Жолдасбек Жаңбыршының отбасымен бірге Солтүстік саяжай шағын ауданына көшіп келгеніне төрт жылдан асқан. Содан бері ауыз су тапшылығының азабын тартып келеді. Әкімдік аптасына бір рет саяжайдан ықшамауданға айналған елдімекендегі әр отбасына 300 литр су әкеліп береді.
Күн ыстықта темір бөшкелердегі су бірнеше күннен кейін жылып, құрттайды. Мұндағы жүздеген тұрғын газ бен электр қуатына да қол жеткізе алмай отыр. Жекеменшік компаниялар бір үйге газ құбырын кіргізу үшін 300 мың теңге, электр жүйесін тарту үшін 100 мың теңге сұрайды. Қалт-құлт етіп жан бағып отырған көпшілік тұрғын мұндай бағаны қымбатсынады.
"ТЕЛЕДИДАР ҚОССАҚ, ТОҢАЗЫТҚЫШ ӨШІП ҚАЛАДЫ"
- Жарықты жекеменшік компания кіргізіп жатыр. Бағасы екі есе дерлік қымбат. Жекеменшік компания тартқан жарықтың сапасы сын көтермейді. Теледидар қоссақ, тоңазытқыш сөніп қалады. Жанымыз қиналған соң айтып тұрмын. Әкімдікке шағымданып жүргенімізге сегіз жылдай болды. Халықтың жанайқайын тыңдайтын әкім бар ма өзі? - дейді Жолдасбек Жаңбыршы қапаланып.
Солтүстік саяжай ықшамауданы тұрғындарының шағымы:
Шымкенттегі Самал-3, Достық және Ынтымақ шағын аудандарымен шектесіп жатқан Солтүстік саяжайдың ішіне бір де бір қоғамдық көлік кірмейді. Қоғамдық көлікке міну үшін тұрғандар үш шақырым жерге дейін жаяу жүріп Алматы трассасына шығады. Бұл жерден қалаға қарай үш бағытта қоғамдық көлік қатынайды.
Тұрғындар шағын ауданға кіретін бір ғана тас төселген жолмен кіріп-шығып жүр. Ал ішкі жолдардың кейбіріне қара топырақ жайылған, көлік жүргенде бұрқырап шаң көтеріледі. Шағын аудандағы жер учаскелерінің шамамен жартысына үй салынған. Қалғаны бос тұр немесе құрылыс жүріп жатыр.
Тұрмыс қиындығы мен инфрақұрылымның жоқтығына қарамастан Шымкент сияқты ірі қаланың іргесіне қоныс аударып, жұмыс табуға ұмтылатындар саны азайған емес.
Солтүстік саяжайда көп үйдің қоршауы жоқ. Әр үйдің ауласында ауыз су құйылған бөшке не су құятын "бак" пен бес литрлік сарғыш тартқан пластмасса құмыралар тұр. Аялдамасы жоқ көше бойындағы электр бағаналары қисайған. Өсіп тұрған ағаш та байқалмайды. Бұл шағын ауданда мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандар салынбаған.
"ҚЫСТА – ЛАЙ, ЖАЗДА – ШАҢ"
Бес баласымен осы шағын ауданда тұрып жатқан Мейрамгүл Шалғынбаева үш бөлмелі шағын үйіне тағы бір бөлме жалғап жатыр. Ол ауыз су, газ, жарықтан бөлек асфальт жолдың жоқтығына налиды. Қоғамдық көлік қатынамай, мектепке баратын балалары қиналатынын айтып шағымданады.
Жол жоқ. Топырақ. Қыс болса – лайға батамыз, жаз болса – шаң жұтамыз.
- Осында көшіп келгенімізге 10 жылдай болды. Міне, көріп тұрсыз, жол жоқ. Топырақ. Қыс болса – лайға батамыз, жаз болса – шаң жұтамыз. Он күнде балаларымыз мектепке барады. Арнайы автобусын береміз деген. Ол да жоқ. Енді қайтеміз, оқуға балаларды жібермейміз. Мына жолды (Алматы трассасын айтады – ред.) жабамыз. Әкімдіктің құрғақ уәдесінен шаршадық, - дейді көпбалалы ана ашуланып.
Жадыра Көшікбаеваның да Солтүстік саяжай шағын ауданына көшіп келгеніне он жылдан асқан. Екі баласының бірі – мектеп оқушысы. Автобусқа міну үшін топырақ кешіп бір шақырым жер жүреді. Жауын жауғанда лайға батып, аяқ киімін былғамау үшін целлофан киіп шығады.
- Ең керегі – ауыз су. Бір аптаға 300 литр су береді. Ол түкке жетпейді. Сосын жарық. Оның бағасы қымбат. Өзге аудандағылар бір киловатт жарыққа 14 теңге төлесе, біз 28 теңге төлейміз. Жел тұрып, жауын жауса, жарықсыз қаламыз. Оны қайта қосу тағы ақша. Әр жалғағаны – 2500 теңге, - дейді Жадыра шаршаңқы жүзбен.
Қаланың түбінде тұрып ішетін, жуынатын суға жарымай отырмыз.
Зейнеткер Дәуіт Әбуов судан таршылық көрген тұрғындар балаларды шомылдыруға қиналатынын айтады. Қария қала іргесінде тұрса да, "айдаладағы ауылдардан кейін қалғанына" қапаланады.
- Әкімдіктен келеді, уәде береді де, жоқ болып кетеді. Бір де бір нәтиже жоқ. Бұл сұмдық қой. "Шамның жарығы түбіне түспейді" деуші еді. Қаланың түбінде тұрып ішетін, жуынатын суға жарымай отырмыз. Шілденің кезінде тіптен қиналдық. Кондиционер қоссақ, жарық сөніп қала берді. Кепе қазып кіріп кетеміз бе, қайтеміз енді. Үкіметке сенуден қалдық қой, - дейді ол ренішін білдіріп.
ӘКІМДІКТІҢ УӘЖІ
Солтүстік саяжай шағын ауданы тұрғындарының шағымынан Абай ауданы әкімі мен қала әкімі хабардар. Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың Азаттыққа айтуынша, шағын ауданда бес мың жер телімі бар. Оның 675-інде үй салынып, төрт жарым мыңдай халық тұрып жатыр. Қалған жер телімдері бос тұр.
- Ол жерге (Солтүстік саяжай шағын ауданын айтады – ред.) инфрақұрылым жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжат қараша айында дайын болады. Тұрғындардың талабы – жол салу, газ, ауыз су, электр қуатын кіргізу. Жобалық-сметалық құжат дайындалмайынша ешқандай инфрақұрылым тарта алмаймыз, - дейді әкім.
Әкім шағын ауданда өз күшімен газ, электр қуатын тартып алған тұрғындар бар болғанымен, әлі де кейбірі жарықсыз отырғанын айтады. Әкімдіктің вебсайтындағы мәліметке сәйкес, Шымкенттегі Бозарық, Асар-2, Шаңырақ, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ, Ұлағат шағын аудандарының тұрғындары қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында тұрған жер учаскелерінің нысаналы мақсатын тұрғын үй салуға ауыстырып беруін өтініп келеді.
Бұл шағын аудандардағы саяжай немесе қосалқы шаруашылық учаскесі деп тіркелген жер телімдеріне жүздеген тұрғын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің рұқсатынсыз үй-жай салып алған. Иелері нысаналы мақсаты тұрғын үй ретінде бекітілмеген мұндай учаскелерді коммуналды жүйелерге қосқыза алмай отыр. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мұндай тұрғындар баспана салудың талаптарын әу бастан орындамағандықтан мәселені ушықтырды деп санайды.
Абай ауданындағы бірнеше ықшамаудан тұрғындары инфрақұрылым мәселесін әкімнің 2018 жылғы есеп беру кездесуінде де көтерген. Кейін әкімдік жариялаған іс-шара жоспарында ауыз су мен асфальт жол туралы өтініштердің көпшілігі 2019-2020 жылдары орындалады деп жазылған. Ал Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында шаһардағы 13 шағын ауданның әлі тасымалды суға қарап отырғаны және су құбырларының 38 пайызға жуығының тозғаны "негізгі мәселе" деп көрсетілген. 2020 жылға қарай толық ауыз сумен қамту деңгейін 92-ден 99 пайызға жеткізу, құбырлардың тозу деңгейін 9,3 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Бірақ суды әлі тасып ішіп отырған шағын аудандардың қашан қалалық орталықтандырылған су жүйесіне қосылатыны туралы ештеңе айтылмаған.
ПІКІРЛЕР