Бүгін Павлодар облыстық соты Павлодар қаласының тұрғыны әрі құқық қорғаушы Елена Семенованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Ол аймақтағы түрме бастықтарына шағымдарын тексеру үшін оны тұтқындармен жолықтырмауды бұйырған қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) басшылығы үстінен берген талап-арызын қолдамаған бірінші сот инстанциясы шешімінің күшін жоюды сұраған.
Кейбір құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, жергілікті түрмелердің билігі түрмеге кіруге рұқсаты бар табанды құқық қорғаушылардан құтылу амалын табуға тырысады. Ал түрме билігі «бұған біздің қатысымыз жоқ» деп мәлімдейді.
ЖАҢА ТӘСІЛ
Құқық қорғаушы Елена Семенова енді апелляциялық сот қаулысына қатысты шағымданбақ. Ол азаптау немесе қатыгездік әрекеттері жайлы арыздар түскен кезде мүшелері түрмеге кіре алатын Павлодар облыстық қоғамдық бақылау комиссиясын (ҚБК) басқарады.
6 қаңтар күні Елена Семенованы АП-163/3 түрмесі территориясына кіргізбей қойған. ҚАЖД басшылығы бұл әрекетін «Павлодар облысында өзге қоғамдық бақылау комиссиясы құрылған әрі оны өзге төраға басқарады» деген уәжбен негіздейді. Әлгі оқиғадан кейін Елена Семенова оның түрмеге кіруіне тыйым салу әрекетін заңсыз деп тануды сұрап, Павлодар қалалық сотына талап-арыз түсірген. Алғашқы сот инстанциясы Семенованың талап-арызын қанағаттандырмай тастаған болатын.
Азаттық тілшісімен сөйлескен Қазақстандағы адам құқықтары бюросы директоры Роза Ақылбекованың айтуынша, жергілікті түрме билігіне «сотталған жандардың құқығын табандылықпен қорғауға әзір Елена Семенованың белсенділігі мен құлшынысы ұнамайды».
— Оны, әрине қудалайды, өйткені ол әлгі адамдарды табандылықпен қорғайды, оларға сотталған деп қарамайды, ал оларға сот жаза кесіп, бас еркіндігінен айырғанын түсіну аса маңызды. Бірақ олар түрмеге жаңа жазаға ұшырау үшін түскен жоқ, - дейді Роза Ақылбекова.
Оның айтуынша, Павлодар облысындағы түрмелерде тұтқындарды азаптау сияқты қатігездік әрекеттері екі жылдан бері жиі байқала бастаған.
— Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы сол кісінің арқасында түрмелерге адвокаттар «десантын» аттандырды. Олар шынымен де заң бұзушылықтар барын анықтады. Бірақ, өкінішке орай, жергілікті билік қылмыстық істі азаптау әрекеттеріне қатысты қозғамай, өкілеттігін асыру бабы бойынша қозғайды, - дейді Роза Ақылбекова.
Астанадағы қоғамдық бақылау комиссиясы төрағасы әрі тұтқындар құқығын қорғаумен танылған Руслан Оздоевтың айтуынша, түрме жүйесі ҚБК мен ұлттық превентивті механизм туралы заңдар қабылдау кезінде өз мүддесін тықпалаған. Оның айтуынша, енді түрме жүйесі аймақтардағы қоғамдық бақылау комиссияларының табанды жетекшілерінен құтылу үшін олардың үстінен қылмыстық іс қозғатуға тырысу сияқты үйреншікті амалды қолданады. Руслан Оздоевтың сөзінше, бұл амал жүзеге аспаса, түрме басшылығы Елена Семенованы ығыстыру үшін қолданып жатқан амал сияқты өзге жолын табуға тырысады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС АРҚЫЛЫ ЫҒЫСТЫРУҒА ТЫРЫСУ
Былтыр Павлодар облыстық ҚАЖК басшылығына Елена Семенованың үстінен жала жабу айыбы бойынша қылмыстық іс қозғатудың сәті түскен. Ал оның кінәсінің дәлелі ретінде тұтқындардың «Семенованың қатыгездік туралы ақпараты жалған» деп көрсеткен арыздарын келтірген.
Ол кезде құқық қорғаушылар жергілікті түрме басшылығы Семенованы түрмеге қамата алмаса да, аймақта тұтқындардың құқығын табандылықпен қорғап жүрген белгілі құқық қорғаушының «арынын сәл басуға» осындай амалмен тырысады деп бірден мәлімдеген. Ал бұрын істі болған адам мұндай комиссиялардың құрамында түрмелерге кіре алмайды.
Семенованың айтуынша, түрмелердегі жағдай тұтқындардың қысымға шыдамай өздерін де, оны да қаралауға мәжбүр болуына дейін жеткен.
Семенованың ісі сотқа жетпеді. Ол тұтқындар жазған және түрмеге барған кезде өз қолына табыстаған арыз-шағымдарын әлеуметтік желілерде жариялаған. Жазбаларының арасында түрме әкімшілігімен сөйлескен кезде өз мәлімдемесінен бас тартқандардың да арыздары болды. Бұған қоса, Семенова президент әкімшілігінен бастап, бүкіл мемлекеттік органдарға Павлодар облысы түрмелерінде отырған тұтқындарға қатігездік таныту әрекеттері жайлы хаттар жолдаған. Оның айтуынша, түрмелердегі жағдай тұтқындардың қысымға шыдамай өздерін де, оны да қаралауға мәжбүр болуына дейін жеткен. Елена Семенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс оның әрекеттерінде «қылмыстық заң бұзушылықтар» жоқ деген негізбен былтыр желтоқсанда жабылған.
— Былтыр оның үстінен қылмыстық іс қозғауға шын мәнінде ешқандай негіз жоқ болатын, - дейді Руслан Оздоев.
Ал түрме басшылығы Елена Семенованың түрмеге кіруіне тыйым салу туралы шешім шығаруы мүмкін сот процестерінің саяси астары бар деген мәлімдемені терістейді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов құқық қорғаушылардың «түрме басшылығы Семенованы тұқыртып алу амалын іздеп отыр» деген болжамына қатысты былай дейді:
— Бұл, әрине сандырақ сөз. Ешқашан мұндай ойымыз болған емес. Құқық қорғаушылардың бәрі бірдей, бәріне бірдей қараймыз. Олар өз функциясын орындайды, біз оларға көмектесеміз.
Апелляциялық соттың Семенованың түрмелерге кіруіне тыйым салатын бүгінгі шешіміне байланысты Ғалымжан Хасенов «бәрін сот шешетінін, комментарий беру артық болатынын» айтады.
Құқық қорғаушылар тұтқындарға қатыгездік таныту әрекеттерінің бірнеше фактісін анықтаған соң және тұтқындардың бірі Бақытжан Әбдікәрімовтің билік «суицид» деп түсіндірген жуырдағы қазасынан кейін Павлодар облысындағы түрмелердің жаман аты жайылған.