Accessibility links

Қамалғандар жайлы билік пен белсенділер не дейді?


Полиция адамдардың бірін ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Полиция адамдардың бірін ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 23-і күні Алматы қаласында әкімшілік жазаға тартылғандар қамауда отыратын Лобачевский көшесіндегі арнайы мекемеге бір топ адам барды. Олар "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп қамалған жақындарына тамақ әкелген.

Тамақ әкелгендердің бірі Ирина Качусованың айтуынша, қамауда отырған інісі Андрей Пахотновты қыркүйектің 19-ына кешке көшеден ұстап әкеткен.

- Інім күні бойы әке-шешесінің қасында болып, үш жасар баласымен үйге қайтып келе жатқанда «полиция бөлімінде сөйлесіп, қайта жібереміз» деп әкеткен. Баласын әйеліне тастап кетуге мұрсат беріпті. Ертеңіне кешке 15 тәулікке қамады, - дейді ол.

Ирина Качусованың сөзінше, Андрей Пахотнов биыл екінші рет әкімшілік жазаға тартылып отыр. 9 маусымда да рұқсат етілмеген жиынға шығып, жазаланған. Ал бұл жолы "4 және 10 қыркүйекте Мұхтар Жәкішев пен Оксана Шевчукті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шықты" деген айыппен қыркүйектің 20-сы күні сотталған.

Ирина Качусова түнгі ауысыммен жұмыс істейтін, кәмелетке толмаған екі баласы бар інісінің жұмыстан шығып қалу қаупі бар деп уайымдайды.

Қамауда отырғандарға тамақ әкелген белсенді Құрал Сейітханұлының сөзінше, қамауға алынғандардың көпшілігі - 21 қыркүйектен бұрын ұсталып, жауапқа тартылғандар.

- Қазір осы жерде қыркүйектің 21-іне дейін 10-15 тәулікке қамалған 7 адам отыр. Ал қыркүйектің 21-не белсенділер Бақдәулет Әлімжанов пен Руслан Иллахуновты полицияға әкеткен болатын. Олар үйіне қайта оралмаған, қайда екені белгісіз. Егер босатылмаса, онда қамаудағылардың жалпы саны 9 адам болады, - дейді ол.

Бейбіт митингі: Биліктің позициясы һәм елдегі жағдай

Бейбіт митинг: Биліктің позициясы һәм елдегі жағдай
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Қыркүйектің 21-іне Қазақстанның 7-8 қаласында жүзге полиция адамдарды ұсталған. Ұсталғандар арасында Қазақстанның саяси жүйесіне наразылық білдіргендер, "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткендер және "Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына қарсымыз" деп үндеу көтергендер байқалған.

Қазақстан билігі ұсталғандардың көбі "прокуратураның ескертуіне қарамастан, заңсыз митингіге шыққанын" айтады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, сенбіде жүзге жуық адам ұсталып, оның тоғызы қамауға алынған, алтауына айыппұл салынған.

Фотогалерея: Полиция адамдарды қалай ұстады?

Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, 2009 жылы шетелге кеткен қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов халықты 21 қыркүйекте жаппай наразылыққа шығуға шақырған. Қазақстан бас прокуратурасы "рұқсатсыз митингіге қатысу заңсыз" екенін, оған қатысқан азаматтардың "жазаланатынын" ескерткен.

23 қыркүйекте Әблязов "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында "Билік бізге жарнама жасап көмектесіп жатыр. Көшелерді, алаңдарды жабады және арнайы жасақ пен органдарды көшеге шығарады. Осы арқылы бізге көмектесіп жатыр. Сол үшін алғыс айтқым келеді. Бұған дейін өткен митингілерде екі рет интернетті бұғаттады. Қазір бүкіл ел ҚДТ туралы біледі" деді.

19 қыркүйекте Варшадава өтіп жатқан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жиынында Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Азамат Сарғазин "елде бейбіт митингі өткізуге мүмкіндік бар" деп мәлімдеген.

"Қазақстан азаматтары бейбіт жиын өткізу құқықтарын жиі қолданады. Соңғы бес жылда елде 750-ден астам шара өтіп, оған 25 мыңнан астам адам қатысты. Бұған қоса, қарсылық шараларының 86 пайызы жергілікті биліктен рұқсат алмай-ақ өтті. Митингіге қатысқандардың тек үш пайызы ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапқа тарту тек кейбір жағдайларда болды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар ғана жауапқа тартылды. Қазақстанда жиын өткізу халықаралық нормаларға, яғни Адам құқығы жөніндегі жалпы декларация мен азаматтық және саяси құқық бойынша халықаралық пактіге сай келеді. Қазіргі уақытта бейбіт жиын өткізу және ұйымдастыру заңын жетілдіру жағын қарастырып жатырмыз" деді ол Польшадағы жиында.

Биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет митингі туралы жаңа заң әзірлеу жоспары жайлы мәлімдеген. Президент қыркүйектің басында халыққа алғашқы жолдауында "Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деген болатын.

1995 жылы қабылданған "Қазақстанда бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заң бойынша қандай да бір наразылық шарасына өткізгісі келетіндер жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Рұқсатсыз жиындар "заңсыз" деп танылып, оған қатысқандар әкімшілік жауапқа тартылады.

Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның жиын туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қыркүйектің басындағы алғашқы отырысында азаматтардың саяси құқығына қатысы бар бес заңды өзгерту жөнінде белсенділер ұсыныс жасаған.

Қазақстанда жиын туралы заңды өзгерту жөнінде құқыққорғауылар мен белсенділер бұрын да бірнеше рет көтеріп, жаңа жоба да ұсынғанымен, қабылданбаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG