Accessibility links

"Қазақстандық клептократқа шашылған миллиондар". Халықаралық БАҚ "Қазақгейтті" еске салды


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

Осы апта Батыс басылымдары жемқорлық төңірегіндегі “Қазақгейт” дау-дамайын еске салып, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барып бұл істі жауып тастауға тырысқаны туралы жазды. Трамп әкімшілігі заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін талқылап жатқан кезде дәл осы мақала шыққан. Бұл өзгерістерді журналистер “клептократтарға жасалған сыйлық” деп атады. Шетел баспасөзі сонымен бірге, Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан қазақтардың ісі бойынша өткен сот процестері туралы жазды. Ақпарат құралдары “бұл істер Нұр-Сұлтанның бас ауруына айналды” деп санайды.

"ТРАМПТЫҢ КЛЕПТОКРАТТАРҒА СЫЙЫ". "ҚАЗАҚГЕЙТТІҢ” НЕ ҚАТЫСЫ БАР?"

Америкада шығатын New Republic журналында жарық көрген “Дональд Трамптың клептократтарға Рождествода жасаған сыйы” деп аталған мақалада АҚШ президенті әкімшілігінің елдегі ірі мұнай компанияларының шетел үкіметтеріне жасаған төлемдерін міндетті түрде жариялау туралы заң талабын өзгерту жоспарын сынға алған.

Мақалада айтылғандай, осы заң бойынша ең көп әңгіме болған іс – “Қазақгейт” дауы. Бұл жемқорлық іс бойынша мұнай алпауыттары көмірсутегі кеніштерін игеруге мүмкіндік алу үшін Қазақстанның жоғары басшылығына ақша төлеген. Материалда АҚШ әкімшілігінің жаңа саясаты “бүкіл әлемдегі клептократтар мен алаяқтарды қуантуы мүмкін” делінеді. Ақ үй “Шетелдегі жемқорлық” заңының “1504 бөліміндегі” кей талаптарды алып тастауды ұсынып отыр.

“Осыдан жиырма жылдай бұрын Қазақстанның сол кездегі диктаторы Нұрсұлтан Назарбаев Джордж Буш тұсында Ақ үйге келіп бас ұрып, келісімшарт жасасуға тырысты. Постсоветтік адуынды адам мұнда бір проблемаға кезікті: АҚШ әділет министрлігі Назарбаевты парақор деп айыптады”, – деп жазады New Republic. Отыз жылға жуық ел басқарған Назарбаев 2019 жылдың наурызында өкілетінен бас тартқан. Дегенмен, ол қолында биліктің елеулі бөлігін сақтап қалып, мемлекеттік аппаратқа бақылау жасап отыр.

АҚШ құқық қорғау органдары сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевты мұнай компанияларына қысым жасады деп айыптаған. Қысымның салдарынан мұнай компаниялары “Қазақстанның басты клептократына ондаған миллион доллар төлеген”.

Ақша “Швейцариядағы банктер арқылы келген, ал заңсыз түрде алынған ақшаға Назарбаев қармен жүретін көлік, тон және жүйрік катерлер алған. Осы заттарымен қолға түскен Назарбаев президент Буш пен оның әкімшілігінің адамдары осы даудан басын арашалауға көмектескенін қалаған деп жазады New Republic.

Назарбаевқа тағылған айып “оның Батысқа бет бұрған демократияшыл тұлға ретіндегі” имиджін қалыптастыруына кедергі келтірген. Назарбаев пен оның уәкілдері кіші Джордж Бушқа қайта-қайта келіп, істі тоқтату туралы пәрмен беруін сұраған деп жазады басылым.

Америкалық журналдың жазуынша, Назарбаев өз адамдарын АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейниге жіберген, ал ол болса, британдық Financial Times газетінің дерегіне қарағанда, “жақсы адвокат жалдаңдар” деп оларды қол қусырып шығарып салған-мыс. New York Times газетінің жазуынша, Назарбаев Буштың өзіне қайырылғанда, ол АҚШ президенті әкімшілігінің бұл тергеуге араласа алмайтынын айтқан.

