Accessibility links

"Саяси шабуыл". Қоғамдық ұйымдар сайлау алдында қысым күшейгенін айтады


Ерсін Құдияров "Сайлау" жобасына қатысушыларға арналған тренинг кезінде. Семей, 26 қараша 2020 жыл.
Ерсін Құдияров "Сайлау" жобасына қатысушыларға арналған тренинг кезінде. Семей, 26 қараша 2020 жыл.

Келер жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына дайындалып жатқан бақылаушылар қысымға тап болғанын мәлімдеді. Олар өздерін қаралайтын мақалалар, жалған хабарламалар мен телефон әңгімелері таратылғанын, ал қазір салық органдары шүйлігіп жатқанын айтады.

"Бұлтаза саяси қысым". Қоғамдық ұйымдар сайлау алдында қысымға ұшырап отырғанын айтады

10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына дайындалып жүрген бақылаушылар өздеріне қарсы жеке басын қаралайтын мақалалар жарияланып, хабарламалар мен телефон әңгімелері қолдан жасалып, салық органдары қысым көрсетіп жатқанын айтады.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қорымен бірлесіп алдағы сайлауға бақылаушылар дайындайтын жаттықтырушыларды оқытуға арналған "Сайлау" білім беру жобасын қолға алған. Жобаға "Сорос Қазақстан" қорының қолдау көрсетіп отыр. "Еркіндік қанаты" қорының директоры Елена Швецова ұйымға қарсы шабуыл жиілегенін айтады.

– Көктемнің соңында, жаздың басынан бері [қысым] күшейді. Әлеуметтік желілерде қатты қысым жасалып, қордың беделіне нұқсан келтіретін мақалалар мен бейнероликтер жарияланды. "Еркіндік қанаты" мен "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" туралы жазып, бізді "арандатушылықпен айналысып отыр" деп айыптап, жалған видеолар таратқан. Біз Қырғызстанға барып, сайлауды бақылау қалай өтетінін көріп келгеннен кейін үлкен мақала шықты, – дейді Швецова.

Елена Швецованың сөзінше, өздеріне қарсы шаралар белгілі бір схема бойынша іске асырылған: қор қызметін сынағандар видеоны Youtube-ке жүктеп, кейін қазақстандық Yvision блог-платформасына мақала жариялаған. Кейінірек бұл материалды әлеуметтік желіде таратқан. Блог-платформаға қарсы сотқа дейінгі талап шағым берген соң, авторлар аталған материалды терістеген. Бақылаушылар 2019 жылғы президент сайлауының алдында да осыған ұқсас қысым жасалғанын айтады.

Бақылаушыларымызға барып, тренингтерінің шырқын бұзып, оларға алдын-ала телефон шалып, бақылау учаскелеріне келмеуін ескерткен.

– Бақылаушыларымызға барып, тренингтерінің шырқын бұзып, оларға алдын-ала телефон шалып, бақылау учаскелеріне келмеуін ескерткен. Оған дейін де қысым болған, бірақ кезектен тыс президент сайлауы өткен күні бақылаушыларды сайлау учаскесінен алып кетіп, аудандық полиция бөлімшесіне апарды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскесінен кетпейінше дауыс санауды бастаған жоқ. Кей учаскеде жарықты өшіріп тастады, – дейді ол.

"Еркіндік қанаты" қоры директоры қазіргі қысымды басқа елдердегі саяси жағдаймен байланыстырады.

– Беларусь пен Қырғызстанда не болып жатқанын көріп отырмыз. Сірә, олар біздің қызметімізді шектесе, ондай наразылық болмайды деп ойлайтын болса керек. Бірақ [бақылаушылар дайындайтын] ұйымдардың ешқайсысы адамдарды көшеге алып шығып, митинг ұйымдастыруды жоспарламағанын білемін. Біз керісінше, әртүрлі алаңдар арқылы мемлекетпен әріптестік орнатуға тырысамыз, – дейді Швецова.

"Тапсырыспен дайындалған" материалдарда шетелдік донорлардан грант алатын бақылаушыларды "қызғылт-сары революция дайындап жатыр" деп айыптайды.

2020 жылы қыркүйекте шыққан бір материалда "Әділ сөз" үкіметтік емес ұйымы (NED және Сорос қорының гранттары) журналистердің наразылық акцияларына қатысуын қамтамасыз етіп, ұйымдастырушылар мен митинг қатысушыларына өздерін баспасөз өкілі ретінде көрсетудің жолын үйреткен" деп жазылған.

Мұндай материалдарда АҚШ елшілігі мен ұйымдарынан грант жеңіп алған қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың мақсаты "қазіргі билікті төңкеру" деп түсіндіреді.

"БАҚЫЛАУШЫЛАР – НАРАЗЫЛАР ТОБЫ ЕМЕС"

30 қарашада жеті (кейін олардың саны он үшке жетті) үкіметтік емес ұйым қазаннан бастап қарашаның соңына дейін салық есебі формасын дұрыс толтырмағаны жөнінде хабарлама алғанын мәлімдеген. Үкіметтік емес ұйым өкілдері өз арызында мұны салық қызметінің "шабуылы" деп атап, "мұның артында Ұлттық қауіпсіздік органдары тұр" деп топшылайды.

Заң бойынша, құқықтық көмек көрсету, қоғамдық пікір жинау және зерттеу, ақпаратты талдау мен тарату сияқты үш мақсатқа шетелден қаржы алатын адамдар мен ұйымдар бұл туралы есеп беруі керек. Бұл заң ережесі мемлекеттік мекемелерге, жауапты қызметте отырған шенеуніктерге, парламент пен мәслихат депутаттарына, құқық қорғау органы қызметкерлері мен басқаларға қолданылмайды.

Бұл заңды бұзған адамға немесе ұйымға ірі көлемде айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 139 мың теңге, заңды тұлғаларға 100-200 АЕК (555 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады және үш айға дейін қызметін тоқтату жазасы берілуі мүмкін.

Бұл шетелден берілуі ықтимал қаржы көздерін бақылауға алу үшін жасалды.

– 2016 жылы біздің "қызғылт-сары революцияға қарсы күрескерлердің" бастамасымен шетелдік көздерден қаржыландырылатын ұйымдарға қосымша есеп беру міндеті жүктелді. Бұл наразылық, "майдан" және басқа мақсатқа "қолданылуы" мүмкін деген күдікпен шетелдік қаржы көздерін бақылауға алу үшін жасалды. Бұл – нағыз дискриминацияға жол ашатын, таза саяси баптар, – дейді адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

"НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ - НАРАЗЫЛЫҚҚА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫНЫ ТАБУ"

Салық қызметінен хабарлама алған қоғамдық ұйымдардың қатарында адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро да бар.

– Біз [гранттық] транш туралы хабар береміз, ал транш валютамен келеді. Шығындар туралы ақпарат өткізгенге дейін ақша басқа бағаммен теңгеге айналып үлгереді. Осы үшін олар бізге "жалған ақпарат беріп, заңды бұзды" деген кінә тағып отыр. Бұл – жай ғана сылтау. Негізгі мақсаттары наразылыққа бөлінетін қаржыны табу болған сияқты. Ондай ештеңе таба алмаған соң, кем дегенде ұсақ-түйек ілік шығарып, жоқ жерден проблема табуды көздеген. Сондықтан олар бір сандық деректің екіншісімен сәйкес келмейтініне қарай бастады. Барлық жағдайда алабөтен ойымыз немесе бірнәрсені жасыру ниетіміз болған жоқ, – дейді Евгений Жовтис.

Елена Швецованың айтуынша, "Еркіндік қанаты" қорына үш рет заң бұзғаны туралы хабар келген. Қор онымен келіспейді.

– Бірінші заңбұзушылық мынадай: 2018 жылы желтоқсанда қаржы алып, жыл бойы осы ақшаға жоба жасап, соңында артылған қаржыны донорға қайтардық. Бұл 2019 жылы желтоқсанда болды, сондықтан есепті де сол жылы тапсырдық. Ал инспектор бізге "дұрыс істемегенсіздер, есепті 2018 жылы тапсыру керек еді" дейді. Ақылға қонбайтын дүниелер. Қалған екі заңбұзушылық бойынша инспектордың неге көңілі толмағаны мүлде түсініксіз. Ол шешімін негіздеп бере алмады, – дейді Швецова.

Қазір қорға 400 АЕК (бір миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлеу қаупі төніп тұр.

Қысымның көбеюін былтырғы сайлауда бақылаушылардың көп болуымен байланыстырамын. Мемлекет бұған дайын болмай шықты.

– Бұл сайлау алдында болғандықтан, біз жыл бойы қысымға ұшырап отырмыз. Осының бәрін таза саяси қысым деп түсінуге мәжбүрміз. Оның үстіне, есептің бәрін уақытылы тапсырамыз, мәселе неде екенін инспектордың өзі де түсіндіре алмай отыр. Кейінгі кезде қысымның көбеюін былтырғы сайлауда бақылаушылардың көп болуымен байланыстырамын. Мемлекет бұған дайын болмай шықты. Олар сонша көп тәуелсіз бақылаушы болады деп күткен жоқ. Бақылаушылар – наразылар тобы емес, сайлау туралы конституциялық заңның бұзылмауын қадағалайтын адамдар екенін атап өткім келеді, – дейді Елена Швецова.

Азаттық мемлекеттік кіріс комитеті мен қаржы министрлігіне ресми хат жолдап, қалыптасқан жағдай туралы пікір алуға тырысты. Министрлік алдын-ала жіберілген сауалхат болмаса пікір бермейтінін айтты.

7 желтоқсанда қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов:

– Ресми жауапқа дейін ешқандай пікір бере алмаймыз, – деді Азаттыққа.

Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды халықаралық құқық қорғау ұйымдары қолдады. Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) салық қызметін қудалауды тоқтатып, заңбұзушылықтар туралы талаптан бас тартуға шақырды.

4 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы "2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Қазақстан Республикасының парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының құзыретін жүзеге асыру мәселелері туралы" қаулы жариялады. Бұл қаулы сайлауды бақылау құқығына ие ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтеді. Қоғам белсенділері егер бұйрықтың күші жойылмаса, тәуелсіз бақылаушыларға ауыр тиетінін айтады.

Беделді халықаралық бақылаушы ұйымдар Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері елдегі бір де бір сайлаудың демократия принциптері мен халықаралық стандарттарға сай өтпегенін атап көрсеткен.

Сайлау жақындағанда биліктің тәуелсіз бақылаушыларға талабы көбейді

Сайлау жақындағанда биліктің тәуелсіз бақылаушыларға талабы көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG