"ҮШ-АҚ ТАБЛЕТКА ҚАЛДЫ"
Алматы қаласының 52 жастағы тұрғыны Айгүл Бәсен қалқанша безі бұзылуынан көп жылдан бері арнайы дәріні тұрақты пайдалануға мәжбүр. Әуелде "L-Тироксин" ішкен ол, кейін эндокринологтың кеңесімен "Эутирокс" препаратына көштім дейді. Айтуынша, соңғысының жанама әсері аз әрі сіңімді.
- Қалқанша безі гормоны жетіспегендіктен ағзада түрлі ауытқу пайда болып, кейбір ауруды қоздырады. Әлсіздік пен ұйқышылдыққа душар етеді, жосықсыз семіртеді. Ал асқынып кетсе, бедеулік пен зобқа (алқымның ісінуіне) жеткізуі мүмкін. Қауіптісі осы. Сондықтан қалқанша безі ауруына шалдыққандар уақытылы дәрі ішуі керек, - дейді ол.
Айгүл Бәсеннің сөзінше, соңғы кездері дәріханаларда препарат табылмайтын болған.
- 15 жылдан бері ішіп жүрмін. Бірақ қазіргідей еш жерден таппай, қиналмаппын. Қолымда үш-ақ таблетка қалғанда, амалсыз әлеуметтік желіге жаздым. Сөйтсем мен сияқтылар көп екен. Достарым көмектесіп, екі айға жететіндей қор жинап алдым. Бірақ арамызда таба алмай отырғандар көп қой, - дейді ол.
Соңғы кездері бұл препаратты іздеп, халықтан көмек сұрағандар әлеуметтік желіде жиі байқала бастаған. Соның бірі Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлім Әбілқасымова сәуірдің 11-і күні Facebook парақшасында "қала бойынша "Эутирокс" жоқ, оны алмастыратын дәріні де таппадым" деген жазба қалдырды.
Оның постына пікір жазған елуден адам препараттың көптен бері сатылымда жоғын айтып, кейбірі дәрі таппай сабылғандарға артығын тегін беруге әзір екенін жазған.
Ольга Турдиева есімді қолданушы қалқанша безі ауыратындарға өте қажет "Эутирокс" немесе "L-Тироксин" препаратын таппай жүргенін ашына жазды. Ол "Осы ма дәрі-дәрмекпен қамту?. Вируспен күресте пайдаланылатын маска емес қой!" десе, Гуля Шәкенова есімді қолданушы "Кім бұған жол берді, дәрі таппай отырғаныма аптадан асты" деп налиды.
"ДӘРІХАНАДА ЖОҚ, "СК-ФАРМАЦИЯДА БАР"
Препарат таба алмай отырғандар Қазақстанның әр өңірінің тұрғындары екені аңғарылады. Мұны бірнеше облыстың дәріханалары да растады.
Ақтөбелік фармацевт Артур Геттингтің айтуынша, қалада 3-4 аптадан бері гормоналды препарат жоқ.
- "Эутирокс" немесе "L-Тироксиннің" бірі болмаса, екіншісін пайдалануға болады. Қазір дәріханаларда екеуі де жоқ. Жұрт іздеп, сабылып жүр. Біз де табуға тырыстық, бірақ қоймада жоқ, - дейді ол.
Фармацевтің сөзінше, препарат тапшылығына бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, "Эутирокс" препаратының Қазақстанда тіркелмегені басты проблема. Сондықтан керек адамдар дәріні Ресейден әкеп жүрген. Бірақ Коронавирусқа байланысты Қазақстан мен Ресей шекарасы жабылғалы тоқтаған.
- Бұрын дозировкасын білсек, "L-Тироксинді" рецептпен сататынбыз. Қазір ол жоқ. Бүгін бір фирмадан сұрағанымызда алдағы аптада түсіп қалар деді. Меніңше, фирмалар клиенттерін жоғалтып алмас үшін уәде береді. Әйтпесе дәріге тапсырыс беру мүмкін емес. Өйткені бұл препараттар жоқ, - дейді ол.
Аталған препараттар Шымкент қаласының дәріханаларына түспегеніне де 4-5 ай болыпты. Ірі дәріханалар желісінде оның орнын басатын дәрі болғанмен, санаулы ғана. Кейбір дәріхана "L-Тироксинге" тапсырыс беріп, күтіп отырғанын айтты.
Шамамен төрт айдан бері жоқ. Тапсырыс бергенімізде "қоймада жоқ" деген жауап алдық.
Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтандағы Europharma аптекалар желісінен аталған гормоналды препаратты таба алмады. Дәріхана қызметкерлері қашан болатынын білмейді. Ал Smartpharma желісінде өзін Алма деп таныстырған қызметкер:
- Шамамен төрт айдан бері жоқ. Тапсырыс бергенімізде "қоймада жоқ" деген жауап алдық. Білуімше, бұл препарат қайта тіркеуден өтіп жатыр. Сондықтан нақты қай кезде саудаға түсетіні белгісіз. Сұрап келгендерді "күтіңіз" деп шығарып саламыз. Басқа амал жоқ, - дейді.
Алайда Қазақстандағы дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін "СК-Фармация" компаниясы "препарат жоқ" деген пікірмен келіспейді. Компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Інкәр Мирьякупова препараттар төңірегіндегі шағымдар жайлы естігенін айтады.
- "Эутирокс" препараты алты дозировкамен (25 мкг, 50 мкг, 75 мкг, 100 мкг, 125 мкг, 150 мкг) сатылатын дәрілік заттар тізіміне енген. Жеткізу кестесіне сәйкес, жоспарлы көлем Бірыңғай дистрибьютор қоймасына түсті. Медицина ұйымдарының өтінішіне сай препарат қажет мөлшерде беріліп жатыр, - деді ресми өкіл.
"СК-Фармация" компаниясының мәліметінше, Қазақстанда "Эутирокс" препаратын сатып алуға 158 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта оның 68 миллионына дәрі алынған. Ресми өкілдің айтуынша, компания бөлшек сауда-саттық желісін дәрі-дәрмекпен қамту ісіне араласпайды. Бұл оның құзырына жатпайды.
"Эутирокс" препараты Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрі заттар тізіміне енген. Ол гипотиреоз, гипертиреоз немесе гипопаратиреоз диагнозымен диспансерлік есепте тұрған пациенттерге беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда қалқанша безі дертіне шалдыққан 51435 адам бар. Оның төрт мыңға жуығы балалар.
Материалды дайындауға Жаңагүл Жүрсін мен Дилара Иса қатысты.
ПІКІРЛЕР