Ақыр соңы “Қазақгейт” ісі құрдымға кетті, ал АҚШ-тың заң шығарушылары мұнай компанияларының шетелдік үкіметтерге жіберген төлемдері туралы ақпаратты жариялауын талап ететін жаңа талап енгізді.

“Ол күндер артта қалды. Кульминациясы АҚШ президентіне үшінші рет импичмент жариялауға алып келген соңғы оқиғалар Дональд Трамп пен оның идеологиялық одақтастарының шетелдегі жемқорлықпен күресте Буштың жолымен жүруге құлықты емес екенін дәлелдеді”, – деп жазады мақала авторы.

Заңға енгізу ұсынылып жатқан жаңа өзгерістер бойынша, компаниялардың белгілі бір ақпаратты құпия түрде беруіне, ал кейбіреуіне қатысты ақпаратты мүлде жарияламауына рұқсат береді. Бұл әу баста көзделген ашықтық пен жариялылық принципіне қайшы келеді.

Дональд Трамп (оң жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.
Дональд Трамп (оң жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

“Назарбаев Трамптың билікке келгенін күтіп отырған болса, оның Ақ үйді үгіттеген әрекеттері жемісін берер еді, сөйтіп ол заңсыз жолмен тапқан ақшаға келген қар көліктері мен жүрдек катерлерінің қызығын көріп жата берген болар еді. “Әр нәрсенің өз уақыты бар” деген – осы” деп қорытады New Republic.

Азаттық бұдан бұрын жазғанындай, 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі деп таныстырылған америкалық Джеймс Гиффен айыптаушылармен келісім жасаған соң “Қазақгейт” ісі жабылған. Ол салық бойынша аздап құқық бұзғанын және кішігірім пара бергенін мойындап, бостандыққа шықты. АҚШ пен Қазақстан Швейцарияда тұтқындалған миллиондаған доллар қаржыны қайырымдылыққа жұмсау туралы ұйғарымға келді, сөйтіп тез арада “Бота” қоры құрылып, әлеуметтік жобаларды қаржыландырды.

ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАНДАРДЫҢ СОТЫ ЖӘНЕ “ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН” НҰР-СҰЛТАН

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты Қытайдан қашып, шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталған қазақтар Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының Шығыс Қазақстанда өткен сот процесі туралы жазды. Олар Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдеріне жасалған зорлық-зомбылық туралы айтып, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген соң, көп ұзамай 14 қазанда қамауға алынған. Қорғаушыларының айтуынша, ұсталғандарды Қытайға қайтарса, оларды өлім жазасына кесуі ықтимал.

“Бір мезетте Пекинмен де жақсы қарым-қатынасты сақтап, екінші жағынан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымға наразы белсенділерді сабасына түсіруге күш салған Нұр-Сұлтанның қиын жағдайда қалғаны – бір бұл емес”, – деп жазады Eurasianet.org.

Мақалада Азаттық радиосы да талай сөз еткен шыңжаңдық қазақтар Сайрагүл Сауытбай, Қайша Ақан және Тілек Тәбәрікұлы туралы да сөз болған. “Жаңа оқиғалар Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа қауіп туғызады, осы жайттардың кесірінен жұрттың белсене түсуі Қазақстан режимінің бас ауруына айналып отыр”, – деп жазады вебсайт.

Шыңжаң қазағы Қастер Мұсаханұлы. ШҚО, Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.
Шыңжаң қазағы Қастер Мұсаханұлы. ШҚО, Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Жаркент пен Зайсанда жаңа сот процестері жүріп жатқанда Шыңжаңда аз ұлт өкілдеріне қысым жасалды деп алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан “Атажұрт еріктілері” ұйымының басшысы Серікжан Біләштің жүріп-тұруына қойылған шектеудің мерзімі бітті. Былтыр оның “араздықты қоздырды” деген айыппен тұтқындалуы ауызбіршілігі жоқ оппозициялық топтардың жұмылуына септігін тигізген.

Тамызда Біләш кінәсін мойындау туралы келісімге келіп, қамаудан босаған соң халықтың екпіні басылды. Оның қоғамдық ұйымды басқаруына тыйым салынған, дегенмен ол Eurasianet.org сайтына берген сұхбатында “көп әділетсіздікті” байқап отырғанын айтып, “Атажұрт еріктілерінің” қатардағы мүшесі ретінде күресін жалғастыратынын айтқан.

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген “Қазақ дилеммасы: Пекин лагерьде қамауда болғандарды депортациялауға қол жеткізіп жатыр деген дерек бар” деп аталған мақалада шыңжаңдық Гүлзира Әуелхан туралы айтқан. “Еркін Азия радиосына” (RFA) берген сұхбатында 2017 жылы Шыңжаңда тұтқындалып, “қайта тәрбиелеу” лагерінен босап шыққан соң Қазақстанға кеткен әйел Қытайға депортациялану қаупі төніп тұрғанын айтқан. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардағы дереккөздер оған Қытайға депортациялану қаупі төніп тұрғанын жеткізген. Бірақ Гүлзира ол дереккөздің кім екенін айтудан бас тартқан.

Әуелханның бұл үрейі Нұр-Сұлтанның Пекинмен арадағы қарым-қатынасты реттеп, Шыңжаңнан қашқан қазақтар мәселесін қалай шешіп жатқаны туралы жалпы дискурспен ұштасып жатыр деп жазады Diplomat.

Бұл мақалада да Қазақстан шекарасынан заңсыз өткенін мойындаған шыңжаңдық қазақ әйелі – Сайрагүл Сауытбайдың жайы баяндалады. Оның сотта сөйлеген сөздері ұйғырлар, қазақтар және Ислам дінін ұстанатын өзге де азшылық топ өкілдеріне арнап ашылған “қайта тәрбиелеу лагерьлері” туралы біраз мағлұмат берді.

Ол кезде Қытай басшылығы мұндай мекемелердің бар екенін мүлде жоққа шығарып келген. Кейіннен олар экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мақсатында ашылған “білім беру орталықтарының” жұмыс істеп тұрғанын мойындауға мәжбүр болды. Қазақстан соты Сайрагүлді депортациялаудан бас тартты, дегенмен ол Қазақстаннан саяси баспана ала алмады. Ол 2019 жылдың маусым айында Швецияға қоныс аударып, “лагерьлер” туралы Батыс журналистеріне көбірек айтып берді.

“Осы тақылеттес соңғы оқиғаларға қарасақ, Қазақстан басшылығының Шыңжаңдағы “лагерьлерден” және Қытай басшылығынан қашып, шекарадан заңсыз өткендер бойынша екіұшты саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді”, – деп жазады Diplomat. Басылымның жазуынша, желтоқсанның соңында Жаркент соты 2018 жылғы мамырда шекарадан өткен Қайша Ақанды алты ай шартты мерзімге соттап, оның Қазақстанда қалуына мүмкіндік берген.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханның жайын сөз еткен басылым желтоқсанның басында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі басшысының орынбасары Дархан Ділмановтың “олар депортацияланады” дегенін келтіреді. Кейін айыпталушылардың адвокаттары мен белсенділер адамды депортациялау туралы шешімді Шекара қызметі емес, сот шығарады деп қарсылық білдірген соң Ділманов “журналистер сөзімді дұрыс түсінбеген” деп ақталды.

Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге, соның ішінде босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы Конвенцияға сәйкес, саяси баспана сұраған адамдарды елден күштеп шығаруға болмайды. “Нұр-Сұлтанның стратегиясы Пекинді көп ашуландырмау және ел ішінде жұрттың назарын ушығып тұрған шекарадан аулақ алып кету деген өзара қайшыласқан екі мүддеге негізделсе керек. Алайда, біріншісін қанағаттандыру екіншісінің шамына тиюі мүмкін”, – деп жазады Diplomat.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG