Accessibility links

Жаңаөзен туралы фильм түсіруге келген француз режиссеріне айыппұл салды


Француз режиссері, журналист Венсан Прадо Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 27 қыркүйек 2018 жыл.
Француз режиссері, журналист Венсан Прадо Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 27 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтау әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоға "Қазақстанның көші-қон туралы заңын бұзғаны" үшін 60 мың теңге (шамамен 165 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салды. Маңғыстауға 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм түсіруге келген режиссер өзіне тағылған айыппен келіспейді.

"УАҚЫТША ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ РҰҚСАТ АЛМАҒАН"

Маңғыстау облысына 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы деректі фильм түсіруге келген франциялық Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоны қыркүйектің 27-і күні таңертең Ақтау қаласында жергілікті полиция ұстады. Ақтаулық азаматтық белсенділер Венера Попова, Нұрияш Әбдірайымовалармен кездесіп, сұхбат алып тұрған шетелдік азаматтың құжаттарын тексерген соң, полиция қызметкерлері оны Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы басқармасына алып барған. Сол жерде алты сағат ұстап, Маңғыстауда "уақытша жұмыс істеуге рұқсат алмаған" француз режиссерінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Маңғыстау облысы бойынша көші-қон полиция басқармасы ғимаратының алды. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.
Маңғыстау облысы бойынша көші-қон полиция басқармасы ғимаратының алды. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.

47 жастағы Венсан Прадоны Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына полицияның арнайы көлігімен бейсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 15.30-да жеткізді. Бұдан соң Прадоға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын сот отырысының басталуын екі сағат бойы дәлізде күтуіне тура келді. Оның жанында полиция күзеті болды.

Шетелдік азаматтың ісін қараған Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Сүйеуова Азаттық тілшісіне сот барысын диктофонға жазуға, фото, видеоға түсіруге тыйым салды.

- Сот процесі ашық. Бірақ аудио, видеоға түсіруге рұқсат жоқ, залда жазба жүріп жатыр. Бірақ ол журналиске берілмейді, - деді судья тілшіге.

Сот басталмас бұрын аудармашы Данара Исметова арқылы сотқа өтініш жасаған Венсан Прадо таңертеңнен бері нәр татпағанын, оны полиция басқармасында тамақтандырмағанын айтып, су сұрады. Судья оның өтінішін қанағаттандырды.

Сот отырысына келген қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов сотқа куә ретінде қатысуды сұрап өтініш айтты. Бірақ сот залында отырған көші-қон полициясы өкілі "әкімшілік сотта куәлік етуге болмайды, оның мәні жоқ" деп, қарсы пікір (реплика) білдірді.

Көші-қон басқармасының заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі мамандандырылған арнайы ротасының аға инспекторы, полиция капитаны Қадырбек Қарымсақов әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада Франция азаматы Венсан Прадоның Маңғыстау облысында деректі фильм түсіруге рұқсаты бар-жоғын сұрап, Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдағанын баяндаған. Полиция өкілінің сөзінше, Сыртқы істер министрлігінен Венсан Прадоның Маңғыстау облысында фильм түсіруге рұқсаты жоқ екені туралы жауап алған соң, полиция шетел азаматына "әкімшілік заңды бұзған" деген айып таққан.


60 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ

Судья Гүлмира Сүйеуова Венсан Прадодан неліктен Жаңаөзен қаласына бармақшы болғанын және неге нақ сол адамдармен кездескісі келгенін сұрады. Шетелдік режиссердің жауабын естігеннен кейін судья Сүйеуова Винсен Прадоны "Қазақстанда уақытша еңбек етуге рұқсаты болмаса да жұмыс істегені" үшін айыпты деп танып, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 517-бабының 5-тармағына сай оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (60 мың теңге, шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салды.

Сот шешімін жариялаған соң судья шетел азаматынан "Айыбыңызды мойындайсыз ба?" деп сұрады.

- Өзімді кінәлімін деп санамаймын. Менің алған аккердитациям бар, заңды бұзғаным жоқ. Бірақ сот шешімін орындаймын, - деді Венсан Прадо.

Судья оған айыппұлды он күннің ішінде төлеуі тиіс екенін, ең дұрысы Ақтаудан кетпей тұрып төлеп тастағаны жөн болатынын, әйтпесе Қазақстаннан шыға алмайтынын айтып, кеңес берді. Сот хатшысы Венсан Прадоның қолына сот реквизиттері жазылған қағазды ұстатты.

- 60 мың теңге төлейтін болдым. Қазақстанда аккредитациясы болған соң кез келген тәуелсіз журналист жұмыс істей алады деп ойлағанмын. Бірақ аккредитациям болса да журналистік қызметіме тыйым салды. Осы жағдайға қарап, жұмысшылардың, белсенділердің адам құқықтары мен сөз бостандығының сақталатынына күмәндімін,- деді Венсан Прадо сот отырысынан кейін Азаттық тілшісіне.

Франциялық режиссер, журналист Венсан Прадоның Азаттыққа айтқаны:

Француз режиссері Венсан Прадоның ұсталуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:34 0:00

АККРЕДИТАЦИЯЛЫҚ КУӘЛІК

Француз режиссері, журналист Венсан Прадо Ақтау қаласына қыркүйектің 26-сы кешке қарай келген. Өз айтуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оған берген аккредитациялық куәліктің мерзімі қыркүйектің 27-іне дейін, яғни оны ұстаған күннің кешіне дейін жарамды деп көрсетілген.

- Полиция құжатымды сұрады. Олар менің аккредитациялық куәлігімді қарады да, оның "мерзімі біткен" деп, полиция кеңсесіне алып кетті, - деді ол Азаттыққа.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Франция азаматы, режиссер Венсан Прадоға аккредитациялық куәлікті биыл маусымның 27-і күні үш ай мерзімге берген. Шетелдік азаматтың аудармашысы Данара Исметова Сыртқы істер министрлігі Прадоның аккредитациялық куәлігінің мерзімін қыркүйектің 24-і күні тағы ұзартқанын, бірақ француз режиссері оны алып үлгермегенін айтады.

Венсан Прадо Маңғыстау облысына 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм түсіруге келген. Ол Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі өткен уақыт ішінде қандай өзгерістер болғаны туралы фильм түсірмекші болған.

Франциялық Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоны Ақтау қаласында полицияның ұстағанына байланысты қыркүйектің 27-і күні ​"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы алаңдаушылық білдірді. Ұйым Қазақстан билігінен Венсан Прадоны шұғыл түрде босатуды талап етті.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясы мұнайшыларының еңбек жағдайын жақсарту, аймақтық, салалық коэффициенттерді төлеу, жалақыны көтеру туралы талаппен бірнеше айға жалғасқан ереуілін полиция бей-берекет жаппай оқ атып таратқан. Ресми есеп бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG