Accessibility links

"Әкімге сұрақ қоюға тыйым салу" және түрме азабының "құны"


Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) және Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов Федеровка ауылындағы есеп беру жиынында отыр. 5 ақпан 2019 жыл.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) және Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов Федеровка ауылындағы есеп беру жиынында отыр. 5 ақпан 2019 жыл.

Осы аптада аймақтағы басылымдар Семей әкімдігі мен қала тұрғынының соты жайлы, ауыл әкіміне сұрақ қойып, қысымға ұшыраған тұрғындардың шағымы туралы жазды.

"ЖАҒЫМСЫЗ СҰРАҚ ҚОЙМАҢЫЗДАР"

Қазақстанның батыс аймағынан хабар тарататын "Уральская неделя" газеті ақпанның 6-сы күні "Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындарына әкімнің есеп беру кездесуінде сұрақ қоюға тыйым салынды" деген атпен мақала жариялады.

Газеттің жазуынша, Теректі ауданы Новопавловка ауылының тұрғындары әкімнің есеп беру жиынында "жергілікті билік сұрақ қоюға тыйым салғанын" айтқан. Бұл жиналысқа облыс әкімі Алтай Көлгінов те қатысқан.

Газетке сұхбат берген тұрғын Жанаргүл Серікбай "ауыл әкімінің есептік жиынының алдында әкімдік қызметкерлері "бұл жиынға аудан әкімі қатысады, ауылдағы мәселелер туралы айтып, жағымсыз сұрақтар қоюға болмайды" деді. Әкімнің сөзін елемей, мәселелерді айтқандарды ертеңіне ауыл әкімдігіне шақырып, түсініктеме жазуға мәжбүрледі" деген.

"Уральская неделя" басылымының жазуынша, ауыл тұрғынының бұл сөзінен соң Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов есеп беру жиынын қайта өткізуді тапсырған. Көлгінов "есеп беру жиыны халық билікке мәселесін айтуы үшін өтеді. Азаматтарға қысым жасалғаны мүлдем дұрыс емес" деген.

Бірақ ақпанның 7-сінде осы мақала авторы, журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook парақшасында "Ақсайдан 7 шақырым жерде көлігімізді полиция тоқтатып қойды. Ресми себебі – боран салдарынан жабылған трасса. Шын мәнінде бізді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің есеп беру жиынына жібергісі келмейді" деген жазба жариялады.

"АЗАПТАЛҒАН АЗАМАТҚА – 500 МЫҢ ТЕҢГЕ"

Орал қалалық соты мен апелляциялық коллегиясы "қарбыз сатушысын өлтірді" деген айыппен жарты жыл түрмеге жабылған, кейін сот кінәсіз деп таныған Даниил Романовтың полицейлер үстінен түсірген арызын ішінара қанағаттандырған. Сот Романовқа 500 мың теңге төлеуді үкім еткен. Бұл туралы "Уральская неделя" жазды.

Газет мақаласында "Романов 2017 жылы жазда Оралдағы аудандардың бірінде қарбыз сатушысын өлтірді деген айыппен ұсталған. Жасөспірім тергеу кезінде өзінің азапталғанын, тергеушілер мен полицейлер ұрып, қоқан-лоққы көрсетіп, кінәні мойнына алуға мәжбүрлегенін айтқан. Кейін Орал қылмыстық соты жасөспірімді кінәсіз деп таныған. Бұл үкімді полицейлер апелляцияға бергенімен, облыстық сот өзгеріссіз қалдырған. Полицейлердің кассациялық шағымын былтыр күзде Жоғарғы сот та қанағаттандырмай, Романов толық ақталды" деп жазылған.

Газеттің хабарлауынша, Романов "өзін азаптаған" полицейлерден 10 миллион теңге көлемінде моральдық-материалдық шығын өтеп беруді талап еткен. Бірақ сот арызды ішінара қанағаттандырып, сұралған сомадан 20 есе аз ақша өндіруді үкім еткен.

Романов газетке берген сұхбатында "жеті айдай қамауда отырдым. Кәмелет жасына толмасам да азаптады, мойындап түсінік беруге мәжбүрледі. Сонша қысымды басымнан өткердім. Бірақ маған бар-жоғы 500 мың теңге өндіріп беруді үкім етті. [Қамауда] көргенімнің қасында бұл – тиын-тебен ғой" деген.

"ҚЫЗЫЛША ВАКЦИНАСЫН ІЗДЕУ"

Атыраулық "Ақ Жайық" сайтының тілшісі денсаулық сақтау басқармасының "Атырауда қызылша вакцинасы жеткілікті" деген мәлімдемесінен соң өңірдегі бірнеше емханаға барып көрген. Басылым журналисі "жағдай әкімдік айтқандай мәз емес" деп жазады.

Журналист алдымен қала іргесінде "Геолог" шағын ауданына барады. Бұл жердегі емхана дәрігері тілшіге қазір вакцина жоғын, соңғы дозасы қаңтардың 22-сінде таусылғанын айтқан. Мақалада ары қарай бірнеше емхананың вакцинамен қалай қамтылғаны сипатталады. Бірінде – "вакцина бар болғанымен, шектеулі", тағы бір емханада вакцина "таяуда ғана таусылған".

Басылым журналисі "түстен кейін қалалық №5 емханаға телефон соғып, өзімді бір жасар баласы бар азамат ретінде таныстырдым да, балама екпе салу керектігін айттым. Маған "вакцина жоқ, қашан болатыны белгісіз" деп жауап берді. 15 минуттан соң емханаға тілші ретінде барып едім, вакцина ғайыптан пайда болды" деп жазады.

"Ақ Жайық" бұған дейін Атырау облысында 141 баланың қызылшамен ауырып жатқанын жазған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі бұған "уақытында екпе алмаған ата-аналарды кінәлаған". Басқарма өкілінің сөзінше, 6 жасқа дейінгі 4214 бала екпе алмаған. "Өңірде қызылша вакцинасы жетпей жатқаны рас па?" деген журналист сұрағына басқарма өкілі: "Жалған. Ақпанның 2-сінде ғана вакцинаның тағы бір партиясы келді" деп жауап берген.

ШАҒЫЛҒАН ТЕРЕЗЕНІҢ ҚҰНЫ ӨТЕЛЕДІ

Шығыс Қазақстан облысынан хабар тарататын "Семей айнасы" сайты ақпанның 4-і күні қала әкімдігі мен тұрғын арасындағы сот жайлы жазды. Веб-порталдың хабарлауынша, қалалық сот Ертіс өзені суының деңгейін түсіру жұмыстары кезіндегі жарылыстан терезесі шағылған тұрғынның шағымын толықтай қанағаттандырып, "әкімдік қала тұрғынына 331 мың теңге төлеуі тиіс" деген шешім шығарған.

"Былтыр мамырда жарылыстан шағымданушыға 35 мың теңге залал келді деп бағаланғанымен, қала тұрғыны бұған келіспей әкімдіктен 331 мың теңге талап еткен. Қалалық сот арызды қанағаттандырған" деп жазады сайт.

"Семей айнасы" сайтының хабарлауынша, қалалық сот арызды қанағаттандырып, қала әкімдігін сот шығынымен қосқанда 446 мың теңге өндіріп беруге міндеттеген.

Былтыр наурызда Семей қаласында Ертіс өзені арнасынан асып, жүздеген тұрғын үйді су алған. Тасқыннан соң Ертістің мұзын жару кезінде көпқабатты төрт тұрғын үйдің терезелері сынған. Ресми дерек бойынша, 2018 жылы көктемде Қазақстанда 58 елдімекенде 1600 үйді еріген қар мен жаңбыр суы басып, төрт мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.

"ЕКІ ҚОЛЫНАН АЙЫРЫЛҒАН БАЛАҒА ҮЙ БЕРІЛЕДІ"

Ақтөбеде шығатын "Диапазон" газеті тоққа түсіп, екі қолынан айырылған шалқарлық Дамир Фаткулин туралы жазды. Басылым 4-сынып оқушысының анасы Гүлмира Фаткулинмен сөйлескен. Ол ақпанның 6-сы күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есеп беру жиынында әкімге қарата "үй беріледі деп айтылып жатыр, бірақ бізге бұл жайында ешкім айтқан жоқ" деген.

"Диапазонның" жазуынша, осыдан соң Сапарбаев қала әкімін шақырған. Гүлмира Фаткулина "көп қабатты үйде тұру Дамирге қиын болатындықтан, бізге жер үй бергелі жатқанын сол жерде естідім" дейді.

Азаттық мектеп қасындағы трансформатор күркесіне абайсызда кіріп кетіп, тоққа түсіп, екі қолынан айырылған 4-сынып оқушысы туралы бұған дейін жазған. Көп балалы Гүлмира Фаткулина ортаншы ұлы Дамирдің екі қолынан айырылғанын биліктің жауапсыздығынан көреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG