Оқушыларға орын жетпей жатқан мектептің бірі – 8 шағын ауданында орналасқан Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі. 1500 оқушыға шақтап салынған мектеп-лицейде қазіргі кезде 4700-ге жуық бала оқиды.
Орын тапшылығы мәселесін мектеп басшылығы оқушыларының бір бөлігін өзге мектептерде оқыту арқылы шешуге тырысып жатыр. Қазір 3-ші сынып оқушылары (барлығы 14 сынып) бір шақырым қашықта орналасқан №20 мектеп-гимназиясының ғимаратында оқиды. Мұнда оларға 7 аудитория бөлінген. Алдағы уақытта мектеп-лицейдің тағы да бірнеше сыныбы басқа мектептерге жіберілуі мүмкін.
ЖАҢА ӨЗГЕРІС
Бір мектепке тіркеліп, екінші мектептің ғимаратында баласын оқытып жатқан ата-аналардың бірі Балнұр Тұрлыбекова жаңа өзгеріс жайлы естігенде әуелі қарсы болғанын айтады.
- Жаңа оқу жылына бір күн қалғанда қызымның басқа мектептің ғимаратында оқитынын естідік. Қарсы шықтық, ата-аналар жиналды. Мұнда келгеннен кейін ойымыз өзгерді. Қазір үйрендік. Ыңғайлы. Оқушы аз. Ана жақта (№23 мектеп-лицей – ред.) бала көп, - дейді Балнұр Тұрлыбекова Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, бұрынғы мектебінде сыныптар жетіспегендіктен таңертең оқитын балалар кейде сабақтарын түске таман бастауға мәжбүр болған. Ал қазір гимназияда балаларының үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері барын айтады.
Тағы бір ата-ана Сапарбек Оңласынов «ең бастысы баланың сапалы білім алуы» деп, жаңа өзгеріске қарсы еместігін білдірді. Оның айтуынша, балалардың оқитын орны алмасқанымен сабақты бұрынғы мұғалімдері беріп жатыр.
- Оқушы көп болған соң кезек көп. Асханасынан бастап, әжетханаға дейін. Мұның өзі баланың оқуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жерде жасалған жағдайды көріп, кеткіміз келмей қалды, - дейді Сапарбек Оңласынов.
“ТӘРТІПТІ ҚАДАҒАЛАУ ҮШІН ПОЛИЦИЯ ЖҮРЕДІ”
Өзге мектептің оннан астам сыныбын оқытып жатқан №20 мектеп-гимназиясының ауласында сабаққа кіріп-шығып жүрген оқушы мен баласын алып-кетіп жатқан ата-ана көп. Екі мектептің оқушылары бөлек-бөлек есіктен кіргізіледі.
Мектеп-лицейдің оқушыларын сабақтан соң сынып жетекшілері аулаға шығарып, әрқайсысының ата-анасымен, туысымен кеткенін қадағалап тұрады.
Әйткенмен кейбір ата-аналардың айтуынша, қосымша балалар келгеннен кейін мектепте тәртіпті бақылау күшейген.
- Бала көп. Балалардың тәртібін қадағалау үшін іште де, сыртта да полиция қызметкерлері жүр. Бұрын мұндай болмайтын, - дейді аты-жөнін атамаған ата-аналардың бірі.
“ЖЫЛ САЙЫН ҚАЙТАЛАНАТЫН ЖАҒДАЙ”
№23 мектеп-лицейдің директоры Жанар Тойлыбаеваның айтуынша, орынның жетіспеуі жылда қайталанатын жағдай. Тек жыл сайын кей сыныптар басқа мектепке жіберіліп отырады. Орын тапшылығына қала халқының өсімі мен туу көрсеткішінің артуы себеп деді директор.
Жанар Тойлыбаеваның сөзінше, бұған қоса биыл мектепке қабылдар алдында оқушының тұрғылықты мекен-жайы туралы анықтама сұрау тоқтатылған. Соған байланысты ата-аналар баласын қалаған мектебіне беріп, кей мектепте оқушылар саны күрт көбейген.
- Мысалы, жылда 1-сыныпқа 12 сынып оқушы қабылдайтын болсақ, биыл 17 сынып ашылды. Білім бөлімінің бұйрығына сәйкес, 3-сынып оқушылары №20 мектеп-гимназиясында оқытылып жатыр. Сабақты өз мұғалімдеріміз береді. Бақылау, қадағалау өз мойнымызда. Басқа мектеп ғимаратында оқуға қарсы болған төрт ата-ана болды. Олар балаларын басқа мектепке, кейбірі басқа сыныптарға ауыстырды, - дейді директор.
Жанар Тойлыбаева оқушы саны артып, мектепке сыймай қалатыны жөнінде жыл сайын қалалық білім басқармасына хабарланатынын айтады. Бұған дейін мектепке қосымша 300 орынға шақталған оқу корпусы мен спорт залы және шеберханалар салу жоспарланған. Құрылыс жұмысы қазан айынан басталады деп белгіленген. Алайда, директордың айтуынша, қосымша оқу корпусы салынғанымен сыныптағы оқушы саны өзгермейді.
- 1-сыныпта 40 оқушының оқып жатқаны бүгін ғана емес, бұрыннан бар мәселе. Оқушыларды сыйдыру үшін ашық тұрған галереяны бұзып, 5 сынып аштық. Сонда да сыныптар жетпей жатыр. Тағы бірнеше сыныпты басқа мектепке жіберуіміз мүмкін, - дейді мектеп директоры.
ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫН МЕКТЕПКЕ АЙНАЛДЫРУ
№23 мектеп-лицейде қосымша құрылыс жүретінін растаған Шымкент қалалық білім басқармасының өкілі Пазылхан Асауов "әлі де сыймай жатқан оқушыларды балабақшаның бір ғимаратында оқытуды жоспарлап отырмыз" дейді.
Оның айтуынша, қалада оқушыларға орын жетпей жатқан 6 мектеп бар: №1 мектеп, №9 мектеп-лицей, №16 мектеп, №23 мектеп-лицей, №65 мектеп-гимназия және №56 мектеп.
Білім басқармасының өкілі облыс орталығының Түркістанға ауысуына байланысты Шымкент қаласында кейбір босаған әкімдік ғимараттарын мектепке айналдыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
- Оқушыларды енді көшіріп жатырмыз. Қалада демографиялық өсім өте жоғары. Көшіп келушілер де көбейген. Мысалы, жылда бірінші сыныпқа 21-24 мың бала қабылданса, бітіретін бала саны 7-8 мың болатын. Жылда мектептерге орташа есеппен 15 мың бала артық келеді. Соңғы 5 жылда оқушы саны 50 мыңға көбейген. Жаңағы 15 мың баланың өзін мектеппен қамту үшін жылына Шымкентте 6 жаңа мектеп салынуы керек. Бізде биыл 2 жаңа мектеп пен 2 қосымша құрылыс пайдалануға берілді, - дейді білім басқармасының өкілі.
Пазылхан Асауов барлық оқушыны мектеппен қамтуға қазір мүмкіндік жоқ екенін айтады. Қаржы тапшылығына байланысты биыл жоспардағы екі мектептің құрылысы бітпей қалса, екі мектептің құрылысы әлі басталмаған. Проблеманы шешудің бір жолы ретінде қалада жекеменшік мектеп санын көбейту қарастырылып жатыр деді шенеунік.
- Балабақшадағы орын тапшылығы мәселесі жекеменшік балабақша санын арттырумен шешілді. Сол сияқты мектепке сыймай жатқан оқушылардың мәселесін жекеменшік мектептерді көбейту арқылы шешуге болады. Бір баланы оқыту үшін жекеменшік мектептерге бюджеттен айына 13 мың теңге бөлінеді. Жекеменшік мектеп ашу бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Пазылхан Асауов.
Қалалық білім басқармасының дерегінше, Шымкентте 129 күндізгі, 4 кешкі мектеп бар. Оларда 180 мыңнан аса бала оқиды.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2017 жылы қалалық бюджеттен білім саласына барлығы 45,5 млрд теңге бөлінген. 2018 жылы қалада 8 жаңа мектеп салу және 7 мектепті жөндеу жоспарланған.
ПІКІРЛЕР