Accessibility links

Орал соты украиналық журналиске айыппұл салды


Украиналық "Без брехні" сайтының редакторы, фактчекинг туралы оқу құралының авторы, журналист Александр Гороховский. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.
Украиналық "Без брехні" сайтының редакторы, фактчекинг туралы оқу құралының авторы, журналист Александр Гороховский. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.

Орал әкімшілік соты киевтік журналист Александр Гороховскийді миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін айыпты деп танып, оған айыппұл салды. Бірақ, журналистің "кінәсін жеңілдететін жағдайларды" ескеріп, бастапқы сомасын азайтты. Сарапшылар мен Гороховскийдің қазақстандық әріптестері бұл оқиғаны жастарға арналған "Журналистика мектебі" жобасына "қысым жасау әрекеті" деп бағалайды.

Қыркүйектің 17-сі күні Орал әкімшілік сотында Қазақстандағы шетелдіктердің еңбек әрекеті туралы заңнаманы бұзды деп айыпталған украиналық журналист Александр Гороховскийдің ісі бойынша тыңдау өтті.

Орал қаласына жергілікті "Уральская неделя" газеті ұйымдастырған шараға қатысу үшін келген украиналық Александр Гороховский – фактчекингке маманданып жүрген журналист. Ол украиналық "Без брехні" сайтының бас редакторы, орыс және қазақ тілдеріне аударылған "Фактчекинг журналистік зерттеу тренді ретінде: мүмкіндіктері мен болашағы" атты оқу құралының авторы.

Батыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы қызметкерлері Гороховскийге қатысты әкімшілік хаттама қыркүйектің 15-і күні Орал қонақүйлерінің бірінде жасалды, ол жерде "Уральская неделя" газетінің журналистері бастамашы болған "Журналистика мектебі" жобасы аясында шара өткен еді.

Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.
Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.

Қонақүйге келген полиция қызметкерлері кезекші бөлімге бір адам "заңсыз конференция" туралы телефон шалғанын хабарлады. Олар Гороховскийдің құжаттарын тексеріп, Қазақстанда жұмыс істеуіне рұқсаты жоқ екенін мәлімдеді, мемлекеттік адвокаттың көзінше Гороховскийдің миграциялық картасын алып, қыркүйектің 17-сі күні Орал әкімшілік сотына келу үшін шақыру қағаз тапсырды. Гороховский қыркүйектің 16-сы күні Алматы арқылы Украинаға ұшып кетпекші болған.

СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Сот залында негізінен Гороховскийдің Қазақстанға келу себебі ретінде көрсетілген мақсаты талқыланды. Журналисттің өзі "Уральская неделя" газетінің журналистерінің шақыртуымен, тәжірибе алмасу үшін келгенін айтты. Гороховскийдің айтуынша, оның сапары жеке мақсатқа арналған, кездесу "еркін әңгімелесу форматында" өткен, қаржылық марапатты көздемеген.

Гороховскийді Қазақстанға шақырған "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров сотқа "Журналистика мектебінің" Оралда екінші жыл қатарынан өтіп жатқанын, "қаланың ешбір университетінде журналистика факультеті жоқ екенін, жаңа кадрлар табу қиын болғандықтан" осындай шара өткізетінін айтты.

Ахмедияров жоба аясында өтетін шараның бәрі тегін екенін растады. Полиция өздеріне қоңырау шалып, Орал қонақүйлерінің бірінде "Украина туралы семинар" өтіп жатыр деп хабарлаған дереккөз ретінде көрсеткен Талғат Қатауов та сотқа қатысты. Қатауов полицияға ештеңе айтпағанын, Александр Гороховский туралы ешқашанда естімегенін айтты.

Бұдан соң айыптаушы тараптың іске қатысты позицияны анықтау үшін қосымша уақыт сұрауына орай отырыс бірнеше сағатқа тоқтатылды. Тыңдаудың екінші бөлімінде заңсыз миграциямен күрес жөніндегі инспектор Қайрат Намазов сөйлеп, Гороховскийдің миграциялық картасында шақырушы тарап ретінде "Уральская неделя" көрсетілгенінін, ал мақсаты "жеке" деп жазылғанын сотқа мәлімдеді.

Украиналық журналист Александр Гороховский (сол жақта) әкімшілік сотта отыр. Орал, 17 қыркүйек 2018 жыл.
Украиналық журналист Александр Гороховский (сол жақта) әкімшілік сотта отыр. Орал, 17 қыркүйек 2018 жыл.

Судья Хатима Ерсенова полиция қызметкерлерінің екі хаттама жасағанына назар аударды. Біріншісі бойынша, журналист "Уральская неделя" газеті журналистерінің шақыртуы бойынша келген, екіншісінде Гороховский жеке мақсатпен келдім дейді. Журналисттің өзі бірінші хаттаманы жасаған кезде "стрестік жағдайда болғанын", оның үстіне өзін "куәгер ретінде, адвокаттың қатысуынсыз" тергегенін айтып, Қазақстанға жеке бас мақсатымен келгенін қайталап айтты.

Сот шешімімен Гороховский айыпты деп танылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыптаушы тарап оны елден шығаруды талап етті. Судья Хатима Есенова басында айыппұл сомасын 60 мың 125 теңге деп белгілесе, кейін "кінәсін жеңілдететін жағдайларды" ескеріп, 42 мың 087 теңгеге азайтты. "Уральская неделя" газетінің айтуынша, сот Гороховскийдің бұрын сотталмағанын, заңды бұзбағанын және асырауында адамдары бар екенін ескерген.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Сот шешімі шыққан соң Гороховский Азаттық тілшісіне миграциялық картасын қайтарып алғанын, енді "бәрі жақсы болар" деп үміттенетінін, қыркүйектің 18-і күні ұшып кетпек ойы барын айтты. Оның пікірінше, сотта адвокат пен куәгерлердің сөзі "айыптаудың күл-талқанын шығарған", бірақ соның бәрі "есепке алынбаған".

Гороховскийге қатысты іс бойынша пікірін білдірген Лұқпан Ахмедияров жергілікті билік өзіне ұнамайтын "Журналистика мектебін" аяқтан шалу үшін осындай іске барды дейді.

Ахмедияров мысал ретінде жобаға биыл кедергі болған бірнеше жағдайды атап өтті. Журналистің айтуынша, ұйымдастырушылардың ғимаратты жалға алуына рұқсат етпеген, ал Facebook бетінде "мектептегі шара ақылы, оған Майданға қатысқан Александр Гороховский келеді" деген жалған ақпарат тараған.

Ахмедияров "Журналистика мектебіне" қатысушыларға қысым жасалғанын, жоба аясында өтетін кездесуге олардың қатыспауы үшін әрекеттер жасалғанын айтады. Жоба норвегиялық Хельсинки комитеті беретін грант аясындағы қаржыны алуда да қиындыққа жолыққан.

​Азаттық пікір білдіруді сұраған Украина сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін айтты, бірақ бір-екі күннен соң ресми пікір білдірмек. Украина консулдығы Гороховскийге "барынша қолдау көрсетіп жатқанын" жеткізді.

Ал украиналық "Институт массовой информации" қоғамдық ұйымының медиа-сарапшысы Ирина Земляная Александр Гороховскийге қатысты жағдайды "шенеуніктер бұрыннан күресіп келе жатқан сапалы, шындықты айтатын және тәуелсіз БАҚ" - "Уральская неделяға" жасалған қысым деп атады.

- Қазақстандағы күш құрылымдары мен билік қорқып қалған, олар бәрінен үрейленеді, "бірдеңе болып қалмасын" деп әрекет етеді. Кейін "неге бақылап отырмадыңдар?" деген сұраққа жауап бермес үшін бәрінің алдын алуға тырысады. Әсіресе, шағын қалаларда сондай үрдіс бар, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, "украиналықтар тренинг өткізу, тәуелсіз медиада адам құқығын қорғау сияқты ізгі пиғылмен [Қазақстанға] барса, сақ болулары керек".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG