Accessibility links

"Ұнамаса, кешірім сұраймын". Жауынгер қыздың ағаш мүсіні сынға қалды


Жауынгер қыздың ағаштан жасалған мүсіні.
Жауынгер қыздың ағаштан жасалған мүсіні.

Семейдегі Жеңіс саябағына қойылған жауынгер қыз Мәншүк Мәметованың ағаш мүсінін тұрғындар "сапасыз" деп сынағаннан кейін, билік оны алып тастады. Әкімдік мүсінге қатысы жоғын айтты, ал ескерткіш авторлары жұрттан кешірім сұрады.

Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Совет одағының батыры Мәншүк Мәметованың ағаш мүсіні жақында қаладағы Жеңіс саябағына қойылған. Мүсін авторы – Алтай қаласында (бұрынғы Зыряновск - ред.) тұратын ағаш шеберлері – ерлі-зайыпты Иван мен Юлия Куртуковтар. Қала әкімдігі Иван мен Юлия Семейге қала орталығын ағаш мүсіндермен безендіруге келгенін айтады. Жергілікті биліктің дерегінше, Абай алаңына орнатылған мүсіндерден кейін "тұрғындардың қала скульптурасы жанрына қызығушылығы оянған".

Ерлі-зайыпты шеберлер ағаштан мүсін оюды тамыз айында бастаған. Осыған дейін олардың қолынан шыққан үкі, аю мен қазақтың музыкалық аспаптарын бейнелейтін мүсіндерді қала тұрғындары жылы қабылдаған. Бірақ ағаштан жасалған "Мәншүк" жұрттың сынына қалды. Адамдар негізінен мүсіннің көркемдік жағын сөкті.

Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған мүсін суретінің астына бір қолданушы "Пропорциялар мүлде сақталмаған" деп жазды.

"Қазақстанда көркемсурет саласындағы білім деңгейі қалай құлдырап кеткен!" деп жазды тағы бір қолданушы.

Жауынгер қыздың ағаштан жасалған мүсіні. Семей, 1 қараша 2019 жыл.
Жауынгер қыздың ағаштан жасалған мүсіні. Семей, 1 қараша 2019 жыл.

Бірнеше күннен кейін Семей әкімдігі мүсінді алып тастау туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік орган гүлзарға қойылған мүсін үшін жауапкершілікті мойнына алмайтынын айтып, мүсінді жасауға мемлекет қаржысы жұмсалмағанын атап өтті.

- Бұл бюджет қаржысы емес. Демеушісі бар жоба. Әкімдік тек жалпы жобаға жетекшілік етіп, рұқсат берді. Бірақ бұл кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қолдаған бастама. Сәтсіз шыққандықтан, резонанс туды. "Жауынгер қыз" композициясын алып тастадық. Қалаға жаны ашитын, көмектесетін адамдар демеуші болды, - деді Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаев.

Қала билігі мүсінді алып тастау туралы шешімін тұрғындар сынымен байланыстырмайды. Әкімдік дерегінше, "жауынгер қызды" "Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай гүлзарды қайта жаңғырту жобасы аясында" алып тастаған. Дегенмен жергілікті билік ағаш мүсіннің белгілі бір деңгейде қоғамдық резонанс туғызғанын жоққа шығармайды.

"ЖҰМЫСЫМЫЗДЫ АЛЫП КЕТЕМІЗ ДЕП ШЕШТІК"

Қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылардың сыны және әкімдік реакциясынан кейін "Мәншүк" ағаш мүсіні авторлары жұрттан кешірім сұрады.

"Жақында біз Жеңіс гүлзарында ағаш мүсін жасауға байланысты идеяларымызды ұсындық. Рұқсат алдық. Әдетте эскиз жасаумен айналыспаймыз, образ бен картина жұмыс барысында дайындалады. Бұл біраз адамның сынына себеп болды. Әлеуметтік желіні қолданушылардың пікірін ескеріп, мүсінді орнынан алып тастадық. Өкінбейміз. Біздің жұмысымызды ұнатпаған адамдардан кешірім сұраймыз. Мұндай негатив болғаны, әрине, өкінішті. Жұмысымызды өзімізбен бірге алып кетеміз деп шештік. Ұнамаса, кешірім сұраймыз" деп жазды Юлия Куртукова Instagram парақшасында.

Ағаш мүсін жайлы пікір білдірген қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Азаттыққа берген жауабында "Жобаны жүзеге асыру барысында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы мен онымен байланысты өңдеу техникасы ескерілмеген сияқты" деп жазды.

Қазақстандық мәдениеттанушы Валерия Ибраева қалалық мүсін жанрын жас әрі сәнді бағыт деп есептейді. Мәдениеттанушының сөзінше, жанр тарихы небәрі 30 жыл бұрын Женевадағы ескі фотосуретке сүйеніп, қала аялдамаларының бірінде бұрын тұрған адамдардың мүсінін жасаудан басталған.

Өнертанушы Валерия Ибраева. 5 желтоқсан 2017 жыл.
Өнертанушы Валерия Ибраева. 5 желтоқсан 2017 жыл.

- Ірі мемлекеттік монументтер сәннен шыға бастады. Ескерткіштер демократиялық сипатқа ие болып, тұғырынан түсіп, адамдардың алдына олардың өлшемдерімен тең күйде қойылып жатыр. Бұл барлық мемлекетте бір кездері қызығушылық туғызған тоталитарлық ескерткіштер мен қалалық ортаның демократиялық сипатқа көше бастағанын көрсетеді. Ал Мәншүк мүсіні - қолдан гномдар ойып жасайтын 1970 жылдардың үйірмелерінен алынған сияқты ауылдық сипаттағы жұмыс. Оны қоғамдық орынға емес, балабақшаға, аулаларға, жеке аумаққа қоюға болады, - дейді Валерия Ибраева.

Ибраеваның пікірінше, қала алаңына немесе гүлзарға ескерткіш қоймас бұрын арнайы сараптама жүргізіліп, жоба қоғамдық талқылауға шығарылуы керек. Қазақстанда әзірге аталған бұл екеуінің ешқайсысы орындалмайды.

- Бізде барлық саладағы сараптамаға деген жалпы сенімсіздік бар. Яғни, әкім болса, ол өз қызметімен қатар қала құрылысы, кіші және үлкен мүсіндер формасы, сиыр бағудың қыр-сырын түгел білетін сияқты көреміз. Осындай ұсқынсыз, асығыс жасалған, кәсібиліктен ауылы алыс провинциалды сипаттағы мүсіндер декоративті форма мен урбанистикалық кеңістік туралы түсінікті теріске шығарады, - дейді Валерия Ибраева.

САБАН ТИІН, АБАЙМЕН СЕЛФИ ЖАСАП ТҰРҒАН МИХАЭЛИС

Қазақстанда көпшіліктің сынына ілінген ескерткіштер бұған дейін де болған. Мысалы, Алматыда 23 миллион теңгеге сабаннан жасалған 15-тонналық тиін ескерткішін Қазақстанда (және өзге де кей елде) жұртшылық сынға алған. Көп адам биліктен даулы ескерткішті алып тастауды талап етті.

Өскеменде орнатылып, қайта алынған Абай мен Михаэлистің ескерткіші. (Сурет әлеуметтік желіден алынды.)
Өскеменде орнатылып, қайта алынған Абай мен Михаэлистің ескерткіші. (Сурет әлеуметтік желіден алынды.)

Бірақ тиін ескерткіші орнында қалды. Ал Өскеменде 2014 жылы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы мен оның досы, орыс ғалымы Евгений Михаэлистің ескерткіші тұғырда бар болғаны бір тәулікке жетер-жетпес уақыт қана тұрды. Оның суретін әлеуметтік желіде жариялаған қолданушылар ескерткіштің көркемдік мазмұнын қатты сынап, монументтегілер Абай мен Михаэлиске емес, "қортық адамдарға" ұқсайды деп жазды. Кейбіреулер қолына кітап ұстап тұрған Михаэлисті "cелфи (телефонның камерасымен өз-өзін суретке түсіру) жасап тұрған" адамға ұқсатты. Наразы жұрт қала әкімдігінен даулы ескерткішті алып тастауды, оны орнатуға кім рұқсат бергенін, қанша қаржы жұмсалғанын және ескерткіш авторының аты-жөнін жариялауды талап етті.

2017 жылы Алматыда қалалық перзентхананың қасына қойылған бетоннан жасалған "Ана мен бала" ескерткіші де дәл сондай сынға қалды. Сын айтушылардың пікірінше, ескерткіштегі "сәби" баладан гөрі "жасамыс қортыққа" көбірек ұқсайды. Ескерткішті дайындаған "КазСтройПродукт" компаниясы өкілдері жаңағыдай сынға берген жауабында монументті жасауға бірнеше шебер қатысқанын айтты. "Мүмкін қала тұрғындарының кейбіріне сәбидің бет әлпеті ұнамаған шығар. Бірақ бұл суретшінің ойындағыны көрсететін авторлық жұмыс" дейді компания өкілдері.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG