Accessibility links

Жабық өткен соттың үкімі. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановты не үшін 12 жылға соттады?


Мұрат Бектановтың Қазақстан қорғаныс министрі болып тағайындалған кездегі суреті. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 31 тамыз, 2021 жыл.
Мұрат Бектановтың Қазақстан қорғаныс министрі болып тағайындалған кездегі суреті. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 31 тамыз, 2021 жыл.

24 ақпанда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған әскери сот бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановты "Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты" деп танып, 12 жылға бостандығынан айырды. Сот процесі жабық өтті, іс материалдары құпия сақталып, үкім жарияланған жоқ. Азаттық министрдің Қаңтар оқиғасына қандай қатысы барын және халыққа бұрынғы шенеунікке үшін сотталғанын білу неге маңызды екенін талдап көрді.

ӘРЕКЕТСІЗДІКТЕН БИЛІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНУҒА ДЕЙІН

"Қаңтар оқиғасы кезінде қарулы күштер басшылықтың жағдайды қолға алып, сенімді әрекет етпеуінен өзіне артылған міндетті лайықты атқармады. Министр Бектанов басшылық қабілетін көрсете алмады. Әскери жаттығулар кезінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген әскеріміз бола тұра, қиын-қыстау кезеңде сырттан көмек сұрауға мәжбүр болдық". 2022 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың отставкаға кетуін осылай түсіндірді.

Министр Қаңтар оқиғасынан кейін екі аптадан соң отставкаға кетті. Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады. Наразылар барлық деңгейдегі билікті ауыстыруды талап ете бастады. Кей қалада митингілердің аяғы полициямен қақтығысқа, әкімшілік ғимараттарды басып алып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты. Наразылықты басу үшін сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылды. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан, арасында кішкентай балалар да бар.

Билік басында Қаңтар оқиғасын "сыртқы күштер ұйымдастырды" деді. Алматыға "20 мың террорист шабуыл жасағаны" айтылды. Кейінірек биліктің пікірі өзгерді. Қазір тергеу күш құрылымдарының өкілдері астыртын сөз байласқан деген нұсқаны ұсынып отыр. 2022 жылғы 8 қаңтарда мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі Кәрім Мәсімов ұсталды.

Генерал Мұрат Бектанов
Генерал Мұрат Бектанов

Отставкаға кеткеніне бір ай толғанда бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов та Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("биліктің әрекетсіздігі") бойынша қамауға алынды. Мамырда министрдің ісі Қылмыстық кодекстің 451-бабы 3-бөлігіне ("әскери жағдайда билігін асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеліп соққан әрекет жасау") ауысқаны белгілі болды.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі бір жылда Бектановтың ісінен мүлде хабар болмады. 22 қазанда тергеу аяқталғаны, іс материалдары Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған әскери сотқа берілгені айтылды.

2023 жылғы 5 қаңтарда – Қаңтар оқиғасына бір жыл толғанда Бектановтың ісі бойынша жаңа дерек жарияланды. Мәжілісте өткен жалпы отырыста бас прокурор Берік Асылов тергеу дерегінше, "төтенше жағдай кезінде генерал-майор заңсыз бұйрық беріп, әскери стратегиялық нысандарды қараусыз қалдырған" деді. Бұрынғы министрдің қандай заңсыз бұйрық бергені айтылған жоқ.

"ҚАТЕЛЕСУГЕ ХАҚЫ ЖОҚ"

2021 жылы қыркүйекте қорғаныс министрі қызметіне кіріскенінен бірнеше күн өткенде Мұрат Бектанов "Әскери қызмет қауіппен қатар жүреді. Ешқайсымыздың қателесуге хақымыз жоқ. Міндетін дұрыс атқармаған адам қатаң жауапқа тартылады" деген.

Мұрат Бектанов министр қызметіне 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшенің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін министр болып тағайындалды. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тауып, 98 адам жараланған. Оқиға болған күннің ертеңіне қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететінін мәлімдеді. Оның орнына министрдің орынбасары Мұрат Бектанов келді. Сол кездің өзінде "отставкаға Бектанов кетуі керек, өйткені әскер мен қару-жарақ қоймасына министрдің бірінші орынбасары жауапты" деген пікір айтылған.

Бектанов вице-министр қызметіне 2019 жылы сәуірде кіріскен. Жамбыл облысындағы жарылыстан бұрын Арыстағы әскери қоймада өрт болды. Бектанов бұл үшін қатаң сөгіс алды.

Бектановтың ашық дереккөздерде жүрген өмірбаянында ерекше атап өтерлік ештеңе жоқ. Ол әскери қызмет мансабы да әдеттегідей: 1988 жылы Киевтегі жалпы әскерді басқару училищесін бітірген. Бірнеше жыл мотоатқыштар взводының, кейін шабуылдаушы десант тобының командирі болған.

1998-2000 жылдар аралығында Бектанов Қазақстан қарулы күштері әскери академиясында оқыған. 2005-2007 жылдары Ресей қарулы күштері бас штабының әскери академиясында білімін жетілдірген.

2013 жылы Бектанов генерал-майор шеніне ие болып, "Шығыс" өңірлік әскери құрамының басшысы атанды. Үш жылдан кейін Қазақстан қарулы күштері құрлық әскерінің бас қолбасшысы болды. 2019 жылы министр орынбасары болғанға дейін осы қызметінде істеді. 2020 жылы мамырда оған генерал-лейтенант шені берілді.

Отставкадағы генерал-майор Әлихан Жарболов "Бектанов қорғаныс министрі болмай тұрып, басшылықтың барлық сатысынан өткен жоқ" деген еді. Әскери қызметкерлер өз арасында мұндай әріптестерін "паркеттегі генерал" деп атайды. Жарболов өзі әскери қызметте жүргенде аз уақыт ішінде мұндай деңгейдегі жоғары қызметке қол жеткізу мүмкін болмағанын айтқан.

ҚҰПИЯ ҚАРАЛҒАН ІС ЖӘНЕ МИНИСТРДІҢ ҮНСІЗДІГІ

Осы уақыт ішінде не Мұрат Бектановтың туыстары, не адвокаттары тергеу барысы, бас прокурордың сөзі не бұрынғы министрдің жағдайы туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Ашық дереккөздерде бұрынғы министрдің адвокаттарының да аты-жөні жоқ. Генерал-лейтенанттың туыстарын табу да қиын.

2022 жылы қарашада Бектановтың қарындасы Айгүл Бектанова Facebook-тегі парақшасында бұрынғы министр туралы белсенді жазып жүрді. Оның айтуынша, ағасы қызметте біртіндеп, ешкімнің қолдауынсыз, кәсіби қасиеттерінің арқасында жоғарылаған. Ол генерал-лейтенант туралы айтылып жүрген қауесет сөздерді де жоққа шығарды. Айгүл Бектанованың сөзінше, ағасының Назарбаевтың отбасына еш қатысы жоқ. Бектанов 100 рет парашютпен секірген, жеткілікті әскери және әкімшілік тәжірибесі бар. Ол ағасы өзіне тағылған айыптарды естігенде таңғалғанын айтты.

Айгүл Бектанова әлеуметтік желідегі парақшасына "Өкінішке қарай, сот жабық өтті. Қоғам өкілдері, құқық қорғаушылар мен депутаттар қатысқанын қалап едік. Ағамның жасыратыны жоқ, Қаңтар оқиғасы кезінде не істегенін түгел айтып беруге дайын. Бірақ біреулерге бұл тиімсіз шығар. Өзі, жақындары оның кінәсі жоғына, антына, заңға, Қазақстан халқына адал болғанына сенеміз. Жаңа әрі әділ Қазақстанда әділ шешім шығады деп үміттенеміз" деп жазды.

Азаттық тілшісі Айгүл Бектановаға хабарласып, пікір алуға талпынып көрді. Бірақ ол Бектановтың отбасы мен адвокаттары сұхбаттасуға дайын емес деп жауап берді. Айгүл "айыпталушы мен жақындары үкімге келіспейді, оған қарсы шағым беріп жатырмыз" деді. Сот процесінің құпиялығына байланысты Бектановтың туыстары істің жай-жапсарын айта алмайды.

"СОТ ПРОЦЕСІН ЖАБЫҚ ӨТКІЗУ – ҚҰҚЫҚТЫ АСЫРА ПАЙДАЛАНУ"

Сот процесінің жабық өтуі мен бұрынғы министрге тағылған айып туралы толық ақпарат жоқтығы қоғамда көп талқы туғызды. Халықтың бір бөлігі Бектановты "қаһарман" көріп, "бейбіт наразыларға қарсы оқ ату туралы бұйрықты орындаудан бас тартты" десе, басқалары ол Кәрім Мәсімов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтасы болғанын, "астыртын сөз байласуға" қатысқанын айтады.

Қазақстандықтар айыптау бабының "әрекетсіздіктен" "билігін асыра пайдалануға" ауысуын да түсінбеді. Тоқаевтың "Бектанов басшылық қабілетін көрсете алмады, жағдайды қолға алып, бұйрық беруде сенімсіздік танытты" деген мәлімдемесі бас прокурор Берік Асыловтың "генерал-лейтенант заңсыз бұйрық берді" деген сөзімен сәйкес келмейді.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис биліктің сот процесін жабық өткізуге қатысты позициясы Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пактінің 14-бабына қайшы келетінін ескертеді. Бұл бапта кез келген адам әділ әрі ашық сот процесіне құқылы деп жазылған.

– Халықаралық пактінің 14-бабына сәйкес, баланың анасы не әкесі анықталған жағдайдан басқа кездерде үкім ашық жариялануы керек. Жаза мерзімі ғана емес, қандай айып тағылғаны, үкім шығаруға қандай дәйектер негіз болғаны толық жазылуға тиіс. Мәселе мемлекеттік құпияға келіп тірелгенде, Қазақстанның қылмыстық-процестік және азаматтық-процестік кодексі азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы келеді. Біздің заңда үкімнің резолютив бөлігін ғана жариялауға рұқсат берілген. Кей жағдайда үкімді мүлде жариялауға болмайды, – дейді құқық қорғаушы.

Бектановтың үкімі жарияланған жоқ. Сот іс жабық қаралғанын алға тартып, айыптау бойынша толық ақпарат бермеді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис халықаралық пактіде сот отырысы мен процесі жабық өтетін жағдайлар да қарастырылғанын жоққа шығармайды.

– Мемлекеттік құпияға келгенде ескеретін екі жайт бар. Билік сот процесін мемлекеттік құпияны сақтау үшін ғана жабық өткізіп отырғанын дәлелдеп, қандай құнды ақпараттар туралы сөз болып отырғанын айтуы керек. Құқық қорғау органдарының сотқа тартылып жатқан өкілдері – мемлекеттік құпияны білетін немесе сонымен тікелей жұмыс істеген адамдар. Бірақ мұндай логикаға салсақ, кез келген процесті жабық өткізуге болады, – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушының пікірінше, кейінгі жылдары шенеуніктер мен күш құрылымдары өкілдерінің, оның ішінде саяси істер бойынша жауапқа тартылған азаматтардың сотын жабық өткізу жиілеп кеткен.

– Сот процесін жабық өткізу немесе мемлекеттік құпия айтылады деп істі құпия қарау құқықты асыра пайдалануға жатады. Өйткені оның негізінде билік жасырғысы келетін мемлекеттік құпия бары дәлелденген жоқ. Жарайды, мемлекеттік құпиялар айтылған отырыстар жабық өтсін, бірақ бүкіл сот процесін жабудың қажеті жоқ. Олар бүкіл процесс бойы мемлекеттік құпия қамтылған құжаттарды қарамаған шығар? Әрине, жоқ. Бұл – құқықты асыра пайдалану, бірнәрсені жасыруға тырысу, – дейді Евгений Жовтис.

Тергеу барысы мен Мұрат Бектановқа тағылған айыптар туралы толық әрі расталған ақпараттың болмауына байланысты бұрынғы министрдің Қаңтар оқиғасына қандай қатысы болғанын, жазықсыз не кінәлі екенін айту қиын.

Евгений Жовтис сот процесі ашық болмағаны Бектановтың өзін қорғау құқығына да кері әсер ететінін айтады. Қазақстандықтар бұрынғы министрдің аузынан оқиға қалай болғанын естіп, айыптауға қарсы уәжін тыңдай алмады.

– Мұның саяси астары бар деп ойлаймын. Билік әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырған жоқ. Керісінше, шындықты жасырып отыр деген күдік туғызды. Бұрынғы министрге не ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына қалай қарасақ та, сұрақтарға жауап берілмесе, іс объектив әрі әділ қаралды деген ой қалыптаспайды, – дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтар ісін де осылай бағалайды. Оларды атқан әскери қызметкерлердің соты да көп сұрақ туғызған. Заңгердің пікірінше, ашықтық аздығынан Қазақстан қоғамы билік не жасырғысы келіп отырғанын білмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG