Lada.kz сайты осы аптада Маңғыстау облысында өткен әскери операция жайлы бірнеше шағын мақала басты. Ең әуелі шілденің 31-і күні түстен кейін "Маңғыстаудағы арнайы операция кезінде ұсталған азаматтың анасы: Арнайы қызмет өкілдері айғақтарды салып жіберді" атты мақала жариялады. Онда өздерін ұсталған азаматтардың анасы ретінде таныстырған әйелдер арнайы қызмет орындарының "заңсыз әрекетіне" шағымданады.
"МҰНДАЙДЫ ТЕК ТЕЛЕДИДАРДАН ҒАНА КӨРДІМ"
Олардың айтуынша, шілденің 29-ы күні олардың пәтеріне ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігі қызметкерлері сау етіп кіріп келген.
"Таңғы сағат 7-де есікті қағып, әкімдіктен келгенін айтты. Есікті ашып едім, пәтерге қарулы адамдар кіріп келді. Мені итерген соң айғайлай бастадым. Мұндайды тек теледидардан ғана көруші едім. Олар ұлым мен келінімнің бөлмесіне барып, ол жаққа ешкімді кіргізген жоқ. Көк фуболка киген, орта бойдан сәл жоғары ер адам ванна есігін ашып, бір нәрсені лақтырып жіберді. Бізге жала жабайын деп жатқанын түсініп, қорқып кеттім...Кейіннен ванна жаққа қарай беттеп, камераны қосып, айғақтарға қарата сөйлей бастады, пәтерде бір түйіншек табылғанын айтты. Онда 33 гильза жатты. Мен наразы болып, айғақ ретінде көршілерімді шақыруын сұрадым. Одан кейін ұлымды алып кетті, жергілікті ҰҚК департаментіне апарған. Адвокат жалдап едік, ол жаққа жібермеді. Менің ұлым - отбасылы адам, Мәскеу университетін бітірген, Ақтауда мемлекеттік қызметкерлер сынағынан өткен" деді Дариға Назарова. Сайт қарсылық ретінде оның аштық жариялағанын да жазды.
Әскери операция жайлы Facebook-та тараған видео:
Жаңаөзенде ұсталғандардың бірінің анасы да комитет қызметкерлерінің үйін қопарып, тінтігенін, ұлын алып кеткеніне шағымданған. Алайда сайт тамыздың 1-і күні хабарлама жариялап, Дариға Назарованың сөзінен бас тартқанын жазды. Назарова "мұны қызбаланып айта салғанын", "тергеудің заң аясында жүріп жатқанын" жеткізген.
ҰҚК мен ІІМ дерегіне сүйенген сайт операция аясында 17 адамның ұсталғанын, оларды ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасады деп айыптап отырғанын жазды. Оларға тағылған айыптар адам ұрлау, ақша бопсалау, заңсыз есірткі сақтау, қару сақтау сияқты ауыр баптармен байланысты.
Тамыздың 1-і күні Lada 17 адамның екі айға қамалғанын жазды. Time.kz ақпаратына сүйенген сайт 36 мекенжай бойынша тінту жүргізілгенін, "ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерінен" түрлі қару-жарақ түрлері, оқ-дәрі тәркіленгенін жазды. Полицияның болжамынша, күдіктілер төрт қылмыстық топ өкілі болуы мүмкін.
Дәл осы күндері Маңғыстаудағы "түсініксіз операциялар" жайлы Facebook қолданушылары да жазған еді. Мысалы, Жұлдыз Адай деген атпен тіркелген аккаунт иесі шілде айының соңында былай деп жазған:
"29.07.2019 бастап, Жаңаөзен қаласындағы көптеген жастарды ештеңеге қарамай үйіне баса көктеп кіріп, алып кетіп қамап жатыр. Биліктің бұл әрекетін түсінбедік. Жаңаөзен қаласында не қылмыс болып жатыр? Жаңаөзен халқы алаңдаулымыз. Не бүлдірді жастар? Неге ақпарат құралдары үнсіз? Мүмкін тіпті жазықсыз тағы да Жаңаөзен құрбан болып жатыр ма? Кім не біледі? Тыныштық па?"
"РЫСҚАЛИЕВ ТОБЫНЫҢ" МҮШЕСІНЕ ҮКІМ
"Ақжайық" басылымы шілденің 30-ы күні Атырауда "Рысқалиев құрған қылмыстық топ мүшесі" (Атырау облысының бұрынғы әкімі, Қазақстанда сырттай сотталған - ред.) болған тағы бір адамның соты аяқталғанын хабарлады. Басылым ақпараты бойынша, N2 Атырау қалалық соты "бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған BNB Construction компаниясының директоры Бауыржан Темірәлинді бес жылға соттаған. Бірақ 2016 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес, "бұл мерзімнің төрттен бір бөлігі қысқартылып, ақырында жаза мерзімі үш жыл 9 айды құраған".
Сайттағы ақпаратқа сәйкес, Темірәлин айыбын мойындап, прокуратурамен процессуалдық келісімге келген. Айыптау актісінде сотталушының 2008 жылы шілде мен 2009 жылы тамыз айы аралығында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен сыбайласып, бюджеттен 2 миллиард теңге жымқырғаны айтылған. Істі судья Гүлнар Дәулешова қараған.
"Ақжайықтың" жазуынша, 45 жастағы Ақтөбе облысында туған Бауыржан Темірәлинге 2012 жылы тамыз айында "Рысқалиев ісі" бойынша айыпталған тағы 13 адаммен бірге іздеу жарияланған. Кейінірек іс "мемлекетаралық сипат" алған. Жемқорлықпен күрес қызметі Темірәлин Ресей немесе Қырғызстанда жасырынып жүр деп болжаған. Бірақ алты жыл бойы таба алмаған. Тек 2018 жылы желтоқсан айында Темірәлин Қазақстанға өзі келіп, Атыраудағы Рысқалиев сотына барған.
"Бейресми дерек бойынша, ол Атырауға Қызылорда облысынан келген. Сол күні Темірәлинді сот залында ұстап, тергеу изоляторына қамаған. Қалыптасқан жағдайды ескеріп, оның ісін жеке өндіріс ретінде ашқан. Сот үкімі енді шықты. Жаза мерзімі 2018 жылдың 4 желтоқсанынан бастап есептеледі" деп жазды сайт.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке "бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет бабын теріс пайдаланды", оның бауыры, депутат Аманжан Рысқалиевке "алаяқтық жасады" деген айыптар тағылған. 2013 жылдан бері оларды құқық қорғау органдары іздеп келеді. Қаңтар айында ағайынды Рысқалиевтерге сот үкімі шыққан. Сот Бергей Рысқалиевті - 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттады. Соңғы рет қазақстандықтар Бергей Рысқалиев жайлы ақпаратты 2019 жылы мамыр айында естіген. Ол Парижде өткен бірқатар қазақстандық саясаткерлер, белсенділер қатысқан конференцияға қатысқан.
"ЖІБЕК ЖОЛЫ" БЕКЕТІ НАҒЫЗ ТОЗАҚҚА АЙНАЛДЫ"
Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын "Отырар" телеарнасы осы аптада Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы "Жібек жолы" кеден бекетінде "жолаушылардың шекарадан ары-бері өтуі қатты қиындап кеткенін" жазды. Бұл мәселені баяндаған арнайы сюжетте Алматы - Ташкент бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің бірі шекарадан өтуі үшін сағаттап тұратынын, оның мәнісін түсінбейтінін айтқан.
"Бастапқыда бәрі жақсы болатын. Бірақ соңғы жарты жылда "Жібек жолы" бекеті біз үшін нағыз тозаққа айналды. Келеміз де бірнеше сағаттап күтіп тұрамыз" деді жүргізуші Еркін Хайруллаев.
"Тұрғанымызға үш сағат болды. Өстіп отыра береміз бе? Өзіміз асығып, жерлеуге бара жатырмыз. Алда әлі 1200 шақырым жүреміз. Күн ыстық. Бәріміз күтіп отырмыз. Өйткенше жаяу өткеніміз жақсы еді ғой. Біз Америкадан немесе Африкадан келе жатқан жоқпыз. Ешкім түсіндірмейді" деді жолаушылардың бірі Жаңагүл Сайытова.
Телеарнаның хабарлауынша, сарылып күтуден шаршаған 40 шақты жолаушы автобустан түсіп те кеткен. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компания өкілі кедендегілердің "еңбек келісім-шарттарың жоқ", "тіркелу мерзімі өтіп кеткен" деген сияқты түрлі себеппен автобустарды бөгейтінін жеткізген. Телеарна өкілдері кеден қызметкерлерінен жауап алуға тырысқанмен жағдайды ешкім түсіндірмеген.
Ал Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Әлібек Лесов "бес-алты сағаттап тұру, ішке кіріп ақша жинау сияқты фактілердің болуы мүмкін емес, бәрін видео түсіріп тұр, бізге жазбаша шағым түскен жоқ" деп айтқан.
ПІКІРЛЕР