ОРАЛДАҒЫ ЕКІ ПИКЕТ
Батыс Қазақстан облысында шығатын "Уральская неделя" газеті тамыздың 13-інде Оралдағы Абай алаңында қала тұрғыны Бауыржан Әліпқалиев биліктен саяси тұтқындарды босатуды және сөз бостандығын шектемеуді талап етіп акция өткізгенін хабарлады. Газет "Ұстап әкетеді деп күткенімізбен, полиция тұрғынға тиіспеді" деп жазады.
Басылым Әліпқалиевтің "Қазақстан түрмелерінде Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев пен басқа да батыл адамдар отыр. Олар билікке қарсы шыққаны үшін қамалды. Біздің үкімет халықтың игілігіне емес, өз қалтасын қампиту үшін жұмыс істейді!" деген сөзін келтірген.
Газеттің жазуынша, полицейлер алаңға белсенді акциясы басталған соң 5 минуттан кейін келген. "Өздерін таныстырмастан бірден белсендінің аты-жөнін сұрады. Бірақ оны әкеткен жоқ. Полицейлер наразы тұрғынмен басқа адамдар сөйлесетінін айтып, кетіп қалды" деп жазады "Уральская неделя".
Аздан соң қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері Әліпқалиевті әңгімелесуге шақырған. Белсенді сөйлесуге келіспеген. Газет мұнан соң әкімдік қызметкерлері мен полицейлердің акцияны алыстан сырттай бақылап тұрғанын жазады. Біршама уақыттан соң Бауыржан Әліпқалиев "Бұл – соңғы рет наразылық білдіруім емес" деп, акциясын аяқтаған.
"Уральская неделя" газетінің жазуынша, Бауыржан Әліпқалиев 2016 жылы өткен "жер шеруі" кезінде рұқсатсыз митингіге қатысты деген айыппен 15 тәулікке қамалған. 2018 жылы мамырдың 10-ында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткен наразылық кезінде тағы да ұсталып, 5 тәулікке қамалған.
Белсенді Әліпқалиевтің акциясынан бір күн бұрын, тамыздың 12-сінде Оралдағы облыстық мәслихат ғимараты алдында тағы бір тұрғын, 38 жастағы Ерік Жұмабаев та саяси тұтқындарды босату талабымен пикет өткізген. "Уральская неделя" хабарына қарағанда, қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері акция өткізіп тұрған азаматтан "жеке мәселесі бар-жоғын" сұраған. Басылым Жұмабаевтың "Талабым Қазақстандағы саяси жағдайға байланысты. Алаңға жеке мәселемді шешуге келген жоқпын" деп жауап бергенін жазады.
Жұмабаевтың бір адамдық акциясы туралы тамыздың 13-інде Азаттық та жазды. Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғын "Жазықсыз сотталған Макс Боқаев, Арон Атабек пен Мұхтар Жәкішев үшін шықтым. Сөз бостандығын қолдаймын. Еркін, демократиялық елде өмір сүргім келеді" деген.
Өткен айдың соңында Семей соты "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті, жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталған Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығарудан бас тартқан соң Қазақстанның бірнеше қаласында саяси тұтқындарды босату талабымен пикет өткізу жиілеген. 10 жылдан аса уақыттан бері қамауда отырған Жәкішев қазір Семейдегі қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Диссидент ақын Арон Атабек Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң қамалып, 14 жылдан бері түрмеде отыр. Макс Боқаев 2016 жылы сәуірде Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы шеруге қатысқаннан кейін бес жылға сотталған. Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға халықаралық құқық қорғау ұйымдар да шақырған. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деуінен таймай келеді.
СОТТАЛҒАН ҺӘМ СОТТАСҚАН ӘКІМДЕР
Қазақстанның солтүстігінен хабар тарататын Tobolinfo ақпарат агенттігі тамыздың 12-сі күні Қостанай облысы Әулиекөл ауданының бұрынғы әкімі Асхат Қисықовтың жемқорлық бабымен 3,5 жылға сотталып, 50500 теңге айыппұлға кесілгенін жазды. Сот Қисықовты мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырған.
Былтыр қарашаның 28-інде Әулиекөл ауданының әкімі болып тағайындалған 40 жастағы Асхат Қисықов биыл шілденің 2-сінде жемқорлық күдігімен ұсталған.
Tobolinfo-ның жазуынша, бұрынғы әкім "Әулиекөлдегі мектепті толықтай жөндеу тендерін жеңіп алған фирмаға уақытылы қаржыландыру мен жұмысты кедергісіз қабылдауға уәде еткен" деген күдікке ілінген. Тергеу материалдары бойынша, "әкімнің сыйақысы 7 миллион теңге болған. Шілденің 2-сінде фирма әкімге ақша жіберген соң Асхат Қисықов пен компания директоры Анатолий Громченко ұсталған".
Екеуі де кінәсін мойындаған, енді Қисықов пен 2 жылға сотталған Громченко жазасын қоныс колониясында өтейді деп жазады басылым.
Қазақстанның тағы бір өңірінде осы аптада әкімнің шағымы бойынша сот өтті. "Уральская неделя" басылымы тамыздың 15-інде "Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары әкімді ақыры қызметінен кетірді" деген мақала жариялады.
Газеттің жазуынша, Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Новопавловка ауылының бұрынғы әкімі Әліби Аманғазының тұрғындар мен журналистерге қарсы арызын қанағаттандырмаған алғашқы сот инстанциясы шешіміне жазған шағымын қараған.
Биыл маусымның 12-сінде Батыс Қазақстан облысындағы Новопавловка ауылының әкімі Әліби Аманғазының шағымын алғашқы инстанциядағы сот қанағаттандырмаған еді. Ауыл әкімі өз қызметін сынаған екі тұрғын мен "Уральская неделя" газетінің үстінен сотқа шағым түсірген. Әкім арызында, басылымның жазуынша, ауыл тұрғындарынан – айтқандарын жоққа шығаруды, "Уральская неделя" газетінен өзі туралы терістеп ақпарат жариялауды талап еткен. Газет әкімнің "моральдық өтем ретінде жауапкерлердің әрбірінен 100 мың теңге өндіртіп беруді сұрағанын" да жазады. Бірақ судья әкімнің шағымын қанағаттандырмаған. "Бұған қоса, тұрғындарды тыңдаған судья әкім тарапынан ықтимал заңбұзушылықтарды тексеру үшін прокуратура тексеруін тағайындаған" деп жазады басылым.
Әкім соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Тамыздың 14-інде апелляциялық сот алғашқы инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Газеттің жазуынша, апелляциялық сотта Әліби Аманғазының маусымның 19-ында өз еркімен Новопавловка ауылының әкімі қызметінен кеткенін хабарлаған. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімінің сайтындағы ауыл әкімдерінің тізімінде Новопавловка ауылының әкімі ретінде басқа азамат – Қайрат Жұмақаев көрсетілген. Бірақ соңғы рет биыл ақпанның 20-сында жаңарған ауыл әкімдігінің ресми сайтында әкім ретінде Әліби Аманғазының аты-жөні жазулы тұр.
2013 жылы Новопавловка ауылының әкімі болып сайланған Әліби Аманғазы туралы "Уральская неделя" бұған дейін де жазған. Биыл ақпанның 6-сында "Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындарына әкімнің есеп беру кездесуінде сұрақ қоюға тыйым салынды" деген атпен мақала жариялады. Газет жазуынша, Новопавловка тұрғындары оларға ауыл әкімдігі қызметкерлері әкімнің есеп беру жиынында "жағымсыз сұрақ қоюға тыйым салғанын" айтқан. Мұнан соң Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов есеп беру жиынын қайта өткізуді тапсырған. Көлгінов қазір Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.
ТОЗҒАН МЕКТЕП, ТОЛҒАН СЫНЫП
Тамыздың 16-сында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен мұғалімдердің Тамыз мәслихатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Алда мұғалімдер мектепке бес күн ғана жұмысқа келуі мүмкін" деп мәлімдеген. "Мұғалімдерге жасалмақ жағдай" туралы мемлекеттік БАҚ жарыса хабарлап жатқан тұста өңірлік басылымдар үш ауысыммен оқытуға мәжбүр мектептер туралы жазды.
Шымкенттегі "Отырар" арнасы тамыздың 15-інде "Биыл қаладағы 130 мектептің 19-ы үш ауысыммен оқытады" деп хабарлады. Телеарнаның жазуынша, "Шымкентте әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бірақ оқу орындарының тапшылығы толықтай шешілетіні туралы айтуға әлі ерте". Телеарна "оқушыларға орын жетпеген соң үш жылдан бері мектеп жанындағы ғимаратты жалдап отырған" Шымкенттегі №87 мектеп туралы айтады. "Бірақ сонда да осы мектептің оқушылары үш ауысыммен оқуға мәжбүр" дейді "Отырар" журналисі. Арна таратқан ақпаратқа қарағанда, 1200 балаға арналған мектепте 4 мыңнан аса оқушы білім алады.
Шымкентте үш ауысыммен оқытатын мектептер саны үш жыл ішінде 11-ден 19-ға көбейген. 2016 жылы Шымкент қалалық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Жанат Тәжиева Азаттыққа "қалада 128 мектептің алтауы үш ауысымдық тәртіппен сабақ оқып жатыр" деген. Тәжиева "бұл мектептердің мәселесі 2017 жылы шешілетінін" айтқанымен, тағы он шақты мектеп осындай мәселеге душар болуы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Атыраудан шығатын "Ақжайық" газеті де тамыздың 14-інде мектеп мәселесі туралы жазды. "Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында 5 мыңға жуық адам тұрады. Алты жылдан аса уақыттан бері билік 320 орындық жаңа мектеп салып, оған апаттық жағдайда тұрған ғимаратта оқып жатқан балаларды көшіруге уәде беріп келеді" дейді газет. Басылымның жазуынша, кей тұсына тіреу қойылған Есқалиев атындағы мектеп ғимараты құлауға шақ алдында тұр. "2016 жылы мектеп апаттық жағдайда деп танылды. Содан бері үш жыл өтсе де, балалар сол мектепке барып жүр. Биыл әрлеу жұмыстары үшін 536 мың теңге бөлінді. Бірақ қанша ақтап, әрлегенмен төбенің сөгілген ағашы мен бірінші қабаттан көтерілетін баспалдақ оқушыларға қауіп төндіріп тұр" деп жазады басылым.
Биылғы оқу жылында "екі жүзден астам бала оқып, қырық шақты мұғалім жұмыс істейтін" мектептің әкімшілігі, газеттің жазуынша, "осы жылы басында-ақ лингафон, биология кабинеттерінің төбесі ажырай бастағанын, спортзал төбесінде 8 сантиметрлік жырық пайда болғанын айтып, дабыл қаққан". "Ақжайық" басылымы мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Шолпан Біләлованың "мұғалімдер мен оқушылардың, еден жуушылардың киім шешетін жері бір. Мына киім ілгіштерді ескі парталардан құрастырып өзіміз жасап алғанбыз" деген сөзін келтіреді.
ПІКІРЛЕР