пайда болды. Бірақ басқа тілдердің атынан берілген өтініштер мақұлданған жоқ», - дейді саясаттанушы.

Фрадкин осы және өзге мысалдар негізінде Қазақстан билігінің діни саясаты этникалық ерекшелік тұрғысынан «ойланбай жасалған» деген қорытындыға келген. «Қазақстан бағытын өзгертіп, сөзі мен ісінде көпұлттылыққа қайта мән бермесе, қазақтар мен дүнгендер арасында болған соңғы оқиға сияқты жанжалдар жиілеуі мүмкін», - дейді сарапшы.

«ЕМДЕЛМЕЙТІН БАНКТЕР»

Bloomberg агенттігінің мақаласы «Ондаған жылға жалғасқан күш-жігер мен мемлекет салған 18 миллиард қаржыдан кейін де Қазақстанның банк секторындағы бейберекетсіздік тыйылған жоқ» деп басталады.

Мақалада S&P Global Ratings рейтинг агенттінің өкілі Аннетта Эсстің «Қазақстанның банк жүйесінде кең таралған пара алу көп проблемалық займның жиналып қалуына әкеп соқты» деген пікірі бар.

Bloomberg 2018 жылы «несие берудің әділетсіз әдістері жүйелі сипатқа ие және кең таралған күйде қалып отыр» деп мойындаған Қазақстан Ұлттық банкінің мәлімдемесіне сілтеме жасаған.

Bloomberg агенттігі «елдегі ескі банктердің бірі» ЦентрКредиттің жағдайын талдап, ондағы қиындықтарды елдегі қаржы жүйесінің «үлгісі» деп көрсетеді.

ЦентрКредит банкі 2017 жылы мемлекеттен 60 миллиард теңге алған, ал 2018 жылы S&P Global Ratings банкке қатысты негативті болжам жасаған. Bloomberg «мемлекеттік көмек алғанына бір жыл толмай тұрып ЦентрКредит банкі директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітовтың қатысуымен болған ықтимал әділетсіз қаржыландыру ісі бойынша қаржы министрлігі экономикалық қылмыстар департаментінің тергеуіне ілінді» деп жазады.

Bloomberg банкті өзіне мұнай компаниясын сатып алуға алты миллион доллар несие бермес бұрын, дәл осы көлемде екінші несие алып, оны «Байсейітов таңдаған» екі компанияға беруге мәжбүрледі деп кінәлаған кәсіпкер Бекжан Құлбаевпен байланысты істің жай-жапсарын түсіндірген. ЦентрКредит бұл айыптауды жоққа шығарған.

Құлбаевтың «Фламма» мұнай компаниясына өткен жылдың желтоқсан айында ЦентрКредит банкінен төлем уақытын кешіктіруге байланысты қарызды графиктен бұрын төлеуді ескерткен хабарлама келген. Bloomberg Құлбаевтың «банк несиені төлеуге кедергі жасап, активтерімді тартып алу үшін осы жағдайды қолдан ұйымдастырды» деген мәлімдемесін берген.

Агенттік дерегінше, әуелі Ұлттық банк пен Ішкі істер министрлігі зерттеу жүргізуден бас тартқан. «Өз құзыретін асыра пайдалану» бабы бойынша іс бас прокуратура араласқаннан кейін бір-ақ қозғалған. Bloomberg істің барысы туралы ақпарат ала алмаған.

Құлбаев ЦентрКредиттен алған алты миллион доллар ақшаны Mangystau Oil Resources (4,8 миллион доллар) және TP Energy (1,2 миллион доллар) компанияларына «қызмет көрсету және құрал-жабдық жеткізу үшін” берген. Агенттік «Бұл компаниялар ЦентрКредит директорлар кеңесінің төрағасы Байсейітовпен және банк басқармасының басқа да мүшелерімен байланысы барын жоққа шығарды» деп жазған. Bloomberg дерегінше, Mangystau Oil Resources компаниясы ақша алардан үш апта бұрын ғана құрылған.

Bloomberg мақаласын «Осы айда Ұлттық банк Қазақстан банктеріндегі жеке займдардың сапасы туралы қорытындысын жариялайды. Қандай қорытынды жасалса да, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен айда «экономиканы жандандыру үшін терең әрі радикалды реформалардың бір бөлігі ретінде қазақстандық банктердің жұмысын жақсарту керек. Әйтпесе мұның салдары қиын болады» деген сөзін есте ұстау қажет» деп түйіндейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG