Мамыр айы – киік төлдейтін уақыт. Мамандардың есебінше, Қазақстанда кейінгі жылдары ақбөкен басы орта есеппен жылына 40 пайызға көбейген. Киік қорушылар табиғатта ақбөкен санын көбейту оңай болмағанын, түз жыртқышынан гөрі киікке ең қауіптісі адамның ашкөздігі екенін айтады.
КҮЙЕКТЕН КЕЙІН
Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауылында тұратын 74 жастағы Омар Сақтағанұлы өмірінің 45 жылын киік қоруға арнаған. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында түрлі жауапты қызмет атқарып, 2012 жылы зейнет демалысына шыққан ақсақал киік (ақбөкен деп те атайды) туралы сағаттап айтуға бар. Әлі де далаға аңсары ауып тұрады. Қария 2022 жылғы желтоқсанның аяғы мен 2023 жылғы қаңтар айында Ырғыздың айналасынан табыннан бөлініп қалған саспақты көп кездестіргенін айтып берді.
Күйектен кейін табыннан бөлініп қалатын киіктің еркегін саспақ деп атайды. Күш-қуаты әбден сарқылған, омырауы салтақ-салтақ, кеңсірік қабатын жағымсыз иісі бар саспаққа жақындау мүмкін емес дейді Омар қарт. Табыннан бөлініп қалған саспақ көбіне ит-құсқа жем болады.
– Ырғыздан 30 шақырымда Ботабай деген жер бар. Наурыздың басында сол жерден 30 шақты теке көрдім. Оның көбі кейін өліп жатты. Мүйізі қарағайдай болып, түлкі мен қарсаққа жем болды. Себебі күйектен кейін саспақтың күш-қуаты сарқылады. Табынға ілесе алмай, бөлініп қалған текелер бір-бірін қара тұтып, аз уақыт бірге жайылады. Жас текелер күш жинап, қайтадан қатарға қосылып кетуі мүмкін. Ал кәрісі әбден қалжырап, аштан өледі. Бұл – табиғаттың заңы. Табиғат осылайша күштіні іріктеп алып, өзін-өзі сақтайды, – дейді Омар Сақтағанұлы.
Ол көп жылғы тәжірбиесінде алғаш рет былтыр желтоқсанда киік Ырғыз өзені бойына келіп шағылысқанын көргенін айтты. Тәжірибелі маман "бұл киік басының көбеюіне байланысты" деп есептейді.
– Желтоқсан – киіктің күйекке түсетін кезі. 5 желтоқсаннан кейін басталған күйек 20-сынан өте аяқталады. Бұрын киік Ырғыздан 300 шақырым қашықтағы Атанбас деген жерге барып шағылысатын. Бұл жолы Ырғыздан ұзамады. Ауылдан 10 шақырымдай шықсаң, табынға тап боласың. Былтыр күзде Ырғыздағы аудандық сот ғимаратының алдынан да киік көрдім. Ауылға жақын маңда жайылып жүрген киікті ит қуып әкелсе керек, – дейді табиғат жанашыры.
Қазақстандағы киік популяциясы Бетпақдала, Орал және Үстірт болып үшке бөлінеді. Бетпақдала популяциясының бір бөлігі – Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты 2007 жылы құрылған. Резерват Бетпақдала популяциясының ауқымды бір бөлігін – 1,4 миллион гектар жерді алып жатыр.
Қарт қорықшының сөзінше, 2007 жылы Ырғыз резерватында 12-13 мың бас киік болған. 2022 жылғы әуеден жүргізілген санақ Бетпақдалада киік 489 мың басқа жеткенін анықтаған.
Омар Сақтағанұлы зейнет демалысында болса да, қырға шығып, киік басы көбейе бастағанына көңілі марқайып қайтады. Түз жануарының қорегі туралы да айтып берді.
– Қаражусан мен бұйырғын – киікке күш беретін шөп түрлері. Соның бәрін бір сөзбен қараот деп атаймыз. Бірсуат, Ділімбай деген жерлерде қараот бар. Күйектен қажыған теке мен буаз ешкіге қазір керегі де – сол, – дейді қария.
Киік күйекке түскенде кіші табын, орта табын, үлкен табын болып бөлінеді. Кіші табында 100, орта табында 1000, үлкен табында 10 мың басқа дейін киік болады.
КИІКТІҢ ТӨЛ ТӨГУІ
Киік мамырдың алғашқы күндері төлдей бастайды. Өсімтал жануар көбіне егіздетіп және бәрі бір мезетте лақтайды. Сондықтан мамандар оны киіктің төл төгуі деп атайды.
– Киік төл төгер кез жақындағанда буаз ешкі текеден бөлек жайылады. Бұл жануардың тағы бір қасиеті – төлін түйежапырақ өскен жерге апарып төгеді. Мамыр айы туысымен түйежапырақ сарғаяды, яғни түйежапырақ пен киік төлінің түсі бірдей болады. Кейде қасында тұрып та төлді аңғармай қалуың мүмкін. Бұл – жыртқыштардан сақтанудың бір амалы. Табиғаттың таңғажайыбы, – дейді Омар Сақтағанұлы.
Киіктің төл төгуі – дала ән салғандай ғажап көрініс. Ұрғашы киік маңырап, құралай жамырап, аспан асты, жер үсті азан-қазан болады. Бұл мүмкіндікті қарақұстар да жіберіп алмауға тырысады екен. Сол маңға келіп ұя салатын қарақұс алдымен құралайдың көзін шұқып өлтіреді де, кейін соның өлексесін жейді.
Омар Сақтағанұлының сөзінше, туғанына екі сағат болған төл енесіне ілесіп кете береді. Ал үш-төрт сағаттан соң киік төліне қуған кісі жете алмайды. Ең қауіпті кезең – құралайдың өмірінің ең алғашқы сағаты. Қарақұс пен құралайдың тіршілік үшін күресі қызатын кез де – осы. Киіктің тағы бір қасиеті – бөтен лақты емізе береді, яғни табында жетім лақ болмайды.
ЫРҒЫЗ-ТОРҒАЙ РЕЗЕРВАТЫ
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының да жұмысы қыз-қыз қайнайтын кезең – киік төл төгетін мамыр айы. Бұл кезде резерват мамандары жаңа туған төлдің салмағын, дене тұрқын өлшеп, мониторинг жүргізеді. Жынысын анықтайды.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми ақпараттық және мониторинг бөлімінің басшысы Әсет Сәскебай – жоғарғы оқу орнын осыдан бес жыл бұрын тәмамдаған жас маман. Әсет кейінгі жылдары табында текелердің үлес салмағы көбейіп келе жатқанын айтады.
– Қыс қатты болған жылдары күйектен кейін аталық киік өте көп қырылады. Биыл Ырғызда қыс жайлы болды. Сондықтан көбіне кәрі текелер ғана өлді. Бір жақсысы, киіктің аталығы 1,5 жылдан соң ұрпақ көбейтуге дайын болады, яғни өте өсімтал жануар. Негізінен егізден, кейде тіпті үштен де лақтайды. Жаңа туған құралайды үркітіп алмау үшін көзін жауып тұрып, салмағын өлшейміз. Көзі ашық болса, мазасызданып жұмыс істетпейді, – дейді Әсет Сәскебай.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы Қосбүйрек, Сұңқарқия тауларының етегі, Шалқар тебізі – киік төл төгетін жерлер. Киік жайылатын, төлдейтін жердің бәрін жыл он екі ай бойы резерваттың 65 инспекторы кезектесіп қориды. Осыдан бірер жыл бұрын киіктің көбеюі ауыл экономикасына зиян келтіргені айтылып, жануар санын реттеу туралы ұсыныстар да болған.
– Бізде Жайық бойындағыдай киіктің егістік жерді таптап кетуі, шаруа қожалықтарына залал келтіруі сияқты жайттар тіркелмеді. Оның бір себебі – Ырғыз өңірі негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Яғни егістік алқабы жоқ. Екіншіден, Бетпақтың киігі Жайықпен салыстырғанда азырақ, – дейді резерват қызметкері.
Маманның айтуынша, киік шөптің 81 түрімен қоректенеді. Киік қорек қылатын шөптің 70 пайызы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағында өседі.
КИІКТІҢ ЖАУЫ КІМ?
Ауа райының аса қолайсыз құбылыстары – қыс қатты болып, жерді мұз басуы немесе қуаңшылық болып, шөп шықпай қалуы жануарлар әлеміне әсер етпей қоймайды. Қазақ жұт деп атайтын мұндай қолайсыздықтар 10-12 жылда бір қайталанып тұрады. 45 жыл киік қори жүріп бірнеше жұтты көрген Омар Сақтағанұлының пікірінше, жұттан да қауіпті нәрсе бар. Ол – адамның ашкөздігі.
– Біреулер киікке қауіп қасқырдан деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Бәрінен қауіптісі – киікті мүйізіне бола қырып, сайын даланы қанға бөктіретін адамның ашкөздігі. Ал қасқырға келсек, ол киікті айламен ғана алуы мүмкін. Басқаша ала алмайды. Бірде Сарышағыл деген жерде үш қасқыр шағын табынды айдап бара жатты. Біреуі табынның артында, екеуі екі қапталында. Кәдімгі шопан сияқты. Қасқыр – топтасып жүретін жыртқыш қой. Демек, алда бір жықпылдың астында әлгі үш қасқырдың үйірі жатқаны анық. Киік оны қайдан білсін? Желдей есіп барады. Бізді көріп, қасқырлар тұра қашты. Ал мына браконьер атаулының айласы қасқырдан да жаман болады. Заң қатайып, көзіміз ашылды ғой. Қазір бір киік атқан адам 3,7 миллион теңге айыппұл төлейді. Соның арқасында Ырғызда киік атушылар да, мүйіз саудасы да сап тыйылды, – дейді Омар Сақтағанұлы.
Қазақстанда 1999 жылдан бері киік атуға (ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа) салынған тыйым алты рет ұзартылған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, мораторийдің нәтижесінде Қазақстанда киік саны 1,3 миллион басқа жеткен.
Киікті заңсыз аулағаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында Қазақстан үкіметінің қаулысымен 2020 жылға дейін киікті, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салынған. Биыл тыйым мерзімі 2024 жылға дейін тағы ұзартылды.
КИІК САНАҒЫ
Үш популяцияның ішіндегі киік басы ең көбі – Еділ-Жайық популяциясы, 801 мың, ал Бетпақдалада 489 мың бас, Үстіртте небәрі 28 мың бас киік бар. Қазақстанда киік басы жылына орташа есеппен 40 пайыз көбейіп отыр дейді мамандар.
Көктем – жануарларды санауға қолайлы уақыт, санақ қар ери сала басталады. Әдетте киік санағы сәуірдің ортасынан аяғына дейінгі аралықта жүргізіледі. Қорытындысы бір ай шамасында, мамырдың соңында шығады.
Жылдың бұл мезгілінде ақбөкендердің жүні ақ түсті болғандықтан, қара жерде анық көрініп, оны санау жеңілірек болады. Осы уақытта киік қыстап шыққан аймақтан қоныс аудара бастайды, жануарлардың таралуы салыстырмалы түрде аз аумақты қамтиды.
Егер санақ жаз мезгілінде жүргізілсе, киіктің түсі жер бетімен, күнге күйген өсімдіктермен бірдей болуы санақты қиындатады. Әрі жазда киіктің таралу аймағы көктеммен салыстырғанда бірнеше есе көп болады. Қыс мезгілінде таралу аймағы аса үлкен болмағанымен, ақ қарда жүні ақшыл ақбөкендерді санау қиынға соғады.
Биыл үш популяцияда санақ бір мезетте жүргізілді. Үшеуін қоса есептегенде, киік санағы 200 сағат бойы жүргізіледі. Санаққа қатысатын әр тікұшақта қажет құралдармен қамтамасыз етілген кемінде үш есеп жүргізушіден болады – біреуі пилот кабинасында, екеуі борттың оң және сол жағында отырып санақ жүргізеді.
Киіктің дүниежүзілік популяциясының (Saiga tatarica tatarica) 90 пайыздан астамы Қазақстанды мекендейді. Сондықтан Қазақстанда киік – мемлекет қорғауына алынған жануар.
Саны аз Үстірт популяциясы Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының оңтүстік-батыс бөлігін мекендейді. Үстірт киігі миграция кезінде Өзбекстан аумағына өтеді. Ал Еділ-Жайық (Орал) популяциясының киігі Батыс Қазақстан облысы мен Ресей құрамындағы Қалмақия жерінде тіршілік етеді. Үш популяцияның ішінде Қазақстан аумағынан ұзап шықпайтыны – Бетпақдала киігі.
ПІКІРЛЕР