Accessibility links

Түркістандағы Қытай инвесторлары және "мұнай тасымалдау" ісі


Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Көрнекі сурет
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Көрнекі сурет

Осы аптада аймақтық басылымдар Оралда "заңсыз мұнай тасымалдады" деп айыпталған азаматтарға шыққан сот үкімін, Түркістан қаласындағы қытай инвесторлары мен Шығыс Қазақстанда көп ата-ананың "қызылша" екпесінен бас тартып отырғанын жазды.

"ЗАҢСЫЗ МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ"

Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын "Уральская неделя" сайты Оралда "заңсыз мұнай тасымалдады" деп айыпталған алты азаматтың көп жылдарға сотталғанын жазды.

Сайттың хабарлауынша, қаңтардың 29-ы күні Орал қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты "Sundex" компаниясының директоры Қайрат Намазбаевты - 10 жылға, Жандос Қайырбаев, Нұрлан Кенженов, Айбек Балтұрманов, Тимур Қалиевті - 8 жылға, Бақытжан Жақатаевты - 5 жылға соттаған.

Орал қаласындағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет
Орал қаласындағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет

Айыпталушыларға "заңсыз мұнай тасымалдады", "трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "салық төлеуден жалтарды" және тағы да бірнеше бап бойынша айыптар тағылған.

"Уральская неделя" жазуынша, айыпталушылардың адвокаттары сот барысында қылмыстық-процессуалдық заңнама нормаларының бұзылғанын айтып, сотқа шағымданған. Бірақ судья мұны ескермеген. Адвокат Рашид Хисаметдиновтың айтуынша, мысалы 8 жылға сотталған Тимур Қалиевке "тіпті айыптау актісі де берілмеген". Балтурманов пен Кенженовтің жағдайы осыған ұқсас деп сайт адвокаттың пікірін келтірген.

Бұған дейін Ақтөбеде "мұнай ұрлады" деген айыппен 24 адамның сотталғаны туралы Азаттық жазған еді.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫ

Қазақстанның оңтүстік өңірінде орналасқан Otyrar TV арнасы қытай компанияларының Түркістандағы бірқатар нысандарды салуға қызығушылық танытып отырғанын жазған. Қаңтар айының аяғында жергілікті билік өкілдерімен кездесуде қытай тарабы құрылыс жобаларына 51 миллиард теңге салуды жоспарлап отырғанын жеткізген.

"Өз кезегінде аймақ басшысы мемлекет тарабынан инвесторларға жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылғанын атап өтіп, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында тұрғын үй салуды ұсынды" деп жазды Otyrar TV сайты.

Түркістан мен Шымкент арасын жалғайтын негізгі трассада қол көтеріп тұрған тұрғындар. Көрнекі сурет
Түркістан мен Шымкент арасын жалғайтын негізгі трассада қол көтеріп тұрған тұрғындар. Көрнекі сурет

Өткен аптада Otyrar TV сайты Түркістанда биліктің қытай инвесторларымен бірігіп, энергия үнемдейтін лампа өндіретін зауыттың құрылысын бастағанын да жазған. Жоба құны - 200 миллион АҚШ доллары. Жоспар бойынша, зауыт құрылысы үш жылдың ішінде аяқталуы тиіс.

"ҚЫЗЫЛШАҒА" ҚАРСЫ ЕКПЕДЕН БАС ТАРТҚАН ТҰРҒЫНДАР

Ustinka.kz сайтының жазуынша, Шығыс Қазақстан облысында 120-дан астам ата-ана балаларына қызылшаға қарсы екпе салдыртудан бас тартқан. Облыста соңғы бірнеше айда қызылша ауруына шалдыққан бірнеше адам анықталған.

- Бізде 120-дан астам адам екпеден бас тартты. Олардың 16 пайызы екпеден діни себеппен бас тартып отыр. Ал қалғаны жеке көзқарастарына орай екпе салдыртқысы келмейді, - деді облыстық халық денсаулығын сақтау департаменті төрағасының орынбасары Гүлайым Тағаева.

Соңғы кезде Қазақстанда қызылшамен ауырған адамдар саны көбейген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жыл басталғаннан бері елде шамамен 1100-ден астам қызылшаға шалдығу оқиғасы тіркелген.

Қазақстандағы қызылша дертінің таралуына орай кейбір елдер сақтық шараларын қолдана бастаған. Өткен аптада АҚШ Қазақстанға баруды жоспарлап отырған азаматтарына арнайы ескерту жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG