"ЕКІ ЖЫЛ АҢСАҒАН АРМАНЫНА ЖЕТЕ АЛМАДЫ"
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылында тұратын Аршын әкесі Әбікешті Қытайдағы қыздарына шығарып салғанда оны соңғы рет көріп тұрмын деп ойламаған еді. Ол – "саяси үйрену лагері" деген үрейлі сөз жоқ, заманның тыныш кезі болатын. Қыздары мен жиендерін маңдайынан иіскеп қайтамын деп шекара асқан әкесі де алда қандай бейнет күтіп тұрғанын білмеді.
Аршынның айтуынша, Қазақстанда тұруға рұқсат беретін ықтиярхаты бар, бірақ Қытай азаматтығынан шықпаған әкесі 2017 жылы қараша айында Қытайда қалған қыздарына қыдырып қайту үшін Үржар ауданындағы "Бақты" шекара бекетінен арғы бетке түске дейін өтіп кеткен. Алайда түнгі он бірге дейін Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданы Түргін ауылындағы қыздарына жете алмаған.
– Шекарадан өткен сәттен бастап түнгі он бірге дейін хабарсыз қалдық. Телефоны да өшіп тұрды. Тек он бірден кете бере полицейлер үлкен апайымның үйіне алып барған. Айтуларынша, әкемді он екі сағат бойы сұрауға алып, тергепті. "Қазақстанда не істеп жүрсің? Мешітке барасың ба?" деген секілді сұрақтар қойған, – дейді Аршын.
55 жастағы Әбікешті арада он күн өткеннен кейін полиция қызметкерлері "қоятын сұрақтарымыз бар, он күн қайта үйрену лагерінде болады" деп тағы да алып кетеді. Сол кеткеннен мол кетіп, бір жылдан кейін ғана қызының үйіне әрең оралады.
Шыңжаңдағы мұсылмандар жаппай қамалып жатқан орындарды Қытай басшылығы "саяси қайта үйрену лагері" деп атайды және мұнысын "терроризммен күрес" шарасымен түсіндіреді, ал халықаралық ұйымдар мен Батыс мемлекеттері Пекинді "адам құқықтарын өрескел бұзып отыр" деп, осы үшін сынап келеді. Кей деректер бойынша Шыңжаңда қазақ, ұйғыр, қырғыз сияқты мұсылман дінін ұстанатын байырғы ұлттардың миллионға жуық өкілі осындай лагерьде отыр.
Аршын әкесінің саяси үйрену лагерінде қандай қысым көргенін айта алмай кеткеніне өкінеді. "Жайдақ атқа секіріп мінетін, өмірі дәрігердің алдына бармаған" адамның аяқ асты жүрегі тоқтап қалғанынан секемденеді.
– Лагерьде бір жыл отырып, 2018 жылдың 20 қарашасында шықты. Шыққаннан кейін тағы бір жыл үйқамақта болды. 2019 жылдың қараша айында құжаттарын қолына алды. Қазақстанға кетуге рұқсат етті. Бірақ жете алмады. 20 қарашада сөйлестік. "Міне, қазір жолға шығамын. Киім-кешегімді салып дайындап қойдым" деді. Алайда кешке "әкеңнен айрылып қалдық" деген хабар алдық. Әпкелерімнің айтуынша, лагерьде отырғанда "Тұмауға қарсы" деп екпе салған. Бірақ оның нақты қандай екпе екенін ешкім білмейді, – дейді баласы.
Қытай лагерінде қамауда болған қазақтың әңгімесі (25 қаңтар 2021 ж.)
Аршын – әулеттегі жалғыз ұл. Қазір анасымен, өз бала-шағасымен бірге Мақаншыда тұрып жатыр, кәсібі – мал шаруашылығы. Өзінен үлкен екі әпкесі мен жалғыз қарындасы Қытайда қалған. "Зияным тиіп кетпесін" деп олармен байланысқа да шықпайды. "Қайда жүрсе де әйтеуір аман болса болды" дейді.
Ол әкесі қайтыс болғалы анасының да денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтады.
– Екі жыл келеді деп күтті. Бірақ күйеуі емес, оның орнына қаралы хабар келді. "Түрмеде қалай қинады, не берді" деген ой анамды іштей мүжіп тастады, – дейді Аршын.
"КОМПАРТИЯҒА ЖАРНА ТӨЛЕМЕГЕНІ ҮШІН" ҚАМАЛҒАН
52 жастағы Бақытгүл Рамазан да Қытайда қалған ұлын, анасын және басқа туыстарын көріп қайтуға барып, қамауға түсіп, көп азап тартқан қазақтың бірі. Бірақ бір жақсысы – өзі де, ұлы да әупіріммен Қазақстанға оралған.
Дегенмен 2017-2019 жылдары Шыңжаңдағы байырғы ұлттарға жасалған қысымды көзбен көрген ол "жан жарам да, тән жарам да әлі жазылған жоқ" дейді.
"Шекара" әні – Қытай қазақтарының мұң-зары (28 қыркүйек 2021 ж.)
Бақытгүл 2010 жылы Қытайдың Дөрбілжін ауданынан Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына көшіп келген, артынан ұлы да келеді деп күтіп жүрген.
– Ұлым Дөрбілжінде тұратын. "Құжатымды [жергілікті билік] бермей жатыр" деді. Келгісі келмей жүрген шығар деп сенбедім. Өзім барып алып келмекші болдым. Шекарадан өткен бетте құжаттарымды сақшылар тартып алды. Қолымда тек Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берген ықтиярхат қана қалды, – дейді Бақытгүл.
Қытайдағы билеуші жалғыз саяси ұйым – Коммунистік партия жарғысы бойынша, оның әр мүшесі жылына 2,4 юань (0,4 АҚШ доллары) жарна төлеп тұруы тиіс. 2017 жылы қарашада шекара асқан Бақытгүл осы жарнасын төлей салайын деп шешеді. Бірақ партия жарғысы өзгергенін, енді жылына екі юань емес, айына бір юань төлеуі тиіс екенін айтқан жергілікті билік өкілдері "жарна төлемегеніңізге бір жыл болды, сондықтан үйрену лагеріне барасыз" деп ескертеді.
Сол жылы 29 желтоқсанда Шыңжаңдағы өзі тұрған Үшқарасу ауылымен іргелес жатқан Түргін ауылындағы саяси лагерьге түседі. Жарты жыл бұрын жазған өтініші мақұлданып, түрмеге түсерінен он күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Бақытгүлге Қазақстан азаматтығы берілген. Алайда Қазақстан азаматтығы қолына тимеген ол Түргін лагеріне Қытай азаматы және компартия мүшесі ретінде қамалады.
– Түрмеде үш уақыт тамақ береді. Таңертең қайнаған су мен бір момо (буға пісірілген кішкентай нан – ред.), түсте суға піскен қырыққабат береді. Анда-санда суға піскен күріш әкеледі. Бір жылда бір түйір ет көрмедік. 80-нен асқан кәрі шешем бар. Сол кісі айына бір рет сүйретіліп келеді. Оларды көріп тұрып, әкелген нәрсесін жей алмаймыз. Ол тамақты ішке алып кіруге рұқсат етпейді. "Жаңа ғана тамақ ішіп алдық, тойып тұрмын" деп өтірік айтамыз. Өйткені бізді "ештеңе айтпайсыңдар, әйтпесе кезіктірмейміз" деп қорқытады. "Жылама" деп жұбатады. Қайдан жыламайсың, жылап-жылап кетеміз, – деп еске алады ол.
Бақытгүлдің айтуынша, олар лагерьдегі ахуал жайлы өтірік айтуға мәжбүр болған.
– Кейде ай сайынғы кездесуге барғымыз да келмейді. Екі қолымызға кісен салып, кездесетін есікке дейін айдауылмен алып келеді де, есік алдына келгенде қолымызды босатып қояды. Сұрағандардың бәріне "іші жылы, жақсы, отырған жеріміздің бәрі керемет, үйреніп жатырмыз" деп өтірік айтамыз. Лагерьге барғаныма он үш күн болғанда аяқ-қолымды және кеудемнен айналдырып байлап, тергеуге арналған қара орындыққа 24 сағат отырғызды. Тым болмаса дәретке де босатпады. Орындықтан тұрған кезде екі адам екі жағымнан қолтықтап алып келді де есік алдында тұрған түрме бастығына "Менікі қателік болды. кешіріңіз" деген сөзді қытай тілінде айтқызды. Өздігімнен орнымнан тұра алмадым сол кезде. Екі жамбасым тесіліп қалды. Бір ай қанап жүрді, – дейді кемсеңдеп жылаған Бақытгүл.
"ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫН 64 РЕТ КЕСІП ӨТКЕНСІҢ"
Түргін лагерінде үш ай отырғаннан кейін оны Дөрбілжін ауданы орталығындағы келесі лагерьге ауыстырған. Осы тұста оған екінші бір айып тағылады.
– Бір тілім қағазға "Қазақстанға 32 рет барған. Ары-бері шекараны 64 рет кесіп өткен" деп жазыпты. "Сен партия мүшесісің. Не істеп жүрсің? Қазақстан – ислам дінін ұстанатын, терроршыл мемлекет. Ол жақтың адамдары намазға жығылып, мешітке барады. Сен солардың жаман әдетін жұқтырып келдің. Сол үшін санаңды тазартып жатырсың. Енді сұраса осыны айтасың" деп үйретті, – дейді Бақытгүл.
Өзіне жаңа айып тағып, басқа лагерьге көшіруіне Шыңжаң орталығы Үрімжіден әлде Пекиннен келген тексерушілер себеп болды деп болжайды Бақытгүл. Себебі келген комиссия мүшелері оның компартияның тиын-тебен жарнасын төлемегені үшін қамалғанын естіп, ұялғаннан "теріс айналып кеткен".
Бақытгүл лагерьден 2018 жылғы 14 желтоқсанда босап шығады. Бірақ алда оны әлі алты ай үйқамақ күтіп тұр еді. Айтуынша, жергілікті әкімдік мұнда да тыныштық бермеген. Енесінің үйімен іргелес тұрған төркініне баруға да рұқсат етпеген.
Бақытгүлдің сөзінше, алты ай уақыты жергілікті әкімдікте өткен. Әр дүйсенбі таңғы алтыда сонда барып, "ту шығару" шарасына қатысқан, одан кейін түскі он екіге дейін әкімдік маңы мен ауыл ішін сыпыруға жегілген, түстен кейін де қосымша жұмыстар атқарған. Оған қоса аптаның үш күнін тағы да "саяси үйренуге" арнап, коммунистік партияны мақтайтын өлеңдер жаттайды.
– Бір жылда маған берген ішіп-жемі – бір дорба ұн, бір бөтелке сұйық май, бес келі күріш қана. 2017 жылы мен лагерьге кіргеннен кейін төркініме 3 тонна көмір түсіріп берген. Жергілікті қыстақ бастығы өз қалтасынан бір рет 100 юань берді. Алты айдағы табысым сол ғана болды, – дейді ол.
Бақытгүлдің айтуынша, жергілікті құқық қорғау органдары оның телефонына GPS орнатып, жүріп-тұрғанын бақылаған. Аудан орталығын Дөрбілжінде тұратын ұлымен жолығуға да рұқсат етпеген. Қолындағы Қазақстанда тұрақты тұруға берілген рұқсат қағазы – ықтиярхат мерзімінің бітуіне 18 күн қалғанда ғана Қазақстанға кетуге мүмкіндік берген. Онда да "Қазақстандағы бала-шағаңды көріп, 18 күннің ішінде қайтып кел" деп шарт қояды. Осы шарттың орындалуына кепіл ретінде Қытайдағы сіңілісіне қол қойдырады.
Қазақстандағы отбасына оралғаннан кейін бірден осы елдің азаматы екенін растайтын құжатын қолына алған Бақытгүл:
– Қайыра қоңырау шалып "мені заңсыз бір жарым жыл ұстадыңдар. Мен Қазақстан азаматымын, бармаймын" деп ескерттім, – дейді.
Кейін Шыңжаңдағы билік өкіліміз деген біреулер хабарласып: "Қазақстан азаматы екенсің, Қытайға келмей-ақ қой, бірақ лагерьде көргенің туралы ешкімге ештеңе айтпа" деген.
– Бірақ Қытайдағы көрген қорлығымды айтқан видеом YouTube-қа шыққан күні маған кепіл болып қалған сіңілімді ауруханаға кетіп бара жатқан жерінен ұстап әкетіп, бір күн қамап, босатыпты, қазір ешқандай туысыммен сөйлесе алмаймын, – дейді Бақытгүл. Оларға хабарлассам зияным тиіп кете ме деп ол да үрейленеді.
Бақытгүл Қазақстанға келгеннен соң көп ұзамай Шыңжаңдағы баласы да отбасына оралыпты. "Бірақ шекараның арғы бетінде қалған туыстарымның тағдыры әлі де қыл үстінде" дейді ол. Оның өз жұрты да, қайын жұрты да, туған анасы да Шыңжаңда тұрып жатыр.
ПІКІРЛЕР